ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙШЫЛАРЫНА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАЛДЫ

ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері күні қарсаңында «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары елорда төрінде құрметке бөленді. Салтанатты іс-шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған еңбек адамдарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы мұнай-газ секторына ерекше көңіл бөлетінін, саланы дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан мұнайшыларға берілетін мемлекеттік наградалар – мұның айқын дәлелі екенін атап өтті.

Салтанатты марапаттау рәсімінде ҚБМ өндірістік басқарма директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Шапағат Аминге «Құрмет» ордені, №2 ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу цехының 2-дәрежелі көмекші жұмысшысы Оразғұл Жаманбаев пен №1 өндірістік қамтамасыз ету базасының аға шебері Бердіхан Ұзақбайға III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені табысталды. Оған қоса, технологиялық көлік департаментінің №2 технологиялық көлік құралдарын пайдалану бөлімнің басшысы Ұшқанбай Өтешов «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Жиында ҚМГ басшысы өндірістік дәстүрдің негізін қалап, мол тәжірибесін кейінгі буынға аманат еткен ардагерлерге айрықша алғыс білдірді. Сонымен қатар мұнай-газ саласының алдында технологияны дамыту, цифрлық трансформация, операциялық тиімділікті арттыру және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарында жаңа міндеттер тұрғанын айтты.

ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙШЫЛАРЫ КАСПИЙ ТЕҢІЗІНДЕ ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ӨМІРІН ҚҰТҚАРДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы Каспий теңізінде қауіпке тап болған екі жасөспірімді құтқарып, азаматтық ерлік көрсеткен қызметкерлерді арнайы қабылдады. Бас директор Нұртаза Ибрашев адам өмірін сақтап қалған мұнайшыларға батылдық танытып, азаматтық жауапкершілік көрсеткені үшін алғыс білдіріп, олардың ерлігіне жоғары баға берді.

№1 бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының бұрғышы көмекшісі Азамат Абдиев пен токарь Ержан Бақтыбаев Түпқараған ауданының Қызылөзен ауылы маңында теңіз жағасынан шамамен 2 шақырым қашықтыққа сапбордпен ығып кеткен екі жасөспірімді байқап қалған. Жағдайдың қауіпті екенін түсінген олар уақыт жоғалтпай көмекке ұмтылып, жасөспірімдерді қауіпсіз жерге жеткізді.

Адам өміріне араша түсу – батылдықты ғана емес, жауапкершілік пен адамгершілікті де талап етеді. Көп жағдайда дер кезінде жасалған қарапайым әрекет үлкен қауіптің алдын алады. Сондықтан Қаражанбас мұнайшыларының бұл әрекеті – тек ұжымға емес, барлық жанға үлгі боларлық іс.

ҚАРАЖАНБАСТА ҚЫЗҒЫЛТ ҚОҚИҚАЗ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Қаражанбас кен орнындағы №2 технологиялық көлік базасы аумағында ұша алмай, әлсіз күйде жатқан қызғылт қоқиқаз табылды. Дәнекерлеуші Есенжан Елешев құсты қауіпсіз жерге орналастырып, компанияның қоршаған ортаны қорғау саласының мамандарына дереу хабарлады. Кейін құрылыс-монтаж учаскесінің шебері Исладин Байсегізов екеуі құстың жағдайын бақылауда ұстады.

«Қаражанбасмұнай» АҚ қоршаған ортаны қорғау қызметінің басшысы Еркебұлан Оспанов Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына оқиға туралы ақпарат берді. Мемлекеттік орган мамандарының ұсынысы бойынша қоқиқаз Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында орналасқан «Umit Mangistau» қоғамдық қорына жеткізілді. Қазір қор мамандары құсқа қажетті ем-шара жүргізіп, оны тамақтандырып, жағдайын бақылауда ұстап отыр.

Қызғылт қоқиқаз – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін құстардың бірі. Бұл жағдай компания қызметкерлерінің қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Мамандар кен орны аумағында жабайы жануарлар мен құстарды байқаған жағдайда, оларды өз бетінше ұстамай, қоршаған ортаны қорғау саласының қызметкерлеріне дереу хабарлауға шақырады.

ҚБМ ҰЖЫМЫ ТЕҢІЗ ЖАҒАЛАУЫН ТАЗАРТТЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырмасына сәйкес Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Таза жағажай» экологиялық акциясына қатысты.

Акцияның негізгі мақсаты – теңіз жағалауларын тұрмыстық қалдықтардан тазарту, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Тазалық жұмыстарына компанияның орталық кеңсесінен 20-дан астам қызметкер қатысып, Ақтау қаласының 1 шағын ауданындағы теңіз жағалауын қоқыстан тазартты. Сенбілік барысында жағалау аумағынан 11 қап тұрмыстық қатты қалдық жиналды. Жиналған қалдықтар сұрыпталып, белгіленген тәртіппен арнайы қалдықтар полигонына тапсырылды.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау – баршаға ортақ міндет. Осы бағыттағы экологиялық бастамаларға белсенді қатысу арқылы ҚБМ ұжымы туған өлкенің тазалығы мен табиғи байлығын сақтауға өз үлесін қосып келеді. Компания алдағы уақытта да экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған қоғамдық және табиғатты қорғау іс-шараларына белсенді қатысуды жалғастырады.

ҚБМ БАСҚАРМАСЫ КЕН ОРНЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС-ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫН ТЕКСЕРДІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы кен орнына жұмыс сапарымен барып, өндірістік және әлеуметтік нысандардағы құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Бас директор Нұртаза Ибрашев алдымен №4 жатақхана маңында салынып жатқан жаңа спорт кешенінің құрылысымен танысты. Әзірге нысандағы жұмыстың шамамен 73 пайызы орындалған.
 
Қазір ғимарат ішінде инженерлік коммуникациялар тартылып, жылыту құрылғыларын орнату аяқталуға жақын. Енді құрылысшылар ішкі және сыртқы есіктерді салып, керамогранит пен линолеум төсеп, акустикалық декоративті панельдерді монтаждауды бастайды. Ғимаратта желдету жүйелерін орнату мен нысан аумағын абаттандыру қатар жүргізіліп жатыр. Алайда спорт кешеніндегі басты залдың еденіне төсейтін арнайы паркет жабындысын жеткізу кешігіп жатыр. Бұл нысан құрылысын жоспарланған мерзімде аяқтауға әсер етуі мүмкін.
 
Одан соң вахта кентіндегі №1 жатақхананың №6 кіреберісіндегі күрделі жөндеу жұмысы тексерілді. Мұнда негізгі процесс толық аяқталған. Қазір жиһаздар мен тұрмыстық техникаларды жинақтау мен орналастыру қарқынды жүріп жатыр. Қызметкерлерді жаңарған бөлмелерге орналастыру 5 қыркүйекке жоспарланып отыр.
 
Басшылық әрі қарай №37 топтық өлшеу қондырғысының құрылыс алаңындағы жұмысымен танысты. Мұнда да процесс толық аяқталған. Енді мердігер мекеме жұмысшылары нысанды тапсыру кезеңіне дайындық үстінде. Сондай-ақ мұнай дайындау және айдау цехы аумағында көлемі 5 мың текше метр болатын №6 «А»қазаны салынып, сынақтан өткізіліп жатыр. Одан соң қазанның технологиялық құбырларын жалғау жұмыстары жүргізіледі. Ал сығымдау сорғы станциясында №4 қазандық құрастыру кезеңі аяқталып, нысанды коррозиядан қорғау мақсатында сырлау басталды. Оған қоса өрт сөндіру жүйесін орнату қатар жүріп жатыр.
 
Бұдан бөлек, компания басшылығы ілеспе қабат суын тұшыту зауытына барып, өндірістік қуатты арттыру бағытындағы жұмыспен танысты. Мұнда зауыттың қуатын арттыру үшін қосымша қондырғылар орнатылуда. Бас директор күрделі құрылыс бөлімінің мамандары мен мердігер ұйымдардың өкілдеріне атқарылып жатқан жұмыстың сапасына ерекше мән беріп, барлық нысанды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.

ҚАРАЖАНБАСТЫҚТАР ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУДА ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ



«Қаражанбасмұнай» АҚ еңбек ұжымы ҚР Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беруді бастады. Кен орнындағы Түпқараған ауданының №236 сайлау учаскесі таңғы сағат 6:00-де жұмысқа кірісті. Алдымен мемлекеттік әнұран шырқалып, одан соң мұнайшылар өз таңдауын жасады.

Алғашқылардың бірі болып компанияның Бас директоры Нұртаза Ибрашев конституциялық құқығын пайдаланды. Әрі қарай кезек бойынша өндірістік цех жұмысшылары дауыс беруді жалғастырды. Мұнайшыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін учаскеде ақпараттық стэндтер, бірнеше кабина мен бюллетень салатын жәшік орнатылған.

Қаражанбас кен орнында негізгі штаттағы қызметкерлерден бөлек, мердігер мекемелер ұжымы да вахта әдісімен жұмыс істейді. Олар «ҚазТрансОйл» ММҚБ-на қарасты Қаражанбас мұнай айдау станциясы аумағында орналасқан №259 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұдан бөлек вахтааралық демалыстағы және орталық кеңсе қызметкерлері тұрғылықты мекен-жайы бойынша таңдау жасады.

Бақылаушылар дауыс беру барысын жіті қадағалап, ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады. Жалпы алғанда сайлау учаскесінде бірлік пен патриоттық рух сезіледі. Күн сайын ел экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген еңбек адамдары еліміздің болашағына қатысты таңдау жасауда да азаматтық жауапкершілік танытып, саяси науқанға бір кісідей атсалысты.

«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНА» ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы «Қазақстан барысы – 2026» республикалық турнирінің жеңімпазы, маңғыстаулық балуан Жантілек Нұртілепұлын жеңісімен құттықтады. Бас директор Нұртаза Ибрашев чемпион мен оның бапкері Қайрат Иманғазиевке Маңғыстау облысының абыройын асқақтатып, өңірдің атын республика көлемінде танытқаны үшін алғыс білдірді.

«Қазақстан барысы» – қазақ күресінің беделін көтеріп, ұлттық спорттың үздіктерін айқындайтын басты бәсекенің бірі. Бұл додада жеңіске жету – балуанның жоғары шеберлігімен қатар, ұзақ жылғы дайындықтың және бапкер еңбегінің нәтижесі. Сіздерді осы белесті бағындыруыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!»,-деді Н.Ибрашев.

Кездесу барысында Маңғыстау қазақ күресі федерациясының өкілдері де ҚБМ басшылығына ризашылығын жеткізді. Федерация тарапынан компанияға «Қазақстан барысы – 2026» турнирінің облыстық кезеңін өткізуге көрсеткен қолдауы үшін алғыс хат табысталды.

ҚБМ өңірдегі әлеуметтік және спорт бағыты бойынша бастамаларды қолдауға, ұлттық спортты дамытуға бей-жай қарамайды. Себебі спортшылардың кәсіби тұрғыда шыңдалып, байрақты бәсекелерде топ жаруы — өңірдің ортақ жетістігі.

«ҮЗДІК МАМАН» — ШЕБЕРЛІКТІ ШЫҢДАЙТЫН ДОДА

Қаражанбас кен орнында ІІ вахта қызметкерлері арасында «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауының тәжірибе кезеңі өтті. Бұл жолы қатысушылар 24 аталым бойынша бақ сынады. Теория кезеңінде білімін дәлелдеп, жоғары ұпай жинаған мамандар тәжірибе алаңында шеберлігін паш етті.

Мұнда әр секундтың, әр әрекеттің маңызы бар. Өйткені берілген тапсырманы белгіленген уақыт ішінде жылдам, әрі сапалы орындау — басты талап. Арнайы комиссия жұмысшылардың шеберлігінен тыс қауіпсізік талаптарының сақталуын да қатаң қадағалады. Байқауда бірі дәлдігімен көзге түссе, енді бірі шапшаңдығымен ерекшеленді. Әр маман өз ісінің қыр-сырын қаншалықты меңгергенін нақты жұмыс барысында көрсетті.

Бұған дейін сайыс І вахта жұмысшылары арасында да ұйымдастырылған еді. Енді екі ауысымнан қатысқан мамандардың теория және тәжірибе кезеңінде жинаған ұпайлары есептеліп, әр аталым бойынша жүлдегерлер мен жеңімпаздар анықталады.

«Үздік маман» – өз кәсібіне деген жауапкершілікті, жинаған тәжірибені және күн сайын шыңдалып келе жатқан шеберлікті көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей бәсеке. Сайыс жұмысшылардың кәсіби ой-өрісін кеңейтіп, жаңа технологиялар мен әдістерді меңгеруі үшін аса маңызды.

«ЖАС МАМАН КҮНІ – 2026»: ҚАУІПСІЗДІККЕ ЖАҢА КӨЗҚАРАС

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да дәстүрге айналған «Жас маман күні» форумы биыл алтыншы рет ұйымдастырылды. Жас мамандардың кәсіби білімі мен тәжірибесін жетілдіруге бағытталған іс-шара бұл жолы HSE – еңбек қауіпсіздігі, денсаулық және қоршаған ортаны қорғау тақырыбына арналды. Өйткені өндірісте қауіпсіздік мәселесі әрдайым басты назарда. Осыған орай форум барысында жас мамандар өндірістегі қауіпсіздік талаптарын талқылап, тәуекелдерді бағалау, олардың алдын алу және дұрыс шешім қабылдау дағдыларын тәжірибелік тапсырмалар арқылы шыңдады.

Ашылу салтанатында Бас директор Нұртаза Ибрашев жас мамандар қызметінің компания өміріндегі маңызын атап өтіп, бастамаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау – әр қызметкердің ең басты міндеті екенін атап өтті. Өндірістегі кез келген жұмыста белгіленген талаптарды орындау, тәуекелді алдын ала бағалау және жұмысшының өз қауіпсіздігімен қатар әріптестерінің де амандығына жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді.

Форумда тек ақпарат берумен ғана шектелмей, әр қатысушының қауіпсіздікке қатысты жеке ұстанымын қалыптастыруға басымдық берілді. Жас мамандар өндірістік жарақаттану статистикасын талқылады, жазатайым оқиғалардың себептерін саралады. Практикалық тапсырмалар барысында дұрыс шешім қабылдау, ресурстарды тиімді пайдалану және тәуекелдерді бағалау дағдыларын ойын форматында көрсетті.

Одан соң қатысушылар 8 топқа бөлініп, цифрлық технологияларды өндірістік қауіпсіздікпен ұштастырып, өз жобаларын әзірледі. Жастар мобильді қосымша, жедел хабарлау жүйесі және басқа да цифрлық шешімдерді ұсынып, олардың өндірістегі қауіпсіздікті арттыру жолындағы тиімділігін қорғады.

Форум соңында ұшқыр ойымен, тың идеясымен дараланған үздік командалар бірнеше бағыт бойынша марапатталды. Осылайша биылғы іс-шара жас мамандарға қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын көрсетіп, оны күнделікті жұмыстың басты қағидасына айналдыру қажеттігін ұғындырды.

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» СПАРТАКИАДАСЫ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның XI спартакиадасында үздіктер қатарынан көрінген компания қызметкерлерін қабылдады. Бас директор Нұртаза Ибрашев пен Бірінші орынбасар Ван Вэй Астанада өткен додада қола медаль иеленген Әлібек Құлболғанов пен І орын алған команда құрамында өнер көрсеткен Қасым Қылышты жүлдесімен құттықтады.

Кездесуде жұмысшылардың өндірістегі еңбегімен қатар, спорттағы жетістіктері де жоғары бағаланды. Олардың жеңісі тек ҚБМ-ның ғана емес, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның да абыройын арттыратыны атап өтілді. Басшылық жеңімпаздарға Құрмет грамотасын табыстап, қызметі мен аллдағы спорт жарыстарына сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ спартакиадасында пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехыныңс дәнекерлеушісі Әлібек Құлболғанов жүгіруден ерлер арасында III орын иеленді. Ал әлеуметтік жұмыс тобының маманы Қасым Қылыш футзалдан ҚМГ намысын қорғаған командада нәтижелі ойын көрсетіп, жеңіске үлес қосты.

Еңбек адамы

Исках Дунбаев — «Қаражанбасмұнай» АҚ құрылыс-жөндеу цехының 6-дәрежелі ағаш шебері.

Ол күнделікті өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті ағаш бұйымдарды дайындап, оларды жөндейді. Сондай-ақ материалдардың сапасын тексеріп, құрал-саймандарды дұрыс пайдаланып, олардың жарамдылығын қадағалайды. Қажет болған жағдайда өндірістік нысандардағы ағаш конструкцияларды жөндеп, тозған немесе бүлінген бөлшектерді ауыстырады.

Компанияның құрылыс-жөндеу цехында 2008 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан И.Дунбаев қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жұмыс орнындағы тәртіп пен тазалыққа ерекше мән береді. Әр тапсырманы сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауға тырысады.

Ұжымға сыйлы, жас мамандардың тәжірибелі тәлімгері.

— Мен жасаған әрбір бұйымының өндіріс үшін маңызды екенін жақсы түсінем. Сондықтан жұмысыма барынша ұқыптылықпен қараймын. Адал еңбек пен кәсіби шеберлік — кез келген істің берік негізі, — дейді маман.

Біз әрбір қызметкердің адал еңбегін қадірлейміз, олардың маңдай терін мақтан етеміз.

ҚАРАЖАНБАС БҰРҒЫШЫСЫ TORYSH TRAIL-да ТОП ЖАРДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкері Исатай Байболов Маңғыстауда алғаш рет ұйымдастырылған Torysh Trail жарысында топ жарып, үздік нәтиже көрсетті. №1 бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының бұрғышысы 200-ге жуық қатысушы арасынан 8,5 шақырым қашықтықты бірінші болып жүгіріп өтті.

Trail running, яғни трейл-жүгіру форматы асфальт жолдағы жарыстан өзгеше. Құмды алқап, ойлы-қырлы жер, соқпақ жолдар мен табиғи кедергілер арқылы жүгіру төзімділік пен шеберлікті талап етеді. Сондықтан табиғат аясында өткен трейл қатысушылардың тек жылдамдығын ғана емес, төзімі мен ерік-жігерін де сынға салды. Торыш алқабындағы мыңдаған шар таспен көмкерілген көркем кеңістік әрбір жүгірушіге шабыт сыйлап, мәреге жетуге жігер берді.

Мұнайшы жеңісінің тағы бір ерекшелігі – Исатай Байболов жарысқа жұбайымен бірге қатысты. Әйелдер арасындағы 8,5 шақырымдық қашықтықта оның жары да мәреге бірінші болып жетіп, жеңімпаз атанды. Спортты өмір салтына айналдырған отбасының бұл жетістігі – еңбек пен тәртіптің, бір-біріне деген қолдау мен сенімнің айқын көрінісі. Олар өз нәтижесімен салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, әрбір жетістіктің артында тынымсыз еңбек пен табандылық жатқанын дәлелдеді.