АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫ – ҚБМ МАҚТАНЫШЫ!

10 Июнь 2024

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы кір тасын көтеруден үш дүркін Азия чемпионы атанған қос мұнайшыны қабылдады. Бас директор Марат Елеусінов Тайвань елінде Қазақстанның намысын қорғап, компания абыройын асқақтатқан №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев пен технологиялық көлік департаментінің тиегіш көлік жүргізушісі Айдын Ахметовты құттықтады.

«Қаражанбас еңбек ұжымында осындай чемпиондардың болуы біқ үшін зор мақтаныш.  Байрақты бәсекедегі жарқын жеңістеріңіз арқылы сіздер мұнайшылардың тек өндірісте емес, басқа да салада қабілетті әрі мықты екенін дәлелдедіңіздер. Сенім артқан әріптестер мен бүкіл елдің үміті ақталды. Жетістіктеріңіз көп болсын!»,— деді Бас директор.

Кір тасын ұршықша иіретін чемпиондар талай жылдан бері облыстық, республикалық жарыстарда шашасына шаң жұқтырмай, Азия және Әлем чемпионаттарында топ жарып жүр. Бұл жолы олар Азия құрлығынан жиналған 400-ден астам спортшы ішінен оза шауып, жетістігін жаңартты. Нартай ерлер және ардагерлер арасындағы тартыста қос алтын қанжығаласа, Айдын қоржынға бір алтын, бір күміс медаль салды.

«Жарыстың ауқымы кең болған сайын, мықты спортшылар көп кездеседі. Дегенмен бойымызда қазақтың асқақ рухы мен тулаған қаны барда намысты қолдан бермеуге барымызды салдық. Бізге тілеулес болған әрбір жанкүйерге, басшылық пен әріптестерге мың алғыс! Сіздердің қолдауларыңызды ерекше сезіндік»,- деді чемпиондар.

Жеңіс жолы – физикалық және моральдық тұрғыда үздіксіз дайындықты талап етеді. Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бір-біріне қарсы ауысымда жұмыс істесе де, бұл ортақ мақсатқа жетуге кедергі еместігін айтады. Енді олар Әлем чемпионатына үшінші рет қатысып, мықтылығын тұтас жер жүзіне тағы бір паш етуді жоспарлап отыр.

Жарияланған күні:
10 июня 2024

Бөлісу: