Еңбектен – құрметке: Маңғыстауда үздік мамандар марапатталды

Бүгін, 18 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсыру рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Қаражанбасмұнай» АҚ ғылыми-зерттеу өндірістік цехының химиялық сараптау зертханашысы Орынгүл Утенова көпжылдық еңбек өтілі мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Іс-шара барысында өңір басшысы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлықтарына сәйкес елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау олардың көпжылдық еңбегіне, мамандығына адалдығына және мінсіз беделіне берілген жоғары бағаның айқын дәлелі екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысының саясаты аясында еңбек адамдарына, ел игілігі жолында жылдар бойы, кейде ондаған жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқан азаматтарға айрықша көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі марапаттар — тек ерекшелік белгісі ғана емес, бұл сіздердің кәсіби біліктіліктеріңізге, мол тәжірибелеріңізге және өңір мен мемлекет дамуына қосқан елеулі үлестеріңізге берілген әділ әрі лайықты баға. Сіздер — ұзақ жылдық еңбек өтілі бар, күнделікті тынымсыз еңбегі арқылы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мәдениетті дамытуға үлес қосып, жас ұрпаққа өнеге болып жүрген азаматтарсыздар. Осы жоғары мемлекеттік марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын, — деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Облыс әкімі марапат иелерін жеке құттықтап, олардың жетістіктері өңірдің тұрақты дамуының маңызды бөлігі екенін және болашақ ұрпақ үшін үлгі-бағдар болатынын атап өтті.

Өндірісті дамытуға үлес қосу: ҚМГ «АЛЫП» бағдарламасының екінші кезеңін іске қосты

Ақтау қаласында ысырапсыз өндіріс мәдениетін қалыптастыруға және заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған «АЛЫП» бағдарламасының жаңа кезеңі басталды.
 
Іс-шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, еншілес ұйымдардың басшылары мен бағдарлама өкілдері қатысты.
 
Асхат Хасенов өз сөзінде Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында ҚазМұнайГаз енгізіп жатқан жаңа технологиялардың маңызы айрықша екенін атап өтті. Бұл ретте «АЛЫП» бағдарламасы операциялық тиімділікті арттыру бойынша цифрлық шешімдерді әзірлеуге бағытталған бірегей алаң ретінде қалыптасып келеді.
 
— Былтыр ұсынылған 50-ден астам жоба бүгінде еншілес кәсіпорындардың өндірісінде сынақтан өтіп жатыр. Бастамаларды іске асырудың жалпы экономикалық тиімділігі 1,2 млрд теңгеден асады. «АЛЫП» бағдарламасы қызметкерлерге өндірістік процестерге жаңа көзқараспен қарауға және заманауи талаптарға бейімделуге мүмкіндік береді. Бұл жобалар еліміздің мұнай-газ саласын одан әрі дамытуға елеулі үлес қосады деп сенемін, — деді ҚМГ басшысы.
 
Биыл ұсынылған 300-ден астам бастаманың ішінен 62 жоба іріктелді. Олардың авторлары білімі мен кәсіби біліктілігін жетілдіріп, содан кейін өз әзірлемелерін ұсынатын болады.
 
Айта кетейік, «АЛЫП» бағдарламасы 2024 жылдың күзінде іске қосылды. Бірінші кезеңге ҚазМұнайГаз компаниялар тобына кіретін 13 кәсіпорыннан 63 қатысушы таңдалды. Тәжірибе алмасу мақсатында еншілес ұйымдардың 24 маманы Жапония, Әзербайжан және Ресейге барды.

КӨЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҚТЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымы технологиялық көлік департаментінің №1 гаражындағы еңбек белесін абыроймен бағындырған жұмысшыларды зейнет демалысына шығарып салды. Әріптестер өмірін Қаражанбастың көлік саласына арнаған еңбек адамдарына атқарған адал қызметі үшін алғыс айтып, құрмет көрсетті.

Зейнеткерлер қатарына кислород техникасының жүргізушісі Әлібек Нұрбаев, жүргізуші Доғдырғали Рысбаев және цементтеу агрегатының моторисі Нұрберген Сағындықов қосылды. Олардың әрқайсысы қара алтынның үздіксіз өндірілуіне елеулі еңбек сіңіріп, жұмыс барысында жауапкершілігімен, кәсіби шеберлігімен ұжымға үлгі болған мамандар. Бірі 15, бірі 20 жыл, ендібірі ширек ғасырын вахтада өткізген көлік қызметкерлері соңғы ауысымды қимастықпен аяқтап, жұмысты ізбасарларына сеніп тапсырды.

Өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан әріптестер де ұжымға ризашылығын білдіріп, ақ бата берді. Олар білімді де талапты жастар барда Қаражанбас қанатын кең жаятынына сенімді.

ҚАРАЖАНБАС ШЕБЕРІ ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ ҚАТАРЫНДА

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкері ел чемпионатында үздіктер қатарынан көрінді. Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің шебері Сәндібек Дүйсенбеков самбодан спорт шеберлері арасында ІІ орын алып, күміс жүлде қанжығалады.

Түркістан облысында өткен чемпионатта еліміздің 15 өңірінен келген спортшылар бақ сынады. Сәндібек Дүйеснбеков М-3 санаты бойынша 64 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, боз кілемде бәсекелестерінен басым түсуге тырысты. Үздіксіз дайындық пен табандылық нәтижесінде өндіріс пен спортты қатар ұстаған мұнайшы жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.

Байрақты бәсекеде үздіктер қатарынан көрінген қатысушыларды алда тағы бір белес күтіп тұр. Самбоны серік еткен Сәндібек енді Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. Әріптесіміз жеңіс туын желбірету үшін дайындықты қазірден бастап кетті.

ТЕҢІЗ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ

Ұйымшылдық. Тазалық. Қоршаған ортаға қамқорлық. «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары өңірдегі эко-акцияларға белсенді атсалысып келеді. Бұл жолы орталық кеңсе қызметкерлері Ақтау қаласының 15 шағын ауданындағы теңіз жағалауында сенбілікке қатысты.

Таң атысымен басталған игі іске ұжым бір кісідей жұмылып, аумақты ретке келтіріп, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлесін қосты. Табиғатты аялауға бағытталған сенбілік қызметкерлердің экологиялық жауапкершілігін айқындап, ортақ құндылыққа деген көзқарасты күшейте түсті.

Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтіп жатыр. Бұл қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға жанашырлықты арттыруға бағытталған бірегей бастама.

ҚБМ ҰЖЫМЫ ТАЗАЛЫҚҚА ҮЛЕС ҚОСТЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ кадр және әлеуметтік блок мамандары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түпқараған ауданына қарасты 43-шақырымдағы теңіз жағалауына сенбілікке шықты. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін жауапкершілікпен сезінген ұжым бастамаға белсенді атсалысты.

Қызметкерлер жағалауды күл-қоқыстан тазартып, пластик қалдықтар мен тұрмыстық қоқыстарды арнайы қапшықтарға жинады. Әріптестердің ұйымшылдығы нәтижесінде қысқа уақыт ішінде айнала ретке келтіріліп, белгіленген аумақ мұнтаздай тазартылды. Қоршаған ортаға зиян келтіретін қалдықтар арнайы техника көмегімен қоқыс полигонына жіберілді. Аталмыш бастама компания қызметкерлерінің экологиялық мәдениеті мен табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, әріптестік қарым-қатынасты нығайта түсті.

Осындай шаралар арқылы ҚБМ ұжымы табиғатты аялау, туған жердің тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып келеді. Қоғамдық жауапкершілікті басты орынға қоятын компания тек сенбілік кезінде ғана емес, жыл бойы өтетін экологиялық бастамаларға тұрақты қатысып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосады.

ҚМГ басшысы Қаражанбас кен орнындағы негізгі өндірістік нысандарды аралады

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Қаражанбас кен орнының Теңіз жағалауы аймағында болды.

Теңіз жағалауы аймағын дамыту – «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) ресурс қорын толықтыру мен кен орнын игерудің тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Қазіргі уақытта учаскеде 4 пайдалану ұңғымасы бұрғыланды, бесінші ұңғыманы бұрғылау жүріп жатыр. Биыл Теңіз жағалау аймағында мұнай өндіру көлемі 34 мың тоннаны құрайды. Бұрғылаудың нәтижелері табысты болған жағдайда геологиялық қор 12 млн тоннаға дейін, өндірілетін қор 3 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп күтіледі. Сонымен қатар өндірістік нысандарды қорғау үшін бөгет салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ А.Хасенов 37-ТӨҚ топтық өлшеу қондырғысының құрылысымен танысты. Бұл қондырғы өнімді жинау мен тасымалдау жүйесінің тиімділігін арттырып, қазіргі кезде шамадан тыс қуатында жұмыс істеп тұрған 12-ТӨҚ жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қарсы қысымды төмендету есебінен жыл соңына дейін қосымша 12 мың тоннадан астам мұнай өндірілетін болады.

ҚМГ басшысы тәулігіне орташа есеппен 13 мың текше метр су шығаратын ілеспе қабат суын тұщыту зауытында болды. Кәсіпорынның жұмысы Астрахань-Маңғышлақ магистралды су құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемін өңір халқының қажеттілігі үшін босатуға мүмкіндік берді.

Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында ББЗ-полимерлі су айдау жобасы іске асырылуда. Қазір жабдық жұмыс режиміне қосылып жатыр. Зертханалық сынақтардың нәтижесі бойынша мұнайды шығару коэффициенті 30% дейін артады деп күтіледі.

Сонымен қатар А.Хасенов компанияның Орталық инженерлік-технологиялық қызметіне барды. Мұнда нақты уақыт режимінде өндіру процестері басқарылады, ұңғымалардың жұмысы бақыланады және өндірістік бөлімшелердің жұмысы үйлестіріледі.

Өндіріс мәселелеріне арналған жиында ҚБМ-ның 2026 жылғы 1-тоқсанда атқарған қызметінің қорытындысы және кен орнын игеру тиімділігін арттыру бағытында қабылданып жатқан шаралары тыңдалды.

Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында ҚБМ технологиялық жаңғыртуға бағытталған цифрлық шешімдер кешенін қолға алды. Маусым айында «Көлікке электрондық өтінім беру» жүйесі іске қосылып, автопарк жұмысын толық цифрландыруды қамтамасыз етеді. ABAI ақпараттық жүйесі аясында жыл соңына дейін өндірісті оңтайландыру және инженерлік есептердің дәлдігін арттыру үшін ЖИ алгоритмдері іске қосылады. Сондай-ақ аса қауіпті жұмыстарға рұқсат беру процесін автоматтандыру үшін «Электрондық наряд-рұқсат» модулі сынақтан өтіп жатыр. Еңбекті қорғау талаптарының бұзушылықтарын анықтайтын TUMAR бейне сараптама жүйесін тарату жалғасуда. Сынақ іс-шараларынан кейін ол ұңғымаларды жерасты жөндеудің 21 бригадасына енгізіледі.

А.Хасенов ҚБМ басшылығына операциялық тиімділікті арттыру, мұнай өндіру деңгейін ұстап тұру және цифрландыру жұмыстарын жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) әлеуметтік желілер мен ақпарат порталдарына мониторинг жүргізу барысында «Lada.kz» сайтының интернет ресурстарына компаниямызға қатысты ақпарат жарияланғанын анықтады. Ақпаратты зерделеу барысында видеодағы қызметкерлер компанияның мердігер ұйымдарында жұмыс істейтіні белгілі болды. Олардың талаптары негізінде ҚБМ мердігер ұйымдардың қызметкерлерін өз штатына жұмысқа қабылдамайтынын ресми түрде мәлімдейді.

Компанияның мердігер ұйымдары автокөліктерге қызмет көрсету, ғимараттарды тазалау, бұрғылау ерітінділерін дайындау, вахта нысандарына қызмет көрсету сияқты бірнеше бағыт бойынша келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Олардың қызметкерлері тек өз жұмыс берушілері, яғни мердігер компаниялармен ғана еңбек қатынасында болады. Мердігер мекеме жұмысшылары аутстаффинг немесе компанияның негізгі штатындағы қызметкерлер қатарына жатпайды.

ҚБМ мердігерлермен жасалған келісімшарт бойынша барлық міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындайды және аталған ұйымдардың кадр саясатына жауапкершілік алмайды. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, еңбек жағдайлары мәселелері толықтай мердігер ұйымдардың құзыретіне жатады.

ҚБМ ҰЖЫМДЫҚ ШАРТЫНА ҚОСЫМША КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Бүгін, 6 сәуір күні, «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) қолданыстағы Ұжымдық шартына қосымша келісім жасалды. Құжатқа қол қою рәсіміне ҚБМ Бас директоры Нұртаза Ибрашев, Бас директордың Бірінші орынбасары Ван Вэй, «ҚБМ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Орынбек Сатыбалдиев, «Бірлік» ҚБМ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мансұр Алдабергенов қатысты.

