Қаражанбастың ІІ вахта жұмысшылары арасында «Үздік маман-2024» кәсіби шеберлік байқауының алғашқы кезеңі басталды. Жарысқа қатысуға өтініш білдірген 200-ге жуық үміткер 22 аталым бойынша тест тапсырып, теориялық білімінтексеруге кірісті.
Өз ісінің шебері атануға ниетті қаражанбастықтар сайысқа сақадай сай келген.Олардың арасында алғаш рет бақ сынап жатқан жұмысшылар мен тіс қаққан тәжірибелі қызметкерлер де бар. Бекітілген ережеге сәйкес әр жұмысшыға өз мамандығына және қауіпсіздік техникасына қатысты барлығы 20 сұрақ беріледі. Мұнайшылар 20 минут ішінде уақытты тиімді пайдалана отырып, мүмкіндігінше көп ұпай жинауы қажет.
«Кәсіби шеберлік байқауы біздің маман ретінде дамуымызға оң септігін тигізеді. Жарыса жүріп тәжірибе алмасамыз, біліктілігімізді арттырамыз, теорияны тәжірибеде әдістерін пысықтаймыз. Әріптестерге сәттілік!»,- деді қатысушылар.
Тестілеу толық аяқталған соң комиссия екі ауысым жұмысшыларының ұпай санын сараптап, ортақ қорытынды шығарады. Үздік нәтиже көрсеткендер келесі кезеңде тәжірибе тапсырмаларын орындайды. Айта кетейік, мұндай байқаулар қызметкерлердің кәсіби шеберлігіншыңдайтын маңызды шаралардың бірі.
ЕЛГЕ КӨМЕК – АЗАМАТТЫҚ МІНДЕТ!
Көршілес облыстағы су тасқыны кезінде эвакуациялық пункттерде қызмет еткен «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшысы марапатқа ие болды. Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев Атырау облысының тұрғындарын Маңғыстауға эвакуациялап, гуманитарлық көмек көрсетуге белсенді атсалысқан азаматтарды қабылдады. Олардың қатарында өндірісті автоматтандыру цехының слесарі Айдос Оңғарбаев та бар.
Ел басына күн туған шақта күш біріктірген волонтерлер атыраулық ағайынды бірнеше пунктке орналастырды. Сондай-ақ олар уақытпен санаспай, халықтан жиналған гуманитарлық көмекті үлестіріп, уақытылы жеткізуге жәрдемдесті. Айдос та әріптестерімен бірге игі істің басынан табылып, вахтааралық демалысын жақсылық жасауға арнады. Шаһар басшысы жиырмаға жуық азаматқа риясыз рақмет айтып, облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті.
«Қиын-қыстау кезде әр шағын ауданның азаматтары ерлік пен ұйымшылдық көрсетті. Гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз етуге, эвакуацияланған азаматтарға қолайлы жағдай жасауға атсалысты. Қазірде елдің бірлігі мен тұтастығы жолында еңбек етіп келесіздер. Сіздерге облыс әкімінің және өз атымнан алғысымды айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», — деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Айта кетейік, ҚБМ су тасқынынан зардап шеккен және қауіп төніп тұрған Атырау облысынаарнайы техникалар мен жұмысшылар жіберді. Мұнайшылар екі айға жуық уақыт бойы аудан-ауылдарға бөгет салып, үздіксіз жұмыс істеді.
ҚАРАЖАНБАС ҚАРТТАРДЫ ҚУАНЫШҚА БӨЛЕДІ
Қаражанбас кен орнында алғашқы мұнай бұрқағының атқылауына 50 жыл толуына орай мерейтой іс-шаралары қайырымдылық акциясымен жалғасты. «Қаражанбасмұнай» АҚ облыстағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының материалдық техникалық-базасын жаңарту үшін қажетті жабдықтар сыйға тартты.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мақұлдауымен ҚБМ басшылығы аталмыш орталықтағы қызмет алушылардың денсаулығына, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін нығайтуға арналған жабдықтар табыс етті. Орталық басшылығы мен қамкөңіл қариялар емдік дене шынықтыру кабинетіне арналған тренажерлар мен спорт құралдарын, еңбек терапиясы үшін тігін машинасы мен түрлі саймандарды, тұрмыстық техникалар мен жиһаздарды қуанышпен қабыл алды.
«Компаниямыздың 50 жылдығына арналған шаралардың осындай демеушілік көмектен, сауапты істен басталғаны біз үшін де зор қуаныш. Қазақта «Ашыққанға балық берме, қармақ бер» деген керемет сөз бар. Біз әкелген жабдықтар кәделеріңізге жарап, денсаулықты нығайтып, оң нәтиже көрсетсеңіздер, біздің міндетіміздің орындалғаны. Бәріңізге зор денсаулық тілейміз!»,- деді әлеуметтік саясат департаменті директорының орынбасары М.Себасов.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 100-ге тарта қызмет алушы бар. Мұнда ең алдымен олардың денсаулығын жақсарту үшін медициналық қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, ата-әжелердің бос уақытын тиімді пайдаланып, көңілін аулау үшін түрлі терапия жүргізетін арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Ескірген жабдықтардың жаңарып, жоғының түгенделгеніне орталық әкімшілігі де дән риза.
«Қаражанбас мұнайшылары бізге үнемі келіп, қарттарымыздың қал-жағдайын сұрап, көмектерін аямайды. Бұл жолы да демеушілік көмек көрсетіп, осыншама құралдарды, қажетті заттарымызды әкеліп, қуанышымызды еселеді. Компанияңыздың мерейтойы құтты, еңбектеріңіз табысты болсын!»,— деді орталық директорының м.а. Ы.Құлатай.
Қаражанбастағы алғашқы мұнай фонтанының жарты ғасырлық мерейтойы компания үшін маңызды мереке. Сондықтан алдағы уақытта көптеген мәдени, спорттық, қайырымдылық іс-шаралары кестеге сай жалғасын табады.
«Қаражанбасмұнай» АҚ акционерлері үшін ақпараттық хабарлама
«Қаражанбасмұнай» АҚ («Қоғам») ҚР «Акционерлік қоғамдар» туралы заңы 24 бабының талаптарын орындау мақсатында, Қоғам қызметінің 2021 жылғы қорытындысы бойынша таза кірістен Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлеу туралы хабарлайды.
1.«Қаражанбасмұнай» Акционерлiк Қоғамы
Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, индекс 130000, Актау қаласы, 9Аш\а, 4 ғимарат «Елес» БО
Қоғамның банк деректемелері:
БИН 950 540 000 524
АО «Банк Китая в Казахстане» Алматы қаласы
BIC: BKCHKZKA, IBAN: KZ969130012462212USD
- дивиденд төленетін кезең –2021 жыл үшін;
- бір артықшылықты акцияға шаққандағы дивиденд мөлшері – бір артықшылықты акция үшін 2 600 (екі мың алты жүз) теңге (оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төленуге тиісті салық сомасы да бар).
- дивидендті төлеуді бастау күні – 14 маусым 2024 ж.
- дивидендті төлеу тәртібі мен нысаны
Дивидендтерді алуға құқылы акционерлердің тізімі бекітілетін күн – 2024 жылдың 13 маусымы 00 сағат 00 минуты;
Дивидендті төлеу тәсілі – Қоғамның нұсқауы бойынша Қоғам тіркеушісі — «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ жасақтаған дивидендтерді алуға құқылы акционерлердің тізімі бойынша акционерлердің банк шоттарына аударымдар жасау арқылы белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
Төлемдерді алу мақсатында, барлық акционерлер Акцияларды тіркеуші «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ-ның бағалы қағаздарды ұстаушылартізілімдерінің жүйесінде өздерінің жаңартылған деректемелерінің толық берілгендігіне көз жеткізулері тиіс.
«Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ-ның мекен-жайы: 050040, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Сатпаев к., 30/8 үйі, 163 тұрғын емес үй-жай.
Call-орталық: +7 (727) 262 08 46.
«ҮЗДІК МАМАН — 2024» БАЙҚАУЫНЫҢАЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ
«Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) жұмысшылардың білімі мен тәжірибесін сынға салып, ең мықтыларды анықтайтын «Үздік маман-2024» кәсіби шеберлік байқауы басталды. Сайыс мұнайшылардың тәжірибе алмасып, шеберлігін арттыратын және еңбек ұжымын үздік нәтижелерге жетуге ынталандыратын бірегей жоба. Байқаудың ашылу салтанатында Өндірістік Басқарма (ӨБ) басшылығы І вахта мұнайшыларын сайыстың басталуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Үздік маман – бұл нағыз мықтылардың тартысы. Жыл сайын ішкі іріктеуде үздік атанғандар өзге мұнай компанияларының мықтыларымен жарысып, жарқын жетістіктерге жетіп жүр. Биыл да сайыс бәсекеге толы болатынына сенімдіміз. Тәлімгерлер үмітін ақтап, шын мықтылар жеңіске жетуіне тілектеспіз!»,- деді ӨБ директоры Ғ.Сәдуақасов.
Биыл байқауға екі ауысым бойынша жалпы саны 400-ге жуық қаражанбастық қатысуға өтініш білдірген. Олар 22 аталым бойынша алдымен теориялық тест тапсырып, кейін практикалық тапсырма кезінде шеберлігін паш етеді. І вахта жұмысшылары өз мамандығына және өндірістік, экологиялық қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша тест тапсырмаларына кірісті. Ереже бойынша бір қатысушыға 20 минут беріледі. Осы уақыт ішінде үміткер 20 сұраққа жауап беруі тиіс. Ұпай саны неғұрлым көп болса, соғұрлым жеңіске жету мүмкіндігі жоғары.
«Сайыс болған соң ең алдымен қобалжу сезімі басым болады. Ал сұрақтар өз жұмысымызға қатысты болғандықтан аса қиын емес. Ең бастысы эмоцияға ерік бермей, білетін нәрсені тез әрі дұрыс белгілеу қажет. Жақсы нәтижеге жететініме сенемін. Әріптестеріме сәттілік тілеймін!»,- дейді №3 мұнай өндіру цехының операторы Рахат Бекесов.
«Үздік маманның» теория кезеңі ІІ вахта жұмысшыларына да өткізіледі. Бұдан соң ортақ нәтиже шығарылып, жүзден жүйрік шыққандар тәжірибе кезеңіне жолдама алады.
БжҰЖКЖБ ТЕХНИГІ ОЛЬГА ДМИТРИЕВА ҚЫЗМЕТ БЕЛЕСІНІҢ БИІГІНДЕ
Мұнайлы өлкенің қара алтын өндірісін өркендету жолында ерлермен иық теңестіре еңбек етіп жүрген мұнайшы қыздар құрметке лайық. Ел ырысын арттыруды мақсат еткен нәзік жандылардың өнегелі еңбек жолы Қаражанбас тарихында таңбаланған. Солардың қатарында кен орнына ұзақ жыл еңбегі сіңген, бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу бөлімінің (БжҰЖКЖБ) технигі Ольга Дмитриева да бар.
Ол ғұмырының 20 жылын Бозашы даласында өткерген адал жұмысшы. Алғашында кен орныныңөрт сөндіру бөлімінде еңбек етіп, кейін жұмысынБжҰЖКЖБ-де жалғастырды. Ольга аталмыш бөлімде ұңғымаларға жерүсті және жерасты жөндеу жүргізуге қажетті жабдықтарды күн сайынесептеп, құжаттарды сауатты рәсімдеумен айналысты. Кейіпкеріміз өзіне жүктелген міндет пен тапсырылған істі тиянақты орындау арқылы ұжымға сыйлы, жастарға үлгі бола білді.
Абыройлы еңбектің шыңы – берекелі зейнет. БжҰЖКЖБ ұжымы Ольга Дмитриеваны құрметті демалысқа шығуымен құттықтап, компанияны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Қызмет белесінің биігіне көтерілген білікті техник үшін енді өмірдің жаңа да маңызды кезеңі басталды
ҚАРАЖАНБАС ИНЖЕНЕРІ – «ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ»
«Қаражанбасмұнай» АҚ қоршаған ортаны қорғау қызметінің инженері Нұрзила Әбішева «Экология саласының үздігі» атанды. Марапат иесіне ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің төсбелгісін Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев арнайы тапсырды.
Нұрзила Әбішова компанияда 37 жылдан бері табысты еңбек етіп келеді. Қызметін ұңғымаларды ғылыми зеттеу және өндірістік жұмыстар цехының технигі болып бастаған ол, кейін қызметін қоршаған ортаны қорғау бағытында инженер, жетекші инженер, бөлім басшысы болып жалғастырды. Кен орны мен орталық кеңсенің жұмысын бес саусағындай білетін тәжірибелі маман Қаражанбастың экология саласына сүбелі үлес қосқан қызметкердің бірі.
«Қоршаған ортаны қорғау тек қызмет емес,өмір салтыма айналды. Ұзақ жылғы еңбегімізді ескеріп, құрметке бөлеген басшылыққа алғысым шексіз. Компаниямыз қарыштап дами берсін! Әріптестерімді Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау және эколог күнімен шын жүректен құттықтаймын!»,- деді Н.Әбішева.
АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫ – ҚБМ МАҚТАНЫШЫ!
«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы кір тасын көтеруден үш дүркін Азия чемпионы атанған қос мұнайшыны қабылдады. Бас директор Марат Елеусінов Тайвань елінде Қазақстанның намысын қорғап, компания абыройын асқақтатқан №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев пен технологиялық көлік департаментінің тиегіш көлік жүргізушісі Айдын Ахметовты құттықтады.
«Қаражанбас еңбек ұжымында осындай чемпиондардың болуы біқ үшін зор мақтаныш. Байрақты бәсекедегі жарқын жеңістеріңіз арқылы сіздер мұнайшылардың тек өндірісте емес, басқа да салада қабілетті әрі мықты екенін дәлелдедіңіздер. Сенім артқан әріптестер мен бүкіл елдің үміті ақталды. Жетістіктеріңіз көп болсын!»,— деді Бас директор.
Кір тасын ұршықша иіретін чемпиондар талай жылдан бері облыстық, республикалық жарыстарда шашасына шаң жұқтырмай, Азия және Әлем чемпионаттарында топ жарып жүр. Бұл жолы олар Азия құрлығынан жиналған 400-ден астам спортшы ішінен оза шауып, жетістігін жаңартты. Нартай ерлер және ардагерлер арасындағы тартыста қос алтын қанжығаласа, Айдын қоржынға бір алтын, бір күміс медаль салды.
«Жарыстың ауқымы кең болған сайын, мықты спортшылар көп кездеседі. Дегенмен бойымызда қазақтың асқақ рухы мен тулаған қаны барда намысты қолдан бермеуге барымызды салдық. Бізге тілеулес болған әрбір жанкүйерге, басшылық пен әріптестерге мың алғыс! Сіздердің қолдауларыңызды ерекше сезіндік»,- деді чемпиондар.
Жеңіс жолы – физикалық және моральдық тұрғыда үздіксіз дайындықты талап етеді. Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бір-біріне қарсы ауысымда жұмыс істесе де, бұл ортақ мақсатқа жетуге кедергі еместігін айтады. Енді олар Әлем чемпионатына үшінші рет қатысып, мықтылығын тұтас жер жүзіне тағы бір паш етуді жоспарлап отыр.
ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ – ДОСТЫҚ КӨПІРІ
«Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымы салауатты өмір салтын сақтай отырып, әріптестік қарым-қатынасты арттыруға ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта орталық кеңсе қызметкерлері жұмыстан тыс уақытты тиімді пайдаланып, волейболдан жолдастық кездесу өткізді. Сайысқа бірнеше департаменттен құралған командалар мықты дайындықпен келіп, өз блоктарының намысын қорғауға барын салды.
Алғашқы кездесу кадр және әлеуметтік блок пен қаржы блогы командалары арасында өтті. Тартысты бәсекені өзге ұжымдардың жарқын ойындары жалғады. Жұмысшылардың бойындағы жігер мен қарсылас командаға бағытталған соққылардан жеңіске деген құштарлық анық байқалды. Осылайша әріптестер қызметтегі кәсібилігінен бөлек, спортқа қабілеті мен шеберлігін паш етті.
Төрешілер шешімі бойынша ерекше ойынымен көзге түскен материалдық-техникалық жабдықтау департаментінің инженері Нұрсәуле Асқарова «Үздік қорғаушы», күрделі құрылыс департаментінің аға жобалаушысы Жанар Қаржаубаева «Үздік ойыншы», ал құқықтық қамтамасыз ету департаментінің аға заңгері Динара Разуанова «Үздік шабуылшы» атанды. Командалар бойынша Басқарма аппараты ІІІ орынды қанағат тұтса, коммерциялық блок командасына ІІ орын бұйырды. Ұпай санымен басым түскен өндірістік блок командасы жолдастық кездесу жеңімпазы атанды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға дипломдар мен кубок табыс етілді.
МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫ СУРЕТ САЛУДАН САЙЫСҚА ТҮСТІ
«Қаражанбасмұнай» АҚ-да Халықаралық балаларды қорғау және Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне орай жұмысшылардың балалары арасында «Табиғатты бірге қорғайық!» тақырыбында сурет салу сайысы өтті. Жарысқа 7 мен 14 жас аралығындағы 60-қа тарта баланың жұмысы қабылданды.
Мұнайшылардың қылқаламға қызығушылығы бар ұл-қыздары табиғатты аялау тақырыбындағы көзқарасын майлы бояу арқылы қағаз бетіне түсірді. Арнайы комиссия мүшелері картиналарды екі жас көрсеткіші бойынша бағалады. Сайыс ережесіне сай суреттердің идеясы мен бейнелеу техникасына, сондай-ақ ғаламтордан көшірілмегеніне баса назар аударылды.
«Сайысқа қатысушылар экологиялық мәселелердікартиналарында шебер суреттеген. Әрқайсысы кәсіби суретшілердің туындыларынан кем түспейді. Осындай білім көкжиегі кең, шығармашылық қабілеті жоғары балалардың болашағы жарқын екеніне сенімдіміз»,- деді Бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ренат Қаражанов.
Іріктелген суреттер арасынан 7-10 жас аралығында Аружан Ермағамбет ІІІ орын, Мариям Нұрланқызы ІІ орын, Сезім Алымжан І орын иеленді. Ал 10-14 жас көрсеткіші бойынша Гүлсезім Әбдіқажы үздік үштікті түйіндесе,Фатима Мұрат екінші сатыға тұрақтады. Ал Айнара Аман бейнелеген картина І орынға лайық деп танылды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлық сертификаттары табыс етілді.
ЖАСЫЛ АЛАҢДАҒЫ ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ
«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары арасындағы шағын футболдан жолдастық кездесу жалғасын тапты. Бұл жолы орталық аппарат пен өндірістік басқарма командалары кен орнындағы жасыл алаңда жүздесті. Әріптестік қарым-қатынас пен корпоративтік рухты нығайту мақсатында ұйымдастырылған спорт жарысы жанкүйерлерге жарқын эмоциялар мен әсерлі сәттер сыйлады.
Шағын футбол қаражанбастықтардың сүйікті спорты саналады. Сондықтан басшылық құрамнан бастап қатардағы қызметкерге дейін матчқа тыңғылықты дайындалып, үздік ойын көрсетуге тырысты. Геология және игеру департаментінің жетекші инженері Болат Хыдырмағанбетов допты қақпаға дөп бағыттап, жолдастық кездесу есебін ашты. Ойыншылар шапшаңдығы мен өзара түсіністігі арқасында соғылған әрбір гол командаларды жеңіске бір қадам жақындата түсті.
Қорытындыға сәйкес, орталық аппарат жігіттері 7:3 есебімен кен орны жұмысшыларынан басым түсті. Сондай-ақ ұңғымаларды ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының операторы Талғат Көшербаев «Үздік қақпашы», Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Тао Е «Үздік ойыншы», ал құқықтық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Бейбіт Үсенғалиев «Үздік қорғаушы» аталымына лайық деп танылды. Ерекше ойынымен дараланған жұмысшыарға дипломдар мен жеңімпаз командаға ауыпалы кубок табыс етілді. Ұжым бірлігін арттыруға бағытталған түрлі шаралар жыл он екі ай жалғасын табады.
ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – АЗАМАТТЫҚ МІНДЕТ!
5 маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен экологтардың кәсіби мерекесіне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) қоршаған ортаны қорғау қызметі мамандарына құрмет көрсетілді. Бас директор Марат Елеусінов компаниядағы экологиялық саясат пен мұнайшылардың қоршаған ортаны қорғау мәдениетін дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген қызметкерлерді мерекемен құттықтап, олардың адал еңбегі мен жоғары кәсібилігін атап өтті.
Қаражанбаста орталық кеңсе мен кен орнын қоса алғанда 18 инженер-эколог еңбек етеді.Олардың жүйелі жұмысы арқасында компанияда жыл сайын түрлі акциялар мен жобалар ұйымдастырылып, оң нәтиже көрсетіп келеді. Нақтырақ айтсақ, кен орнында осыдан 4 жыл бұрын басталған тарихи мұнаймен ластанған орындарды жою және қалпына келтіру жұмыстары жоспарға сай жалғасып келеді. Қазір жерүсті мұнай қалдықтары сақталған үш қойма және Каспий теңізі жағалауында орналасқан қойма толық жойылып, қалпына келтірілді. Сонымен қатар, өндірістік процестен пайда болатын барлық қалдықтар мен лас суды заң талаптарына сайсұрыптау, тазарту, қайта өңдеу немесе жою жұмыстары қарқынды.
«Айналаға ұқыппен қарап, жер-анамызға жанашырлық таныту азаматтық міндетіміз саналады. Біз ҚБМ-ның экологиялық шараларын жүзеге асыра отырып, әр жобаның нәтижелі болуына бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Еңбегімізді елеп, арнайы құттықтаған басшылыққа алғысымыз шексіз!»,- деді марапат иелері.
Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану – ҚБМ-ның негізгі басымдықтарының бірі. Сондықтан біздің экологтар тоқсан сайын кен орында экологиялық бақылау жүргізіп, өндірістік нысандардағы қоршаған ортаның жағдайын жақсарту мен осы бағыттағы тәуекелдерді азайту жолындағы жоспарлы жұмыстарды жандандыра түспек.