ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫС КЕПІЛІ

28 сәуір — Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай  «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары құрметке бөленді. Атаулы күнде өндірістегі қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету, жарақаттануды болдырмау, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін нығайтуға атсалысып жүрген бірқатар жұмысшы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

ҚБМ-да жұмысшылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін сақтау басты құндылық саналады.  Сондықтан бекітілген ережелерді қатаң ұстану — компаниядағы әрбір қызметкердің міндеті.  Осы бағытта екі вахта бойынша нәтижелі еңбек етіп, ұжымға үлгі болып жүрген 15 цех басшысы, 25 шебер және цехішілік викториналарда жүзден жүйрік шыққан 380 мұнайшы арнайы сертификаттармен марапатталды.

Бұдан бөлек, ҚБМ Бас директоры Марат Елеусінов компанияның орталық кеңсесінде жұмысшылардың отбасы мүшелерін қабылдады.  2024-2027 жылдарға арналған өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау шараларын жақсарту жөніндегі Жол картасының 14-тармағын орындау аясында жетістігімен көзге түскен мұнайшылардың ата-аналары мен жұбайларына алғыс хат табысталды.

Айта кетейік, Халықаралық еңбек ұйымының шешімімен 2024 жылғы Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің тақырыбы – климаттық өзгерістердің еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына әсері болып бекітілді. Алдағы уақытта  осы тақырып аясында тың жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

ҚАРАЖАНБАСТА 700 КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

«Қоршаған ортаны қорғау және қамқорлық жасау» қағидатын ұстанатын «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары өңірді көгалдандыру мен абаттандыруға ерекше көңіл бөледі. Мұнайшылар жыл сайын көктемгі сенбіліктер кезінде көшет отырғызып, айналаны жасыл желекке айналдырып келеді.

«Таза Қазақстан» экоакциясы аясында қаражанбастықтар жылдағы дәстүрден жаңылмай кен орнын көгалдандыру жұмыстарына ерекше үлес қосты. Өндірістік цехтар мен бөлімшелердің 100-ге жуық жұмысшысы кен орны аумағына барлығы 700 түп терек, айлант және акация көшеттерін отырғызды.

Жұмысшылар көшеттерді отырғызып қана қоймай, оларды үнемі суарып, күтіп-баптауға жауапты. Бұл ҚБМ-ның экологиялық жобалары аясындағы ауқымды және жоспарлы жұмыстың маңызды бөлігі.

ҚБМ ТЕХНИКАЛАРЫНЫҢ ЖАРСУАТТАҒЫ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккен ауыл-аудандардарды қалпына келтіріп, қауіп төніп тұрған елді мекендерде алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жұртшылық жұмыла кіріскен іске «Қаражанбасмұнай» АҚ қос арнайы техника бөліп, жұмысшылар Индер ауданына қарасты Жарсуат ауылында тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп келеді.

Жайық өзеніне жақын орналасқан ауылда бір аптадан бері жасанды бөгет салу және нығайтуға ерекше көңіл бөлінген. Қаражанбастық арнайы техника машинистері жүктелген міндетті абыройлы атқарып, жұмысты сапалы жүргізуге бар білімі мен тәжірибесін салып келеді. Атап айтсақ, эксковатор қазірге дейін топырақпен ұзындығы бір шақырымға жуық, ені 3,5 метр, ал биіктігі 4 метр болатын бөгет салды.  Тиегіш техника аталмыш аумақтағы 7 көлікке құм тиеп, бөгеттің екі жағынан мал және көлік өтетін көпірлер жасауға қолғабыс етіп жүр. Енді салынған бөгеттер айналасына құм толтырылған қапшықтар орналастырылып жатыр.

Көршілес облыста әлі де су тасқыныны болу қаупі бар. Сондықтан алдын алу және сақтық шаралары қатаң бақылауда. Ал қаражанбастық жұмысшылар жағдай оңалғанға дейін атыраулық ағайынға жәрдемдесуді жалғатыра бермек.

ҚАРАЖАНБАС АВТОБУСТАРЫ ҚҰЛСАРЫҒА АТТАНДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) Түпқараған ауданының 77 азаматын Құлсары қаласына тасымалдауға көмек қолын созды. Қазір Жылой ауданында су тасқынының зардабын жою жұмыстары қарқынды.

Түпқарағандықтарды Құлсары қаласына тасымалдау үшін ҚБМ екі жолаушылар автобусын бөлді. Жүргізушілер барлық қауіпсіздік және жол ережелерін қатаң сақтай отырып, аталмыш азаматтарды діттеген жерге аман-есен жеткізуге жауапкершілік алды.

Атырау облысындағы  табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты Түпқараған ауданы мерзімді әскери қызмет атқарған және әскери міндетті болып саналатын азаматтарды оқу-жаттығу жиынына шақырды. Нәтижесінде 77 адам Құлсарыда 17 сәуір мен 1 мамыр аралығында аудан-ауылдарды қалыпқа келтіру жұмыстарына атсалыспақ.

Атап өтейік, Қаражанбас кен орны Түпқараған ауданының аумағында орналасқан. ҚБМ аудандағы атқарушы билікпен үнемі тығыз қарым-қатынаста белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

ҚАРАЖАНБАСТЫҚТАР «КЕМЕЛ АДАМ» БЕСТСЕЛЛЕРІНІҢ АВТОРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қаражанбастың І вахта жұмысшылары философия ғылымдарын зерттеуші, танымал теолог, жазушы, «Кемел Адам» бестселлерінің авторы Қайрат Жолдыбайұлымен кездесті.Жүздесуде эмоциялық интеллект тақырыбы кеңінен талқыланып, қарым-қатынас принциптері туралы мол ақпарат айтылды.  

Күнделікті өмірде адамдар міндетті түрде өзгелермен қарым-қатынас орнатады.  Басқалармен сөйлесіп, пікір алмасу барысында әңгіме бағытына қарай эмоционалдық жай-күй де өзгеретіні заңды. Сәтті диалог құру – оң шешімдер мен ымыраға келу кепілі. Спикер қарым-қатынас кезінде жағымсыз эмоцияны байсалдылықпен басқарып, ақпаратты дұрыс қабылдау мен талдау, негативті позитивке айналдырудың артықшылықтарымен бөлісті. Бұдан бөлек қаражанбастықтарға тұлғалық даму тақырыбы бойынша кейстер ұсынылып, келелі кеңестер берілді.

Ашық диалог форматындағы кездесу соңында мұнайшылар Қайрат Жолдыбайұлына сұрақ қойып, еркін пікір алмасты. Рухани даму бағытындағы жүздесуді орталық аппарат қызметкерлері мен келесі ауысым мұнайшыларына да өткізу жоспарланып отыр.

ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ РУХАНИ КЕШ

Биыл қазақ балалар әдебиетінің бәйтерегі, жазушы Бердібек Соқпақаевтың, ал келер жылы аса көрнекті композитор, күйші, домбырашы–виртуоз Нұрғиса Тілендиевтің туғанына бір ғасыр толады. Осыған орай Қаражанбас кен орнының кітапханасында «Ұрпақ жадында жаңғырар есімдер!» тақырыбында әдеби-музыкалық кеш өтті. Шараға өндірістік цехтардан шығармашылық пен өнерге қызығушылығы жоғары кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.

Кеште ұлтымыздың ұлы тұлғаларының өнегелі өмірі баяндалып, шығармашылығы кеңінен насихатталды.  Мұнайшылар Соқпақбаевтың туындаларына шолу жасап,өміршеңдігі мен терең мағынасына тоқталды. Бұдан соң қара домбыраны серік етіп, Тілендиевтің жолын жалғаған жұмысшылар күмбір күй орындап, әрқайсысының шығу тарихы жайлы тың деректермен бөлісті.

Туындыларымен тұтас қазақтың жүрегіне төте жол тапқан Бердібек Соқпақбаев пен Нұрғиса Тілендиевтің еңбектері ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген.Алдағы уақытта қос дарынның 100 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту жоспарланып отыр

«ЖАСТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК»: ҚБМ мен YU АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ  

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) «Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КЕАҚ-ның (Yessenov University)білімді де қабілетті түлектерін жұмысқа орналастыру үшін жаңа мүмкіндікке жол ашпақ. Елдегі жұмыспен қамту жүйесін жетілдіруге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін білікті кадрлар даярлауға, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өндіріске бейімделуге жәрдемдесу мақсатында ҚБМ мен білім ошағы арасында «Yessenov University түлектерін жұмысқа орналастыру туралы» ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.   Келісім талаптарына сәйкес YU түлектері өндірістік қажеттілік бойынша бос жұмыс орындарының жалпы санының «20%» қағидаты бойынша ҚБМ  аутстаффингіне қабылданады.  Ол үшін түлек аталмыш университетте компанияға қажетті өндірістік мамандықтар бойынша бакалавр немесе магистратураны тәмамдауы қажет. ҮміткерGPA деңгейі 3,67-ден кем емес немесе үздік диплом иесі, ал жасы 18 бен 34 аралығында болуы шарт. Сондай-ақ түлектің олимпиадалар мен түрлі ғылыми жобаларға, байқауларға қатысуы, ғылыми жетекшілердің ұсынысы, тәжірибеге бағытталған оқыту жобасы аясында бұған дейін Қаражанбас кен орнында тәжірибеден өтіп, өндірістегі жетекшілердің оң бағасын алғанына басымдық беріледі.   «Біз облысымыздағы маңдайалды білім ордасымен тығыз әріптестік байланысымызды жаңа бағытта дамытпақпыз. Заманауи, креативті, алғыр да талапты жас мамандардың өлке өндірісін дамытуға тың серпін беріп, компаниямызды дамытуға сүбелі үлес қосатынына сеніміміз мол. Қос тараптың бірлескен жобасы талай жасты өз ісінің шебері етіп шыңдауға жола ашады деген үміттеміз »,- деді ҚБМ Бас директоры М. Елеусінов.   Үміткерлер ҚР еңбек заңнамасына сәйкес үш айлық сынақ мерзімінен кейін ҚБМ аутстаффингіне қабылданады. Осылайша YUтүлектері Қаражанбас кен орнында вахталық әдіспен жұмыс істеп, қара алтын игеру процесіне араласады.   Айта кетейік, ҚБМ бірнеше жылдан бері жастардың өз қабілеттерін паш етуге мол мүмкіндік беріп келеді. Осы күнге дейін тәжірибеге бағытталған оқыту жобасы аясында жүзге жуық YU және колледжі студенті теориялық білімін тәжірибеде қолданып үлгерді.

ҚОС ТЕХНИКА БӨГЕТ САЛУ ЖҰМЫСЫНА КІРІСТІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) арнайы техникалары су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысына жетті. Қазу, тиеу және күреу жұмыстарына арналған қос техника әлі де қауіп төніп тұрған Индер ауданына қарасты Жарсуат, Құрылыс ауылдарына бөгет салуды бастап кетті.

3000-нан аса тұрғыны бар ауылдар Жайық өзеніне жақын орналасқан. Өзен суы арнасынан асқан жағдайда аталмыш елді мекендерді су басу қаупі жоғары. ҚБМ техникасын тізгіндеген жұмысшылар алдымен топырақты күреу арқылы бөгеттің негізін салады. Кейін оның айналасына топырақпен толтырылған қапшықтар орналастырылады.

Топан суды жібермеу үшін жасалып жатқан алдын алу шаралары Атырау облысының өзге де аудандары мен қаласында қарқынды жүргізіліп жатыр. Қаражанбастықтар көршілес облысқа мүмкіндігінше жәрдемдесіп келеді.

ОРТАЛЫҚ КЕҢСЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ

«Қаражанбасмұнай» АҚ орталық аппарат қызметкерлері шағын футболдан жолдастық кездесу өткізді. Салауатты өмір салтын ұстанып, ұжымдық бірлікті нығайтуға арналған аяқдоп бәсекесінде 5 команда бақ сынады. Басқарма аппараты, өндірістік, қаржы, коммерциялық, кадр және әлеуметтік блоктарға қарасты департаменттердің абыройын арқалаған қызметкерлер өз командаларының намысын қорғау жолында ерекше ойын өрнегін көрсетті.
 
Тартысты бәсеке олимпиадалық жүйе бойынша өтті. Жеребе нәтижесіне сәйкес, алдымен «Өндірістік блок» және «Қаржы-экономикалық блок» командалары кездесті. Өндірісті автоматтандыру бөлімінің жетекші инженері Мұхтар Құрашев қақпаға допты тура бағыттап, алғашқы гол авторы атанды. Ойыншылардың мықты соққылары мен сәтті пастары командаларды жеңіске жақындата түсті. Әріптестер арасындағы өзара түсіністік пен футзал техникасын тиімді ұстану нәтижесі жанкүйерлер қолдауымен жарасым тапты.
 
«Бүгінгі ойын біз үшін өте ерекше, әсерлі болды. Әріптестер жұмыстағы қабілетінен бөлек, спортқа бейімділігін, физикалық мықтылығын паш етті. Ең бастысы – ұйымшылдық. Бәріміз жұдырық боп жұмылсақ кез келген бәсекелестен мықты екенімізді түсіндік»,- деді ойыншылар.
 
Жолдастық кездесу қорытындысы бойынша жаңа техника және технология қызметінің жетекшісі Нұралы Гулджумаров «Үздік қорғаушы», заң департаментінің аға заңгері Дәулет Мұратбаев «Үздік қақпашы», ал Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Тао Е «Үздік ойыншы» аталымына лайық деп танылды. Командалар арасынан «Басқарма аппараты» жігіттері ІІІ орын алса, «Коммерциялық блок» командасы ІІ орынға тұрақтады. Шашасына шаң жұқтырмаған «Өндірістік блок» командасы жарыс жеңімпазы атанды. Жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтары берілді. Ал чемпион командаға ауыспалы кубок табыс етілді.

ГЕОЛОГ МАМАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

 «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) геология және игеру департаментінің бірқатар қызметкері геологтардың кәсіби мерекесіне орай марапатқа ие болды. Компанияның Бас директоры Марат Елеусінов ел экономикасы мен мұнай-газ саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген қаражанбастықтарды құттықтап, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және ҚБМ-ның құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыс етті.

«Геологтар — мұнай өндірісінде өзіндік орны бар мәртебелі мамандық иелері. Кен орны мен орталық кеңседегі әріптестердің бірлескен еңбегі арқасында Қаражанбас жыл сайын қарыштап дамып келеді. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Жоспарлы істер сәтті орындалып, алған асуымыздан алар асуымыз көп болсын!»,- деді ҚБМ Басқармасы.

Мерекеде сала ардагері де назардан тыс қалмады. ҚБМ басшылығы компанияда 40 жылға жуық уақыт еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан Ажар Качаеваға құрмет көрсетті. Зейнеткер ізбасарлар ілтипатына риза болып, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ол ҚБМ жаңалықтарын үнемі бақылап, жетістіктерге қуанып отыратынын жеткізді.

Кен орнында және орталық кеңседе қызмет ететін мақтаулы мамандық иелерінің алдағы жоспары ауқымды. Жерасты байлықтарын жетік меңгерген олар көздеген мақсатқа жету үшін бірлесе еңбек етуге әрқашан дайын.

ҚАРАЖАНБАС КӘСІПОДАҚТАРЫ АТЫРАУ ХАЛҚЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

Қаражанбастың қос кәсіподағы Атырау облысынан эвакуацияланған тұрғындарға үздіксіз көмектесіп келеді. Өткен аптадан бері Маңғыстау облысының ауылдары мен Ақтауға Жылой ауданының халқы жаппай тасымалданып жатыр. «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ және «Бірлік» кәсіподағы мүшелері су тасқынынан зардап шеккендерге жәрдемдесуге белсенді атсалысып жүр.

Мұнайшы-волонтерлер көршілес өңір тұрғындарын қарсы алып, белгіленген пункттерге орналастыруға көмектесті. Бұдан соң жұмысшылар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, гуманитарлық көмек жинауға ерекше үлес қосты. Көрпе-төсек, киім-кешек,  гигиеналық тауарлар мен азық-түлік… Ұйымшыл ұжым мұның бәрін лезде жинап, қажетті заттарды орталық штабқа жеткізуге қолғабыс жасап жүр. Сондай-ақ жақсылыққа жаны құштар қаражанбастықтар эвакуацияланған халыққа түскі және кешкі ас ұйымдастырып, ақ дастархан жайды.

«Апат айтып келмейтіндіктен, Атырау облысының тұрғындары абдырап қалғаны рас. Олар ауылдарындағы үй-жайларын ойлап, көңілдері жабырқаулы. Дегенмен біз оларды ең қажетті заттармен қамтамасыз етіп, көңілдерін аулап, барынша қолдау көрсетуге тырысып келеміз. Бұл әрбір адамның азаматтық борышы деп білеміз»,— деді кәсіподақ мүшелері.

Су тасқыны болған облыстардағы жағдай қашан тұрақталатыны әзірге белгісіз. Дегенмен кең жүректі Маңғыстау халқы мен өлке өндірісін өркендетіп жүрген мұнайшылар атыраулық ағайынмен бірге болып, қолдан келер көмегін аямақ емес.