ҚАРАЖАНБАС ГЕОЛОГІ ЖАПОНИЯДА БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРДІ

11 Ноябрь 2026

«Қаражанбасмұнай» АҚ геология және игеру бөлімінің геологі Абай Сүгіров Жапонияда кәсіби біліктілігін арттырды. Ол «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның «Алып» бағдарламасы аясында үздік инновациялық жобасымен көзге түсіп, халықаралық оқу курсына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Абай Сүгіров екі айға жуық уақыт бойы «Japan Organization for Metals and Energy Security (JOGMEC) ұйымының оқу орталығында «Geophysics Course» бағдарламасы бойынша білім алды. Оқу курсына Индонезия, Вьетнам, Таиланд, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ирак, Әзербайжан, Мозамбик және Малайзиядан келген мұнайшы-геологтар, геофизиктер мен кен орындарын игеру мамандары қатысты.

Бағдарлама аясында қатысушылар мұнай жүйесін талдау, сейсмикалық деректерді түсіндіру және сейсмикалық барлау технологиялары бойынша теориялық білім алып, тәжірибе сабақтарына қатысты. Теория мен практиканы ұштастыру мақсатында Ниигата өңіріне геологиялық экскурсия ұйымдастырылып, дәріс алушылар геологиялық құрылымдар мен тау жыныстарын зерттеді. Сондай-ақ 3D сейсмикалық түсірілім жүргізетін «TANSA» кемесіне барып, теңіздегі сейсмикалық барлау жүйелерімен, оның ішінде вибросейсмикалық технологиялармен танысты.

«Жапония мен үшін бала кезден арман болған ел еді. «Алып» бағдарламасының арқасында сол арманым орындалды. «Geophysics Course» геофизикалық технологиялардың даму бағытын және олардың мұнай-газ саласының өзгеріп отырған қажеттіліктеріне қалай жауап беретінін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Бағдарлама барысында жапон тілі, мәдениеті, тарихымен де таныстық. Оқудан бөлек, жапон халқының ұқыптылығы, тәртібі және күнделікті өмірдегі әрбір ұсақ-түйекке дейін мән беретін мұқияттылығы ерекше әсер қалдырды. Хиросимадағы Бейбітшілік мұражайына бару бейбітшіліктің қаншалықты құнды екенін тағы бір мәрте сезіндірді. Бұл сапардан мол білім жинап қана қоймай, әлемнің әр түкпірінен жаңа достар таптым», — дейді Абай.

Халықаралық оқу бағдарламасына қатысу ізденістен жалықпайтын білікті жастардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, заманауи геофизикалық әдістер мен технологиялар бойынша тәжірибе жинақтауына жол ашты. Бұл мұнайшылардың кәсіби дамуына және компанияның өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Абай да Жапониядан жиған білімін алдағы уақытта Қаражанбастың қара алтынын игеруге арнауды мақсат етіп отыр.

Жарияланған күні:
11 ноября 2026

Бөлісу: