Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қаражанбас мұнайшылары дәстүр мен жаңғырудың үндестігін сезініп, бір шаңырақ астында бас қосты. Кен орнында компания мен кәсіподақ ұйымы бірлесіп, ашық аспан астында мерекелік концерт ұйымдастырды.
Шараға ҚБМ Басқармасы, кәсіподақ төрағасы, өндірістік басқарма басшылары қатысты. Бас директор Нұртаза Ибрашев ұжымды мерекемен құттықтап, қазақи құндылықтар ұлықталатын мейрам – ұлт тамырының тереңде екенін дәлелдейтінін атап өтті.
«Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің мерекесі. Осының арқасында біз тек өндірістік міндеттерді ғана емес, ұжымдық рухты көтеретін, дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін маңызды бастамаларды да бірге жүзеге асырып келеміз. Бізді алда үлкен мақсаттар мен маңызды міндеттер күтіп тұр. Сол жолда әрқайсымыздың еңбегіміз, жауапкершілігіміз бен бірлігіміз аса маңызды. Наурыз күні сіздерге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, еңбегіңізге табыс тілеймін!»,- деді Н.Ибрашев.
Вахталық кентте мереке көркі қыза түсті. Мұнда киіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылып, көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылды. Мұнайшылар қой көтеру, арқан тарту және қазақша күрес секілді ұлттық спорт ойындарынан сайысқа түсіп, жүзден жүйрік шыққандар марапатқа ие болды. Салтанатты кеште облыс өнерпаздары мен Қазақстан эстрадасының әншісі Әділет Жауғашар көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, сүйікті әндерін орындады.
Наурыз мейрамы – тек жаңару мен берекенің емес, сондай-ақ ауызбіршілік пен татулықтың нышаны. Қаражанбастағы Ұлыстың ұлы күні компания мен кәсіподақ ынтымақтастығын, ортақ мақсат жолындағы бірлігін айқындай түсті.