«ЕМБІМҰНАЙГАЗ» ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚАРАЖАНБАСТА

Өндірістің ең басты ережесі – қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау. Сондай-ақ еңбекті және қоршаған ортаны қорғау шараларын нығайту күн тәртібіндегі маңызды мәселе.  Бұл бағытта «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да 2024 – 2027 жылдарға арналған жол картасы жұмыс істейді. Аталмыш жобаның іс-шаралар жоспарын орындап, еншілес және тәуелді ұйым мамандарын кәсіби шыңдау мақсатында «ЕмбіМұнайГаз» АҚ-ның қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметкерлері Қаражанбас кен орнына тәжірибе алмасуға келді.

Делегация алдымен «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның бу өндіру цехына барып, жұмыс барысымен танысты. Олар қаражанбастықтардың өндіріс алаңында қауіпсіздік ережелерін ұстануына, арнайы киімдер мен құрал саймандарды пайдалану тәртібін сақтауына назар аударды. Бұдан соң күні-түні үздіксіз жұмыс жүретін ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадаларын бақылап, сынақ режимінде жұмыс істеп тұрған қабат суын тұшыту зауытында болды. Сапар соңында қос тарап өз салалары бойынша бірқатар тақырыптарды талқылап, пікір алмасты.

Еңбек қауіпсіздігі қай компанияда болмасын басты қағидаттардың бірі саналады. Қаражанбастағы маңызды цехтар мен нысандардың жұмысымен танысқан Ембі қызметкерлері әріптестерімен тәжірибе алмасып қана қоймай, атқарып жатқан істер мен жобаларға оң баға берді.

ҚАРАЖАНБАС ЖҰМЫСШЫЛАРЫ МҰНАЙ ДА ӨНДІРЕДІ, БАУ-БАҚША ДА ӨСІРЕДІ

«Қаражанбамұнай» АҚ жұмысшылары бірнеше жыл қатарынан кен орнында түрлі жемістер өсіріп, өздері еккен көкөністер мен жемістерден дәм татып жүр. Қоршаған ортаға ұқыппен қарауды басты назарда ұстайтын мұнайшылар жұмыстан тыс уақытта цехтар мен жатақханалар маңын жасыл желекке айналдырған.   

Технологиялық көлік департаменті №2 өндірістік басқармасының жұмысшылары тұратын №4 жатақханаға қарасты 7 блоктың ауласын нағыз «Үлгілі аула» деп атауға болады. Машинист Орынбасар Алтыназаров ұйымшыл әріптесімен бірге көктемде ауланы абаттандырып, әрлеу жұмыстарын жүргізді. Одан соң түрлі гүлдер отырғызып, қызанақ, қияр, баялды, қарбыз, қауын сияқты көкөністер мен жеміс ағаштарын еккен. Әріптестердің игі ісін келесі вахтаның арнайы техника жүргізушілері де қолдап, егінді арамшөптен тазартып, уақытылы суарып отырды. Жігіттер бірлескен бастамадан оң нәтиже көргеніне бек қуанышты.

«Қаражанбас біздің берекелі еңбек ордамыз десек, жатақхана өміріміздің жартысы өтетін ыстық ұямыз. Мұнда біз бір үйдің баласындай нағыз бауырға айналдық. Өндірісте жұмыстың жеңілі жоқ. Кейде шаршап тұрсақ та, жасыл желекке күтім жасауды әдетке айналдырдық. Есік алдына шықсақ әдемі көрініс көңілімізді көтеріп, сол арқылы жұмысқа құлшыныс артады»,- дейді жұмысшылар.

Қазыналы мекенде тек мұнай өндіріп қана қоймай, өсірген бау-бақшадан жеміс алуға болатынын қаражанбастықтар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Мысалы ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының қызметкерлері бірнеше жыл қатарынан көкөніс түрлері мен алма, алмұрт, жүзім, шие және өрік ағаштарын отырғызып, күтім жасап келеді. Осылайша цех ұжымы жаз бен күз айларында ортақ еңбектің жемісін жейді. Көңіл қуантарлығы, Қаражанбас кен орнында мұндай мысалдар жеткілікті. Еңбек адамдары өндірістегі жетістіктерімен қатар осындай бастамалары арқылы да көпке үлгі десек артық емес.

ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙЫ — БИТУМ

Қаражанбаста мұнай көзі ашылғанда сарапшылар өнімнің құрамы ерекше қою екеніне назар аударып, мұнайдан битумды қалай бөліп алуға болатыны жайлы көп ойланды. Бұл кезеңде Қаражанбас мұнайы Маңғыстаудың өзге кен орнындарының сұйық мұнайымен араластырылып, құбыр арқылы өңдеу зауыттарына жіберілетін еді.

1987 жылы күзде Самараға құбырмен жөнелтілген мұнай жолда Жетібай, Өзеннің мұнайымен қоса айдалып, зауыттағы талдау нәтижесі бойынша самаралықтар мұнай сапасыз деген қорытынды шығарды. Бұдан соң мұнай министрлігі өнімнің 20-30%-ын ғана құбыр арқылы өткізіп, қалғанын танкермен Бакудегі өңдеу зауытына тасуға шешім шығарды. Сөйтіп, 1988 жылдан бастап мұнай сонда жол тартты. Қаражанбастың қою мұнайы оларға «оңай шағыла қояр жаңғақ» болмады. Сөйтіп, Баку зауыты бас-аяғы 8 айда  істен шықты.

Сол кездегі Маңғыстау мұнай–газ бірлестігі бастығы Нұрлыхан Бекбосынов Маңғыстауда мұнай өңдеу зауытын салу мəселесін көтерді. Идея авторы жаңа зауытты Ақтауға жақын жерден салуды жəне ол тек Қаражанбас мұнайын өңдеуі тиіс деген ұсыныс білдірді.

 Біраз жылды артқа тастап, 2013 жылдың 20 желтоқсан күні Ақтауда «CASPI BITUM» зауыты ресми түрде іске қосылды. Зауыт 8 айдан кейін мұнай өңдеу және өнім сапасы бойынша жобалық көрсеткішке жетті. Ал «Қаражанбасмұнай» АҚ 2016 жылдың наурызынан бастап қазірге дейін зауытқа мұнай шикізатын жеткізуші жалғыз мекеме. Қаражанбас кен орнынан шикі мұнай зауытқа түседі, қайта өңдеу кезінде өнімнің екі түрі – тазартылған мұнай мен битум алынады. Тазартылған мұнай құбыр арқылы экспортқа, ал битум ішкі нарыққа тасымалданады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қаражанбас кен орнынан ішкі нарық – «CASPI BITUM» БК» ЖШС-не мұнай жеткізу 853 000 тонна, жол битумын өндіру және жөнелту көлемі 357 000 тоннаны құрады. Компанияның Қазақстан нарығындағы битум үлесі — 38%.

ЕЛ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТУ — ОРТАҚ МІНДЕТ!

 «Қаражанбасмұнай» АҚ — жастық шақтың жалынды жылдарын өндіріске арнап, өз ісінің шеберіне айналған тәжірибелі мамандар ұстаханасы. Мұндағы мұнайшылар қызметте де, достықта да адалдық туын биік ұстап, ел үшін еңбек етуді ортақ мақсат етіп белгілеген.

№3 мұнай өндіру цехының операторлары Досат Сейбағытов пен Қайрақ Жарылғас оқу ордасында жүргеннен бастап қара алтын игеру саласының кәсіби маманы болуды көздеген. Осыдан 20 жыл бұрын Бозашы даласында еңбек жолын бастаған қос жас маман бүгінде өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен, ұжымдастары үлгі тұтатын мұнайшылардың бірі.

Мұнай өндіру операторлары күні бүгінге дейін 30-топтық өлшеу қондырғысы аумағында бірге жұмыс істейді.  Олар ұңғымаларға шолу жасап, өндіріс көлемінің орындалуын, сорап қысымын және жабдықтардың жұмысын бақылайды. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен  орындайтын әріптес-достар маңызды цех жұмысын жүйелендіріп, еліміздің экономикасын алға сүйреуге тамшыдай үлес қосып келеді.

«Біз мәртебелі мамандық – мұнайшы қызметін таңдағанымызға өте ризамыз. Еңбегімізді елімізге арнап, жерасты байлығын игеру жолында жұмыс істеу – асқақ абырой. Жас кезімізден көздеген мақсатымызға бірге қадам басып, белестерді бағындырып келеміз. Достығымыздың беріктігін сақтап, құрметті демалысқа дейін Маңғыстау мұнайын өндіру үшін барымызды салуға дайынбыз!»,- дейді жігіттер.

Бәсекеге қабілетті қызметкерлер компанияны табысқа жетелейді. Досат пен Қайрақ ұжымдастарымен бірге Қаражанбастың даму тарихында жарқын оқиғаларғалардың куәгері болып, сындарлы сәттерді де бастан өткерді. Олар кен орнының әлі де қарыштап дамитынына кәміл сенеді және ортақ мақсат – Отанның мерейі үшін өнімді еңбек ете бермек.

«ЖЕТІ ҚАДАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРДЫ

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры «Жеті қадам» жобасының үздіктері Каспий жағалауында бас қосты. Бәсекеге қабілетті жастар бұл жолы қаржылық сауаттылық бағытында білімін нығайтты. Қорға қарасты команиялар жұмысшыларын жан-жақты дамыту жобасының қатысушылары қатарында «Қаражанбасмұнай» АҚ «Жас маман кеңесінің»  төрағасы Айбек Ұлықпанов та бар.

Екі күнге созылған оқыту семинарында 50 жас маман қаражатты есептеу, үнемдеу және тиімді пайдалану құпияларын меңгерді. Сондай-ақ олар түрлі кейстерді қарастыра отырып, тәжірибе тапсырмаларын орындады. Тренинг барысында қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, әріптестік қарым-қатынасын арттыра түсті.

«Жеті қадам» жобасы біздің түрлі қабілеттерімізді дамытып, жасырын таланттарымыз бен көшбасшылық қасиеттерімізді ашып жатыр. Алған білімімізді компаниямыздың жас мамандарымен бөлісіп, пайдаға жаратамыз деген сенімдемін. Болашақ – жастардың қолында. Ал оларды жан-жақты дамыту үшін мұндай жобалардың пайдасы өте зор»,— деді А.Ұлықпанов.

Қатысушылар дамыту тренингтерінен бөлек өз мамандығы бойынша өндірісті дамытуға бағытталған жоба әзірлеп жатыр. Үздік деп танылған жұмыстарды Қорға қарасты компанияларда жүзеге асыру жоспарланып отыр.

ҚАЛДЫҚТАН ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМЫН ЖАСАҒАН МҰНАЙШЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары өндірісте мол тәжірибесімен қоса шығармашылық қабілетін де паш етіп келеді. Бірі өнерімен көптің көзайымына айналса, ендібірі ерекше қырларымен талайдың таңдайын қақтырып үлгерген. Бұл жолы сіздерді өндіріске қажетті қондырғының макетін жасаған Нұрлан Бахаровпен таныстырамыз.

Газ цехының жабдықтарды пайдалану және жөндеу слесарі кен орнында 28 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Нұрлан жұмыстан тыс уақытын тиімді өткізуді көздеп, істен шыққан газды реттеу қондырғысының ескі бөлшектерінен шағын макет жасады. Автор туындыны құрастыру және әрлеу жұмыстарына бір айға жуық уақыт кеткенін айтады. Қолөнер бұйымы цех қызметкерлеріне жұмыс процесін көрсетіп, түсіндіру үшін таптырмас құралға айналды.

«Вахтада жүргенде қолданыстан шыққан құрылғы қалдықтарынан жаңа бұйым жасау туралы идея келді. Ойымды жүзеге асырып, газды реттеу қондырғысының макетін жасап шығардым. Оған аса бір ерекше шеберлік немесе қабілет қажет емес, креатив қосса жеткілікті. Бұл жоба жұмысты жоспарлау мен тиімді жүргізуге пайдасын тигізеді деп ойлаймын»,- деді Н. Бахаров.

Жұмысшы жасаған туындысын «Үздік маман-2024» кәсіби шеберлік байқауы кезінде әріптестері мен комиссия мүшелеріне таныстырды. Цех ұжымы мұнайшының шығармашылық көзқарасы мен шеберлігіне оң баға берді.

«ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) Директорлар Кеңесі шешімімен ҚБМ Бас директорының Бірінші орынбасары қызметіне Ван Вэй тағайындалды. Бас директор Марат Елеусінов компания ұжымына жаңа топ-менеджерді таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Ван Вэй еңбек жолын СИНОПЕК Халықаралық мұнай барлау және өндіру корпорациясында инженер-геолог болып бастаған. Әр жылдары геология және игеру бағыты бойынша «Қарақұдықмұнай» ЖШС-да менеджер, бөлім басшысы, Бас директордың орынбасары, Бас директор болып жұмыс істеді. Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін CITIC Petroleum Technology Development(Beijing) Co.,Ltd. Бас директорының орынбасары қызметін атқарды.

Анықтама: ҚБМ Акционерлерінің Келісім ережелеріне сәйкес, жоғары буын басшыларының компанияны басқаруы 5 жыл көлемінде кезектестіру тәртібімен жүргізіледі.

«ҮЗДІК МАМАН-2024»: ҚБМ НАМЫСЫ — ОРТАҚ АБЫРОЙ!

Қаражанбас кен орнында өз ісінің нағыз шеберлерін анықтайтын «Үздік маман-2024» байқауы жалғасып жатыр. Алғашқы кезеңнен жоғары ұпай жинаған ІІ вахта мұнайшылары өндірістік алаңда тәжірибе тапсырмаларын орындауға кірісті. 22 аталым бойынша бағы мен бабын сарапқа салып жатқан үміткерлер жүзден жүйрік атану үшін байқау талаптарын қатаң сақтауы шарт.

Теориялық тестті сәтті тапсырған әр қатысушы сайысқа мықты дайындықпен келген. Олардан өзара бәсекелестік пен жеңіске ерекше талпыныс байқалды. Көп ішінен оза шапқан үміткерлер қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, тапсырмаларды тиянақты орындау арқылы білім деңгейінің жоғарылығы мен тиімді әдістерді меңгергенін іс жүзінде дәлелдеп берді.

«Қаражанбас мықты мұнайшылар ұстаханасы. Сондықтан «Үздік маман» біз үшін ең алдымен зор тәжірибе. Жарыса жүріп, білгенімізді паш етіп, білмегенімізді өзге әріптестерден үйреніп жатырмыз. Осылай шыңдалып өз ісіміздің хас шеберіне айналарымыз сөзсіз. Баршаңызға сәттілік!»,- деді жарысқа қатысушылар.

Сайыстың қос кезеңі мыңдаған мұнайшы арасынан ең білімді, өз ісін жетік меңгерген үміткерлерді іріктеп берді. Ал теория мен тәжірибеде үздік нәтиже көрсеткендер есімі жарияланған соң, жеңімпаздарға байқаудың аймақтық кезеңінде Қаражанбас намысын қорғауға жолдама беріледі.

ТУҒАН ЕЛГЕ ТАНЫМДЫҚ САЯХАТ

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қоры қолдаған «Туған елге саяхат» эуксурсиялық пойызы жыл сайынғы дәстүрлі сапарын жалғастырды. Биыл жас саяхатшылар арасында елдегі су тасқыны болған өңірлердің балаларымен қатар, «Самұрық-Қазына» өндірістік компаниялары қызметкерлерінің ұл-қыздары бар. Солардың бірі — «Қаражанбасмұнай» АҚ технологиялық көлік департаментінің жүк ілдірушісі Айберген Өтепбергеновтің тұңғышы — Ақбөбек Айбергенқызы.

Аталмыш пойызда Ақбөбекті қосқанда, «Самұрық-Қазына» қорының Маңғыстау облысындағы кәсіпорындары жұмысшыларының 10 баласы саяхаттады. Олар 12 күн ішінде 4647 шақырым шойын жолды жүріп өтіп, Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан және Байқоңырдағы мәдени орындардың тарихымен танысты. Сапар барысында балалар 100 келі түрлі қалдықты қайта өңдеуге тапсырып, Қорға қарасты компанияларда өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экоакциясына елеулі үлес қосты.

«Еліміздің ең көрікті жерлерін аралау барысында ерекше есте қалғаны «Таза Қазақстан» акциясында түрлі қызықты да мазмұнды шаралардың өткізілуі болды. Сондай саналуан шеберлік сабақтарының арқасында қоқысты дұрыс сұрыптауды, қоршаған ортаға жанашырлық таныта білуді үйрендік. Алматыдан басқа барлық жерге бірінші рет сапарладым», — деді Ақбөбек Айбергенқызы.

«Туған елге саяхат» пойызының арқасында 10-15 жас аралығындағы 3 мыңға жуық бала 5 жыл ішінде Қазақстанның көрікті жерлерін аралады. Биыл олардың санын тағы 400 баламен толықтыру көзделген. Жас саяхатшылар сапарының екінші кезеңін шілде айының соңында өткізу жоспарланып отыр.

БІРЛІГІ МЫҚТЫ ЖАСТАР -БОЛАШАҚҚА ЖОЛ БАСТАР!

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жас мамандары өңірдегі өндірістік мекемелерде қызмет ететін үзеңгілестерімен әріптестік қарым-қатынасын нығайтты. Мұнайшы жастар Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы тапсырысымен, «Риза-Ана» Қоғамдық Қорының ұйымдастыруымен өткен тимбилдингке қатысты.

Шараға 20-ға жуық мекеме жұмысшылары жиналды. Олар алдымен топтарға бөлініп, тиімді команда құру, жұмысқа қабілеттілік пен ұйымшылдықты арттыру үшін ұжымдық қарым-қатынасты берік етуге бағытталған командалық тапсырмаларды орындады. Ойын кезінде түрлі ұйымнан келген жас мамандар белсенділік танытып, әр қадамды нық жоспарлау арқылы үздік нәтижеге жетуге барын салды.

«Осындай шаралар арқылы біз көшбасшылық қабілеттерімізді паш ете отырып, жаңа достар табамыз. Сондай-ақ жас мамандар жұмысын жүргізу бойынша пікір алмасамыз. Бір өңірдің өндірісін өркендетіп жүргендіктен әріптестік қарым-қатынастың мықты болғаны дұрыс деп ойлаймыз»,— деді Қаражанбас жастары.

Бұдан соң жас мамандар «QAZAQWA QUIZ» зияткерлік сайысында бас қосты. Әр мекеменің намысын қорғауға білімді де креативті жұмысшылар жиналды. 11 командаға бөлінген ойыншыларға түрлі саланы қамтитын логикалық сұрақтар қойылды. Мұнайшылар миға шабуыл жасап, сауалдарға тез әрі дұрыс жауап беругетырысты. 6 кезең қорытындысына сәйкес қаражанбастықтардың «REAL DRILL» құрамасы ІІ орынға ие болды.

ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК МӘДЕНИЕТІ – НЕГІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҚ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) өндірістік қауіпсіздікті нығайту, еңбекті және қоршаған ортаны қорғауды жандандыру шаралары күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бұл бағытта компания басшылығы мен жұмысшылары үнемі біліктілігін арттырып келеді.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобында аталмыш бағытқа қатысты 2024-2027 жылдарға арналған жол картасының 30-тармағын орындауға ерекше назар аударылған. Осы мақсатта ҚБМ Бас директоры, Бас директор орынбасарлары, департамент пен бөлім басшылары, сондай-ақ ішкі жаттықтырушылар «Қауіпсіз еңбек мәдениеті» курсынан өтті.

«Vision Zero» жаһандық тұжырымдамасы негізінде құрылған «Қауіпсіз еңбек мәдениеті» курсы Ұлыбританияның Еңбекті қорғау институты бекіткен (IOSH) талаптарға сай жүргізіледі.  Оқыту кезінде «Samruk Business» академиясының білікті оқытушылары қаражанбастықтарды жаңа ақпараттармен таныстырып, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның 7 алтын ережесін тұрақты ұстану арқылы оң нәтижеге жету жолында тың кейстер ұсынды.

«ҮЗДІК МАМАН» — БІЛІМДІ ДЕ ТӘЖІРИБЕЛІ МҰНАЙШЫЛАР БӘСЕКЕСІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауының тәжірибе кезеңі басталды. Аталмыш дода өндірістік цехтардағы теория мен тәжірибені тең меңгерген мұнайшылар арасынан ең мықтыларды анықтайтын бірегей байқау. Жарыста І вахтаның тест тапсырмаларын үздік орындаған жұмысшылар 22 аталым бойынша бақ сынап жатыр. Білікті мамандардан құралған комиссия мүшелері екі күн бойы мұнайшылардың шеберлігі, ептілігі мен шапшаңдығын бағалайды.

Сайыс ережесі бойынша әр қатысушының мамандығына байланысты практикалық тапсырмаға берілді. Мұнайшылар қауіпсіздік техникасы мен алгоритмді сақтай отырып, белгіленген уақыт ішінде жұмысты сапалы орындауға тырысты. Оператор, слесарь, машинист, жүргізуші, аппаратшы, лаборант, жөндеуші, құрастырушы мен дәнекерлеуші сынды мамандар өзара үздіктерді анықтаса, мотористер мен ұңғымаларды жөндеу бригадалары топ болып сайысты.

«Тәжірибе кезеңі – бәсекеге толы шешуші кезең. Мұнда үздік атануға бел буған үміткерлер өзара сайысып қана қоймай, қызметке деген қабілеті мен мүмкіндіктерін паш етеді. Сонымен қатар әріптестерімен тәжірибе алмасып, қарым-қатынасын берік ете түседі. Дайындығымыз өте жақсы. Қобалжу мен эмоцияға бой алдырмай, барлығын сәтті орындап шығуға тырысамыз. Кім жеңсе де, мықты жеңсін. Сәттілік!»,- дейді қаражанбастықтар.

Дәл осындай кезең ІІ вахта жұмысшыларына да өткізіледі. Қорытынды қос ауысым сайыскерлері байқауды толық аяқтаған кезде шығарылады. Айта кетейік, додаға қатысуға ниет білдірушілер саны жыл сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде мұнайшылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, еңбек ұжымын үздік нәтижеге талпындырады.