ҚБМ КОМАНДАСЫ ҚМГ СПАРТАКИАДАСЫНА ДАЙЫН

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның еншілес және тәуелді ұйымдары қызметкерлері арасындағы спартакиадаға сақадай сай. Басқарма елорда төрінде компания намысын қорғайтын мұнайшылармен кездесіп, сәттілік тіледі. Бас директор Нұртаза Ибрашев дәстүрлі дода ұжымдық бірлікті нығайтып, қызметкерлер арасындағы достық пен өзара қолдауды арттыратын, кіл мықты бас қосатын бірегей бәсеке екенін атап өтті.

Спартакиада 11-16 маусым аралығында Астанадағы бірнеше спорт кешенінде қатар өтеді. ҚБМ атынан 60-тан астам қызметкер 14 спорт түрінен бақ сынамақ. Жеке және командалық ойындар физикалық күш пен ой ұшқырлығын талап етеді. Сондықтан ішкі іріктеуден сүрінбей өткен әрбір қатысушының лайықты өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілуі аса маңызды.

ҚБМ құрамасы ҚМГ спарткаиадасына белсенді қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Команда мүшелері биыл да жеңіске деген жігерін паш етіп, ұжым мен басшылық сенімін ақтау үшін намысты қолдан бермеуге барын салатынын жеткізді.

«ҮЗДІК МАМАН — 2026»: МЫҚТЫЛАР БӘСЕКЕСІ БАСТАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да жұмысшылардың білімі мен тәжірибесін сынға салатын «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы басталды. Дәстүрлі додаға биыл 24 аталым бойынша 400-ден астам мұнайшы қатысуға ниет білдірген. Байқаудың ашылу салтанатында Өндірістік Басқарма басшылығы жарыс мамандардың кәсібилігін шыңдайтынын атап өтіп, үздік атануға ниетті жұмысшыларға сәттілік тіледі.

Салтанатты шарадан соң І вахта жұмысшылары теория кезеңіне кірісті. Ереже бойынша оларға 20 сұрақтан тұратын тест берілді. Қатысушылар 20 минут ішінде өз қызметіне және қауіпсіздік техникасына қатысты сұрақтарға дұрыс жауап беруге тырысты.

Кәсіби шеберлік байқауы екі вахтаға да өткізіледі. Келер аптада ІІ ауысым жұмысшылары тест тапсыруды бастайды. Теориядан көп ұпай жинағандар тәжірибе кезеңіне жолдама алады. Мұнда олар берілген тапсырманы тиісті алгоритмге сай орындап, жылдар бойы жинаған тәжірибесін арнайы құрылған комиссия алдында паш етеді.

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Қаражанбас кен орнында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Экологиялық мәдениетті нығайтып, өндіріс аумағының тазалығын сақтауға бағытталған іс-шараға №2 және №3 мұнай өндіру, жылу және сумен қамту цехының, сондай-ақ тұрғын жаймен қамтамасыз ету учаскесінің 100-ден астам қызметкері қатысты.
 
Сенбілік барысында жұмысшылар өздеріне бекітілген аумақтарды тазалап, жатақханалар, асханалар, қоймалар мен кір жуу орындарының маңын ретке келтірді. Бірлескен еңбек нәтижесінде жалпы көлемі 3,8 тонна қоқыс жиналды. Мұндай шаралар өндірістік нысандардың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
 
Тазалық – экологиялық қауіпсіздіктің және қолайлы еңбек ортасының маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан Қаражанбас мұнайшылары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларға тұрақты түрде қатысып, кен орнының тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосып келеді. Табиғатқа ұқыпты қарау және жұмыс орнын таза ұстау – әрбір қызметкердің ортақ міндеті әрі болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігі.

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басшылығы 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шараға қатысты. Қала орталығындағы рәміздер алаңына жиналғандарға мерекенің маңызы түсіндіріліп, мемлекеттік нышандардың ел тәуелсіздігі мен бірлігінің белгісі екені айтылды.

Салтанатты шарада көк байрағымыз биікке көтеріліп, қатысушылар әнұранды ерекше патриоттық сезіммен орындады. Ал өлке өнерпаздары Отан, туған жер тақырыптарындағы әндерді шырқады. Қазақстан картасы мен алтын күн бейнелеген флешмоб іс-шараның ажарын аша түсті.

Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің айшықты белгісі, сондықтан оларды құрметтеу және ұлықтау әрбір азаматтың парызы. Ту, елтаңба мен әнұран қай кезде де халқымыздың бірлігі мен жарқын болашаққа деген сенімін айқындай береді.

ЖҮЗДЕГЕН ТҰРҒЫН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да Түпқараған тұрғындарының жұмыспен қамту мәселесі талқыланды. Бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жасұланбек Таңатов аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Өсер Тілеппен және кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кездесіп, түпқарағандықтарды еңбекпен қамту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмысты саралады.

Соңғы төрт жыл көлемінде Қаражанбас кен орнына Түпқараған ауданынан 202 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 2023 жылы – 49, 2024 жылы – 57, 2025 жылы – 75, ал 2026 жылдың басынан бері 21 тұрғын Қаражанбастағы еңбек жолын бастады. Бүгінде олардың барлығы вахталық әдіспен кен орнында еңбек етіп жүр.

Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, Түпқараған ауданының тұрғындары кезек бойынша тестілеуден өтіп, кейін әңгімелесу кезеңіне қатысады. Олар алдымен аутстаффинг жүйесі арқылы жұмысқа қабылданып, бес жыл еңбек етуі тиіс. Үміткерлер кейін негізгі штаттағы бос жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік алады. Жұмыссыз тұрғындарды қызметке қабылдау бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Қаражанбас кен орны Түпқараған ауданының аумағында орналасқан. Осыған байланысты аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі компания қызметінің маңызды бағыттарының бірі саналады. ҚБМ жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты түрде үлес қосып келеді.

ҚАРАЖАНБАСТА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Қаражанбас кен орнында жұмысшыларға арналған спорт кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. №4 жатақхана маңынан бой көтерген жаңа нысан жұмысы әзірге 37%-ға орындалды. Аумағы 1100 шаршы метр болатын кешен негізгі ойын залы және екі қабатты әкімшілік-тұрмыстық блоктан тұрады.

Ғимарат қаңқасы толықтай металлдан құрастырылып, сэндвич панельдермен қапталды. Құрылыс алаңында төбе жабындысы мен суағар жүйесін орнату, едендерді бетондау, кәріз желілерін монтаждау және екі қабатты бөлікке бетон құюға арналған қалыптарды дайындау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Жобаға сәйкес спорт кешенінде ерлер мен әйелдерге арналған жаттығу залдары, үстел теннисі мен бильярд ойнауға арналған арнайы алаңдар болады. Сонымен қатар киім ауыстыру, жуыну және спорттық жабдықтарды сақтау бөлмелері қарастырылған.

Жаңа спорт кешені өндіріс қызметкерлерінің жұмыстан тыс уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді. Құрылыс жыл соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.

ҚБМ ЖАС МАМАНДАРЫ БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТТЫ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ жас мамандары игі бастама көтеріп, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Жас мамандар кеңесінің мүшелері Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының педиатрия, травматология және хирургия бөлімінде емделіп жатқан 60 балаға түрлі ойыншық тарту етті.

Қуыршақтар, көліктер, құрастыратын, сурет салатын және ой-өрісті дамытатын ойыншықтар… Бүлдіршіндер мұның бәрін ерекше қуанышпен қабылдап, мұнайшы ағаларына алғысын жеткізді. Ал ұйымшыл жастар балалардың тез сауығып кетуін тілеп, олардың шат күлкісі мен жарқын жүздері ерекше әсер қалдырғанын жасырмады.

Халықаралық балаларды қорғау күні – ел ертеңі саналатын кішкентай ұл-қыздардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды мереке. Бөбектердің денсаулығы мен бақытына үлес қосу – әрбір азаматтың ортақ міндеті. ҚБМ жас мамандары әлеуметтік маңызы бар бастамаларға тұрақты қатысып, қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін дамытуға үлес қосып жүр. Осындай игі шаралар мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеп, қоғамдағы өзара қолдау мен қамқорлықтың арта түсуіне ықпал етеді.

КӨЛІК ДЕПАРТАМЕНТІНДЕГІ ҚҰРБАН АЙТ МЕЙРАМЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ технологиялық көлік департаменті қызметкерлері құрбан айт мерекесін ерекше атап өтті. Ұжым автотізбектер арасында қой көтеру, ләңгі тебу, қол күрес және арқан тарту сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырды. Іс-шарада рухани құндылықтар дәріптеліп, әріптестер бірлігі арта түсті.

Сайыс қорытындысы:

Ләңгі тебу:
І орын — Айдар Джайлаубаев — көлік жөндеуші
ІІ орын — Жасұлан Суйесов – ЦА-320 моторисі
ІІІ орын — Мұхтар Сүгір — жүргізуші

Қол күрес (80 кг дейін):
І орын — Мәтжан Тоқтарбаев ЦА-320 моторисі
ІІ орын — Қайрат Таңатаров – ЦА-320 моторисі
ІІІ орын — Бауыржан Үбиінов — жүргізуші

Қол күрес (80 кг +):
І орын — Азамат Картов — жүргізуші
ІІ орын — Есіркеп Урбисинов жүргізуші
ІІІ орын — Абзал Сүйімбаев ЦА-320моторисі

Арқан тарту:
І орын — ЖМЦ командасы
ІІ орын — №5 автотізбек командасы
ІІІ орын — ИТҚ командасы

Қой көтеру:
Мұрат Амиров — ЦА-320 мотористі

Әр спорт түрі бойынша жүлдегерлер мен жеңімпаздарға диплом және ақшалай сыйлық табысталды. Технологиялық көлік департаменті жұмысшылары доданы ұйымдастыру мен өткізуге атсалысқан әріптестерге зор алғысын жеткізді. Көлік қызметкерлері мұндай жарыстарды алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізуге уағдаласты.

Металл сынықтарын сату туралы хабарландыру

«Қаражанбасмұнай» АҚ әлеуетті сатып алушыларды мүлікті сату бойынша бағаны өсіру әдісімен өтетін электрондық сауда-саттыққа қатысуға шақырады:

  1. «Бұрын пайдалануда болған сорғы-компрессорлық құбырлар түріндегі металл сынықтары» – 1 050 тонна. Бастапқы бағасы – 46 215 908 теңге (1 тонна бағасы — 44 015 теңге).
  2. «Басқа сынықтар түріндегі металл сынықтары және қара металдардың қалдықтары (СКҚ-дан және сорғы штангаларынан басқа, жеңіл салмақты металл сынықтары мен қаңылтырлар, сондай-ақ ауыр металл сынықтары)» – 770  тонна. Бастапқы бағасы – 32 044 320 теңге (1 тонна бағасы – 41 616 теңге).

Электрондық сауда-саттықты өткізу күні мен уақыты: 16.06.2026ж., уақытымен сағат 12:00.

Электрондық сауда-саттық шарттары және сатылымға шығарылатын металл сынықтары туралы толық ақпарат мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында көрсетілген (www.e-qazyna.kz).

Қосымша ақпаратты 8 (7292) 473828 телефоны бойынша алуға болады.

ӨЛКЕ ТАЗАЛЫҒЫ — ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

«Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымы қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында кезекті сенбілік өткізді. Игі шараға орталық кеңсенің 30 қызметкері қатысып, Ақтау қаласындағы 37–40 шағын аудандар аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартты.

Сенбілік барысында қызметкерлер аумақты мұқият аралап, 50 қап қатты тұрмыстық қалдық жинады. Жиналған қоқыс арнайы жүк көлігіне тиеліп, белгіленген тәртіпке сәйкес қоқыс полигонына шығарылды. Мұндай шаралар қала тазалығын сақтауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.

Табиғатты аялау – әр азаматтың ортақ міндеті. ҚБМ ұжымы қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бастамаларды тұрақты түрде қолдап келеді. Компания қызметкерлері алдағы уақытта да туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып, экологиялық акцияларға белсенді қатысуды жалғастырады.

«MUNAILY MARATHON — 2026»: ҚБМ ҚОРЖЫНЫНДА ҮШ ЖҮЛДЕ

Ақтауда үшінші жыл қатарынан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Munaily Marathon-2026» қайырымдылық марафоны өтті. Ауқымды іс-шарада мұнай саласының қызметкерлері және облыс тұрғындары, жалпы саны мыңға жуық адам 5 және 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.

Марафонда «Қаражанбамұнай» АҚ ұжымы ерекше белсенділік танытты. 50-ден астам жұмысшы ұжым рухын нығайтып, жақсылық жасауға үлес қосты. Ал орталық кеңсе алдында марафон қатысушыларын қолдаған ҚБМ-дық жанкүйерлер жүгірушілерге жігер сыйлады.

Қорытындыға сәйкес, пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының дәнекерлеушісі Әлібек Құлболғанов 5 шақырымды 18 минутта жүгіріп өтіп, 30-39 жас арасындағы қатысушылар арасында ІІІ орын алды. Дәл осы қашықтықты 27 минутта бағындырған ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының химиялық талдау лаборанты Фарида Шадмановаға 50-59 жастағы әйелдер арасынан І орын бұйырды. Бұдан бөлек, ҚБМ «Үздік фан зона» аталымы бойынша І орынмен марапатталды.

Осылайша компания ұжымы салауатты өмір салтын сақтаумен қатар, игі іске ұйытқы болды. Қайырымдылық марафонынан жиналған қаражат Жаңаөзендегі ерекше балаларға арналған «Балақай» оңалту орталығына жіберіледі.

ОРТАЛЫҚ КЕҢСЕДЕГІ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның орталық кеңсесінде жоспарлы оқу дабылы өтті. Іс-шарада қызметкерлердің төтенше жағдайға дайындығы мен эвакуация тәртібін сақтау деңгейі тексерілді. Арнайы сценарий бойынша алдымен өрт тұтанып, дабыл қағылды. Қызметкерлер сыртқа шығып, жиналу орнына шоғырланды. Осы сәтте жауапты мамандар барлық кабинетті толық тексеріп шықты.

Сценарийге сәйкес, эвакуация кезінде қызметкерлердің бірі құлап, аяғын жарақаттап алды. Оған Бас механик Қайрат Жамағариев пен аға механик Берді Өтебай жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы көмек көрсетті. Екі қызметкер де алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету бойынша арнайы даярлықтан өткен және сертификатталған парамедиктер. Тексеру нәтижесінде қызметкердің сол жақ балтырының жабық сынуы анықталды. Жарақаттанған аяққа арнайы шина салынып, қозғалысы шектелді.

Жедел жәрдем бригадасы келгеннен кейін зардап шегуші зембілге орналастырылып, парамедиктердің сүйемелдеуімен арнайы көлікке жеткізілді. Оқу-жаттығу барысында қатысушылардың кәсіби дайындығы мен төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарының үйлесімділігі жоғары деңгейде көрінді.