ҚБМ ҚЫЗМЕТКЕРІ – ТҮПҚАРАҒАН АУДАНЫНЫҢ «ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ» ҚАТАРЫНДА

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшысы Түпқараған ауданының «Жыл үздігі» премиясында «Мұнай-газ саласының үздік жас маманы» атанды. Жыл бойы қызметте белсенділігімен көзге түскен технологиялық көлік департаментінің тиегіш көлік жүргізушісі Асланбек Сәтенбаевқа аудан әкімінің алғыс хаты мен арнайы статуэтка табыс етілді.

Шарада 20 бағыт бойынша әр саланың үздік қызметкері құрметке бөленді. Түпқарағанның жан-жақты дамуына үлес қосып жүрген жастарды аудан әкімінің орынбасары Өсер Тілепов құттықтады. Ол жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктерді тізбектеп, аудан игілігіне еңбек етіп жүрген жыл белсенділеріне алғыс білдірді.

Асланбек Сәтенбаев –  Қаражанбас кен орнында 15 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехында жөндеуші болып бастады. Одан соң технологиялық көлік департаментінің №1 гаражына бульдозер, кейін тиегіш көлік жүргізушісі болып ауысты. Жұмысқа жауапты қызметкер «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы жұмысшылары арасында өткен «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауында бірнеше рет жеңімпаз атанған. 

Жас маман негізгі қызметінен бөлек, өз ауданы мен ауылының өркендеуіне ерекше мән береді. Үзеңгілестерімен бірге «Таушық жастары» бастамашыл тобын құрып, қоғамдық жұмыстарға, эко-акцияларға, спорт жарыстарына белсенді атсалысады. Ауыл жастарының туған жерді көркейтуге қосқан еңбегі еленіп, жақында ғана  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жыл волонтері» аталымына ие болды. Мұндай марапаттар Асланбек секілді қызметкерлеріміздің мерейін үстем етіп, еңбекке құлшыныс пен шабыт сыйлай түсері сөзсіз.

ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙШЫСЫ АЗИЯ КУБОГЫНАН ҮШ МЕДАЛЬ ҚАНЖЫҒАЛАДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының шебері Сәндібек Дүйсенбеков дзюдо, самбо және қазақ күресінен өткен Азия кубогында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Байрақты бәсеке қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған. Спорт шеберлері арасындағы додада Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мен Грузиядан келген 300-ден астам қатысушы бақ сынады.

Маңғыстау облысының намысын қорғаған мұнайшы күрес түрлерін жетік меңгерген спортшы. Сәндібек Дүйсенбеков әр белдесуге физикалық және психологиялық тұрғыдан мықты дайындалып, қарсыластарынан оқ бойы озық шығуға барын салды. Белдесулер нәтижесінде әріптесімізге 66 келі салмақ дәрежесінде дзюдодан күміс, 64 келіде самбодан қола бұйырды. Ал қазақ күресінен 66 келі салмақта лайықты өнер көрсетіп, қола жүлдені қанағат тұтты.

«Өндірістегі үздіксіздік секілді, спорт та тұрақты дайындықты талап етеді. Мен демалыстағы күндерден бөлек, вахтада да жаттығуымды үзбей, үнемі додаға дайын жүруді көздеймін. Еңбек еш кетпей, намысқа тырысып, үш медальға қол жеткіздім. Мұнда тек менің еңбегім емес, маған сенім артқан әріптестерім мен басшыларымның да зор үлесі бар»,- деді Азия кубогының жүлдегері.

Сәндібек әлі де талай жарыста топ жаруға ниетті. Ол келер жылы өтетін мықтылар бәсекесіне дайындығын қазірден бастап пысықтауға кірісті.

ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙШЫСЫ «ЖЫЛ ҮЗДІГІ» АТАНДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында елорда төрінде марапатқа ие болды.
Еңбек адамы «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай «Жаңа Қазақстан» инновациялық орталығы ұйымдастырған «Жыл үздігі — 2025» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» бағдарламалық мақаласы ұлттық құндылықтарды қоғамда кеңінен насихаттау, ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбек адамдарын көпшілікке үлгі тұтуды мақсат етеді. Осы бағытта өткен байқауға еліміздің әр өңірінен 20-ға жуық салада кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен және табанды еңбегімен ерекшеленген азаматтар қатысты. Сайыста олардың қызмет жолы мен жетістіктері жан-жақты сарапталып, жүзден жүйріктерге диплом, арнайы төсбелгі мен кубок табыс етілді.

Нартай Алтыбаев – ұзақ жылдан бері өндіріс пен спортты қатар алып жүрген мұнайшы. Кір тасын көтеруден төрт дүркін Әлем чемпионы атанып, еліміздің атын халықаралық аренада танытқан спортшы жеке жетістіктерімен шектелмей, әріптестер арасында да спортты насихаттап, чемпиондар шығарды.

«Мыңдаған жұмысшы арасынан осындай марапатқа ие болу — мен үшін зор құрмет. Әр бастамамызға қолдау көрсететін әріптестерім мен компания басшылығына алғысым шексіз. Ортақ Отанымызды дамыту жолында тынымсыз еңбек етуге әрқашан дайынмын»,- деді Н.Алтыбаев.

«Жыл үздігі – 2025» байқауындағы марапат тек Нартайдың емес, еңбек адамдарын қолдауды басты назарда ұстайтын ҚБМ ұжымының ортақ жеңісі. Ол адал еңбек пен табандылықтың биік белестерге бастайтынына нақты дәлел.

ТӘУЕЛСЗДІК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СПОРТ САЙЫСЫ

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Қаражанбас кен орнында жұмысшылар арасында спорт сайыстары ұйымдастырылды. Екі вахта мұнайшылары бір апта бойы жеке және командалық жарыстарда мықты ойын өрнегін көрсетіп, жүзден жүйріктер анықталды.

Додаға қатысушылардың әрқайсысы мықты дайындықпен келген. Кір тасын көтеруге шыққан жұмысшылар білек күші мен төзімділігін сынға салды. Ал шахмат пен тоғызқұмалақта ойыншылар логикалық ойлау қабілеті мен тактикалық шеберлігін паш етті. Бильярд пен үстел теннисінде дәлдік пен шапшаңдық маңызды рөл атқарды. Баскетбол мен шағын футбол алаңында командалық рух, өзара қолдау мен жеңіске деген жігер айқын сезілді. Көрермендер ықыласына бөленген жарыс — арқан тарту болды. Мұнда әр жұмысшы өз ұжымының чемпион атануына орасан зор үлес қосты.

Мереке қарсаңындағы мықтылар бәсекесі Қаражанбаста дәстүрлі түрде өтеді.  Ол жұмысшылардың салауатты өмір салтын ұстануына серпін беріп, ұжым ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайта түседі.

ҚМГ еншілес кәсіпорындарының жобалары үздік деп танылды

«Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялар арасында өткізілген «Үздік инновациялық компания-2025» байқауының қорытындысын шығарды.

«Өндірістік инновациялар көшбасшысы» номинациясы бойынша ҚазМұнайГаздың еншілес кәсіпорны — Қаражанбасмұнай жеңімпаз болды. Компания сейсмикалық барлауда көмірсутектерді жарылыс әдісінің көмегінсіз іздестірудің жолдарын зерттейтін жобаны ұсынды. Бұл тәсіл экологиялық жүктемені едәуір төмендетуге мүмкіндік береді әрі Каспий теңізіне іргелес жатқан аумақтар үшін өте маңызды.

Жарылғыш зарядтардың орнына электромагниттік толқындарды қолдану инфрақұрылымның жеткіліксіздігіне байланысты ғалымдар қол жеткізе алмаған және экологиялық сезімтал аймақтарды зерттеуге жол ашады. Сонымен қатар мамандар үшін тәуекелдерді төмендетіп, флора мен фаунаға тигізетін кері әсерді азайтады. Бұл әлемдік геологиялық барлау тәжірибесіндегі заманауи және экологиялық таза әдістердің бірі ретінде танылды.

Сонымен қатар «Үздік енгізілген рационализаторлық ұсыныс» номинациясы бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Жайықмұнайгаз» МГӨБ ұңғымаларды жерасты жөндеу цехының бастығы Маратбек Таженов жүлделі 3-орынды иеленді.

Оның рационализаторлық идеясы бағанды түсіру кезінде немесе қысым барысында муфта қосылыстарынан немесе құбырдан сұйықтықтың шығуы анықталса, жарамсыз құбырды бірден ауыстырып, бұрын түсірілген құбырларды көтермей-ақ, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді.

Технология түсіру-көтеру операцияларының санын қысқартып, ақаулардан болатын тоқтап қалу жағдайларын 5 сағаттан астам уақытқа (тереңдікке байланысты) қысқартады. Сондай-ақ жабдықтарға түсетін жүктемені төмендетіп, жөндеу жұмыстарының қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді.

Айта кетейік, ҚМГ жаңа техологиялық тәсілдерді белсенді енгізуді жалғастырып, өндірістік процестерді жетілдіру, өнім алу тиімділігі мен еңбек қауіпсіздігін арттыру бағыттарындағы бастамаларға үнемі қолдау көрсетіп келеді.

«Қаражанбасмұнай» АҚ акционерлері үшін Ақпараттық хабарлама

 
«Қаражанбасмұнай» АҚ («Қоғам») ҚР «Акционерлік қоғамдар» туралы заңы 24 бабының талаптарын орындау мақсатында, Қоғам қызметінің 2024 жылға қорытындысы бойынша таза кірістен Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы хабарлайды.

1.«Қаражанбасмұнай» Акционерлiк Қоғамы

Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, индекс 130000, Актау қаласы, 9Аш\а, 4 ғимарат «Елес» БО

Қоғамның банк деректемелері:

БИН 950 540 000 524

АО «Банк Китая в Казахстане» Алматы қаласы

BIC: BKCHKZKA, IBAN: KZ969130012462212USD

2. дивиденд төленетін кезең – 2024 жылға үшін;

3. бір артықшылықты акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері – 2024 жылдың қорытындысы бойынша бір артықшылықты акцияға 200 (екі жүз) теңге (оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес төленуге тиісті салық сомасы).

4. дивидендті төлеуді бастау күні –  11 желтоқсан  2025 ж.

5. дивидендті төлеу тәртібі мен нысаны

Дивидендтерді алуға құқылы акционерлердің тізімі бекітілетін күн  – 2025 жылдың  10 желтоқсан 00 сағат 00 минуты;

Дивидендті төлеу тәсілі – Қоғамның нұсқауы бойынша Қоғам тіркеушісі — «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ жасақтаған дивидендтерді алуға құқылы акционерлердің тізімі бойынша акционерлердің банк шоттарына аударымдар жасау арқылы белгіленген тәртіппен  жүргізіледі.

Төлемдерді алу мақсатында, барлық акционерлер Акцияларды тіркеуші «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ-ның бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде өздерінің жаңартылған деректемелерінің толық берілгендігіне  көз жеткізулері тиіс.

 «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ-ның мекен-жайы: 050040, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Сатпаев к., 30/8 үйі, 163 тұрғын емес үй-жай.

Call-орталық: +7 (727) 262 08 46.

ҚБМ ҚҰРАМАСЫ — «MMG CUP – 2025» ЧЕМПИОНЫ

Қаражанбас жұмысшылары Қаламқас кен орнында өткен «MMG CUP – 2025» шағын футбол турнирінде чемпион атанды. Дәстүрлі түрде өтетін додада өңірдегі өндіріс және сервистік қызмет көрсететін 12 мекеменің футболшылары бақ сынап, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Іріктеу кезеңінде қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан ҚБМ құрамасы ширек финалда «Caspian Food» командасын 6:0 есебімен, айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда да сол қарқыннан таймай, «ҚМГ-2» командасының қақпасына 3 гол соғып, финалға жолдама алды. Шешуші ойында «КТО» құрамасымен болған матч 5:4 есебімен аяқталып, Қаражанбастықтар чемпион атағын абыроймен қорғады.

Турнирде командалармен қатар, жеке ойыншылар да шеберлігімен көзге түсті. ҚБМ құрамасында өнер көрсеткен Қылыш Қасым «Үздік ойыншы» атағына лайық деп танылды. Жеңімпаз командаға чемпион кубогі мен арнайы сыйлық сертификаты табысталды.

ҚБМ ЖАС МАМАНЫ ТОКИОДА ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТТІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ электр цехының электромонтері Жақсылық Әуметалық Жапонияның мұнай және тұрақты энергетика саласындағы ынтымақтастық орталығында (Japan Cooperation Center of Petroleum and Sustainable Energy) тағылымдамадан өтті. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Алып» ысырапсыз көзқарас бағдарламасында үздіктер қатарынан көрінген жас маман «Мұнай-газ өнеркәсібіндегі жобаны басқару» тақырыбы бойынша білімін жетілдірді.
 
20 күндік оқу бағдарламасында Қазақстан, Сауд Арабиясы, Катар, Ливия, Индонезия, Перу, Тайланд, Ирак, Камбоджа, Пәкістан, Кувейт және Оманнан келген қатысушылар дәріс алды. Олардың арасында өндірісте жұмыс істейтін қарапайым қызметкерден бастап, ауқымды ғылыми жоба авторлары,  өз мемлекетіндегі энергетика министрлігінің өкілдері де бар. Оларға мұнай-газ саласының тәжірибелі оқытушылары жоспарлау, стратегия, жобадағы тәуекелдерді, шығындарды басқару бойынша теория сабақ өткізіп, тәжірибе тапсырмаларын орындатты.Тағылымдамадан өтушілер Жапонияның әлемдік деңгейдегі өндірістік компанияларына экскурсия жасап, өнімдерімен танысты. Білікті мамандармен сұхбаттасуға мүмкіндік алды.
 
Оқу кезінде Жақсылық шетелдік әріптестер мен оқытушыларға  тежегіш резисторлардың істен шығуын азайтудың тиімді әдістерін тізбектейтін авторлық жобасын таныстырды. Жұмыс тағылымдамадан өтушілер мен жетекшілердің оң бағасын үлесті болды. Оқуды сәтті тәмамдаған қатысушыларға алған білімін растайтын сертификаттар табыс етілді.
 
«Үздіксіз ізденіс – адамды тұлға ретінде тәрбиелеп, өз ісінің шеберіне айналуға дейін дамуға жетелейді. Жапониядағы 20 күндік оқу ерекше шабыт пен әлемнің әр түкпірінен мақсаты айқын достар сыйлады. Жаңа білім жаңа белесті бағындыруға жол ашады. Мұнда көрген-түйгенімізді қызмет барысында кәдеге жарататыныма сенімдімін. Осындай мүмкіндік сыйлаған компаниямызға, ҚМГ-ның «Алып» жобасына алғысым шексіз!»,- деді Ж.Әуметалық.

АВТОПАРКТІ ЖАҢАРТУ: 3 ЖЫЛДА 300-ден АСТАМ АРНАЙЫ ТЕХНИКА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да өндіріс тиімділігін арттыру мен жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған автопаркті жаңарту бағдарламасы аяқталуға жақын. Соңғы 3 жыл ішінде технологиялық көлік департаментінің №1 және №2 гараж жұмысшыларына жоспардағы 368 арнайы техниканың 312-сі пайдалануға берілді.

Автопаркті жаңарту жобасы 2022 жылдың соңында басталды. Бұл кезеңде компания алдымен 10 арнайы техника сатып алды. 2023 жылы қызметкерлерге 140 жаңа көліктің кілті табыс етілді. Былтыр қос гаражға тағы 123 арнайы техника қосылды. Биыл жыл басынан бері 39 көлік желіге шықты. Қазір 52 арнайы техниканы сатып алуға келісім-шарт жасалып, кен орнына жеткізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек жоспарда тағы 4 техника тұр.

Ескі көліктерді жаңаға алмастыру – жұмыс сапасына оң әсер етіп, өндіріс үздіксіздігін сақтауға мүмкіндік береді.Компанияға арнайы техникалар сатып алу жұмысы аталмыш бағдарламадан тыс та жоспарға сай жүргізіле береді.

ЖАҢҒЫРҒАН НЫСАН ЖҰМЫСҚА ҚАРҚЫН БЕРЕДІ

Қаражанбас кен орнында қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Осы мақсатта бекітілген жол картасы аясында биыл бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, оннан астам ғимаратта күрделі жөндеу толық аяқталды.

Жыл басынан бері вахталық кенттегі №1 және №4 жатақхана подъездері мен бөлмелері, электр цехындағы учаске басшысы кеңсесі, жылу және сумен қамту цехындағы механик пен шебер бөлмесі, №2 бақылау-өткізу пункті мен «Батыс-2» күзет бекеті, технологиялық көлік департаменті гараждарындағы дәнекерлеу алаңы, санитарлық және слесарьлер бөлмесі, жөндеу бокстары толық ретке келтірілді. Сонымен қатар №3 мұнай өндіру цехындағы арнайы киімдерді кептіруге арналған мобильді ғимарат та жаңартылды.

Күрделі жөндеу кезінде сылау, әрлеу, едендерді тегістеу, инженерлік желілерді жаңарту жұмысы жүргізілді. Ғимараттардың ескі есік-терезелері ауыстырылып, қажетті жиһаз бен тұрмыс техникалары жаңадан жеткізілді. Модульді контейнерлер ішкі жылытқыш плиталарымен қапталып, толық жабдықталды.

Жұмысқа қолайлы жағдай жасау – қызмет сапасына тікелей әсер етеді. Қазір қаражанбастықтар жаңарған нысандарда кәсіби міндетін сәтті жалғастырып жатыр. Компания алдағы уақытта да жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайын тұрақты түрде жақсартуды басты назарда ұстап, өндіріс көрсеткішін арттыруға бірлесе еңбек етеді.

ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ АҚПАРАТТЫҚ КЕЗДЕСУ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Есірткісіз Маңғыстау» жобасы аясында «Есірткі және психотроптық заттарды қолданудың алдын алу» тақырыбында ақпараттық кездесу өтті.

Компания қызметкерлеріне Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ақылбек Зиноллин және облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Гүлсін Бержанова өңірде атқарылып жатқан кешенді жұмыс туралы жан-жақты мағлұмат берді.

Кездесу барысында спикерлер алдымен есірткіні қолдану және тарату фактілеріне байланысты статистиканы бөлісті. Қылмыстың алдын алу бағытындағы шаралар, бақылау жүйелері мен құқық қорғау органдары жүргізіп отырған профилактикалық жұмыстарға тоқталды.

Бұдан бөлек мамандар жұмысшыларға жасөспірімдер арасындағы тәуелділіктің себептерін, отбасындағы тәрбиенің рөлін, қоршаған ортаның ықпалын, ерте профилактикалық шаралардың маңызын түсіндірді. Қатысушыларға есірткі белгілерін ерте тану, тәуекел топтарымен жұмыс жүргізу тәсілдері және өз ортасында қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру жөнінде кеңес берілді.

Жиында тек есірткі мәселесі ғана емес, қазіргі қоғамда кең таралған лудомания тақырыбы да қозғалды. Психолог ойынға тәуелділіктің психологиялық механизмдері, оны тудыратын факторлар және алдын алу жолдары туралы айтты. Кездесу соңында қатысушыларға ақпараттық материалдар таратылып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.

Қаражанбасмұнай биылғы 10 айда 1,7 млн тонна мұнай өндірді

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) қызметінің мәселелеріне қатысты өндірістік жиын өткізді.

Биылғы 10 айда мұнай өндіру көлемі 1 млн 760 мың тоннаны құрады. Қаражанбас кен орны мұнайының тұтқырлығы жоғары әрі шайырлы, құрамында күкіртті қосылыстардың көп болуымен ерекшеленеді. Өндірудің тұрақты деңгейін ұстап тұру үшін ҚБМ бу-жылу арқылы әсер ету әдістерін қолданады. Қазіргі уақытта бу мен суды айдау процесі оңтайландырылуда, сондай-ақ бу генераторларының тиімділік коэффициентін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Стратегиялық басымдық — ресурстық қорды толықтыру. Кен орынның жағалаудағы аймағында сейсмикалық барлау жұмыстары аяқталды. Жаңа қорды растауға және кен орынды пайдалану циклін ұзартуға мүмкіндік беретін бағалау ұңғымаларын бұрғылау жоспарлануда.

ҚМГ басшысы мұнай өндіру деңгейін қатаң бақылауда ұстау, өндірістік процестерге заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді жеделдету және қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуды қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.