Ұжымдық шартқа қосымша келісім компания қызметкерлеріне біржолғы ынталандыру сыйақысын төлеу бойынша жасалып отыр. Нақтырақ айтсақ, «Еңбекақы төлеу» бөлімінің 4.1.2-тармағына енгізілген толықтыруға сәйкес, енді жылдық мұнай өндіру жоспары 99%-дан 100% аралығында орындалса, жұмсышыларға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы беріледі. Ол үшін қызметкерлердің кәсіпорынның қалыпты және тұрақты қызметіне кедергі келтіретін рұқсат етілмеген митингілерге, ереуілдерге, деструктивті іс-әрекеттің өзге де түрлеріне қатысу фактілерінің орын алмауы маңызды.

Ұжымдық шарт — жұмысшылардың еңбек жағдайы, жалақысы мен құқықтарын қамитын маңызды құжат. Оған енгізілетін кез келген өзгеріс үш жақты келіссөз бен талқылау нәтижесінде қабылданады. Аталмыш толықтыру құжатқа қол қойылған сәттен бастап күшіне енді.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНАН МАРАПАТ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жасұланбек Таңатов пен пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының басшысы Әмірбек Утарбаев Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың марапатына ие болды. Мемлекет басшысының алғыс хатын «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ақтау қаласындағы Өкілдігінің атқарушы директоры Дәурен Мұратбай табыс етті.

Аталмыш марапат елдегі маңызды қоғамдық-саяси науқан – жаңа Конституция жобасы бойынша референдумды ұйымдастыру мен өткізуге белсенді атсалысқан әртүрлі сала өкілдеріне берілді. Өкілдік басшысы марапат иелерін құттықтап, қызметіне толағай табыс тіледі.

ҚБМ ЖАСТАРЫ — ТАБИҒАТ ЖАНАШЫРЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның жас мамандары Республикалық «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына белсенді қатысты. Іс-шара Маңғыстау облысындағы Қаракөл көлі аумағында өтті.

Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғи аймақтарды қоқыстан тазарту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Шара барысында қатысушылар арнайы секторларға бөлініп, белгіленген аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Сонымен қатар, эко-квест форматында өткен тазалық жұмыстары қатысушылардың белсенділігін арттырып, командалық рухты нығайтты.

Жас мұнайшылар тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, табиғатты аялау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау жөнінде өзара тәжірибе алмасты. Акция қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, белсенді қатысушылар марапатталды.

КОРПОРАТИВТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКІШТЕРІ – ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІНІҢ АЙНАСЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ішкі тренерлер мектебі жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жолы компанияның жетекші заңгері Лайля Маженова әріптестерге «Корпоративтік қызмет көрсеткіштерін құру және орындау» тақырыбында оқу өткізді.  
 
Сабақ барысында қатысушыларға қызметкерлердің тиімділігін бағалау жүйесінің негізгі тетіктері түсіндіріліп, қызметтің негізгі көрсеткіштерінің түрлері таныстырылды. Яғни корпоративтік көрсеткіш – компанияның жылдық нәтижесін айқындаса, функционалдық көрсеткіш – жауапты мамандардың міндеттерін сипаттайды. Ал тоқсандық көрсеткіштер нақты кезеңдегі басым бағыттарды қамтып, нәтижені кезең-кезеңімен бақылауға мүмкіндік береді.  
 
Оқу барысында көрсеткіштерді қалыптастырудағы каскадтау және декомпозиция тәсілдері мен қызметтің негізгі көрсеткіштері картасы, паспорт құрылымы, оларды әзірлеу, бекіту, түзету және мониторинг жүргізу кезеңдеріде жан-жақты түсіндірілді. Бұл әдістер жоғары деңгейдегі мақсаттарды төменгі басқару деңгейлеріне тиімді жеткізіп, әр қызметкердің ортақ нәтижеге қосатын үлесін нақтылауға бағытталған.  
 
Ішкі тренерлер мектебі сабағына қатысушылар көрсеткіштердің орындалуын бағалау, ауытқуларды талдау және қорытынды нәтижені есептеу тәсілдерін меңгерді. Бұл олардың кәсіби дамуын ынталандыруға және компанияның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуіне оң ықпал ететін тиімді құрал.