САМБОШЫ СӘНДІБЕК – АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкері самбодан Азия және Океания чемпионатында ел абыройын асқақтатты. Спорт шеберлері арасында өткен байрақты бәсекеде бұрғылау және ұңғмаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің шебері Сәндібек Дүйсенбеков жоғары нәтиже көрсетіп, алтын медаль алды.

Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Монғолиядан ең мықты балуандар келді. Сәндібек Дүйсенбеков М-3 санаты бойынша 64 келі салмақта додаға түсіп, боз кілемде бірнеше балуанмен белдесті. Ол қарсыластарынан жылдар бойы жинаған тәжірибесімен, тың техникасымен және шымырлығымен, бастысы жеңіске құштарлығымен дараланды.

Бұған дейінгі Азия чемпионаттарында қоржынын қола және күміспен толтырған спорт шебері төрешілер шешімімен І орынға лайық деп танылды. Осылайша шашасына шаң жұқтырмаған әріптесіміз күзде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды.

«Бұл мен үшін көптен күткен алтын болды. Бәрі тынбай дайындалған еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Алдағы ең үлкен жарыста да абыройлы өнер көрсетуге барымды саламын. Мені қолдаған ұжымыма, цех және компания басшылығына алғысым шексіз!»,- деді чемпион.

ҚБМ ҚОРЖЫНЫНДА ҚОС АЛТЫН МЕН БІР КҮМІС

Сүйінші! «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары кір тасын көтеруден Азия чемпионатында жетістігін жаңартты. Ақтауда алғаш рет өткен додада №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев пен технологиялық көлік департаментінің жүргізушісі Айдын Ахметов бес дүркін Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ №5 автотізбек тракторшысы Жеңіс Джалдасов күміс медаль қанжығалады.

Бес күнге созылған байрақты бәсекеге Азияның 9 елінен 300-ден астам спортшы қатысты. Кіл мықтылар бас қосқан жарыс өте тартысты өтті. Ерлер арасында 73 келі салмақта өнер көрсеткен Нартай Алтыбаев кір тасын 10 минутта 222 рет жұлқа көтеріп, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Ал Айдын Ахметов 95+ келі салмақта ардагерлер арасында серпе көтеруден топ жарды. Ұзын айналым бойынша 85+ келі салмақта бақ сынаған Жеңіс Джалдасов ІІ орынды жеңіп алды.

Жүзден жүйрік шыққан жігіттер енді Әлем чемпионатына қатысады. Бұл олар үшін алғашқы жарыс болмағанымен, артылар үміт еселенетіні сөзсіз. Сондықтан чемпиондар вахтада да, демалыс кезінде де дайындықты тоқтатпай, шашасына шаң жұқтырмауға барын салмақ.

«КҮЛКІ TIME»: ҚБМ ҚОРЖЫНЫНДА ҚОС ЖҮЛДЕ

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларынан құралған «Қарақошқар» жайдарман командасы «Күлкі time» сайысында екі аталым бойынша жүлдеге ие болды. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы қызметкерлері арасында өткен жарысқа Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар облысы мен Астанадан келген 10 команда қатысты. Әзілкеш-мұнайшылардың өнеріне тәжірибелі жайдарманшылар мен ҚМГ басшылық өкілдері қазылық етті.

Қатысушылар арасында үлкен сахнаға алғаш рет шыққандар мен республика деңгейінде өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі командалар бар. Олар алғашқы кезең — сәлемдесу сайысында өзін креативті таныстырып, өзекті тақырыптарды қағытпа қалжыңмен жеткізуге тырысты. Әр компанияның үмітін арқалағандар мұнай-газ, вахтадағы өмір, экология, ҚМГ-ның әлеуметтік жобалары туралы әзілдер ойнап, көрерменді күлкіге қарқ қылды. Сондай-ақ екінші кезеңде үй жұмысына берілген тапсырма — еркін тақырыпта көрініс қойды.

Қазылар шешімімен ҚБМ жұмысшылары «Үздік шоу» аталымына ие болды. Ал команда мүшесі Айгерім Бопиловаға қыздар арасындағы «Үздік ойыншы» атағы бұйырды. Жалпы ұпай саны бойынша Павлодар мұнай-химия зауыты ІІІ, «Өзенмұнайгаз» ІІ, «Маңғыстаумұнайгаз» құрамасы чемпион атанды. Жеңімпаз команда «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Әзіл Fest» сайысына жолдама алды.

ӘСКЕРИ ТАҚЫРЫПТАҒЫ ОЙ ДОДА

9 мамыр – Жеңіс күніне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары әскери тақырыптағы қазақша QUIZ ойынына қатысты. Додада бақ сынаған ІІ вахтаның 6 командасы бес кезең бойы түрлі тапсырма орындап, логикалық сұрақтарға жауап берді.

Аталмыш шараны «Жас мамандар кеңесі» дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Тоқсанына бір рет өтетін куизде мұнайшылар тек білім деңгейін ғана емес, ұшқыр ойлау қабілеті мен мен команда рухын паш етті. Әр кезең сайын тартыс күшейіп, қатысушылар қарсыластарынан басым түсу үшін барынша көп ұпай жинауға күш салды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, куиз ойыны қызметкерлер арасындағы ауызбіршілікті нығайтып, таным деңгейін арттыруға ықпал етеді. Жыл соңына жоспарланған ойында барлық кезеңде жиналған ұпайлар есептеліп, үздік команда анықталады.

35 ЖЫЛДЫ ЕҢБЕККЕ АРНАҒАН ОҢҒАРБАЙ ҚАБЫЛОВ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы мен ұжымы компанияға 35 жыл еңбегі сіңген білікті маман, тәжірибелі қызметкер, перспективалық даму және тәуекелдерді басқару департаментінің директоры Оңғарбай Қабыловты құрметті демалысқа шығарып салды. Басқарма Қаражанбастың дамуына елеулі үлес қосқан мұнайшыға ұзақ жылғы абыройлы қызметі үшін алғыс білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Оңғарбай Қабыловтың өнегелі еңбек жолы қатардағы оператор лауазымынан басталған. Әр жылдары шебер, цех басшысының орынбасары, ауысым басшысы, цех басшысы, өндірістік басқарма директоры, департамент директоры, Бас директордың орынбасары сияқты қызметтерді асқан жауапкершілікпен атқарды. Кен орны мен кеңседегі жұмысты бес саусағындай білетін ол қызмет барысында байсалдылығымен, кемел де ұшқыр ойымен, қарапайым болмысымен ұжым ықыласына бөленіп, әріптестерге ақылшы аға, білікті басшы бола білді.

Құрметті демалыс – абыройлы еңбектің жемісін көретін кезең. Өмірін өндіріспен өрнектеп, компанияда табан аудармай қызмет еткен Оңғарбай Қабылов Қаражанбаста өткен жылдарының өмірінде ерекше орын алатынын айтты. Сондай-ақ саланың сойылын бірге соққан азаматтардың құрметі мен ілтипатына риясыз рақмет айтып, жүрекжарды лебізін жеткізді.

ҚАРАЖАНБАСТЫҚТАР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МАРАФОНЫНА ҚАТЫСТЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері елордада өткен қайырымдылық марафонына қатысты. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдауға қаражат жинау мақсатындағы шара биыл төртінші рет ұйымдастырылды. «Samruk Charity Marathon-2026-да» 3000-нан астам адам 2,5 км, 5 км және 10 км қашықтыққа жүгіру, сондай-ақ 2,5 шақырым скандинавиялық жүрістен бақ сынады.  

ҚБМ жұмысшылары бастамаға белсенді қолдау білдіріп, марафонға жоғары ынтамен қатысты. Компания қызметкерлері жарыс жолында тек өздерінің спортқа деген қызығушылығын ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігін де көрсетті. Қайырымдылықты өмірлік ұстанымға айналдырған олар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау арқылы игі іске өз үлесін қосты.

Қайырымдылық шарадан шамамен 250 млн теңге қаражат жиналды. Бұл 10 жаңа инклюзияны қолдау кабинетін ашуға жұмсалмақ. Бұған дейін осындай 15 кабинет ашылған еді.

МҰНАЙШЫЛАРҒА МЕРЕКЕЛІК МАРАПАТ  ТАБЫСТАЛДЫ

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері құрметке бөленді. Нәтижелі еңбегімен көзге түскен І вахтаның 50-ге жуық жұмысшысы «Yntymaq» кәсіпкерлік қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Мұнайшыларды Бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жасұланбек Таңатов, «ҚБМ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Орынбек Сатыбалдиев және Өндірістік басқарма басшылығы құттықтады. Марапат барысында қызметкерлердің  қара алтын игеру жолында күні-түні қызмет етіп, ел экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүргені ерекше аталып өтті.

Қазыналы Қаражанбаста маман ретінде шыңдалып, бір шаңырақ астында еңбек етіп жүрген мұнайшылар жетістігі – компанияның абыройын арттыра түседі. Сондықтан мерекеде берілген төсбелгі – қызметкерлердің жұмысқа құлшынысын арттырып, шабыт сыйлады. Аталмыш марапатты ІІ вахтаның жұмысшыларына да табыстау жоспарланып отыр.

ДӘНЕРКЕРЛЕУ – ДӘЛДІК ПЕН ШЕБЕРЛІК ТОҒЫСҚАН ІС

Қаражанбас – талай мықты мұнайшыны түлеткен, еңбекпен шыңдап, өмірдің үлкен мектебінен өткізген қасиетті мекен. Өлке өндірісіне өлшеусіз үлес қосып, ғұмырын қара алтын игеру саласына арнағандардың бірі –пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының электргазбен дәнекерлеушісі Геннадий Зубенко. Компанияда ширек ғасырдан астам уақыт бойы табанды еңбек еткен жұмысшы қызмет белесін абыроймен бағындырып, әріптестерінің ыстық ықыласы мен шынайы құрметіне бөленді.
 
Кейіпкеріміз кәсіби шеберлігімен, қажырлы еңбегімен, өз ісіне адалдығымен алдыңғы қатардан көрінген қызметкер. Ол қауіпсіздікті қатаң сақтап, кез келген тапсырманы мінсіз атқарып қана қоймай, жастарға тағылымды тәлім берген тәжірибелі дәнекерлеуші. Темірден түйін түйген Геннадий уақытпен санаспай жауапты учаскелерде жұмыс істеп, күрделі жабдықтарды қалпына келтіру ісінде өз қолтаңбасын қалдырды.
 
Қаражанбаста қызмет жолын түйіндеп, зейнетке шығып жатқан әріптестерге құрмет көрсету игі дәстүрге айналған. Цех басшылығы мен ұжымы өмірдің маңызды кезеңіне қадам басқалы тұрған ардагерге ұзақ та адал еңбегі үшін алғыс айтып, жүрекжарды лебізін білдірді. Соңғы вахтасын қимастықпен аяқтаған Геннадий мықты мамандар шоғырланған Қаражанбастың әлі талай биіктен көрінетініне кәміл сенетінін жеткізді.

КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗУ — КӨПТІҢ ІСІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымы Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді көгалдандыруға бағытталған игі бастамаға белсенді үлес қосты. Орталық кеңсенің 27 қызметкері Ақтаудағы Тұңғыш Президент саябағы аумағында өткен ауқымды шараға қатысып, 30 түп акация көшетін отырғызды.

Іс-шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен телекөпір ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы табиғатқа жанашырлық таныту — туған өлкенің келешегіне деген жауапкершілік белгісі және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қосылған зор үлес екенін атап өтті. Ал аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай облыс тұрғындары мен акцияға белсенді атсалысқан азаматтарға алғыс білдіріп, табиғатты аялау мен өңірді көркейту бәріне ортақ азаматтық міндет екенін айтты.

ҚБМ ұжымы үшін мұндай бастамалар — бір реттік шара емес, корпоративтік мәдениеттің ажырамас бөлігі. Компания қызметкерлері экологиялық акцияларға тұрақты қатысып, өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосып келеді. Себебі табиғатқа қамқорлық жасау — болашаққа жасалған инвестиция, ал жасыл желекке айналған әр тал — келер ұрпаққа қалатын құнды мұра.

ҚАРАЖАНБАС ПЕН ҚАЛАМҚАС АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ

Бозашы түбегіндегі ірі кен орындары – Қаражанбас пен Қаламқас мұнайшылары арасындағы дәстүрлі жолдастық кездесу биыл да жалғасын тапты. Әріптестер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бірлік пен өзара сыйластықты нығайтуды мақсат еткен спорт шарасында мұнайшылар баскетбол және үстел теннисінен сынға түсіп, тек өндірісте ғана емес, спортта да шебер екенін дәлелдеді.

Баскетбол жарысы ерекше тартысты өтті. Кездесу басында қарсыластарға есе жіберіп алған Қаражанбас құрамасы кейін намысқа тырысты. Соңғы минуттарда ширақ қимылдап, пастарды дәл беріп, үйлесімді ойын көрсеткен команда жеңіске біртабан жақындай түсті. Осылайша 24:21 есебімен алға шыққан біздің жігіттер ойын жеңімпазы атанды.

Ал үстел теннисі жарысына екі компаниядан барлығы 16 қызметкер қатысып, 8 жұп өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар арасында тәжірибелі ойыншылармен қатар, жарыс жолына енді қосылған жұмысшылар да лайықты ойын өрнегін көрсете алды. Олар әр партияда ептілігімен, дәлдігімен дараланып, бір-бірінен асып түсуге барын салды. Нәтижесінде ҚБМ спорт нұсқаушысы Талап Барболов І орынды жеңіп алды.

Өңір мұнайын игеріп отырған компанияларда өндіріс пен спортты қатар алып жүрген қызметкерлер аз емес. Олардың арасында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, көк байрағымызды биікте желбіретіп жүрген азаматтар да бар. Осындай компанияаралық жарыстар – үлкен жеңістерге бастайтын алғашқы сатының бірі.

22 СӘУІР — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖЕР КҮНІ

22 сәуір – бүкіл әлемде Халықаралық Жер күні аталып өтеді. Бұл қоршаған ортаны қорғауға, жер шарын көгалдандыруға және табиғатқа ұқыпты қарауды насихаттауға арналған экологиялық мәні зор ерекше күн.

Жерге жанашырлық таныту – табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, қалдықтарды азайту, экологиялық бастамаларды қолдау сияқты қарапайым қағидалардан басталады. Экологиялық мәдениетті дамытуға «Қаражанбасмұнай» АҚ да елеулі үлес қосып келеді.

Компания ұжымы жыл сайын кен орнында, облыс орталығында және теңіз жағалауында өтетін сенбіліктерге белсенді атсалысып, аумақтарды абаттандыру және тазарту шараларына қатысады. Биыл да бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасып, 2000-нан астам көшет отырғызу және көгалдандыру шаралары жоспарланып отыр.

Жер – біздің ортақ үйіміз. Оны аялап, келер ұрпаққа аманат ету – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. #JerAnaҚБМ

Ұңғымаларға цифрлық мониторинг жасау: Қаражанбасмұнай геологтары өндіріске өз жобаларын енгізуде

«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы қызметкерлері өндіріс тиімділігін арттыру үшін цифрландыру және заманауи шешімдерді енгізуге белсенді атсалысып келеді.

«Қаражанбасмұнай» АҚ №3 мұнай өндіру цехының геологы Абай Сүгіров «АЛЫП» бағдарламасы аясында өз авторлық жобасын қорғап, тәжірибелік-өндірістік сынақтан сәтті өткізді.

Жобаның мақсаты — ұңғымалардың тәуліктік көрсеткіштері: қысым, температура және басқа да параметрлерін мобильді құрылғылар арқылы цифрландырып, оларды веб-платформаға уақытылы енгізу. Бұған дейін деректер геологтарға қағазға қолмен тіркелген күйде жеткізіліп келді. Бұл өз кезегінде жедел шешім қабылдауға кедергі келтірді.

Жоба үш ай бойы компанияның бір бригадасында сынақтан өтті. Нәтижесінде 18 ұңғымадағы ауытқулар дер кезінде анықталды.

Аталған бастама деректерді жинау мен талдаудың заманауи тәсілдеріне көшу мұнай өндіру саласында тиімділікті арттыруға және шығындарды оңтайландыруға жаңа мүмкіндік ашатынын айқын көрсетті.

Айта кетейік, ысырапсыз өндіріс мәдениетін қалыптастыруға және заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған «АЛЫП» бағдарламасы 2024 жылдың күзінде іске қосылды.