ҚАРАЖАНБАСҚА  «SOCAR» ЖӘНЕ «ТАТНЕФТЬ» ДЕЛЕГАЦИЯСЫ КЕЛДІ

22 Октябрь 2026

Қаражанбас кен орнына Әзірбайжан мен Татарстандағы мұнай компаниясы өкілдері жұмыс сапарымен келді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен «SOCAR», «Татнефть» және «Узбекнефтегаз» арасындағы цифрлық технологиялар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумына сәйкес делегаттар кен орнының тынысымен танысты.

Қаражанбас тұтқырлығы жоғары, қою мұнай өндіруімен ерекшеленетін кен орын. Мұнда қара алтын өндірудің тиімділігін арттыру мақсатында жер қабатына су мен бу айдау технологиясы қолданылады. Делегация осы процеспен танысу үшін алдымен бу өндіру цехында болды. Бу генераторлары паркін аралап, бу өндірудің технологиялық кезеңдерімен және өндірістік жабдықтардың жұмысын бақылады. Сонымен қатар кен орнындағы технологиялық процестердің ұйымдастырылуы мен өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесіне назар аударды.

Бұдан кейін қонақтар ілеспе қабат суын тұшыту зауытында болды. Зауытта тәулігіне 17 мың текше метр су тұшытылады. Тұшытылған су жер қабатына қайта айдауға пайдаланылады. Бұл – өндірістік қажеттіліктерге арналған су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сапар аясында шетелдік әріптестер Қаражанбас кен орнында қолданылатын өндірістік шешімдермен танысып, мұнай өндіру технологиялары мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тәжірибені өзара талқылауға мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер компаниялар арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, озық тәжірибелерді зерделеуге және өндірістік тиімділік пен қауіпсіздікті арттыру бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.

 

 

 

Жарияланған күні:
22 октября 2026

Бөлісу: