ҚБМ ЖАС МАМАНДАРЫ ҚАРТТАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

 «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) «Жас маман кеңесі» мүшелері үшін жыл бойы қайырымдылық шараларын өткізіп, жақсылық жасау  әдетке айналған. Бұл жолы мұнайшылар Ақтаудағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы ата-әжелерге концерттік бағдарлама ұсынып, рухани демалыс сыйлады.

Қасиетті Ораза айт күні жас мамандар қарияларды құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Одан соң талантты жұмысшылар кезекпен ән орындап, аспаптарда ойнау, поэзияны нақышына келтіріп оқу шеберлігін паш етті. Қаражанбастықтардың игі бастамасына өңірдегі өзге де мұнай компанияларының жұмысшылары мен мәдениет саласының мамандары қолдау көрсетіп, өнерін ортаға салды.

«Біз сіздерді үнемі назардан тыс қалдырмауға тырысып, ерекше қадірлеп, қолдап, жақсы көреміз. Сіздерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, құрмет көрсету біз үшін аса маңызды. Дендеріңіз сау, жандарыңыз қуатты болсын! Сіздерді сағынып келгенде бізді төрт көзіңіз түгел қарсы ала беріңіздер!»,- деді ҚБМ жастары.

Қариялар мұнайшылар қойған концертке балаша қуанып, ырғақты әндерге би билеп, көңіл сергітті. Жас мамандар шығармашылығына тәнті болған аталар мен әжелер өндіріс пен өнерді қатар алып жүрген жұмысшылардың алдағы бастамаларына сәттілік тілеп, ақ бата берді.

ҚБМ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНА АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАР ЖІБЕРДІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысын қолдау мақсатында көмек жұмыстарын жалғастырып жатыр. Компания темір жол тасымалы арқылы көршілес облысқа тиеу, көтеру және қазу жұмыстарына арналған қос техника жіберді. ҚБМ Бас директоры Марат Елеусінов техникаларды тиеу пунктіне арнайы барып, істің басынан табылған әріптестерге алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.

«Мұндай жағдай ешкімге оңай емесі анық. Сондықтан атыраулықтарға қолдау көрсету – бәріміздің азаматтық міндетіміз деп білемін. Көліктерді басқаратын жұмысшыларымызға да зор жауапкершілік артылып отыр. Бастысы – қауіпсіздік талаптарын сақтап, қажетті көмек көрсететініңізге сенемін!» ,- деді М.Елеусінов.

Экскаватор кез-келген қаттылықтағы топырақты қазуға қауқарлы.  Ал жүк тиегіш көлігі күреу және көтеру жұмыстарын мінсіз атқарады. Қос техниканы тізгіндеп, берілген тапсырмаларды орындау үшін ҚБМ технологиялық көлік департаментінің тәжірибелі мамандары барын салуға уәде берді. Қаражанбас атынан жіберілген арнайы техникалар су тасқынынан зардап шеккен және әлі де қауіп төніп тұрған елді мекендерге бөгет салу және нығайту жұмыстарына жұмылдырылады.

ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙШЫЛАРЫ МӘМС ЖҮЙЕСІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫМЕН ТАНЫСТЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімді тұстары туралы ақпарат алды. Кен орнына арнайы келген Маңғыстау облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мамандары аталмыш жүйе жұмысын толық түсіндіріп,  көрсетілетін медициналық көмектің көлемі, қолжетімділігі, қаржыландыру процесімен таныстырды.

Елімізде МӘМС 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Осы уақыттан бері қазақстандықтарға профилактикалық медициналық тексерулер, арнайы маманданған дәрігердің қабылдауы және кеңес беруі, созылмалы дертке шалдыққан жандардың бақылауында болуы, халықтың белгілі бір категориясына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету, диагностикалық қызметтер, стационарлық медициналық көмек сияқты бірқатар медициналық қызметтер тегін көрсетіліп келеді.

Сондай-ақ қор қызметкерлері медицина мамандарының халықтың денсаулығын сақтау мен нығайту жолында кәсіби түрде қызмет көрсететінін жеткізді. Жүйе жұмысы мен артықшылықтары туралы ақпарат алған мұнайшылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірін білдірді.

АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ КЕҢІСТІК КЕУКЕНОВ ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҚТЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) Технологиялық көлік департаменті жұмысшылары №2 гараждың автобус жүргізушісі Кеңістік Кеукеновті зейнет демалысына шығарып салды. Еңбек ұжымы әріптесіне Қаражанбастың көлік саласына сіңірген адал да нәтижелі еңбегі үшін алғыс білдіріп, компанияда қалыптасқан дәстүр бойынша шапан жапты.

Кеңістік Кеукенов 20 жылға жуық уақыттан бері өзіне жүктелген кәсіби міндетін мінсіз атқарып келеді. Ол күн сайын қауіпсіздік техникасы мен жол ережелерін қатаң сақтап, қызметкерлердің діттеген жеріне аман-есен жетуіне ерекше мән береді. Себебі жұмысшылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі — ҚБМ-ның ең басты құндылығы.

«Қызу еңбекпен жүріп, зейнеткерлікке шығатын уақытқа жеткенімді байқамай қалыппын. Ең бастысы мықты мамандар арасында тәжірибемді шыңдап, қазыналы кен орнынан адал нан тауып, өмірлік достар мен білімді әріптестер кездестіргеніме бек қуаныштымын. Бізден кейінгі толқын компанияны одан әрі дамытатынына кәміл сенемін!»,— дейді К.Кеукенов.

Өмірінің кезекті тарауын абыроймен түйіндеген автобус жүргізушісі зейнетке шығар алдында құрметке бөлеп, естеліктермен бөліскен әріптестеріне алғыс айтты. Ұжымдастар ұзақ жылдық берік байланыс құрметті демалыс кезеңінде де  жалғасатынына сенімді.

АУЫЛДЫ ДАМЫТУҒА ДЕМЕУШІЛІК КӨМЕК

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жергілікті өнім өндіру жұмыстарын дамытуға демеушілік көмек көрсетті. Өлке өндірісін өркендетуге үлес қосып келе жатқан компания Маңғыстау ауданының Онды ауылындағы бау-бақша егу жұмыстарына кен орнында пайдаланылған вагон берді.

Бағбандар мен бақша қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға арналған вагон үш бөліктен тұрады. Мұнда жұмысшылар киім ауыстырып, тамақтанып, тыныға алады. Бұл өз кезегінде Ондыда басталған игі істің сәтті жүзеге асуына оң ықпал етпек.

Қазір ауылда 100 гектар аумақ қоршалып, жақын маңнан екі су ұңғымасы қазылыпты. Баққа 100 мың жеміс ағашын отырғызу жоспарланып отыр. Айта кетейік, ҚБМ жыл сайын өңірдің өзге де ауылдарындағы жобалар мен шаруашылықтарға демеушілік көмек көрсетіп келеді.

БӨЦ ЖҰМЫСШЫЛАРЫНЫҢ СПОРТ БӘСЕКЕСІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ бу өндіру цехының (БӨЦ) еңбек ұжымы вахтааралық демалыстан соң Ұлыстың Ұлы күніне орай өзара спорт жарысын өткізді. ІІ ауысым жұмысшылары арқан тарту, ләңгі тебу және шағын футболдан турнир ұйымдастырып, әріптестік қарым-қатынасты нығайтты.

Цехішілік додада машинистер, аппаратшылар, слесарьлар мен инженерлік-техникалық жұмысшылар өзара командаларға бөлініп, жарысқа ерекше ынтамен қатысты. Арқан тартуда қара күш пен командалық рух сыналса, ләңгі тебуде ептілікке назар аударылды. Ал футбол командалары тактика мен техниканы шебер байланыстыруға тырысты.

Жұмыстан тыс уақытта салауатты өмір салтын ұстанатын мұнайшылар жарыс алаңында жасындай жарқырады. Ләңгі тебуден бу генераторлық қондырғысының (БГҚ) машинисі Берекет Нұрғабылов жеңімпаз атанса, арқан тартудан инженерлік-техникалық жұмысшылар алдына жан салмады. Аяқдоп бәсекесінде МБГҚ командасы жеңіс тұғырынан көрінді.

ЕР ЕҢБЕГІМЕН ЕҢСЕЛІ

Еліміздің қарыштап дамуы үшін қоғамның сан саласында қызмет етіп жүрген еңбек адамының әрқайсысы ерекше құрметке лайық. Әсіресе жер қойнауынан қара алтын игерумен айналысатын мұнайшылар экономиканы алға сүйрейтін қозғаушы күш. Солардың бірі өмірінің 37 жылын Қаражанбас кен орнымен байланыстырған №1 мұнай өндіру цехының операторы Бақытжан Қашақов.

Кейіпкеріміз компаниядағы қызметін қатардағы слесерь-жөндеуші болып бастаған. Топтық қондырғы аумағындағы ұңғымаларға қызмет көрсетіп, істен шыққан сораптарды жөндеумен айналысқан Бақытжан жыл өткен сайын тәжірибесін шыңдап, өз ісінің шеберіне айналды. Кейін қызметін мұнай және газ өндіру операторына ауыстырып табысты еңбек етті. Мұнайшы жұмыс барысында кәсіби жетістіктерімен көзге түсіп, сан мәрте алғыс хат, құрмет грамоталары және медальдармен марапатталған.

«Қаражанбас мыңдаған мұнайшының берекелі еңбек ордасына, тіпті екінші үйіне айналған қазыналы мекен. Мұнда біз Бозашы түбегінің қара алтынын өндіру үшін күні-түні тынымсыз тер төктік. Ұйымшыл ұжыммен бір үйдің баласындай тату қызмет етіп, ортақ абыройымызды арттырдық деп ойлаймын. Қаражанбас еңбек ұжымының әлі де алар асуы алда екеніне кәміл сенемін»,- дейді Б.Қашақов.

Уақыт жүйрік аттай зулап, Бақытжан Қашақов өмірінің қызмет деген тарауын қорытындылайтын кезеңге жетті. Құрметті демалыс алдында оған Өндірістік Басқарма басшылығы мен цехтағы ұжымдастары ерекше құрмет көрсетті. Адамдық асыл қасиетімен дараланып, мамандығының майталманы атанған мұнайшының жүріп өткен өнегелі еңбек жолы өндірістегі әр жас маманға үлгі.

ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ ЗИЯТКЕР МҰНАЙШЫЛАР БӘСЕКЕСІ

Қаражанбас кен орнында жыл басы білімді де ұшқыр ойлы мұнайшылар бәсекесімен басталды. Көктемгі мейрамдарға орай дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Ғажайып алаң» зияткерлік ойыны бұл жолы ұлттық салт-дәстүрлер тақырыбына арналды. Білімділер бәсекесіне арнайы қатысқан Өндірістік басқарма басшылығы қаражанбастықтарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Ойын үш кезеңнен тұрды. Іріктеу сайыстарына өндірістік цехтардан барлығы 9 жұмысшы қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Мұнайшылар барабан секторларындағы көп ұпайды иеленіп, жасырылған әріптерді ашуға барын салды. Ал құпия сөзді толық тапқан қатысушы іріктеуде үздік атанып, ақтық кезеңге жолдама алды.

Зияткерлік сайыс лотерея ойынымен ерекшеленді. Әр кезеңнен кейін қапшықтағы сандарды шығару арқылы көрермендерге түрлі сыйлықтар табысталды. Ал электр цехының шебері Бекіш Күбіков қарсыластарынан оза шауып, ұпай санымен алға шықты. Бағы мен бабы қатар шапқан жұмысшыларға сыйға берілген тұрмыстық техникалар, электронды құралдар мен өзге де қажетті бұйымдар қаражанбастықтардың  зияткерлік ойынға қызығушылығын еселей түсті.