АТЫРАУДА КӨМЕККЕ АТСАЛЫСҚАН МҰНАЙШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның Атырау облысында көмекке атсалысқан жұмысшылары Маңғыстауға қайта оралды. Компания басшылығы су тасқынынан зардап шеккен және қауіп төніп тұрған көршілес облыстың аудан-ауылдарын қалыпқа келтіру жұмыстарында белсенділік танытқан қаражанбастықтармен жүздесіп, берік азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.

ҚБМ жұмысшылары Атырау облысына жеткеннен бастап, бірден Индер ауданында бөгет салу жұмыстарына кірісті. Арнайы техника көмегімен олар Жайық өзеніне жақын орналасқан ауылдарға қорғанысты нығайтты. Бас директор Марат Елеусінов екі айға жуық уақыт бойы отбасынан жырақта ел қамы үшін адал тер төгу -нағыз патриотқа тән қасиет екенін ерекше атап өтті.

«Табиғи апат айтып келмейтіндіктен, су тасқыны Атырау халқына оңай тимегені анық. Сіздердей нағыз ержүрек, елжанды азаматтардың үлес қосуымен, мықты бөгеттер салынып, ауыл халқының сәл де болса көңілі орнына келді. Күн-түн демей, әрқашан жұмысқа дайын болғандарыңыз үшін мың алғыс. Осындай жұмысшыларымызды мақтан тұтамыз!»,- деді ҚБМ Басқармасы.

Бұдан соң басшылық жұмысшыларды марапаттап, құрмет грамотасы мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Өз кезегінде мұнайшылар Бас директорға Индер ауданы халқының жылы лебізі мен риясыз рақметін жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды.

«Біз тек өзіміз емес, тұтас Қаражанбастың абыройын арқалағандықтан әр ісімізді адалниетпен істедік. Әріптестеріміз бен басшылық тарапынан ерекше қолдау сезіндік. Бірлігі жарасқан ұжымның бөлшегі болғанымызға өте қуаныштымыз! Еліміз аман болсын!»,— деді жұмысшылар.

Айта кетейік, компания су тасқыны салдарынан табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Атырау облысына қаржылай көмек, арнайы техникалар мен жұмысшылар жіберді. Мұнайшылар жағдай тұрақталғанға дейін елді мекендерде болып, үздіксіз жұмыс істеді. Өлке өндірісін өркендетіп жүрген қаражанбастықтарәрдайым елмен бірге!

ҚБМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ «KIMEP» УНИВЕРСИТЕТІН ТӘМАМДАДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) 15 қызметкері басқару саласындағы білімін нығайтып, «Mini MBA» бағдарламасы бойынша «KIMEP University» түлегі атанды. Компанияның орталық кеңсесінде Бас директор Марат Елеусінов пен аталмыш білім ордасының өкілдері оқуды сәтті аяқтаған қаражанбастықтарға дипломдарын салтанатты түрде табыс етті. 

Компания мен университет арасындағы келісім-шарт бойынша ҚБМ-дықтар 1 жыл көлемінде «Mini MBA»-да білім алды. Mini MBA (master of business administration) — басқару дағдыларын дамытуға бағытталған және нақты практикалық әдістерді пысықтауға бейімдейтін ең қолжетімді оқу бағдарламасы. 12 модульден тұратын сабақтар бизнес, қаржы, менеджмент,  персоналды басқару, көпшілік алдында сөйлеу, жұмысты ұйымдастыру тәртібі, жобаларды басқару, тәуекелдер менеджменті сияқты бірнеше тақырыпты қамтыды.

«Бәсекеге қабілетті болу – барлық сала маманы үшін өте маңызды. Біз білікті оқытушылардан алған дәрістерімізді тәжірибеде қолданып, оң нәтижеге жетеміз деген ниеттеміз. Мамандардың дамуына мүмкіндік берген ҚБМ басшылығына алғысымыз шексіз!»,- деді түлектер.

Компания қызметкерлері әр модульде ерекше алғырлық танытты. Сондай-ақ олар тәжірибелік тапсырмаларды орындауда жан-жақты қабілеттерін паш етіп, оқытушылардың оң бағасынан үлесті болды. Оқуды сәтті тәмамдаған түлектер алған білімі мен бойындағы күш-жігері арқылы Қаражанбасты дамытуға әрқашан дайын екенін жеткізді.  

ІІ ВАХТАНЫҢ СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) алғашқы мұнай фонтанының атқылағанына 50 жыл толуына орай ІІ вахта жұмысшылары арасында корпоративтік спорттық сайыстар басталды. Ашылу салтанатында Бас директор Марат Елеусінов пен Өндірістік басқарма басшылығы мұнайшыларды жарыстың басталуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.

«Біздің ұжымда өндіріспен қатар әртүрлі бағыт бойынша мықты спортшылар өте көп. Мерейтой аясындағы жарыс ең үздіктерін анықтап беретініне сенеміз. Алда жоспарланған шараларда да белсенділік танытып, Қаражанбастың абыройын бірге асқақтатайық. Мереке құтты, жеңісті күндер көп болсын!»,- деді ҚБМ Басқармасы.

Тартысты дода шымылдығын волейбол турнирі ашты. Өндірістік цехтардан құралған 8 команда төреші ысқырығы естілген сәттен бастап үздік ойын көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуге барын салды. Нәтижесінде №3 мұнай өндіру цехының (МӨЦ) жігіттері шашасына шаң жұқтырмай, жарыс жеңімпазы атанды.

Ал жасыл алаңдағы шағын футбол жарысына 10 команда қатысты. Олардың әрқайсысы аяқдоп бәсекесіне тыңғылықты дайындықпен келген. Матч кезінде жанкүйерлер өз командаларын қошеметпен қолдап, жеңіске жетуге жігер сыйлады. Дегенмен көп ішінен дараланып, бабы мен бағы қатар шапқан технологиялық көлік департаменті (ТКД) құрамасы І орынға лайық деп танылды.

ІІ вахта жұмысшыларының спорт сайыстары әлі де жалғасын табады. Мұнайшыларды физикалық күші мен ой жүйріктігін сынға салатын ұлттық ойындар арқан тарту, асық ату мен баскетбол, үстел теннисі, шахмат бәсекелері  күтіп тұр.

ВОЛЕЙБОЛ ТУРНИРІНІҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

«Қаражанбасмұнай» АҚ орталық кеңсесінде компанияның Бас директоры Марат Елеусінов «KMGPROF CUP — 2024» республикалық волейбол турнирінде жүлдегер атанған ҚБМ ардегерлері командасын қабылдады. Басқарма волейболшыларды жарыстағы жарқын жетістігімен құттықтап, компания абыройын асқақтатқаны үшін алғыс білдірді.

«Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы» ҚБ (кәсіподақ) ұйымдастырған додада ҚБМ ардагерлері тартысты ойынымен көзге түсіп, екінші орын иеленді. Сондай-ақ ҚБМ турнирдің «Үздік әлеуметтік әріптесі» деп танылды.

Ардагерлер командасының мүшелері Бас директорға күміс кубок пен кәсіподақ төрағасының арнайы дипломын табыс етті. Өз кезегінде Басқарма турнир жүлдегеріне құттықтау хаты мен естелік сыйлығын беріп, оларды әлі де талай шыңнан көрінетініне сенім білдірді.

ҚОС ОМБУДСМЕН ҚАРАЖАНБАСТА

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ омбудсмені Серікбай Тұрымов пен  «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ омбудсмені Еркін Рахымбергенов  Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Қаражанбас кен орнына келді. Сапар барысында олар«Қаражанбасмұнай АҚ»-дағыәлеуметтік-тұрмыстық жағдаймен танысып, бірқатар нысандарды аралады.

Өндірістік Басқарма басшылығы қос омбудсменді ең алдымен кен орнында салынып жатқан төрт блоктан тұратын, 192 адамға арналған жаңа жатақхананың құрылыс алаңына апарды. Қазір мұнда жұмыс қарқынды, ғимараттыңқабырғасы қаланып, төбесі жабылған, ішкі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұдан соң олар вахталық кентке ат басын бұрып, мұнайшылардың тұрмыстық жағдайымен танысты. Нақтырақ айтсақ, жатақхана бөлмелерін аралап, жұмысшылардың төсек орны мен қажетті жабдықтарының толық екеніне көз жеткізді. Сондай-ақ мұнайшылардың жұмыстан тыс уақытын тиімді өткізуге бағытталған мәдени-демалыс орталығындағы концерт залы, кітапхана, музей мен спорт залына шолу жасалды.

Сапар соңында омбудсмендер атқарылып жатқан жұмыстарды кестеге сай, өз уақытында орындау қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын басты назарда ұстап, қажетті құрылғылардыуақытылы, сапалы тауарлармен толықтыруды ұсынды.

ҚБМ-ның ӨНДІРІСТІК БАСҚАРМА ДИРЕКТОРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) Басқармасының шешімімен, Өндірістік Басқарма директоры лауазымына Ақмұханов Руслан Орынбайұлы тағайындады. Ол бұған дейін пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының (ПЖИЖЦ) басшысы қызметін атқарды.

Руслан Ақмұханов Маңғыстау «Болашақ» институтында «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Қаражанбас кен орнында осыдан 20 жыл бұрын бұрғышы көмекшісі болып бастады. Әр жылдары мұнай өндіру технологиялары бөлімінде (МӨТБ) маман, инженер, ұңғымаларды ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехында (ҰҒЗжӨЖЦ) аға инженер,  цех басшысы, №2 мұнай өндіру цехының (МӨЦ) және ПЖИЖЦ басшысы болып жұмыс істеді.

Ол түрлі деңгейдегі кәсіби шеберлік байқаулары мен жарыстардың жеңімпазы,  ғылыми мақалалар мен еңбектердің авторы.

ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙШЫЛАРЫ ҮШ ДҮРКІН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Сүйінші! «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның қос мұнайшысы кір тасын көтеруден жетістіктерін жаңартты. №3 мұнай өндіру цехының (№3 МӨЦ) операторы Нартай Алтыбаев пен технологиялық көлік департаментінің (ТКД) жүргізушісі Айдын Ахметов Тайвань астанасы Тайбэйде өткен байрақты бәсекеде алтын медаль иеленіп, үш дүркін Азия чемпионы атанды.

Тартысты додаға Азияның әр аймағынан 400-ден астам спортшы қатысты. 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нартай Алтыбаев ардагерлер, ерлер арасында жарқын жетістігімен көзге түсіп, екі аталым бойынша бірінші орынды жеңіп алды. 85+ келі салмақта бақ сынаған Айдын Ахметов қатарынан оза шауып, ардагерлер арасында алтын, ерлер арасында күміс медаль қанжығалады.

Бұдан бөлек, чемпионатта қазақстандық спортшылар ардагерлер арасында командалық есепте екінші орынға лайық деп танылып, ортақ шешіммен күміс кубок үздік спортшы Нартай Алтыбаевқа табысталды. Осылайша өндіріс пен спортты қатар алып жүрген мұнайшылар ел қоржынын тағы 4 медаль және күміс кубокпен толықтырды.

Қазақстан мен Қаражанбастың абыройын қатар арқалаған халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бұған дейін екі жыл қатарынан кір тасын көтеруден Әлем чемпионы атанған еді. Дегенмен қос мұнайшы жетістіктерін әлі де еселеп, Әлемдік аренада қазақтың көк туын желбіретуді көздейді. ҚБМ Басқармасы мен еңбек ұжымы білекті де жүректі жігіттерді жеңісімен шын жүректен құттықтайды!

«ҚБМ» МЕН «ӨМГ» АРАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ БАЙЛАНЫС БЕКИ ТҮСТІ

Өңірдегі мұнай өндіру компаниялары арасындағы тәжірибе алмасу процесі әлеуметтік сала бойынша да нығайып келеді. Бұл жолы«Қаражанбасмұнай» АҚ-на (ҚБМ) «ӨзенМұнайГаз» АҚ (ӨМГ) Әлеуметтік саясат және әкімшілік қамту департаменті жұмысшыларымен кәсіподақ өкілдері арнайы келіп, жұмыс барысымен танысты.

Делегация ҚБМ-дағы әлеуметтік және әкімшілік-шаруашылық бағыттарда іске асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат алды. Сондай-ақ олар мұнайшылар жатақханалары, медициналық пункт, асхана, мәдени демалыс орталығындағы кітапхана, музей, спорт залдарына шолу жасады.Осылайша әріптестер жұмыс барысында кездесетін өзара ортақ тақырыптарды талқылап, пікір алмасты.

ӨМГ өкілдерінің сапары қос компания арасындағы мәдени-рухани байланысқа жаңа серпін берді. Қазақтың қара домбырасын серік етіп, өлең-жырдың інжу-маржанын терген ӨМГ жұмысшылары қаражанбастықтарға ұлттық музыка бағытындағы концерттік бағдарлама ұсынып, рухани демалыс сыйлады. Кеште дәстүрлі әндер мен тағылымы мол термелер орындалып,көрермендер ерекше әсерге бөленді.

Мұндай байланыстарды нығайту қос тарап үшін де аса маңызды. Бұл мұнайшылардың еңбек жағдайын жақсартып, коммуникацияны одан әрі жандандырудың бірден-бір кепілі.

МЕРЕЙТОЙ АЯСЫНДАҒЫ СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТАР

Биыл Қаражанбас кен орнында алғашқы мұнай фонтанының атқылағанына 50 жыл толды. Осыған орай жасақталған іс-шаралар жоспарына сәйкес, І вахта жұмысшылары арасында спорттық жарыстарөтті.

Өндірістік цехтардың намысын арқалаған мұнайшылар бір апта бойы 7 спорт түрінен сынға түсті. Қаражанбастықтар алдымен волейбол, баскетбол және шағын футболдан сайысты. Мықты дайындық пен жеңіске ұмтылыс арқасында әр кездесу бәсекеге толы болды. Жарысты үстел теннисі пен шахмат тақтасындағы тартыс жалғады.Бұдан бөлек, мерейтой аясындағы ұлттық ойындар бәсекесі іс-шараның ажарын аша түсті. Білекті де жүректі жұмысшылар арқан тарту мен асық атужарысында шеберлігін паш етті.

Сайыстар қорытындысы бойынша волейболжарысында ардагерлер құрамасы алдына жан салмады. Баскетболдан жөндеу-құрылыс цехы, шағын футболдан материалдық техникалық жабдықтау базасы командасы, арқан тартудан өндірісті автоматтандыру цехының жігіттері үздік деп танылды. Теннистің түрлі әдісімен ерекше өнер көрсеткен технологиялық көлік департаментінің шанақтарды рихтовкалаушысы Айтмохаммад Қазақ жеңіс тұғырынан көрінсе, асық атудан №1 мұнай өндіру цехының операторы Бейбарыс Мүлкібаев топ жарды.

Аталмыш спорт бәсекесі ІІ вахта жұмысшылары арасында да жалғасын табады.

ҚАРАЖАНБАС БҰРҒЫШЫСЫ «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ ЖАС МАМАНДАРЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ ҚАТАРЫНДА

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің бұрғышысы Айбек Ұлықпанов«Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Жеті қадам» жобасындағы үздік 50 қатысушы қатарынан көрінді. Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты портфельдік компаниялардың жас мамандарын дамытуға арналған жобаға 35 жасқа дейінгі 1300-ден астам үміткер қатысуға ниет білдірген. Олар алдымен қашықтан тапсырмалар орындап, жүзден жүйрік шыққандар келесі кезеңге жолдама алды.

Жалынды жастар алғашқы оқу сабағына қатысу үшін Өскемен қаласында бас қосты. Олар екі күн бойы тұлғаның көшбасшылық қабілетінанықтау мен дамыту тақыбырындағы тренингке қатысты. Жас мамандар теориялық білімін нығайтып, практикалық тапсырмаларды орындаумен қатар, өзге компаниялардың ойы ұшқыр, тәжірибесі мол, креативті қызметкерлерімен әріптестік қарым-қатынас орнатты.

«Бұл жастардың жан-жақты қырын паш етіп, дамытуға мол мүмкіндік беретін бірегей жоба. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компанияларда бәсекеге қабілетті жастар өте көп. Олармен танысып, пікір және тәжірибе алмасуды бастап кеттік. Мықтылар арасында шыңдалып, алған білімімізді өз ұжымымызда тәжірибе ретінде пайдалануға ниеттіміз»,- деді А.Ұлықпанов.

«Жеті қадам» жобасының 7 модульге бөлінгендамыту сабақтары еліміздің 5 қаласында өтеді.Алдағы кезеңдерде қатысушылар тиімді қарым-қатынас орнату, қаржы, жеке даму және прогрессивті ойлау бағыттары бойынша таным көкжиегін кеңейтпек.

ҚБМ АРДАГЕРЛЕР КОМАНДАСЫ ВОЛЕЙБОЛДАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларының волейболдан ардагерлер командасы Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподағы ұйымдастырған республикалық «KMGPROF CUP -2024» турнирінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қазақстанда мұнай өндірудің басталғанына 125 жыл толуына және Теңіз кен орнының 45 жылдығына орай Леңгір қаласында өткен спорт додасына еліміздің мұнай-газ мекемелерінен 8 команда қатысты.

Жарыс кестесі бойынша Қаражанбас ардагерлері барлығы 6 кездесу өткізді. Топішілік іріктеу кезеңінде «Қазгермұнай», «ТұзкөлМұнайГаз», «Теңіз Шевройл» командаларымен тартысты ойын көрсетіп, үшойынның екеуін жеңіспен аяқтаған ҚБМ құрамасыжартылай финалда «ППКР» командасын 2:1 есебімен жеңді. Ал ақтық сайыста «Теңіз Шевройл» ардагерлері 2:1 есебімен қаражанбастықтардан басым түсті.

Турнир қорытындысына сәйкес ҚБМ ардагерлер командасы екінші орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ команда капитаны, материалдық техникалық жабдықтау базасы басшысының орынбасары Сембек Айдаров «Волейболға адалдығы үшін» аталымымен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен кубок табыс етілді.

Салауатты өмір салтын ұстанып, үздіксіз дайындық пен шеберлік арқасында компания намысын абыроймен қорғаған волейболшыларымызды басшылық пен еңбек ұжымы атынан шын жүректен құттықтап, жетістіктерінің еселенуін тілейміз!

ӨНДІРІСТІК ҚАУІПСІЗДІК – ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫП

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жағдайын жақсарту жөніндегі 2024-2027 жылдарға арналған жол картасын орындау аясында«Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау комитетінің отырысы өтті. Жиналысқа ҚБМ Басқармасы, құрылымдық бөлімше басшылары мен еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау департаментінің жұмысшылары қатысты.

Жиналыста ҚБМ Бас директоры Марат Елеусінов өндіріс алаңында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау — басты талап екенін ескертті. Сондай-ақ ол қызмет барысында жазатайым оқиғалардың, апаттар мен өрттердің алдын алу ең алдымен жұмысшылардың өндірістік қауіпсіздік бойынша білімі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін алға тартты.

Бұдан бөлек, жол картасын орындау аясында Қаражанбас кен орнында жұмыс істейтін мердігерлік ұйымдарға форум өткізілді. Онда ірі мердігерлік ұйымдар өкілдері аталмыш бағыттажүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Өз кезегінде ҚБМ басшылығы олқылықтың орнын толтыру үшін бағыт-бағдар мен нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, аталмыш комитет еңбек жағдайларын жүйелі түрде жақсартуға, өндірістік жарақаттанудың және жұмысшылардың кәсібіне қатысты аурулардың алдын алу сияқты бірқатар мәселелерге бағытталған еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғаусаласындағы саясатты іске асыру үшін іс-шаралардың орындалу барысын үйлестіруді және бақылауды қамтамасыз етеді.