ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ СЕНБІЛІК ӨТТІ

7 Июнь 2026

Қаражанбас кен орнында 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Экологиялық мәдениетті нығайтып, өндіріс аумағының тазалығын сақтауға бағытталған іс-шараға №2 және №3 мұнай өндіру, жылу және сумен қамту цехының, сондай-ақ тұрғын жаймен қамтамасыз ету учаскесінің 100-ден астам қызметкері қатысты.
 
Сенбілік барысында жұмысшылар өздеріне бекітілген аумақтарды тазалап, жатақханалар, асханалар, қоймалар мен кір жуу орындарының маңын ретке келтірді. Бірлескен еңбек нәтижесінде жалпы көлемі 3,8 тонна қоқыс жиналды. Мұндай шаралар өндірістік нысандардың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
 
Тазалық – экологиялық қауіпсіздіктің және қолайлы еңбек ортасының маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан Қаражанбас мұнайшылары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларға тұрақты түрде қатысып, кен орнының тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосып келеді. Табиғатқа ұқыпты қарау және жұмыс орнын таза ұстау – әрбір қызметкердің ортақ міндеті әрі болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігі.

Жарияланған күні:
7 июня 2026

Бөлісу: