«Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымы салауатты өмір салтын сақтай отырып, әріптестік қарым-қатынасты арттыруға ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта орталық кеңсе қызметкерлері жұмыстан тыс уақытты тиімді пайдаланып, волейболдан жолдастық кездесу өткізді. Сайысқа бірнеше департаменттен құралған командалар мықты дайындықпен келіп, өз блоктарының намысын қорғауға барын салды.
Алғашқы кездесу кадр және әлеуметтік блок пен қаржы блогы командалары арасында өтті. Тартысты бәсекені өзге ұжымдардың жарқын ойындары жалғады. Жұмысшылардың бойындағы жігер мен қарсылас командаға бағытталған соққылардан жеңіске деген құштарлық анық байқалды. Осылайша әріптестер қызметтегі кәсібилігінен бөлек, спортқа қабілеті мен шеберлігін паш етті.
Төрешілер шешімі бойынша ерекше ойынымен көзге түскен материалдық-техникалық жабдықтау департаментінің инженері Нұрсәуле Асқарова «Үздік қорғаушы», күрделі құрылыс департаментінің аға жобалаушысы Жанар Қаржаубаева «Үздік ойыншы», ал құқықтық қамтамасыз ету департаментінің аға заңгері Динара Разуанова «Үздік шабуылшы» атанды. Командалар бойынша Басқарма аппараты ІІІ орынды қанағат тұтса, коммерциялық блок командасына ІІ орын бұйырды. Ұпай санымен басым түскен өндірістік блок командасы жолдастық кездесу жеңімпазы атанды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға дипломдар мен кубок табыс етілді.
Жарияланған күні:
7 июня 2024
Бөлісу: