СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТ – КОРПОРАТИВТІК ҚҰНДЫЛЫҚ НЕГІЗІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның орталық кеңсесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов, Бас директор орынбасарлары, департамент директорлары мен бөлім басшылары қатысты.

Тоқтамыс Жұмағұлов мемлекеттік сектордағы жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларының маңызы ерекше екенін айтты. Әсіресе, мемлекеттік қызметтің жұмыс мәдениетін арттыру, халыққа қолайлы әрі сапалы қызмет көрсету мәселесіне назар аударды. Бұдан бөлек ҚБМ жұмысшыларына мемлекеттік қызметті одан әрі дамытуға бағытталған негізгі міндеттер түсіндірілді. Оның ішінде ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету, кадрларды іріктеу жүйесін жетілдіру және цифрландыруды күшейту мәселелері назардан тыс қалмады.

Кездесу барысында қызметкерлерге сыбайлас жемқорлық бойынша былтырғы және жыл басынан бері тіркелген істер статистикасы да таныстырылды. Ақпараттық бейнеролик көрсетіліп, адалдық пен заң талаптарын сақтаудың маңызы тізбектелді. Мұндай кездесулер еңбек ұжымында құқықтық сауаттылықты арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға және компания қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған негізгі қадамдардың бірі.

ҚАРАЖАНБАСТЫҢ ҚОС МҰНАЙШЫСЫ ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ ҚАТАРЫНДА

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары кір тасын көтеруден ел чемпионатында жеңімпаздар қатарынан көрінді. Қостанай облысы, Тобыл қаласында ересектер арасында өткен бәсекеде №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев І орын, технологиялық көлік департаментінің тракторшысы Жеңіс Джалдасов ІІ орын алды.

Тартысты додаға еліміздің әр өңірінен келген 300-ге жуық қатысушы жас және салмақ ерекшелігіне байланысты бірнеше топқа бөлініп, бағы мен бабын сынға салды. 73 келі салмақта өнер көрсеткен Нартай Алтыбаев бұған дейін аталмыш спорт түрінен төрт рет Әлем чемпионы атанса, 85+ келі салмақта сынға түскен Жеңіс Джалдасов үшін бұл алғашқы ауқымды чемпионат.

Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген Қаражанбас мұнайшылары алдағы уақытта жетістіктерін еселеуге ниетті. Олар мамыр айында Ақтауда өтетін Азия чемпионатында алтын жүлде қанжығалау үшін дайындыққа қазірден бастап кірісіп кетті.

КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР — ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Бүгін, 24 ақпан күні, Қаражанбас кен орнына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров жұмыс сапарымен келді. «Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымымен өткен кездесуге Маңғыстау облыстық мәслихаты, қоғамдық кеңес және өңірлік коалиция төрағалары, компанияның Бас директоры Нұрпейіс Сәрсенбай, өндірістік басқарма және цех басшылары қатысты.

Жиында Ата заңдағы жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы туралы айтылды. Сондай-ақ, елдің саяси жаңғыруы мен қоғамдық дамуына тигізетін ықпалы түсіндірілді. Сенаторлар конституциялық реформалардың басты бағыттарына тоқталып, заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту мәселелерін жан-жақты баяндады.

Заман талабына сай қоғам да, мемлекет те үздіксіз дамып, жаңғырып отырады. Ғылыми-технологиялық ілгерілеу, цифрлық мүмкіндіктердің молаюы және қоғамдық қатынастардың өзгеруі елдің негізгі заңын да уақыт талабына бейімдеуді қажет етеді. Спикерлер кездесуге қатысушыларға Ата заңға енгізілетін өзгерістер мемлекет басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын баса айтты. Сөз соңында қаражанбастықтарды 2026 жылдың 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.

МҰНАЙШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ ОЙ ДОДА

Қаражанбас кен орнында «Жас маман кеңесінің» ұйымдастыруымен ІІ вахта мұнайшыларының ой ұшқырлығын дамытуға бағытталған қазақша quiz зияткерлік ойыны өтті. Қатысушылар 6 кезең бойы үздік атану үшін білімі мен тәжірибесін ортаға салып, түрлі саланы қамтитын сұрақтар мен тапсырмаларды белсенді орындады. 
 
Мұнайшылар алдымен жалпы білімді тексеретін сұрақтардан шағын тест тапсырды. Одан соң логикалық ойлау қабілетін сынайтын кроссворд шешті. Кейін ел астаналары, кино, әдебиет, валютаға қатысты қызықты сұрақтарға бірлесе жауап іздеді. Ойында қызметкерлер тек білімін сынап қоймай, әріптестер арасындағы қарым-қатынасты да нығайта түсті.
 
ҚБМ жас мамандары зияткерлік ойынды енді ай сайын ұйымдастырып, жыл соңына дейін дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Әр турнирде командалардың жинаған ұпай саны сақталып, қорытынды ойында жылдың абсолютті чемпиондары анықталады.

ҚАРАЖАНБАС ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА!

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері компанияның жеңіс қоржынын 3 алтын жүлдемен толықтырды. Технологиялық көлік департаментінің жұмысшылары Айдын Ахметов пен Жеңіс Джалдасов кір тасын көтеруден Маңғыстау облысының чемпионатында үздік атанса, волейболдан ҚБМ әйелдер құрамасы «BS CUP — 2026» турнирінде топ жарды.

Кір тасын көтеру чемпионатында облыстың түкпір-түкпірінен 70-ке жуық білекті де жүректі жігіт бақ сынады. Додаға үздіксіз дайындалған қатысушылар мықты техника мен төзімділігін сынға салып, бір-бірінен басым түсуге барын салды. Аталмыш спортта тәжірибесі мол Айдын Ахметов бұл жолы өзімен бірге әріптесін де дайындап сайысқа қосты. 90 және 95+ келі салмақта лайықты өнер көрсеткен арнайы техника жүргізушілері І орынға ие болып, Қазақстан чемпионатына жолдама алды.

Ал волейболдан әйелдер арасында өткен «BS CUP — 2026» турнирінде әр салада еңбек ететін қыздардан құралған командалар өзара мықтыларды анықтады. Жарқын сәттерге толы жарыста ҚБМ-ның намысын қорғаған ойыншылар өткір соққыларымен, ұйымшылдықпен және жеңіске ерекше ұмтылысымен көзге түсті. Осылайша қарсыластардан басым түскен біздің құрама І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ қазылар шешімімен құқықтық қамтамасыз ету департаментінің аға заң кеңесшісі Динара Разуанова «Үздік ойыншы», хатшы Әсел Қуанышбекова «Үздік шабуылшы» атанды.

Жұмысшылардың әр жеңісі — қажырлы еңбек пен табандылықтың, команда рухының биіктігі және мығымас бірліктің көрінісі. Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген қаражанбастықтар үздік нәтижесімен компания абыройын асқақтатып, еңбек ұжымы арасында салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосып келеді. Чемпиондарымыздың мұндай қарқынмен әлі талай жаңа белестерді бағындыратынына сеніміміз мол!

Операциялық тиімділікті арттыру: Қаражанбасмұнай өз кен орнында интеллектуалды теңгергіш тербелмелі қондырғыны орнатты

Технологиялық жабдық төмен және жоғары бағытқа тең дәрежеде қозғалу тәртібімен жұмыс істейді. Бұл принцип электр энергиясын едәуір үнемдеп, ұңғымаға түсетін жүктемені оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мысалы, дәстүрлі тербелмелі қондырғылар қуаты 22 кВт электр қозғалтқыш арқылы жұмыс істесе, жаңа қондырғы үшін қуаты 7,5 кВт қозғалтқыш жеткілікті.

Сонымен қатар ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу кезінде кедергі келтірмеу үшін қондырғыны ұңғыманың сағасынан 3 метрге дейін жылжытуға болады. Автоматтандырылған жүйе арқылы қашықтан басқару, диагностика жүргізу және ақаулардың алдын алу мүмкіндігі қарастырылған.

Жаңа тербелмелі қондырғыға жасалатын өндірістік-тәжірибелік сынақтар 6 айға жалғасады.

Айта кетсек, Қаражанбас кен орны мұнайының тұтқырлығы жоғары әрі шайырлы, құрамында күкіртті қосылыстардың көп болуымен ерекшеленеді. Өндіріске заманауи техника мен технологияларды енгізу — кен орнын ұзақ әрі тұрақты игеру жолындағы маңызды қадам.

ҚБМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ КЕН ОРНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы кен орнына кезекті жұмыс сапарымен барды. Алдымен өндірістік кеңес өткізіліп, қаңтар айында атқарылған жұмысқа қорытынды жасалды. Жиналысқа Өндірістік Басқарма және құрылымдық бөлімшелер мен цех басшылары қатысты. Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай 2025 жылғы негізгі көрсеткіштерге шолу жасап, компанияның қаржы-экономикалық жағдайы туралы айтты. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер көлемі және бюджетке кері әсер ететін факторларды тізбектеді.

Одан соң Өндірістік Басқарма директоры Руслан Ақмұханов жыл басынан бері өндірілген мұнай көлемі, ұңғымалар қоры, бұрғылау және геологиялық-техникалық шаралар көрсеткішінің талдауы сияқты негізгі нәтижелерді таныстырды. Сондай-ақ өткен кеңесте берілген тапсырмаларды орындау бойынша есеп тыңдалып, ақпан айына жоспарланған шаралар туралы айтылды. Жиналысқа қатысушылар өндіріске қажетті жабдықтарға қатысты туындаған мәселелерді талқылап, шешу жолдарын бірге қарастырды.

Компания басшылығы жұмыс сапарын мұнай өндіру цехтары, қабат суын тұшыту зауыты, технологиялық көлік департаменті сияқты негізгі нысандарда жалғастырып, еңбек ұжымымен жүздесті. Бұдан бөлек жаңадан салынып жатқан топтық өлшеу қондырғысы алаңындағы жұмыс барысын бақылады.

Нұрпейіс Сәрсенбай қаражанбастықтарға компанияның экономикалық тұрғыдан қазіргі күрделі жағдайы мен одан шығу жолында нақты қадамдар жасалып жатқанын жеткізді. Қазір мұнай көлемінің құлдырауын тоқтату үшін теңіз жағалауы аумағын тез арада игеру маңызды. Осыған байланысты ҚБМ Директорлар Кеңесі компания басшылығының жер қабаттарына су мен буды кезекпен айдау технологиясын пайдаланып, өнім алу аумағын кеңейту сияқты бірқатар ұсынысын мақұлдады. Сонымен бірге Бас директор мұнайшыларға өндірістегі қауіпсіздікті қатаң сақтап, шараларды іс жүзінде жауапкершілікпен атқаруды тапсырды. Ортақ мақсат — өндіріс көрсеткіштерін жақсартып, кен орнын тиімді игеру үшін жоспардағы жұмыстарды бірлесе, сапалы әрі уақытылы орындауға шақырды.

ҚАРАЖАНБАС — БОЛАШАҚ МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫ


 
«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары болашақ қызметін өндіріспен байланыстыру үшін арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттердің тәжірибесін шыңдауға үлес қосып жүр. Кен орнында бес жылдан астам уақыттан бері Yessenov University және Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенттерін дуалды оқыту бағдарламасы сәтті жалғасып келеді.
 
Аталмыш оқу орындары мен компания арасындағы ынтымақтастық меморандумы аясында жүздеген жас Қаражанбаста тәжірибеден өтіп, технологиялық процестерге тікелей араласуға мүмкіндік алды. Бағдарламадан тыс биыл тәжірибеден өтушілер қатарын еліміздің өзге қалаларында оқитын студенттер толықтырды.
 
Руслан Абдрахманов пен Гүлден Балтабаева – Қазақстан-Британ техникалық университетінің 4-курс студенттері. Олар теорияда алған білімін тәжірибеде қолданудың қыр-сырын меңгеру үшін Алматыдан арнайы жолдамамен келген. Тағайындалған жетекшілер жастарды ыстық ықыласпен қарсы алып, бірден жұмыс барысымен таныстыруға кірісті. Студенттер қабат қысымын ұстау, мұнай өндіру, ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының зертханасы сияқты негізгі өндірістік нысандарды кезекпен аралады. Бұдан бөлек ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу процесін көрді. Болашақ мұнайшыларға кен орнындағы қою өнімді игеру үшін пайдаланылатын ерекше әдістер туралы толық ақпарат берілді.
 
«Тәжірибеміздің осындай бірегей кен орнында өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Аз уақытта мұндағы қызметкерлердің өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби білімі терең, тәжірибелі мамандар екеніне көз жеткіздік. Қою мұнайды игеру оңай емес екенін оқығанбыз. Енді ол процесті практика жүзінде көрдік. Бұл біз сияқты болашақ мамандарға керемет әсер қалдырары сөзсіз»,- дейді Руслан мен Гүлден.
 
«Жүз рет естігенше — бір рет көрген артық». Кен орнындағы жұмыс тәртібімен танысып, еңбек адамдарының тәлімін алған бүгінгі тәжірибеден өтуші – ертең өндіріс тірегі болатын маманға айналары сөзсіз. Қаражанбас талай жасты кәсіби мұнайшы етіп шығарған мектеп ретінде білім алушыларға үнемі қолдау көрсетіп, өндірістен көрген-түйгенін үйретуге қашанда әзір.

ҚАРАЖАНБАС АРДАГЕРЛЕР ҚҰРАМАСЫ ҚОЛА ЖҮЛДЕ ҚАНЖЫҒАЛАДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның 40 жастан асқан жұмысшыларынан құралған шағын футбол командасы облыстық «Master’s» лигасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер қатарынан көрінді. Өндірісте жауапты қызмет атқарып жүрген мұнайшылар спортта да ұйымшылдық пен ұжым рухын паш етіп, ұпай саны бойынша үшінші орынға ие болды.

Аяқдоп бәсекесіне түрлі салада қызмет ететін жұмысшылар жиналған 10 команда қатысты. Айналмалы жүйе бойынша өткен матчтар бәсекеге толы болды. Қаражанбастықтар бағы жанып, кейбір қарсыластардан басым түссе, бабы келіспеген тұста есе жіберді. Дегенмен ойыншылар әр кездесуде жеңіске деген жігерін жоғалтпай, сайыстың сайыпқыраны атануға барын салды. ҚБМ ардагерлер құрамасы мол тәжірибе арқасында бір-біріне сәтті пас беріп, қарсыластардың қақапаға бағыттаған соққыларына шеберлікпен қарсы тұра білді.

Жарыста өндірісті автоматтандыру бөлімінің жетекші инженері Мұхтар Құрашев ерекше көзге түсті. Ол турнир барысында 21 гол соғып, «Үздік шабуылшы» атанды. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, дипломдар мен медальдар табыс етілді. Мұндай жетістіктер ұжымда салауатты өмір салтын нығайтуға, қызметкерлер арасындағы ынтымақ пен бірлікті арттыруға оң әсер етеді.

ТАБИҒАТҚА ЖАНАШЫРЛЫҚ – ӨМІРЛІК МИССИЯ

Жер қабатынан қара алтын игеру секілді күрделі әрі жоғары жауапкершілік жүктелетін салада экология қауіпсіздігін қамтамасыз ету – терең білім мен табандылықты талап ететін жұмыс. «Қаражанбасмұнай» АҚ-да осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқандардың бірі – қоршаған ортаны қорғау тобының аға инженері Карлығаш Абдраманова.

Еңбек адамы расында өз мамандығын жетік меңгерген, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі үйлесім тапқан жан. Ол өндірістегі табиғатты қорғау талаптарының мүлтіксіз орындалуын, экологиялық нормалар мен стандарттардың сақталуын қадағалап, қоршаған ортаға келетін ықтимал әсерді барынша азайту бағытында жүйелі еңбек етіп келеді. Кен орнындағы экологиялық ахуалды бақылау, есепке алу, талдау және алдын алу шараларын ұйымдастыруда оның кәсіби көзқарасы мен тәжірибесі ерекше байқалады. Әрбір процесті жіті назарда ұстап, ұсақ-түйегіне дейін мән беру – оның жұмыс стилінің басты ерекшелігі.

Карлығаш Абдраманова өзіне жүктелген әрбір тапсырманы жоғары жауапкершілікпен, тиянақты орындайды. Сондай-ақ ол экологиялық қауіпсіздікті жетілдіруге бағытталған ұсыныстар айтып, өндіріс пен табиғат арасындағы тепе-теңдікті сақтауға үлес қосып келеді. Өз саласындағы өзгерістер мен жаңа талаптарды үнемі қадағалап, кәсіби білімін жетілдіруге ерекше мән береді.

Әріптестері арасында Карлығаш іскерлігімен ғана емес, адами қасиеттерімен де сыйлы. Мінезі ашық, сабырлы, көмектесуге әрдайым дайын тұратын жанашыр маман жас буынға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесін бөліседі. Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен мамандар тек ҚБМ ғана емес, тұтас өндіріс саласы үшін басты құндылықтың бірі. Табиғатқа деген жауапкершілікті тек қызмет емес, өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған еңбек адамдарының адалдығы қашанда құрметке лайық.

Хабарландыру

Әлеуметтік желілерге шолу жүргізу кезінде «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (әрі қарай — ҚБМ) сатып алу процедурасына күмән білдірген қолданушының бейнежазбасы тарағаны анықталды. Осыған орай ҚБМ компанияға қажетті тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның (әрі қарай — Қор) Директорлар кеңесі бекіткен тәртіпке (әрі қарай — Тәртіп) сай жүргізілетінін хабарлайды.

Аталған тәртіптің 59-бабы 1-тармағы 9) тармақшасының алтыншы абзацында көрсетілгендей, тапсырыс беруші әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығын сақтау және (немесе) қалпына келтіру жөніндегі шараларды қабылдау аясында, Қордың бірінші деңгейдегі еншілес ұйымының алқалы атқарушы органы бекіткен тізбе бойынша, тапсырыс беруші мекеменің басшысы немесе ол уәкілеттік берген өзге тұлғаның шешімі бойынша бір көзден сатып алуға құқылы.

Сондай-ақ 59-баптың 2-тармағына сәйкес, тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді бір көзден сатып алу әдетте бәсекелестік тәсілдермен өткізу мүмкін болмаған кезде жүзеге асырылады. Алайда Тәртіптің 59-бабы 1-тармағының 9) тармақшасының алтыншы абзацында, сондай-ақ 17) және 21) тармақшаларында көзделген жағдайларда бұл шектеу қолданылмайды.

Осыған орай ҚБМ-дағы «Жұмысшыларды тамақпен қамтамасыз ету», «Кір жуу», «Ғимараттар/құрылымдар/жайлар мен олардың аумағын күтіп ұстау» қызметтерін орындаушы сатып алуды жүзеге асыру тәртібінің 59-бабы 1-тармағы 9) тармақшасының алтыншы абзацына сүйене отырып таңдалды.

Ал сатып алынатын қызметтер бюджеті еліміздегі қазіргі нарықтық жағдай мен объективті экономикалық факторларға байланысты ұлғайтылды. Яғни жалақы индексациясы, тауарлар құнының өсуі, салық жүктемесінің өзгеруі, ең төменгі жалақының, айлық есептік көрсеткіштің, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі сияқты өзге де факторлар ескерілді.

Бюджет ҚБМ-ның қаржы жағдайын ескеріп, әрбір бап пен оның құрамдас бөліктері жан-жақты талдаудан өткен соң, акционерлермен келісіле отырып бекітілді. Бюджеттің ұлғаюы экономика тұрғысынан дәлелденген және құжаттармен расталған. Көрсетілген позициялар бойынша бір көзден сатып алу процедурасы бекітілген Тәртіптің талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылды.