ҚБМ БАСҚАРМАСЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) Басқармасы самбодан Азия және Океания чемпионатында үздіктер қатарынан көрінген Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің (БжҰЖКЖД) шебері Сәндібек Дүйсенбековті құттықтады. Самбо күресін серік еткен мұнайшы бұған дейін бірнеше рет облыстық, республикалық, Азия және Әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырынан көрініп, компания атын асқақтатып жүр.
«Жұмысшыларымыздың арасында мықты балуандардың болуы — біз үшін зор мәртебе. Сіздер тек өзіңіз ғана емес, әріптестеріңізді де салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға шақырып, жеңіске жетелеп жүрсіздер. Жарқын жетістікке жетуіңізбен құттықтап, компания намысын абыроймен қорғағаныңыз үшін зор алғыс білдіреміз!»,- деді ҚБМ Басқармасы.
Ақтауда өткен байрақты бәсекеге Азия құрлығындағы 25 мемлекеттің балуаны қатысты. Сәндібекпен қатар 64 келі салмақ дәрежесінде технологиялық көлік департаментінің (ТКД) цементтеуші агрегат моторисі Бауыржан Есболаев та өнер көрсетті. Бағы мен бабы қатар шапқан қаражанбастық қос мұнайшы үздіктер қатарынан көрінді. Сәндібек Дүйсенбеков қола жүлдеге лайық деп танылса, Бауыржан Есболаев алтын медаль қанжығалап, Азия чемпионы атанды.
«Жетістікке жету — үздіксіз дайындық, жанкүйерлер сенімі мен сәттілікке тікелей байланысты. Боз кілемге шыққан сайын жауапкершілікті ерекше сезініп, жеңіссіз оралмауға тырысамыз. Қарсыластар сөзсіз мықты болды. Дегенмен сенімді ақтау – біз үшін аса маңызды. Бұл біздің шың емес. Әлі талай доданың дарабозы атануға барымызды саламыз», — деді С.Дүйсенбеков.
Өз кезегінде Азия және Океания чемпионатының жүлдегері ҚБМ Бас директорына спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Маңғыстау облыстық самбо федерациясы атынан алғыс хат табыстады. Жауырыны жерге тимеген жігіттер биыл күзде өтетін Әлем чемпионатында бақ сынайды. Қаражанбастық қос самбошы қалың ел көз тігетін жарысқа дайындықты қазірден бастапкетті.
ЖАС МАМАНДАР – ҚАРАЖАНБАСТЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
ЖАС МАМАНДАР – ҚАРАЖАНБАСТЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ «Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) төртінші жыл қатарынан «Жас маман күні» жобасы өтті. Екі күндік шараға компанияның 35 жасқа дейінгі 80-ге жуық жұмысшысы қатысты. Ашылу салтанатында компанияның Бас директоры Марат Елеусінов «Жас маман кеңесі» — ҚБМ-ның қозғаушы күші екенін алға тартып, алдағы бастамаларына сәттілік пен толағай табыс тіледі.
Жобаға қатысушылар дәстүр бойынша алдымен танымал тренерлердің оқыту сабақтарына қатысты. Сондай-ақ командалық рухты нығайту мақсатында зияткерлік, спорттық ойындар ойнады. Осылайша жас мамандар әріптестік байланыстарын дамытып, жаңа достар тапты. Шара салтанатты кешкі ас пен шоу бағдарламаға ұласты. Кеште командалық жарыстар жеңімпаздары марапатталып, дипломдар мен естелік сыйлықтары табыс етілді.
ӨНДІРІС ДИРЕКТОРЫ К.БОЗАХАРОВ ЗЕЙНЕТ ДЕМАЛЫСЫНА ШЫҚТЫ
«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) ұжымы өндіріс бойынша директор Кәрім Бозахаровты зейнет демалысына шығарып салды. Жиналысқа ҚБМ Басқармасы, цех басшылары, сондай-ақ бейнеконцференция арқылы кен орнындағы әріптестері қатысты. Бас директор Марат Елеусінов Кәрім Бозахаровқа компаниядағы 40 жылдық адал еңбегі мен өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқарғаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ ұжымда қалыптасқан игі дәстүрмен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
«Зейнет демалысы — ұзақ жылдар бойы өңір өндірісін өрлетуге сіңірген еңбегіңіздің жемісін көрер шақ. Сізді компания ардагерлері де, әріптестеріңіз бен жас мұнайшылар ерекше құрметтеп, сыйлайды. Ерен еңбегіңіз Қаражанбастың том тарихында алтын әріптермен таңбаланғанына тұтас еңбек ұжымы куә!»,- деді Бас директор М.Елеусінов.
Кәрім Бозахаров Қаражанбас кен орнының алдыңғы қатарлы қызметкері, өндіріске білікті басшы бола білген мұнайшы. Ол еңбек жолын қатардағы мұнай өндіру операторы ретінде бастап, әр жылдары шебер, инженер, цех басшысының орынбасары, цех басшысы, орталық инженерлік-технологиялық қызмет басшысы, өндіріс басшысының орынбасары және өндіріс директоры сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Тәжірибесі мол маман осы уақыт ішінде қара алтын өндірісіндегі түрлі кедергілер мен қиындықтарды зор біліммен, қабілетпен, қайсарлықпен еңсеруге ықпал еткен басшылардың бірі.
«Әріптестерге ақ тілек пен көрсеткен ілтипаты үшін алғысым шексіз. Бәріміз бірлесіп, ортақ еңбек сіңірген Қаражанбас мыңдаған мықты мұнайшысымен әлі де биік белестерді бағындыратынына сенімдімін. Бейнеттің зейнетін көретін шаққа жетіп, сіздердің жылы лебіздеріңізге бөленгеніме қуаныштымын! Қызметте абыройлы болып, еліміздің экономикасын дамытуға үлес қоса беріңіздер!»,- деді К.Бозахаров.
Әріптестер құрметіне бөленген Кәрім Оразұлыжиналыс соңында ұжымдастарға ақ бата берді. Осылайша жалынды жылдарын өлке мұнайын игеруге арнаған тағы біреңбек адамы өмір кітабының Қаражанбастағы алтын тарауын мазмұнды түйіндеді.
PR МАМАНДАРЫ БІЛІМІН НЫҒАЙТТЫ
15 мамыр — қазақстандық PR мамандары күніне орай «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдарындағы баспасөз қызметі мамандарының біліктілігін арттыру тренингі өтті. Семинарда мұнай өндіру және өңдеу мекемелерінің баспасөз хатшылары компаниядағы дағдарыс жағдайында әрекет ету бойынша білімін нығайтты.
PR мамандарға кәсіби журналист, коммуникация бойынша білікті тренер Ержан Сүлейменов дәріс оқыды. Спикер дағдарыстың туындау себептерін талдап, жағдайдан кәсіби түрде тиімді жол табу құпияларымен бөлісті. Сондай-ақ түрлі кейстерді талқылап, ақпаратты өңдеу, талдау әдістеріне тоқталды.
Бұдан соң, ЕТҰ-дағы баспасөз қызметінің жетекшілері мен мамандары ҚМГ тарапынан бекітілген кураторлармен атқарылған жұмыстарға шолу жасап, жоспардағы жобаларды талқылады. Жиналыста еңбек ұжымына уақытылы, ресми, нақты ақпарат ұсыну мен PR мамандардың мәртебесін арттыру жайы айтылды. Тренинг соңында қатысушылардың алған білімін растайтын сертификаттар табыс етілді.
ҚАРАЖАНБАСТЫҚ ҚОС БАЛУАН САМБОДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ
ҚАРАЖАНБАСТЫҚ ҚОС БАЛУАН САМБОДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) қос жұмысшысы Самбодан Азия және Океания чемпионатында жарқын нәтиже көрсетті. Байрақты бәсекеде Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің (БжҰЖКЖД) шебері Сәндібек Дүйсенбеков қола жүлде қанжығалады. Ал 64 келі салмақта өнер көрсеткен технологиялық көлік департаментінің (ТКД) цементтеуші агрегат моторисі Бауыржан Есболаев алтын медальға ие болып, Азия чемпионы атанды.
Самбо саңлақтарының боз кілемдегі белдесулері бес күнге жалғасты. Жарыста Азия құрлығына қарасты 25 мемлекеттен келген спортшылар өз елінің намысын қорғауға барын салды. Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген қос мұнайшы тұрақты дайындық пен жеңіске ұмтылыс арқасында самбоның әдіс-тәсілдерімен тиімді қолдана білді. Асығы алшысынан түскен жігіттер компания абыройын асқақтатумен қатар, ел қоржынына қос медаль салып, көк туымызды көкте желбіретті.
«Әр жетістіктің артында мықты физикалық және психологиялық дайындық бар. Ауқымды чемпионат болғандықтан балуандардың бәрі мықты. Десе де, ел сенімін ақтау үшін барымызды салдық. Қолдаған жақындар мен ұжымдастарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Қаражанбаста өндірістік жетістіктермен қатар спорт чемпиондары да көбейе берсін!»,- дейді балуандар.
Дүбірлі додада үздік атанған қос балуан жетістіктерін әлі де еселеуді көздейді. Олар алдағы уақытта Душанбеде өтетін самбодан Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Ал ҚБМ басшылығы мен еңбек ұжымы жауырыны жерге тимеген балуандарды шын жүректен құттықтай отырып, жеңісті күндердің көп болуын тілейді.
МАШИНИСТ А.АҚМАҒАНБЕТОВ: «ҚАРАЖАНБАС — МЕНІҢ ЕКІНШІ ҮЙІМДЕЙ ЫСТЫҚ МЕКЕН»
Сүйікті қызметінің шыңына көтеріліп, құрметті демалысқа шығу – әрбір маманның еңбек тарихындағы маңызды кезең. Ғұмырды туған өлкені өркендетуге арнау азаматтық борыш болса, көп жылдық маңдай тердің жемісін көру еңбек адамын ерекше бақытқа бөлейді. Мұндай құрмет енді «Қаражанбасмұнай» АҚ мұнай дайындау және айдау цехының (МДАЦ) сорап қондырғысының машинисі Аби Ақмағанбетов үшін де таңсық емес.
Аби Ақмағанбетов 30 жылға жуық өмірін Қаражанбас кен орнындағы қайнаған жұмысқа арнаған еңбекқор жұмысшы. Компаниядағы еңбек жолын цехқа қарасты қазандықтарды тазалаушы болып бастаған ол кейін сораптардың сапалы әрі уақытылы жұмыс істеуін жіті қадағалайтын машинст қызметін атқарды. Іске мығым, тапсырмаға тиянақты Аби артынан ерген жас мамандар үшін үлгі тұтар әріптес, ақылшы аға.
«Қаражанбас мен үшін екінші үйімдей ыстық мекен. Әріптестерім де бауырларымдай қымбат. Мұндағы жылдарымды маңызды іске арнап, еліме пайдам тиер маман болғаныма шексіз қуаныштымын. Соңғы вахтамды абыроймен аяқтап, сүйікті ісімді жас буынға сеніп тапсырамын. Мұнайымыз таусылмасын, Қаражанбас дами берсін!»-, дейді кейіпкеріміз.
МДАЦ-ның еңбек ұжымы зейнет демалысына шыққан әріптесіне құрмет көрсетіп, иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Аби де әріптестеріне риясыз рақмет айтып, абыройлы қызметте сенімді серік болғаны үшін алғыс білдіріп, ақ батасын берді.
«ТАБИҒАТҚА ҚАМҚОРЛЫҚ – ОРТАҚ ІС»
«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) «Жас маман кеңесі» мүшелері вахтааралық демалысында қоршаған ортаны қорғауға үлес қосты. І ауысым жұмысшылары және орталық кеңсе қызметкерлері таң атысымен Каспий теңізінің 63 шақырымына барып, жағалаудағы демалыс аймағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Мұнайшылар бастаған эко-акцияға Yessenov Univetsity жастары қолдау көрсетті. Колледж бен университет студенттері және ҚБМ жұмысшыларынан құрғалған 50-ге жуық жас айналадағы қатты қалдықтар мен жартас етегіндегі қоқыстарды ұйымшылдықпен жинады.
«Каспий теңізі – біздің басты байлығымыз. Оның жағалауындағы тазалық бәріміз үшін маңызды мәселе. Біз жыл сайын сенбілік ұйымдастырып, айналаны мұнтаздай таза етуге тырысамыз. Облыс тұрғындары мен қонақтарын тазалық сақтауға шақырамыз!»,- деді сенбілікке қатысушылар.
Бірлігі жарасқан жастар күл-қоқысты қапшықтарға салып, техника көмегімен жүк көлігіне тиеді. Жиналған қоқыстар арнайы полигонға жөнелтілді. Мұндай бағыттағы эко-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
ЕРКІН ЕЛДІҢ ҰРПАҒЫ
Қаражанбас кен орнының мәдени-демалыс орталығында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай әдеби-сазды кеш өтті. Компанияның талантты жұмысшылары мен кен орнына көршілес «Қаражанбас» шекара заставасының сарбаздары мұнайшыларға концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Әдеби-сазды кеш Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қаһармандар мен қаза болған сарбаздарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялаудан басталды. Одан соң өнерпаздар ерлік, рух, жеңіс тақырыбындағы патриоттық өлеңдер оқып, әндер шырқады. Бұдан бөлек сарбаздар перфомансы жұмысшыларға жігер беріп, мұнайшылар орындаған күмбір күйлер көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Отан – ең қасиетті де қастерлі ұғым. Сондықтан оны қорғау әр азаматтың міндеті. Алаңсыз бейбіт өмір үшін күрескен ағалардың, әкелердің, аталардың ерлігі мен мұқалмас жігері ұрпаққа әрқашан үлгі. Ал бабадан қалған байтақ далада қара алтын игеру арқылы еліміздің экономикасын өркендетіп жүрген қаражанбастық мұнайшылардың адал еңбегі құрметке лайық!
СЕНБІЛІК – ТАЗАЛЫҚ ТАРАЗЫСЫ
«Қаражанбасмұнай» АҚ «Жас маман кеңесі» мүшелері көктемгі сенбілікке шығып, айналаның ажарын ашуға атсалысты. Вахтааралық демалыстағы ІІ ауысым жұмысшылары таң атысымен Каспий теңізінің 43-ші шақырымы жағалауын қоқыстан тазартуға ұйымшылдықпен кірісті.
Аталмыш орын облыс тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс аймағы саналады. Сондықтан жағалауда түрлі қоқыс пен полителен, пластикалық қалдықтар көптеп кездеседі. Бойында жігер жалындаған жас мамандар күш біріктіріп, жүздеген қапшықты күл-қоқысқа толтырды. Жиналған қалдықтар арнайы техникаға тиеліп, полигонға жіберілді.
Айта кетейік, компания жас мамандары жыл сайын қоршаған ортаны қорғау мен абаттандыруға бағытталған экоакцияларға белсенді қатысады. Алдағы аптада келесі вахта жұмысшылары мен орталық кеңсе қызметкерлері тағы бір демалыс аймағына сенбілік өткізуді жоспарлап отыр.
ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ — ҚОҒАМ ТАЛАБЫ
«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) І вахтаның еңбек ұжымы тұлғалық даму бағытында білімін шыңдап, қаржылық сауаттылық психологиясы тақырыбы бойынша тренингке қатысты. Мұнайшылар жұмыс күнінен соң мәдени демалыс орталығының залына жиналып, кәсіби бизнес тренер, лектор Сәуле Кенесары Хан Қызының дәрісін тыңдады.
Қаржылық сауаттылық — бұл адамның ақша табу және басқарудағы сауаттылық қабілетін көрсететін психологиялық сапасы. Тапқан табысты тиімді жұмсап, қор жинау қарапайым қағидаларға негізделеді. Тренинг барысында спикер ақша ағынын реттеу мен қарызды азайтудың құпияларымен бөлісті. Сондай-ақ теориялық білімді тәжірибеде қолданудың маңыздылығы айтылды.
«Ақша тақырыбы кез келген адам үшін өзекті. Кен орнында осындай тренингтердің өтуі біздің өз мамандығымыздан тыс жеке тұлға ретінде шыңдалуымызға септігін тигізеді. Негізі қаржыны басқарудың аса бір құпиясы жоқ. Сабақ арқылы өзіміз білетін ережелерді іс жүзінде пайдалану оң нәтижеге жеткізетінін ұғындық»,-деді қаражанбастықтар.
Тренингтен соң қатысушылар аталмыш тақырып бойынша лекторға көкейдегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Айта кетейік, компания өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлердің бәсекеге қабілетті, заманға сай білім алуына ерекше көңіл бөледі. Сондықтан түрлі бағыттағы шеберлік сағаттары мен тренингтер кен орнында жыл бойы жалғасады.
БІЛІКТІ МАМАН МАРАПАТҚА ЛАЙЫҚ
Ақтауда Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиналыста Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов әр түрлі мекемелерде аталмыш бағыт бойынша оң нәтиже көрсетіп, жемісті еңбек етіп жүрген жұмысшыларды марапаттады.
Құрметке бөленгендер қатарында «Қаражанбасмұнай» АҚ қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Рүстембек Жайлау, бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеудегі қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша топ жетекшісі Қуанғали Нсанбаев бар. Компанияның кәсіби білікті әрі тәжірибелі мамандары ұзақ жылдан бері өндірістегі қауіпсіздікті сақтау саласына сүбелі үлес қосып келеді.
«Қауіпсіздік әркімнің өзінен басталады. Белгіленген ережелерге бей-жай қарамай, талаптарды қатаң сақтау арқылы біз өзімізді және айналамыздағы әріптестерімізді түрлі өндірістік жарақаттардан қорғай аламыз. Осы күнге дейін еткен еңбегімізді ескерген әкімдік пен компания басшылығына алғысымыз шексіз. Мұнайшылардың қауіпсіздігін сақтау жолында әлі де тынымсыз тер төгеміз»,- дейді марапат иелері.
Еңбек қауіпсіздігі — өзектілігі жойылмайтын маңызды тақырып. Сондықтан жиналысқа қатысушылар өндірістік процестер мен жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметкерлердің денсаулығын сақтау бойынша бірқатар негізгі міндеттерге тоқталды. Мамандар талқыға салынған тақырыптар бойынша пікір білдіріп, тәжірибе алмасты. Оған қоса жазатайым оқиғаларды болдырмау бойынша кейстерді қарастырып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ БІЛІМ БӘСЕКЕСІ
Қаражанбас кен орнында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік сайысы өтті. Мұнайшылардың білімі мен ой ұшқырлығын сарапқа салатын жарыс үстеліне бұл жолы қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің мамандары жайғасты.
Қаражанбастықтардың сүйікті сайысына айналған ойын өте тартысты өтті. Командалар түрлі бағытта қойылған 13 сұрақтың әрқайсысына шапшаң әрі ұтымды жауап беруге тырысты. Ал залдағы көрермендер қатысушыларға қарсы команда ретінде ойнады. Ситуациялық сұрақтар мен логикалық тапсырмаларды сәтті орындаған қатысушылар «қара жәшікке» жасырылған құпия затты табуда да сүрінбеді.
Бәсекеге толы тартыс 6:4 есебімен аяқталды. Қауіпсіздік техникасы саласының мамандары ұжымдық рух пен бір-бірін сөзсіз ұғу арқылы команданың мықтылығын дәлелдеді.