«ҚАРАЖАНБАС АРДАГЕРЛЕРІ» ФУТЗАЛ КОМАНДАСЫ ҚР ЧЕМПИОНАТЫНДА

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары футзалдан ардагерлер арасындағы ҚР чемпионатында бақ сынады. Таразда өткен  аяқдоп бәсекесінде әр түрлі саланы серік еткен 7 құрама команданың 40 жастан асқан қызметкерлері үздік атануға барын салды.

Тартысты додада қаражанбастықтар ерекше ойынымен көзге түсті. Командалық байланысты сақтай отырып, тың техника мен әдістерді тиімді қолдану арқасында біздің жігіттер «Намыс-Ембі» және «Намыс-Жетісу» командаларымен болған кездесуді жеңіспен аяқтады.  Ал «Өзенмұнайгаз» және «Жаңатас» құрамасымен өткен матчта есеп тең түсті. Өкінішке қарай, ҚБМ футболшылары «Сығанақ» және «Тұран-Хромтаулық» қарсыластарға есе жіберіп алды.

Қорытындыға сәйкес, ҚБМ жұмысшылары ұпай және гол сандары бойынша төртінші сатыға тұрақтады. Футболшылар «Жеңіске жігерлігі» үшін аталымына лайық деп танылып, диплом және кубокпен марапатталды.

Қаражанбастың №3 мұнай өндіру цехы (МӨЦ) жұмысшылары арасында «Ынтымақ – достық бастауы» ұранымен волейбол сайысы өтті. Цехішілік жарысқа ІІ вахтаның бригадалары ұйымшылдықпен қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Жеңіске жету — мықты дайындықты талап етеді. Сондықтан қатысушылар шапшаңдық пен қырағылық, тың техника мен үздік әдістерді талап ететін волейбол ережелерін жетік меңгерген. Мұнайшылардың тактикалық қимыл-қозғалысы мен сәтті соққылары кәсіби волейболшылар ойынынан кем түспеді.

«Біздің негізгі мақсатымыз – ұжым бірлігін нығайтып, жұмыстан тыс уақытта да қарым-қатынасты дамыту. Алайда жарыс болғаннан кейін әр команда жеңіске жетуді қалайды. Өзге бригадалардағы әріптестеріміздің ойынын көріп, таңдай қақтық. Кіл мықтылар жиналған №3 МӨЦ жұмысшыларының ынтымағы арта берсін!» -, деді жұмысшылар.

Тартысты жарыс нәтижесі бойынша, 30А Топтық өлшеу қондырғысы (ТӨҚ) ұжымы үшінші, 30Б ТӨҚ қызметкерлері екінші орын қанжығалады. Ал үздік ойынымен алға шыққан 30 ТӨҚ командасы жарыс жеңімпазы атанды.

МТЖБ ШЕБЕРІ Н. АЛХАМОВ: «ӨМІРДЕН ҰТҚАН ҚҰНДЫ МАРАПАТЫМ — МАМАНДЫҒЫМ»

Қаражанбас мұнайшылары өлкедегі өндірісті өркендетумен қатар экономиканың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Олар ұзақ жылғы еңбек арқасында сый-құрметке бөленіп, құрметті еңбек демалысының асуына абыроймен шығуда. Солардың бірі — материалдық техникалық жабдықтау базасының (МТЖБ) тиеу-түсіру жұмыстары учаскесінің шебері Нұрғабыл Алхамов.

Ол Қаражанбастағы еңбек жолын осыдан 25 жыл бұрын МТЖ базасында жүк ілуші қызметімен бастап, артынша бригадир болып жалғастырды. Жұмысқа деген жауапкершілік, тиянақтылық пен кәсіби біліктілік арқасында кейіпкеріміз аталған базаның шебері болып күні-бүгінге дейін абыройлы қызмет атқарды.

«Менің өмірден ұтқан ең құнды марапатым ол — мамандығым. Газ-мұнай саласында жұмыс істегеніме өте қатты қуаныштымын. Өйткені, кен орынның жауапты саласында еңбек ете отырып, сыйлас дос, әріптес таптым. Осы орайда, зейнеткерлікке құрметпен шығарып салған әріптестеріме айтар алғысым шексіз. Өндіріс өрге өрлей берсін!»,- деді Н.Ахметов.

Нұрғабыл Алхамов ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, отбасындағы береке-бірлікті нығайтқан асқар тау әке. Ол өмірінің ендігі жаңа белесін бала-шағасынан тараған ұрпаққа арнамақ.

«QUIZ» — БІЛІМ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ

Қаражанбас кен орнында «Жас маман кеңесінің» ұйымдастыруымен ІІ вахта жұмысшыларына арналған «Quiz» зияткерлік ойыны өтті. Жарысқа әр түрлі цехтардан 10 құрама команда қатысып, 10 кезең бойы білім мен логикасын сарапқа салды.

Мұнайшылар алдымен тест тапсырмаларын орындап, викториналық сұрақтарға жауап берді. Олар ғылым, мәдениет, техника, өнер және т.б. бағыттар бойынша білімдерін паш етіп, ой-пікірлерін ортаға салды. Соңғы кезде жастарарасында трендке айналған осындай форматтағы ойын мұнайшылардың IQ-ін жоғарылатып қана қоймай, ұжым бірлігін арттыруға да себеп болары сөзсіз.

«Ойын өте тартысты өтті. Барлығымыз көрген, естіген, оқыған ақпараттарымызды ортаға салып, командамен үздік атануға тырыстық. «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» демекші «Quiz» жалғасын тапса, біліміміз әлі шыңдала түсетініне сенімдіміз»,- деді қатысушылар.

Қорытындыға сәйкес, №1 мұнай өндіру цехының намысын қорғаған команда үздік үштікті түйіндеді. Екінші орынға электроцех қатысушылары жайғасты. Ал сайыста оза шапқан геология және игеру бөлімі бірінші орынға лайық деп танылды. Зияткерлік ойынды келесі вахта жұмысшылары арасында да өткізу жоспарланып отыр.

ҚАРАЖАНБАС АРДАГЕРЛЕРІ ҚМГ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның мұнай-газ саласына еңбек сіңірген қайраткерлермен кездесті. Кездесуге «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) орталық кеңсесінен ҚМГ Басқарма төрағасының өндіріс бойынша орынбасары Нұрсейіт Союнов, ҚБМ Бас директоры Марат Елеусінов және ардагерлер бейнеконференция арқылы қосылды.

М.Мырзағалиев қатысушыларға компанияның 2023 жылғы өндірістік қорытындысын таныстырды. Сондай-ақ ҚМГ-ның қазіргі инвестициялық және әлеуметтік жобалары бойынша жоспарларымен бөлісті. Басқарма Төрағасы ҚМГ өткен жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылағанын, оған қоса компания қызметінің нәтижелері алдыңғы жылғы көрсеткіштерден асып түскенін ерекше атап өтті.

«Біздің кездесуіміз — «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасының арқасында болып отыр. Бүгін біз еліміздің барлық өңірлеріндегі құрметті ардагерлерімізді жинадық. Біз сіздердің кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңызды зор ризашылықпен қабылдайтынымызды атап өткім келеді», — деді М.Мырзағалиев.

Өз кезегінде сала ардагерлері Ұлттық компанияны және еліміздің мұнай-газ саласын дамыту бойынша стратегиялық көзқарастарын білдіріп, ой-пікірлерімен бөлісті. Жиналыс соңында Басқарма Төрағасы Қазақстан мұнайының 125 жылдығы аясында атқарылатын іс-шараларды талқылауда белсенділік танытқан ардагерлерге алғыс білдірді.

КӨЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҚТЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ технологиялық көлік департаментінің №2 гараж ұжымы автоэлектрик Түркпенбай Қибасов пен көлік жүргізуші Еркімбай Сарниязовты құрметті демалысқа шығарып салды. Әріптестері компанияның көлік саласының дамуына сүбелі үлес қосқан жұмысшыларға алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Түркпенбай Қибасов – 20 жылдық тәжірибесі бар, аналитикалық, логикалық және техникалық ойлау дағдысы ерекше дамыған автоэлектрик. Ол кен орнындағы кез келген көлікте туындаған ток мәселесін лезде шешетін білікті маман. Әр құралына қамқорлықпен, сайманына сүйіспеншілікпен қарап, ұқыпты ұстаған жұмысшы қызмет деген белесті бағындырып, сүйікті ісін жас буынға қимастықпен табыстады.

Ал Еркімбай Сарниязов Қаражанбаста 24 жылдан бері көлік құралын басқарып келеді. Жол қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, кен орны аумағында мұнайшыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізу – ол үшін жауапты қызмет. Өндіріс алаңында көлігімен құстай самғап, жұмысшылар алғысына бөленген жүргізуші де құрметті демалысқа шыққан әріптестерінің қатарына қосылмақ.

Көліктің жай-күйі мен қозғалысын қызметімен тікелей байланыстырған қос маман өмірдің жаңа да маңызды кезеңін зор күш-қуатпен, жігермен қарсы алатынына қуанышты. Соңғы вахтасын сәтті аяқтаған олар әріптестер құрметіне риясыз рақмет айтып, ақ батасын берді.

І ВАХТАНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Қаражанбастың І вахта жұмысшылары арасындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасына іріктеу жарыстары мәреге жетті. Мұнайшылар жеке және топтық жарыстарда бақ сынап, келесі кезеңге жолдама алатын үміткерлерді анықтады.

Шахмат тақтасындағы тартыста Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің (БжҰЖКЖД) аға шебері Көшербай Ізбасаров пен жылумен және сумен қамту цехының (ЖжСҚЦ) механигі Берік Төлеубай үздік атанды. Үстел теннисінен технологиялық көлік департаментінің (ТКД) шанақтарды рихтовкалаушысы Айдмохаммад Қазақ пен пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының (ПЖИЖЦ) токарі Қазидулла Оразов алға шықты. Тоғызқұмалақ бойынша №1 мұнай өндіру цехының (МӨЦ) операторы Найман Аминов пен геолог Әсет Нұралиев зияткерлік қабілетін паш етсе, ұлттық ойын асық атуда №1 және №2 МӨЦ операторлары Абай Қуанышбек пен Сымбат Орынбаев мергендігімен көзге түсті. Қол күресте 80 келіге дейін білек күшін сынға салғандар арасынан ПЖИЖЦ электрогаздәнекерлеушісі Жанболат Закарин мен 80+ келі салмақта №1 МӨЦ операторы Бейбарыс Мүлкібаев топ жарды. Сондай-ақ арқан тарту, шағын футбол, волейбол, баскетбол, киберспорт бойынша құрама командалар қос вахта арасындағы тартысқа сақадай сай.

Келесі кезеңде екі вахтаның үздіктері кездеседі. Әр спорт түрінен жеңімпаз атанған қатысушы өңірдің өзге мұнай компанияларының жұмысшыларымен сайысқа түсуге жолдама алады.

БІЛІКТІ МАМАН — ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Өз ісінің білікті маманы қай кезде де сұраныста. Өйткені ол елдің дамуына үлес қосатын қозғаушы күш. Кәсібінің қыр-сырын жетік меңгеріп, өндірісті өрге сүйреп жүрген қызметкердің бірі — «Қаражанбасмұнай» АҚ Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаменті бұрғылау қондырғысының басшысы Роман Құқықбаев.

Бұрғылау процесі өндірістегі қауіпсіздікті сақтай отырып, жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқаруды талап етеді. Роман Құқыбаевтың Қаражанбас кен орнында қызметке араласқанына 15 жылдан астам уақыт өте шығыпты. Өз ісін өмір салтына айналдырған ол білімі мен тәжірибесін шыңдап, бұрғылау қондырғысының басшысы қызметін күні бүгінге дейін абыроймен жалғастырып келеді.

«Бұрғылау жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылуы мен атқарылуы зор жауапкершілікті талап етеді. Алпауыт жұмыстың ауырлығына шыдап, күні-түні қызмет ету әлбетте оңай емес. Бірақ біз ел экономикасын дамытатын маңызды маман екенімізді сезіне отырып, қызметімізді кәсіби түрде орындауға тырысып келеміз»,- дейді Р.Құқыбаев.

Жер қабаттарына терең бойлай отырып, жаңа ұңғымалар санын арттыру – Қаражанбас бұрғышыларының басты мақсаты. Тағылымды тәлімгер, үлгілі әріптес атанған Роман Құқыбаев әлі де нәтижелі жұмыс істеп, адал еңбегін еліне арнауға дайын екенін айтады.

«Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директоры болып Марат Елеусінов тағайындалды

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев «Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымына жаңа басшыны таныстырып, өндірістік объектілердің тұрақты және апатсыз жұмысын қамтамасыз ету міндетін қойды.

Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Марат Елеусінов «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Сондай-ақ ол «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-де түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.

2018-2020 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Мұнай және газ өндіру департаменті директорының орынбасары, мұнай және газ өндіру департаментінің директоры болып жұмыс істеді.

Еңбек жолын 2009 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ-да Мұнай және газ өндіру операторы болып бастаған.

ҚМГ басшылығы ЕТҰ-ның өндірістік қызметі мәселелері бойынша кеңес өткізді

3 ақпан күні, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Ақтау қаласына жұмыс сапары барысында Маңғыстау облысындағы ҚМГ еншілес және тәуелді ұйымдарының (ЕТҰ) басшыларымен кеңес өткізді.

Кеңеске ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсейіт Союнов, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Ak Su KMG» ЖШС басшылары қатысты.

Кәсіпорын басшылары өндірістік қызметтің негізгі көрсеткіштері, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар және еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселелері туралы баяндады.

М. Мырзағалиев компаниялар мен мердігерлік ұйымдар ішіндегі проблемаларға уақтылы ден қою үшін ұжымдармен және кәсіподақтармен өзара іс-қимыл жасау үшін қажетті жағдайларды жасау және қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша М.Мырзағалиев кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын, 2024 жылға арналған өндірістік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етуді, ілеспе қабат суын тұшыту зауытының («Қаражанбасмұнай» АҚ) жобалық көрсеткіштерге дейін жеткізуді жүзеге асыруды, Жаңаөзен қаласындағы тұшыту зауыты («Ak Su KMG» ЖШС) бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы «Мемсараптама» РМК-ға уақтылы ұсынуды тапсырды.

«Бүгінде «ҚазМұнайГаз» үшін басты мәселелердің бірі — өндіріс объектілері мен Жаңаөзен қаласының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында біз тұшыту зауытының құрылысын бастадық», — деді ҚМГ басшысы.

М.Мырзағалиев қауіпсіздік техникасы, еңбек тәртібі, Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау ережелерін қатаң сақтауды тапсырды.

Нұрсейіт Союнов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды

Сондай-ақ оған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ақтау қаласындағы Өкілдігі директорының міндеті қоса жүктелді.

Н.Союнов еңбек жолын «Өзенмұнайгаз» АҚ-да оператор болып бастаған. Әр жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС, «ОралОйлэндГаз» ЖШС-де басшылық қызметтер атқарды. 2019 жылдан бастап ҚБМ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, 2023 жылдан бері Бас директор — Басқарма төрағасы болды.

Енді ҚБМ Бас директорының міндетін Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Орынбек Тарғынов уақытша атқарады.

ТАРАС ХИТУОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БОКС ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

Ақтауда елімізге белгілі мұнайшы, қоғам және мемлекет қайраткері, бокстан КСРО спорт шебері Тарас Хитуовты еске алуға арналған Республикалық ашық турнир басталды. Жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресей, Түркменстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Әзірбайжаннан барлығы 100-ден астам спортшы бақ сынап жатыр. Былғары қолғап шеберлері 7 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

Ашылу салтанатында Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қатысушыларды турнирдің басталуымен құттықтап, Тарас Хитуовтың атқарған игі істеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ қатысушы жастар мен жасөспірімдердің намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрінуін тіледі.

Бокс турнирі Тарас Хитуовтың дүниеге келгеніне 60 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Ол Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Әр жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, Түпқараған ауданының әкімі, «ҚазМұнайГаз»БӨ» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ-да еңбек етті, Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты болды. 2012-2015 жылдары «Қаражанбасмұнай» АҚ кадр және әкімшілік мәселелер жөніндегі Вице-президенті, сондай-ақ «Қаражанбасмұнай» АҚ Аппарат басшысы қызметін атқарды. Тарас Хитуов бірқатар саладағы лауазымды қызметінен бөлек, халықаралық аренада ел намысын қорғаған чемпиондардың жаттықтырушысы.

Турнир IBA ережелері бойынша өтіп жатыр. Шаршы алаңдағы әр жекпе-жек 3 раундқа созылса, кездесулер 3 күнге жалғаспақ. Жүзден жүйрік шыққандар жарыс толық аяқталған соң салтанатты түрде марапатталады.