ҚБМ БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ КЕН ОРНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ

11 Ноябрь 2026

«Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығы ІІ вахтаның еңбек ұжымымен кездесті. Бас директор Нұртаза Ибрашев, Өндірістік Басқарма басшылығы және кәсіподақ ұйымы төрағалары қатысқан кездесуде компанияның өндіріс көрсетікіші, алдағы міндеттер мен еңбек ұжымын толғандырған өзекті мәселелер талқыланды.

Жыл басынан бері Қаражанбас кен орнында мұнай өндіру көлемін арттыру мақсатында теңіз жағалауы аймағын игеруге басымдық берілген. Қазір мұнда 40-қа жуық ұңғыма бұрғыланып, әрқайсысынан тәулігіне орта есеппен 7 тоннадан астам мұнай өндіріледі. Жыл соңына дейін ұңғымалар санын 50-ге жеткізіп, қосымша 40 мың тоннаға жуық өнім алу жоспарланып отыр.

Кездесуде қаржы шығынын оңтайландыру, мұнайшылардың еңбек жағдайын жақсарту, кадр қызметінің жұмыс тиімділігін арттыру және өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтауға ерекше назар аударылды. Мұнайшылар өздерін толғандырған сауалдарын басшылыққа тікелей қойып, ұсыныс-пікірін ортаға салды.

Жұмыс сапары соңында компания басшылығы кен орнында салынып жатқан жаңа спорт кешенінің құрылыс барысымен де танысты. Қазір нысанды пайдалануға беруге дайындық қарқынды. Бас директор жауапты мамандарға жұмысты уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.

 

Жарияланған күні:
11 ноября 2026

Бөлісу: