МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗБЕН, МҰНАЙШЫ ҚЫЗДАР!

8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ)  еңбек ететін ер-азаматтар мұнайшы қыз-келіншектерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Таң атысымен кен орны және орталық аппараттың нәзік жандылары құрметке бөленіп, құшағы гүлге толды.

Жылы лебіз, мерекелік марапаттар мен концерттік бағдарлама… Мұның бәрі өңірдің мұнай игеру компаниясының дамуына үлес қосып жүрген аруларға арналды. Бас директор Марат Елеусінов қиындығы мен қызығы қатар жүретін саланы серік еткен Қаражанбас қызғалдақтарын мейраммен құттықтап, олардың компания құндылықтарын насихаттаудағы кәсіби біліктілік пен жауапкершілігін ерекше атап өтті.

«8 Наурыз – бұл сұлулық пен мейірімділіктің, әр отбасының ұйытқысы болып жүрген аяулы әжелер мен аналардың, күлімкөз қарындастардың мейрамы. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен өндірісті өркендетіп жүрген мұнайшы қыздар — құрметке нағыз лайық жандар. Алдағы уақытта да мол тәжірибелеріңізді тұтас ел игілігіне жұмсайтыныңызға кәміл сенеміз!»,- деді М.Елеусінов.

Қаражанбаста барлығы 400-ге тарта мұнайшы-әйел еңбек етеді. Олардың 150-ге жуығы кен орнындағы өндірістік алаңдарда вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ал орталық кеңседегі арулар әртүрлі департаменттерде жауапты қызмет атқарады. Жыл сайын игі дәстүр бойынша көрсетілетін құрмет мұнайшы қыздардың мерейін асқақтатып жаңа жетістіктерге жол ашады.

ЛАБОРАНТ РОЗА — ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ!

 Қаражанбас талай жас мұнайшыны кәсіби білікті маманға айналдырған қазыналы кен орын. Бозашының қою мұнайын игеру ісіне араласып, ерлермен иық теңестіре еңбек етіп жүргендер арасында нәзік жанды қыз-келіншектер де бар. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында еңбек деген белесті бағындырып, құрметті демалысқа шығып жатқан ұңғымаларды ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының (ҰҒЗӨЖЦ) лаборанты Роза Асанованың өнегелі еңбек жолы туралы әңгімелейміз.

Кейіпкеріміз алғашқы вахтаға осыдан 38 жыл бұрын келген. Содан бері мұнай құрамын талдайтын зертхана оның екінші үйіне айналды.  Теориялық білімін аға буынның ақыл-кеңесімен толықтырып тәжірибе жинаған Роза, жұмысының қиындығынан гөрі қызығы басым болғанын айтады. Кейіпкеріміз жұмыс барысында мұнай концентраттары мен қосалқы материалдарға, мұнай өнімдері мен қалдықтарына, қышқылдар мен тұздар  құрамына күрделі талдау жүргізеді. Осылайша Роза Қаражанбас қойнауынан шыққан мұнай құрамын бес саусағындай жетік меңгерген.

«Мен өмірімнің ең жарқын да маңызды, мағыналы сәттерін сүйікті қызметіме арнап, ұйымшыл ұжымдастар тапқаныма шын қуаныштымын. Біз біртұтас отбасы ретінде Қаражанбастың гүлденуіне айтарлықтай үлес қостық деп ойлаймын. Зейнет демалысына ерекше құрметпен шығарып салып жатқан әріптестеріме алғысым шексіз!»,- дейді Р.Асанова.

Кәсібилік пен жауапкершілік, тиянақтылық пен табандылық, нәзіктік пен адамгершілік… Мұның бәрі білікті маман, тағылымды тәлімгер, үлгілі әріптес, адал дос Роза Асанованы сипаттайтын тіркестер. Таңдаған мамандығы мен бойындағы адамдық асыл қасиеттерді тең ұстаған жұмысшы сүйікті зертханасын ізбасар әріптестеріне табыстап, соңғы вахтасын сәтті тәмамдады. Оның Қаражанбасты дамытуға қосқан  еселі еңбегі компания тарихында алтын әріппен таңбаланары сөзсіз.

«ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙ» АҚ МҰРАТ МАНОВТЫ ЗЕЙНЕТ ДЕМАЛЫСЫНА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) ұжымы корпоративтік қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Мұрат Мановты құрметті демалысқа шығарып салды. ҚБМ Басқармасы оның компания дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіріп, дәстүр бойынша иығына ұлттық шапан жапты.

Мұрат Манов ғұмырының 30 жылға жуық уақытын еліміздің ішкі істер қызметі саласына арнаған маман. Соңғы 10 жылдан астам уақыт көлемінде ҚБМ-ның ішкі қауіпсіздік бағытындағы қиын да қызықты қызметін асқан жауапкершілікпен атқарды. Қызметтегі жылдары кәсібилік, тиянақтылық қасиеттерімен ұжымға үлгі болған ол, Қоғамның дамуы мен өркендеу тарихына өз қолтаңбасын қалдырды.

«Талай жыл еткен еңбектің жемісін көретін зейнеткерлік – бағалай білген адам үшін өте құнды кезең. Осынау керемет шақты отбасыңызбен, жақын-жуығыңызбен мәнді де мағыналы етіп өткізуіңізге тілектеспіз. Бала-шағаңыздың қызығын көріп, адамгершілік пен кемеңгерлікті мәңгі серік етіп жүре беріңіз!»,-деді ҚБМ Бас директоры М.Елеусінов.

Өз кезегінде Мұрат Манов жүрекжарды лебізін арнаған ұжымға бірлесе атқарған абыройлы қызметі үшін риясыз рақмет айтты. Сондай-ақ ол компаниядағы қауіпсіздік қызметінің жұмысы одан әрі де жан-жақты дамитынына сенім білдірді.

ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ  ҚАЗАҚША «QUIZ»

Тосын сұрақ, терең білім мен ұшқыр ой… Қаражанбастың І вахта жұмысшылары қазақша «Quiz» зияткерлік ойынына қатысты. Сайысқа білімі мен ой ұшқырлығын сынға салуға әр түрлі цехтардан 7 құрама команда келді. Олар «Жас маман» кеңесі мүшелерінің дайындаған тапсырмаларын орындап, викториналық сұрақтарға тез әрі дұрыс жауап беруге барын салды.

Ойын 10 кезеңнен тұрды. Мұнайшылар тарихи тұлғаларды, кино және күй атауларын, ел астаналарын тауып, жылдамдыққа тест орындап, кроссворд шешті. Ұлттық құндылық, салт-дәстүр, Маңғыстау мен Қаражанбас тарихына қатысты сұрақтар да назардан тыс қалмады. Ойын арқылы жұмысшылардың әріптестік қарым-қатынас артып, ұжымдық рух нығая түсті.

«Quiz» нәтижесі бойынша, ІІІ орынды өндірісті автоматтандыру цехы  (ӨАЦ) мен қабат қысымын ұстау цехының (ҚҚҰЦ) жігіттерінен құралған «Ұшқыр ой» командасы жеңіп алды. Ал ІІ сатыға газ цехының (ГЦ) «Метан» командасы жайғасты.  Чемпиондық атаққа жобалау-сметалық бөлімнің  (ЖСБ) «Сәулет» командасы лайық деп танылды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға диплом мен естелік сыйлықтары табыс етілді.

МӘРТЕБЕСІ БИІК МҰНАЙШЫ ҚЫЗ

Тыныс-тіршілігімізге нәр беретін көктем мезгілі жарқын да шуақты мерекелерге толы. Әсіресе 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күнінде адамға өмір сыйлайтын ардақты әжелер мен аналар, нәзік жанды қыз-келіншектер, аяулы арулар мен қызғалдақтай қарындастар ерекше құрметке бөленеді.  Мереке қарсаңында біз де Қаражанбаста ерлермен қатар қызмет ететін мұнайшы аруларды таныстырамыз.

Алтынай Асанова — электр цехының 5-дәрежелі релелік қорғау және автоматика аппаратурасын жөндеу электромонтері. Ол Жаңаөзен мұнай техникумында «Электромонтер», Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-де «Электроэнергетика» мамандығы бойынша білім алған.

Ару ғұмырының 33 жылын қиын да қызықты салаға арнаған маман электр цехының тынысын бір кісідей білетін жұмысшы. Әр жылдары ол  электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету электромонтері болды, цех үйлестірушісі, іс жүргізуші, техник қызметтерін атқарды. Қазір Алтынай кен орнында электр құралдарына жоғары кернеулі сынақтар жүргізеді. Сондай-ақ істен шыққан құрылғыларды жөндеп, ретке келтіруге жауапты.

 «Электр энергиясына қатысты жұмыстар ең алдымен техникалық білімді, тиянақтылық пен жауапкершілікі талап етеді. Жылдар бойы жинаған тәжірибе арқасында өз қызметімді абыроймен атқарып келемін. Қаражанбас мені маман ретінде шыңдаған мектеп. Қазыналы кен орнымыздың гүлденуі үшін әлі де тынбай еңбек етемін!»,- дейді А.Асанова.

Компанияның орталық кеңсесі мен кен орнында Алтынай сияқты саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жүздеген мұнайшы-әйел бар. Олардың бірқатары вахталық әдіспен отбасынан жырақта еңбек етсе, енді бірі кеңседе құжаттармен жұмыс істейді. Қаражанбас қызғалдақтарының даналығы, энергиясы мен елеулі еңбегі кез-келген қиындықты еңсеріп, өсу мен дамуға жетелейді.

ҚАРАЖАНБАС БАЛУАНЫ ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшысы Самбодан Қазақстан Республикасы чемпионатында топ жарды. Технологиялық көлік департаментінің (ТКД) цементтеуші агрегат моторисі Бауыржан Есболаев Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда спорт шеберлері арасында өткен додада жүзден жүйрік шығып, алтын медальға ие болды.

Жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген балуан бақ сынады. 64 келі салмақта өнер көрсеткен қаражанбастық мұнайшы 4 кездесу өткізді. Үздіксіз дайындық пен жеңіске деген ұмтылыс арқасында Бауыржан қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Осылайша ол тұтас еңбек ұжымы мен маңғыстаулықтардың сенімін ақтап, Қаражанбас чемпиондарының қоржынына тағы бір медаль салды.

Жарыста жасындай жарқыраған жеңімпаз мамыр айында өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.  Аталмыш додада Бауыржанды бәйгеге қосқан  Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің шебері, Маңғыстау облысы бойынша Самбо күресінен ардагер спортшылардың бапкері Сәндібек Дүйсенбеков те бақ сынайды. Қаражанбастық қос балуан алдағы бәсекелерге жаттығуларын пысықтауға кірісіп кетті.

«ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙ» АҚ-да ҰЖЫМДЫҚ ШАРТТЫҢ ҚОСЫМША КЕЛІСІМІНЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін, 29 ақпан күні, «Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) қолданыстағы Ұжымдық шарттың қосымша келісіміне қол қойылды. Құжатқа қол қою рәсіміне ҚБМ Басқармасы, «ҚБМ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Орынбек Сатыбалдиев, «Бірлік» ҚБМ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мансұр Алдабергенов және комиссия мүшелері қатысты.

Қосымша келісім шарт үшжақты келіссөздер мен ұжымдық талқылаулар нәтижесінде қабылданып отыр. Ондағы өзгерістер мен толықтырулар жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға, әлеуметтік міндеттемелерге кепілдік беруге, сондай-ақ қызметкерлер құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Нақтырақ айтсақ, ҚБМ қызметкері жұмыс орнында және жұмыс уақытында, лауазымдық міндеттерін орындау кезінде, сондай-ақ жұмыстан тыс жер мен уақытта өмірден өткен жағдайда берілетін материалдық көмек көлемі артты. Бұдан бөлек, қызметкерлерге сыйақы төленетін мерекелер қатарына Қазақстан халқының бірлігі күні қосылды. Жұмысшылардың еңбекақысы сақталмайтын демалыс күндерінің саны реттелді. Оған қоса компанияның мерейтой датасы Қаражанбас кен орнында алғашқы мұнай фонтаны атқылаған күнге өзгертілді.

Айта кетейік, қолданыстағы Ұжымдық шарт мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды. Қабылданған өзгертулер мен толықтырулар 2024 жылдың 1 наурызынан бастап күшіне енеді.

Металл сынықтарын сату туралы хабарландыру

«Қаражанбасмұнай» АҚ әлеуетті сатып алушыларды мүлікті сату бойынша бағаны өсіру әдісімен өтетін электрондық сауда-саттыққа қатысуға шақырады:

  1. «Бұрын пайдалануда болған сорғы-компрессорлық құбырлар түріндегі металл сынықтары» – 1 389,26 тонна. Бастапқы бағасы – 70 574 408,00 теңге (1 тонна бағасы — 50 800,00 теңге).
  2. «Бұрын пайдалануда болған сорғы штангалары түріндегі металл сынықтары» – 536,00 тонна. Бастапқы бағасы – 27 228 800,00 теңге (1 тонна бағасы — 50 800,00 теңге).
  3. «Басқа сынықтар түріндегі металл сынықтары және қара металдардың қалдықтары (СКҚ-дан және сорғы штангаларынан басқа, жеңіл салмақты металл сынықтары мен қаңылтырлар, сондай-ақ ауыр металл сынықтары)» – 1 886,00 тонна. Бастапқы бағасы – 91 919 868,00 теңге (1 тонна бағасы – 48 738,00 теңге).

Электрондық сауда-саттықты өткізу күні мен уақыты: 19.03.2024 ж., сағат 11:00.

Электрондық сауда-саттық шарттары және сатылымға шығарылатын металл сынықтары туралы толық ақпарат мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында көрсетілген (www.e-qazyna.kz).

Қосымша ақпаратты 8 (7292) 473828 телефоны бойынша алуға болады.

ҚБМ ЖҰМЫСШЫСЫ МҰЗ ҮСТІНДЕГІ ЖЕЛАЯҚТАР ЖАРЫСЫНЫҢ ҮЗДІК ОНДЫҒЫНА КІРДІ

Сүйінші! «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) Пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының дәнекерлеушісі Әлібек Құлболғанов «Burabay Ice — 2024» марафонында үздіктер қатарынан көрінді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері Бурабайдың аязды ауа райында әлемде теңдесі жоқ бірегей жарыс — мұз үстінде жүгіруден сынға түсті. Желаяқтар жарысында 600-ге жуық қатысушы бақ сынады. Олар өз таңдауы бойынша 7,14 және 21 шақырымға жүгірді. Бұдан бөлек, 7 шақырым скандинавиялық жүруден бақ сынағандар да бар.

Әлібек Құлболғанов 7 шақырым қашықтықты 36 минутта жүгіріп өтіп, жарқын жетістігімен көзге түсті.  Осылайша ол өз санатында үздік ондыққа еніп, ҚБМ намысын абыроймен қорғады.

«Мұз үстінде жүрудің өзі қауіпті екені белгілі. Ал жылдамдықпен жүгірудің қиындығын айтпасам да түсінікті шығар. Дегенмен жүгіру заңдылықтарын сақтай отырып, мәреге жетуді мақсат еттім. Мұндай жарыстар бізді одан сайын төзімді болуға үйретіп, тәжірибемізді шыңдайды»,- дейді Ә.Құлболғанов.

Айта кетейік, былтыр ҚМГ компаниялар тобы қызметкерлері арасында «KMG Run Day» марафоны өтіп, үздіктер қатарынан көрінген 30-ға жуық желаяқ «KMG Runners» корпоративтік клубына іріктеліп алынды. Олар  ұзақ қашықтықтарға бірге жүгіру арқылы салауатты өмір салтын сақтап қана қоймай, әріптестік қарым-қатынастарын нығайтып келеді.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕЙСМИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ

23 ақпан күні, «Қаражанбасмұнай» АҚ еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылған  Республикалық сейсмикалық оқу-жаттығуға  қатысты. Мақсат – төтенше жағдайлар кезінде, нақтырақ айтсақ, жер сілкінісі болған жағдайда эвакуациялау шараларына дайындық пен сақталуы керек ережелерді пысықтау.

Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, сағат 10:00-де ҚБМ-ның орталық аппарат ғимаратында дабыл қағылды. Компанияның 300-ден астам қызметкері кеңсе ауласындағы арнайы орынға лезде жиналды. Оларға «Ақ Берен» кәсіптік-әскерлендірілген апаттық-құтқару қызметінің мамандары апат болған жағдайда құтқару жұмыстары қандай құралдар арқылы жүзеге асатынын көрсетіп, ақпарат берді.

Айта кетейік, былтыр әлем бойынша магнитудасы 4-тен 8 баллға дейінгі 15,6 мың жағдай тіркелген. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл басынан бері 123 рет жер сілкінді. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес Ақтау қаласының сейсмикалық қауіптілігі 6 баллды құрайды.

ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙЫНЫҢ ҚҰРДАСЫ

Қаражанбаста алғашқы мұнай фонтаны атқылағаннан бастап ел ырысын еселуге атсалысып келе жатқан мыңдаған мұнайшының еңбек жолы компания тарихымен бірге таңбаланып келеді. Ширек ғасырдан бері қазыналы мекеннің жерасты байлығын игеруге елеулі үлес қосып келе жатқандардың бірі — Бас механик қызметінің аға механигі Марат Қилыбаев.

Жаңа ғасырмен бірге Мараттың өмір дастанында жаңа тарау басталды. Ол Қаражанбас кен орнына алғаш рет қадам басып, пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехына слесарь болып жұмысқа орнласты. Аталмыш цехтың тынысымен танысқаннан соң, қызметін құрастырушы ретінде жалғастырды. Одан соң кен орнында жетекші инженер боп жұмыс істеді. Қазір компанияның орталық кеңсесінде Бас механик қызметінің аға механигі. Марат әріптестерімен бірге өндірістік жабдықтар мен құрал-саймандардың техникалық сипаттамаларын, құжаттарын реттеп, құрылғыларды жөндеу жұмыстарының тез әрі сапалы жүргізілуін бақылауда ұстауға жауапты.

«Өндірістегі кез келген жабдықтың жұмыс процесінде алатын орны ерекше. Сондықтан істен шыққан құрылғыларды қалпына келтіріп, қатарға қосу аса маңызды. Біздің басты мақсатымыз – өндіріс үздіксіздігін сақтау болғандықтан, жұмысымызға жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырмаларды мінсіз орындауға барымызды саламыз»,- дейді кейіпкеріміз.

Жастықтың жалынды жылдарын өндіріске арнаған Марат Қилыбаев – Қаражанбас мұнайының құрдасы. Кен орнынан алғашқы фонтан атқылғанына жарты ғасыр толған шақта, ол да еңселі елу жасты еңсерді. Білікті маман  бойында күш-қуаты мен жігері барда компанияның қарыштап дамуына әлі де өлшеусіз үлес қосатынына сенімді.

«ҚАРАЖАНБАС — БІЗДІҢ ОРТАҚ ЕҢБЕГІМІЗ СІҢГЕН ҚАЗЫНАЛЫ МЕКЕН!»

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) ұжымы компанияда қалыптасқан игі дәстүр бойынша ұзақ жыл еңбек етіп, ел ырысын еселеуге сүбелі үлес қосқан жұмысшыларға құрмет көрсетті. Бұл жолы еңбек ұжымы технологиялық көлік депатаментінің (ТКД) жүргізушісі Мұханбетжан Надиров пен слесарь-моторист Сисенғали Ерзақовты, Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің (БжҰЖКЖД) аға шебері Мұхаммедин Сарқұлов пен жетекші инженер Меллат Қайбалдиевті зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.

Өлкенің қара алтынын игеру жолында қызмет деген белесті бағындырған мұнайшылар Қаражанбастың қарыштап дамуы үшін тынымсыз тер төкті. Әріптестер құрметіне бөленіп, зейнетке шыққан жұмысшылардың өнегелі еңбек жолы жас мамандарға үлгі. Олардың бірі компания қалыптасқаннан бері жұмыс істеп, қиын да қызықты кезеңдерді өткерсе, ендібірі маңызды бөлімшелердің ауыр жұмысын абыроймен атқарды. Ең бастысы адал еңбек иелері өндірісті өркендету жолында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жұмыста кәсіби біліктілік пен асқан жауапкершілік танытты.

Құрметті демалыс – абыройлы еңбектің жемісін көретін кезең. Зейнетке шыққан мұнайшылар соңғы жұмыс күндерін ескі естеліктерді тізбектеп, қимастықпен  өткізді. Вахтаны жұмыс емес, өмір салтына айналдырған қаражанбастықтар сүйікті кен орнын әріптестерге сеніммен тапсырып, ізгі ниетіне алғыс айтып, ақ бата берді. Өз кезегінде ҚБМ зейнеткерлерді  әлеуметтік қолдау жүйесі бойынша назардан тыс қалдырмай, қамқорлық танытуға тырысады.