
«Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымы өңірдегі мемлекеттік басқару және мұнай-газ саласының ардагері, компанияда Бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Рзаханов Асқар Киікбайұлының 65 жасқа қараған шағында мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Асқар Киікбайұлы саналы ғұмырын ел дамуы мен өңірдің өркендеуіне арнаған білікті басшы ретінде көпшілік құрметіне бөленді. Ол еңбек жолын өндірісте бастап, кейін жастар саясаты, мемлекеттік басқару және мұнай-газ саласында жауапты қызметтер атқарды.
Әр жылдары Маңғыстау облысының ішкі саясат саласын басқарды, облыс әкімдігі құрылымында, ірі мұнай кәсіпорындарында басшылық лауазымдарда еңбек етті. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының әлеуметтік және әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары, «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директоры, Маңғыстау облысы әкімінің аппаратының басшысы болды.
2019 жылдан бастап ҚБМ-да Бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, компанияның әлеуметтік және кадрлық саясатын дамытуға елеулі үлес қосты. Ол әріптестері арасында парасатты тұлға, білікті басшы, жастарға бағыт-бағдар берген тәлімгер ретінде есте қалды.
Жарияланған күні:
17 июня 2026
Бөлісу: