ЗЕЙНЕТ – ҚЫЗМЕТ ЖЕМІСІ

Зейнетке шығу – үйреншікті өмір салтының бұзылуы емес, берекелі ғұмыр бастауы. Өйткені маңызды өмірлік тәжірибе мен ұзақ еңбек жылдары артта қалып, адам ғұмырының мағыналы кезеңі маңызды сәттерге ұласады. Қаражанбаста өндірісті дамытып, қызмет деген белесті бағындырғандар қатарын №1 мұнай өндіру цехының операторы (МӨЦ) Оразғали Жұмағұлов пен технологиялық көлік департаментінің (ТКД) дәнекерлеушісі Асылбек Нығыметов толықтырды.

Оразғали Жұмағұлов 40 жылға жуық уақыт бойы мұнай өндіру операторы болып табан аудармай еңбек етті. Ол әр жұмыс күні топтық қондырғы аумағында, жұмыс бригадасының құрамында өндіріс көлемінің орындалуын, сораптар қысымын және ұңғымадағы барлық жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін асқан жауапкершілікпен, тиянақтылықпен бақылады. Ісіне адалдық танытып, алдыңғы буыннан көрген-түйгенін жас мұнайшыларға үйреткен жұмысшы құрметті демалысқа абыроймен аттанды.

Алпыстың асқарын бағындырғандар қатарында Асылбек Нығметов те бар. ТКД-нің он саусағынан өнер тамған электргаздәнекерлеушісі Қаражанбастағы қызметін осыдан 13 жыл бұрын бастаған. Темірден түйін түйген хас шебер жабдықтарды біріктіріп, өндірістің дамуы жолында тер төккен білікті маман.

Өмірдің маңызды кезеңіне қадам басқан қос мұнайшы еңбек ұжымының құрметіне бөленді.  Әріптестері олардың алдағы өмір белестеріне сәттілік тілеп, құрметті демалысқа салтанатпен шығарып салды.

ТӨРЛЕТ, ӘЗ-НАУРЫЗ!

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) ұжымы Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурызды сән-салтанатпен атап өтті. Орталық кеңсе қызметкерлері қазақи нақышта киініп, дәстүр бойынша әуезді әндер шырқалды, күй күмбірлеп, айнала ерекше көңіл-күйге бөленді. Театр әртістерінің сахналық қойылымы мен концерттік бағдарламасы думанның ажарын аша түсті.

Іс-шарада жұмысшылар құрметке бөленіп, бір қатары облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ амал күні өткен сайыстың қорытындысы жарияланып, жеңімпаз және жүлдегер департаменттер марапатталды. Бұдан бөлек, «Ынтымағы жарасқан» және «Жыл жаңалығы» аталымдары бойынша ҚБМ үздіктері анықталды. Мерекеде марапат алғандарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар, статуэткалар табыс етілді.

Әз-Наурызда спорттық ойындар да назардан тыс қалмады. Қызметкерлер ләңгі тебу, қол күрес, кір тасын көтеру бойынша бағы мен бабын сарапқа салды. Көрікті көктеммен ілесе жеткен мейрамға орай ақ дастархан жайылып, қаражанбастықтар ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татты.

Ұлыстың Ұлы күні — дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Осылайша тарихи тамыры тереңге бойлаған Наурызда жұмысшылар бір-біріне шынайы көңілден амандық, молшылық пен жақсылық тілеп, жүрекжарды лебізін арнады.

КЕН ОРНЫНДА АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

Қаражанбаста жыл сайын Рамазан айы кезінде еңбек ұжымына ауызашар беру дәстүрге айналған. Биыл да игі бастама жалғасын тауып, кен орны асханаларында І вахта жұмысшыларына мол дастархан жайылды. Компания басшылығы жұмыс күнін сәтті аяқтаған мұнайшылармен бірге ауыз ашып, ел мен жердің тыныштығын тілеп, дұға жасады.

 «Рамазанда адамның жан-дүниесі мен ойы тазарып, сабырлы болуға ұмтылады. Қайырымдылық пен ізгілік дәріптелетін қасиетті айда ұжым болып ауыз ашу татулығымыздың белгісі. Біздің жұмысшылардың жыл бойы игі істің жанынан табылып, мұқтаж жаннан мейірімін аямайтыны қуантады. Қасиетті айда тілеген дұға-тілектер қабыл болсын!»,- деді басшылық.

Рамазан айында сауаптар еселеніп, ірілі-ұсақты күнәлар кешіріледі.  Сондықтан бұл айда адамдар жақсылық жасап, садақа беруге ұмтылады. Ауызашарға жиналғандарға осы турасында насихат сөздер айтылды. Жұмысшылар рухани отырыстан ерекше әсер алып қайтты.

І ВАХТА ЖҰМЫСШЫЛАРЫНА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) басшылығы І вахтаның еңбек ұжымына 2023 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесуін өткізді. Басқарма жұмысшыларға компанияның негізгі өндірістік, қаржы-экономикалық, коммерциялық, кадр және әлеуметтік салалары бойынша нәтижелерді таныстырды.

Кездесу былтыр атқарылған жұмыстар топтастырылған бейнеролик көрсетілімінен басталды. Одан соң ҚБМ Бас директоры Марат Елеусінов өндіріс бойынша жылдық жоспарды орындау кезінде кездескен кедергілерден ұйымшылдықпен жол тапқан еңбек ұжымына алғыс айтты. Бұдан бөлек ол  компанияда мұнай өндіру көлемін арттыру мен жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағыты бойынша нәтижемен бөлісті.

Ал Бас директор орынбасарлары өз бағыттары бойынша негізгі көрсеткіштерді тарқатып айтты. Былтыр  Қаражанбас кен орнында 2 053,0 мың тонна мұнай өндіріліп, жылдық жоспар 99,8 пайызға орындалды. Сондай-ақ геологиялық қор көлемі артты. Мұнайшылардың еңбек, тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар сәтті жалғасты. Нақтырақ айтсақ, автопаркті жаңарту бағдарламасы аясында жаңа техникалар алынып, жатақхана подъездеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ең бастысы ҚБМ-да қабылданған қауіпсіздік шаралары нәтижесінде өндірістегі жарақаттану мен жазатайым оқиғалар саны азайды.

Спикерлер баяндамасынан соң жұмысшылар басшылыққа сұрақтар қойды. Тараптар пікірлерді объективті талқылап, шешу жолдарын қарастырды. Басқарма еңбек ұжымына ең алдымен қауіпсіздік техникасын сақтаудың аса маңызды екенін ескерте отырып, биылға бекітілген жоспарды сәтті орындау үшін жұдырықтай жұмылудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

ҚБМ МҰНАЙШЫСЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) компаниялар тобы қызметкерлері арасында өткен «Кәсібім – менің мақтанышым» шығармашылық байқауында топ жарды. №3 мұнай өндіру цехының (МӨЦ) операторы Жомарт Әскербаев «Үздік фотосурет» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Байқау «Үздік әңгіме», «Үздік бейнеролик», «Үздік фотосурет» аталымдары бойынша ұйымдастырылды. Ережеге сәйкес әр үміткер ұсынған жұмысында өз қызметін барынша ашып таныстырды. Қатысушылардың  идеясы мен креативіне шек қойылмай, шығармашылық қабілетіне баса назар аударылды.

Жомарт Әскербаев Қаражанбаста 12 жылдан бері жұмыс істейді. №3 мұнай өндіру цехының операторы күнделікті өндіріс көлемінің орындалуын, сорап қысымын және ұңғымадағы барлық жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін бақылауға жауапты. Ол жұмыс барысынан түсірілген фотосуреттерін байқауға ұсынып, арнайы комиссияның оң бағасынан үлесті болды.

Айта кетейік, Жомарт өндірістен бөлек кен орнындағы барлық мәдени-спорттық шараларға белсенді қатысады. Жұмыстан тыс ол цех пен компанияның волейбол командасында ойнайды. Сондай-ақ поэзия мен проза оқып, ән салады. Бойына бірнеше талантты сыйдырған мұнайшы нағыз сегіз қырлы, бір сырлы маман.

«САЛТ-ДӘСТҮРІМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ»

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Қаражанбас кен орнында  ІІ вахта мұнайшыларының білімі мен зияткерлік қабілетін сынға салатын «Салт – дәстүрім асыл қазынам» атты танымдық-зияткерлік ойыны өтті. Сайысқа өндірістік цехтардан 6 жұп қатысып, 5 кезең бойы қолданыстағы және байырғы салт-дәстүр, жөн-жоралғылар мен ырым-тыйымдар бойынша білімін ортаға салды.

Жарыс салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беруден басталды. Артынша қатысушылар ұлттық спорттық ойындар жасырылған ребустарды шешті. Қатысушылар әр кезең сайын ұпайларын еселеп, намысты қолдан бермеуге барын салды. Бұдан соң олар дәстүрлі әндер мен күйлерден үзінді тыңдап, атауларын табуға тырысты. Сондай-ақ бейне сұрақтарға жауап беріп, ұмыт болған салт-дәстүрлердің мән-мағынасын ашты.

«Сайыс өте тартысты болды. Күнделікті өмірде естіп-көріп жүрген ырым-тыйым, жөн-жоралғыларға кейде аса мән бермейді екенбіз. Дегенмен бар білімімізді паш етіп, ұмытқанымызды еске түсірдік. Мұндай шаралар біздің білімімізді шыңдап, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеуге ерекше үлес қосады. Ұйымдастырушыларға көп рақмет! Мереке құтты болсын!»,— деді қатысушылар.

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда. Бәсекеге толы ойын кіл мықтыдан шын мықтыларды анықтады. Ұпай саны бойынша үздік үштікті мұнай дайындау және айдау цехының (МДАЦ) жігіттері түйіндеді. Екінші орынға қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің (ҚжЕҚБ) қатысушылары ие болды. Ал бағы мен бабы қатар шапқан өндірісті автоматтандыру цехының (ӨАЦ) ойыншылары сайыс жеңімпазы атанды. Ең бастысы жұмысшылар ұлттық құндылықтарымыз хақындағы ақпараттарға қанық болып, көне ғұрпымызға қатысты мәліметтерді көңіл сандығына түйіп қайтты.

БАҚ-БЕРЕКЕМ, ҚҰТ-МЕРЕКЕМ – ӘЗ-НАУРЫЗ! 

Қаражанбас кен орнының мәдени-демалыс орталығында Амал мейрамынан бастау алатын Ұлыстың Ұлы күніне орай мерекелік концерт өтті.Қазақтың жаңа жылына арналған салтанатты шара былтыр компанияның жан-жақты дамуына үлес қосқан үздіктерді марапаттаумен басталды. «№1», «Жаңа чемпион», «KBM art prize», «Ізгі жүрек», «Ынтымақ», «Жыл жаңалығы»   аталымдарына лайық деп танылған мұнайшыларға арнайы статуэткалар мен дипломдар табыс етілді.

Одан соң Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры әртістері қаражанбастықтарға өнерден шашу шашты.
Өнерпаздар алдымен қос мейрамның ежелгі тарихы мен мағынасы жайлы көрініс сахналап, тақырыпқа сай жалынды жырлар оқыды. Сахнада шырқалған әуезді әндер әдемі көрініспен ажарланды.

Көңілді мейрам кеш қонақтарының концертіне ұласты. Мұнайшыларды құттықтауға арнайы келген эстрада әншілері Жұбаныш Жексенұлы мен Әділет Жауғашар қаражанбастықтарға хит әндерін шырқады. Мерекені жоғары деңгейде тойлаған жұмысшылар керемет кештен ерекше әсермен тарқасты.

АМАЛ КЕЛДІ – ЖЫЛ КЕЛДІ!

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары жылдағы дәстүрмен қол алысып, төс қағысып көрісетін көктемнің көрікті мейрамы — Амалды ерекше қарсы алды. Таң атысымен кен орнында тігілген ақ шаңқан киіз үйлер мен әуезді әндер мұнайшыларды мерекелік көңіл-күйге бөледі. Вахтадағы жұмысшылар мен орталық аппарат қызметкерлері үлкендерге әдеппен сәлем беріп, алдыңғы буын өкілдері жастарға бата-тілегін арнады.

Амал ажарын кеңсе қызметкерлері арасындағы сайыстар аша түсті. Қыз-жігіттер «Ай-Керім – Сал-серім» байқауында қазақтың ұлттық киімдерімен сән көрсетілімін жасады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» сайысында мұнайшылар өз өнерін көрсетуден сынға түсті. Сондай-ақ «Ыстық бауырсақ» жарысында департаменттер ұннан түрлі тағамдар дайындады. Сайысқа қатысушылар қатарластарынан оза шабу үшін бар шеберлігін паш етті.

Биылғы мейрам Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен, кен орнындағы киіз үйлерде еңбек ұжымына ауызашар дастарханы жайылды. Қонақтар қатарын «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, ҚБМ Басқармасы, қос кәсіподақ төрағасы толықтырды. Олар мұнайшыларды қазақтың жаңа жылымен құттықтап, бірлік пен ынтымақты ту еткен еңбек ұжымына толағай табыс тіледі.

Вахталық кенттегі мереке ұлттық ойындармен қыза түсті. Қаражанбастықтар асық ату, арқан тарту, ләңгі тебу, қой көтеруден сайысып,  балуандар боз кілемде белдесті. Жанкүйерлер қолдауы әр қатысушыға жігер беріп, жеңіске бір табан жақындатты.

Амалды жарқын көңіл күймен қарсы алып, жарыста жүзден жүйрік шыққандарға мақтау қағаздары мен сыйлық сертификаттары табыс етілді. Ал кеңсе қызметкерлері арасына үздік атанғандар есімі Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында белгілі болады.

ЗЕЙНЕТ – АБЫРОЙЛЫ ЕҢБЕК ЖЕМІСІ

Қазыналы Қаражанбастың даму тарихы білімі мен тәжірибесі мол мұнайшылардың ерен еңбегімен таңбаланып келеді. Жалынды жастығы мен өмірінің маңызды кезеңдерін кен орнында өткерген жұмысшылар бүгінде тұтас ұжымға үлгі. Құрметті демалысқа шығып, зейнеткер атанып жатқан қаражанбастықтар қай кезде де әріптестер ықыласына лайық.

Алпыстың асқарын бағындырғандар қатарында технологиялық көлік департаментінің (ТКД) көлік жүргізушісі Жайық Сүйіндіков пен жылжымалы бу қондырғысының машинисі Нұрберген Қалиев бар.  Өндірістік Басқарма директоры Кәрім Бозахаров қос жұмысшыны мерейлі жасымен құттықтап, қызметтегі адалдығы, жұмысқа жауапкершілігі үшін алғыс айтты. Өз кезегінде ТКД №2 гараж ұжымы әріптестеріне жылы лебізін арнап, өмірдің жаңа кезеңіне сәттілік тіледі.

Үзеңгілестерінің қатарын толықтырып, еңбек белесін бағындырғандардың бірі — Қалнияз Тұрғанбаев. Ол Қаражанбас кен орнының қабат қысымын ұстау цехында (ҚҚҰЦ) 28 жылдан бері табан аудармай еңбек етті.  Білікті оператор үшін күн сайын ұңғыманың қысымын, температурасын тексеріп, мәліметтерді жинақтау өмір салтына айналған. Ол осы іс арқылы маңызды өндірістік цех жұмысын алға жылжытуға сүбелі үлес қосты.

Өндіріс алаңдарындағы қиын да қызықты қызмет еңбек адамдарының мәртебесін асқақтата түседі. Маңдай терін төгіп атқарған адал еңбегін еліне арнаған еңселі ерлерге құрмет қашан да ерекше болмақ.

«ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙ» АҚ БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ 2023 ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ

Бүгін, 12 наурыз күні, Қаражанбас кен орнында «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) басшылығының ІІ вахта жұмысшыларына есеп беру кездесуі өтті. Жиналысқа ҚБМ Басқармасы, Бас директор орынбасарлары, департамент және цех басшылары мен еңбек ұжымы қатысты.

Кездесуде алғаш болып сөз алған Бас директор Марат Елеусінов қаражанбастықтарға 2023 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Одан соң  қауіпсіздік және еңбекті қорғау, өндірістік, геологиялық, экономикалық, коммерциялық, кадр және әлеуметтік сала басшылары өз бағыттары бойынша көрсеткіштерді таныстырып, алдағы жоспарларға тоқталды.

2023 жылы Қаражанбас кен орнында 2 053,0 мың тонна мұнай өндірілді. Алайда бұл көрсеткішке жету жолында бірқатар кедергілер туындады. Атап айтсақ, электр энергиясының бірнеше рет апаттық өшуі мен шектеулері өндіріске кері әсерін тигізіп, жылдық жоспардың 3,7 мың тонна орындалмауына әкелді. Дегенмен жұмысшыларының табанды еңбек етуі арқасында жылдық жоспар 99,8 пайызға сәтті орындалды.

Сондай-ақ мұнайды экспортқа тасымалдау жұмыстары да уақытылы жүргізілді. Қаражанбас кен орнынан ішкі нарық – «CASPI BITUM»БК» ЖШС-не мұнай жеткізу 853 000 тонна, жол битумын өндіру және жөнелту көлемі 357 000 тоннаны құрады.

2023 жылы ҚР Мемлекеттік қорлар комитеті отырысында «Қаражанбас кен орны мұнай қорларының өсуі» есебі қабылданды. Бұл бойынша геологиялық қор 313 381 мың тонна, алынатын қорлар – 96 360 мың тонна болып бекітілді.  2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда қара алтынның геологиялық қоры 2 404 мың тоннаға, ал алынатын қорлар 663 мың тоннаға ұлғайды. Бұл кен орны болашағының жарқын екенінің кепілі.

Жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайларын жақсарту – басым бағыттардың бірі. Былтыр кен орындағы өндірістік емес және тұрмыстық қызмет, мұнай ұңғымаларына техникалық қызмет көрсету және құрылыс-монтаж жұмыстары үшін, сондай-ақ жүктерді тасымалдау және көтеру, персоналды тасымалдау үшін барлығы 140 техника берілді. Бұдан бөлек, №4 жатақхана аумағын кеңейту аясында 192 орындық төрт блоктан тұратын модульдік жатақхана құрылысы  басталды. Өндірістік цехтардағы кеңселер мен санитарлық бөлмелерге, вахталық кенттегі №1 жатақхананың 5,6 подьездеріне толықтай күрделі жөндеу жүргізілді.

Жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтап, жазатайым оқиғаларды болдырмау бойынша жұмыстар қарқынды. 2023 жылы компанияда  9  жазатайым оқиға тіркелді. Оның екеуі өндіріске қатысты жазатайым оқиға, ал 7 жазатайым оқиға өндіріске қатысы жоқ фактілер. Былтырмен салыстырсақ, Компанияда қабылданған қауіпсіздік шаралары нәтижесінде өндірістегі жарақаттану мен жазатайым оқиғалар саны 6 оқиғаға немесе 71 % ға азайған.

Оған қоса «Қорғау» бағдарламасы бойынша қауіпті жағдайлар анықталып – 555 «Қорғау картасы» өңделді, 38 қауіпті жұмыс тоқтатылды. Сондай-ақ тарихи мұнаймен ластанған 63,6 гектар, яғни 213 мың 674 тонна топырақ қалпына келтірілді.

Осы және өзге де мәліметтер таныстырылған кездесу соңында жұмысшылар компания басшылығына сұрақ қойып, нақты жауап алды. Өз кезегінде ҚБМ Басқармасы мұнайшыларды ұйымшылдықпен еңбек етіп, компания жетістіктерін еселеуге шақырды.

МҰНАЙШЫ АРУЛАР АРАСЫНДАҒЫ QUIZ

Қаражанбаста 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай мұнайшы арулар арасында «Қазақша Quiz» зияткерлік ойыны өтті. Компания қызғалдақтары қызметтегі кәсіби қабілетінен бөлек, әртүрлі сала бойынша білімін сынға салып, ой жарыстырды.

7 кезеңнен тұратын ойынға өндірістік цехтардың үмітін арқалаған 6 қыз қатысты. Ойын ережесіне сәйкес, олар алдымен тест тапсырмаларын орындады. Одан соң жасырылған суреттер мен фильм атауларын тауып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Осылайша өндірісте еңбек ететін нәзікжандылар мерекені ерекше форматта атап өтті.

 «Бұл жай ғана ойын емес, мұнайшы қыздардың танымын кеңейтіп, жаңа идеялас достар тапқан шара болды. Аруларға көңіл бөліп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз.»,- деді қатысушылар.

Арулардың зияткерлік қабілеті паш етілген ойында ІІІ орын №1 мұнай өндіру цехының (МӨЦ) геологы Жанар Қалдыбаеваға бұйырды. ІІ орынға материалдық техникалық жабдықтау базасының (МТЖБ) қызметкері Әсемгүл Тұрақбаева лайық деп танылды. Ал жүйріктер ішінен дараланған МТЖБ тауартанушысы Айгерім Бопилова куиз жеңімпазы атанды. Мұнайшы қыздар мақтау қағаздарымен, сыйлық сертификаттарымен марапатталды.

ТАҒАЙЫНДАУ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) Басқармасының шешіміне сәйкес, компанияның корпоративтік қауіпсіздік қызметінің жетекшісі қызметіне Бабақұлов Қуаныш Амангелдіұлы тағайындалды.

Ол Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Менеджмент және басқару» мамандығы бойынша магистратураны бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы «Маңғыстаумұнара» ЖШС-де бастады. 20 жылға жуық уақыт ішінде қаржы полициясы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді.

2023 жылдан бері ҚБМ қауіпсіздік қызметінің жетекші инспекторы қызметін атқарды.