КӘСІБИ МЕРЕКЕДЕГІ МАРАПАТ

Қыркүйектің алғашқы жексенбісі — ҚР Мұнай-газ саласы қызметкерлері күні. Кәсіби мереке қарсаңында «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) орталық аппарат қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. ҚБМ Басқармасы жұмысшыларға компанияның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс айтып, естелік белгілері, құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапаттады.

Биыл мұнайшылар күні Қазақстан мұнайының 125, Қаражанбас кен орнының алғашқы мұнай бұрқағының 50 жылдығымен қатар келіп отыр. Қос мереке қарсаңында отыздан астам қызметкер ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» медалі, «Самұрық-Қазына» АҚ құрмет грамотасы, «ҚазМұнайГаз» АҚ естелік белгісі, Маңғыстау облысы әкімінің алғысы, ҚБМ басшылығының құрмет грамотасы мен алғыс хаттарына ие болды.

«Басты мақсатымыз — ұжыммен бірге нәтижелі еңбек етіп, компания жетістіктерін еселеу. Мерекелік марапат жылдар бойы атқарған еңбектің бағаланғаны деп білеміз. Алғысын арнап, құрмет көрсеткен басшыларға ризамыз. Мұнайшылар күні құтты болсын!»,- деді марапат иелері.

Айта кетейік, мұнайшылар күніне орай екі вахта жұмысшыларын марапаттау кен орнында жалғасын табады.

ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫНА 125 ЖЫЛ: САЛА АРДАГЕРЛЕРІ МЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

28 тамыз күні Қазақстан мұнайының 125 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар Ақтауда жалғасын тапты. Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ)  Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, ЕТҰ қызметкерлері, сала ардагерлері және құрметті қонақтар қатысты.

Салтанатты шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ)қарасты «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Қазақтеңізкөлікфлоты»ЖШС, «Caspi Bitum» ЖШС, «ҚазГӨЗ» ЖШС және басқа да кәсіпорындардың еңбек сіңірген қызметкерлеріне мерейтой медальдары, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.

Асхат Хасенов әріптестері мен мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, мұнайшыларға еңбектері үшін алғыс айтып, саланың дамуына қосқан үлестерін ерекше атап өтті.

ҚМГ үшін жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесі әрқашан өзекті. Осыған орай, Ұлттық компания өңірдегі ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған бірнеше жобаны іске қосты. Қаражанбас кен орнындағы ілеспе қабат суын тұшытузауыты толық қуатына шығып, қазір тәулігіне 17 мың текше метр су өндіреді. Бұған дейін Қаражанбас «Астрахань-Маңғышлақ» құбырынан су алып отырды. Енді Еділ суының бұл көлемі облыстың елді мекендеріне жіберіледі. Сондай-ақ, Кендірлі ауылында теңіз суын тұшытузауыты салынып жатыр. Бұл жоба Жаңаөзен тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

ҚазМұнайГаздың Маңғыстаудағы кәсіпорындары ауыл-аудандарда мәдени ошақтар, медицина және спорт нысандарын, мектептер мен балабақшалар сала отырып, жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді атсалысып келеді.

50 ЖЫЛ — ЕЛ ИГІЛІГІНЕ!

Қаражанбас кен орнында компанияның жарты ғасырлық мерейтойына орай І вахта жұмысшыларына арналған концерт өтті. Іс-шарада компания басшылығы, кәсіподақ төрағалары мен арнайы шақырылған қонақтар өлке өндірісін өркендетуге үлес қосып жүрген қара алтын игерушілерді 50 жылдықпен құттықтап, ел экономикасын дамытудағы елеулі еңбегі үшін алғыс білдірді.

Жұмысшылар алдымен мерейтойға арнайы түсірілген «Қаражанбас-Қазынам» деректі фильмін тамашалады. Фильмде компанияның даму тарихы, еңбек ұжымының жеткен жетістіктері топтастырылған. Сондай-ақ қаражанбастықтардың бірлігі арқасында атқарылған игі істер мен тың жобалар тізбектелді. Бұдан соң дәстүрлі түрде өтетін «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауының жеңімпаздары марапатталды. ҚБМ басшылығы оларды жетістігімен құттықтап, жарыстың аймақтық кезеңіне сәттілік тіледі.

Мұнайшыларға құрмет мұнымен шектелмеді. Мерекелік атмосфера маңғыстаулық әншілер мен ҚР эстрада орындаушыларының концертіне ұласты. Жұмысшылар әсем әндер шырқалған көңілді кештен ерекше әсер алды.

ӘЛЕМНІҢ ҮШ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАН ҚАРАЖАНБАСТЫҚТАР

«Жеңісімізді компаниямыздың 50 жылдығына арнаймыз!».

Қазақстан мұнайының 125 жылдығы мен мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында «Қаржанбасмұнай» АҚ-ның кір тасын ұршықша иіретін қос жұмысшысы жетістігін жаңартты. Қырғызстан Республикасында өткен тартысты бәсекеде Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері — №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев пен Технологиялық көлік департаментінің жүргізушісі Айдын Ахметов алтын медаль қанжығалап, үш дүркін Әлем чемпионы атанды.

Шыдамдылық, күш-жігер мен намыс… 18 мемлекеттің абыройын арқалаған 500 катысушы арасынан жігіттер осы қасиеттерімен  дараланды. Жеңіс жолы оңай болмаса да, тұрақты дайындық пен төгілген тер ақталды. 95 келі салмақта өнер көрсеткен Айдын Ахметов пен 85 келіде бақ сынаған Нартай Алтыбаев ерлер және ардагерлер арасында топ жарып, қос-қостан алтын алды. Жарыс кезінде Нартай Алтыбаев 10 минут ішінде кір тасын бір қолмен 191 рет көтеріп, рекорд орнатты.

«Бұл жолы үш дүркін Әлем чемпионы атану бақыты бұйырыпты. Біз әр жанкүйердің қолдауын ерекше сездік. Бізді әрдайым қолдап, сенетін компания басшылығына, өндіріс директорлары мен цех басшыларына, әріптестерге алғысымыз шексіз. Жарқын жетістігімізді Қаражанбастың 50 жылдығына арнаймыз! Мерекеміз құтты болсын!»,- деді чемпиондар.

Қиын жаттығулар, түрлі эмоция мен қобалжудың бәрі артта қалды. Жарқын жеңіс пенжаңа белестерді бағындыру арқылы мұнайшылар қаражанбастықтардың мықтылығын тұтас әлемге паш етті. Компания басшылығы мен еңбек ұжымы чемпиондарға еңбекте де, спортта да жетістіктерінің еселенуін тілейді!

СПАРТАКИАДАДАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛҒАН МҰНАЙШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасында жүлдегер атанған жұмысшыларды қабылдады. Бас директор Марат Елеусінов ҚМГ компаниялар тобы арасында өткен тартысты бәсекеде компания намысын абыроймен қорғап, қоржынға медаль салған қызметкерлерге алғыс білдірді.

«Дәстүрлі сайысқа әр мекеме ең үздік қызметкерлерін қосады. Сондықтан жарыс бәсекелестікке толы болатыны белгілі. Көп арасынан суырылып шығып, жүлдегер атанғандарыңызға көп рақмет. Қаражанбас абыройын арттыру бәріміздің ортақ міндетіміз. Келер жылы медаль саны артып, бұдан да жақсы нәтиже көрсететіндеріңізге сенемін!»,— деді Бас директор.

10-14 тамыз аралығында Павлодарда өткен бәсекеде мұнайшылар 11 спорт түрі бойынша сайысқа түскен еді. Қорытындыға сәйкес ҚБМ жұмысшылары арқан тарту, баскетбол, тоғызқұмалақ және қол күрес бойынша барлығы 4 жүлдеге ие болды.

ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙЫНЫҢ 50 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КОНЦЕРТ

Биыл Бозашының жазық даласында алғаш мұнай бұрқағы атқылап, Қаражанбас кен орнының тарихы басталғанына жарты ғасыр толды. Осыған орай «Қаражанасмұнай» АҚ жыл басынан бері түрлі бағыттағы акциялар мен сайыстар өткізіп келеді. Ал бұл жолы вахталық кентте ақшаңқан үйлер тігіліп, компания жұмысшылары үшін ашық аспан астында ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Жүрекжарды құттықтаулар, марапаттар мен концерттік бағдарлама мерейтой ажарын аша түсті.

Концерт «Қаражанбас-Қазынам» деректі фильмінің тұсаукесерімен басталды. Онда кен орнының ашылуына сүбелі үлес қосқан ардагер геолог Әділ Нұрманов 50 жылға шегініс жасап, Қаражанбас тарихының қалай басталғанын баяндайды. Сондай-ақ фильмде компанияның қалыптасу кезеңдері мен еңбек ұжымының жетістіктері тізбектелген.

Іс-шарада ҚБМ Басшылығы мен қос кәсіподақ төрағасы жұмысшыларды мерейтоймен құттықтады. Олар компанияның жан-жақты дамуы үшін отбасынан жырақта жұмыс істеп, ел экономикасын өрге сүйреуге атсалысқан әр мұнайшының еңбегін ерекше атап өтті.

«Қаражанбас тек Маңғыстау жұрты емес, тұтас ел мақтан тұтатын компанияларының біріне айналды. Бұл әрине сала ардагерлерінің сара жолымен болашаққа нық қадам басып келе жатқан мыңдаған мұнайшы еңбегінің жемісі. Өндіріс үздіксіздігін сақтап, белгіленген жоспарымызды уақытылы орындасақ әлі талай белесті бағындыратынымызға сенімдіміз. Кен орнымыздың алғашқы мұнай фонтанына 50 жыл толуымен баршаңызды құттықтаймыз! Еңбектеріңіз еленіп, абырой биігінен көріне беріңіздер!»,- деді Бас директор Марат Елеусінов.

Қаражанбас білімді де білікті, өз ісінің майталманы атанған мұнайшыларымен қуатты. Мерейтойда «Үздік маман-2024» кәсіби шеберлік байқауында топ жарған жеңімпаздарға құрмет көрсетілді. Өз аталымы бойынша жүзден жүйрік атанған мұнайшыларға дипломдар табыс етілді.

«Бізді маман ретінде шыңдап, тәжірибелі әріптестер сыйлаған сүйікті кен орнымыздың 50 жылдығы құтты болсын! Елімізді дамыту жолында жұдырық боп жұмылып, жемісті еңбек етуге әрқашан дайынбыз. Қаражанбас мұнайы сарқылмай, еңбек адамдарының мәртебесі арта берсін!»,- дейді мұнайшылар.

Өлке өндірісінде өзіндік орны бар ірі компания жұмысшыларын өңір өнерпаздары мен Қазақстан эстрадасының әншілері құттықтауға арнайы келді. Кеш хэдлайнерлері — танымал әндерімен тыңдарман жүрегінен орын алған Қайрат Баекенов, Қазыбек Құрайыш және Нұрболат Абдуллин қаражанбастықтарға таңдаулы туындыларын тарту етті.

ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ СУ ТҰШЫТУ ЗАУЫТЫ ТОЛЫҚ ҚУАТҚА ШЫҚТЫ

Қаражанбас кен орнындағы ілеспе қабат суын тұшыту зауыты жобалық қуаты – тәулігіне 17 мың текше метрге шықты. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына сапары аясында Қаражанбас кен орнына келіп, зауыт жұмысымен танысты.

Мұнаймен бірге өндірілген қабат суы тұшытылғаннан кейін кен орнында бу өндіру үшін техникалық мақсатта пайдаланылады. Сынақ режимінде іске қосылғаннан бастап бүгінгі күнге дейін зауытта 6,4 миллион текше метрден астам су тұшытылды.

Жобаның әлеуметтік маңызы зор. Зауыт іске қосылғанға дейін «Қаражанбасмұнай» АҚ тәулігіне орта есеппен 21 мың текше метр Еділ суын тұтынса, қазір бұл көрсеткіш 5 мың текше метрге дейін төмендеді. Бұл өз кезегінде Астрахань-Маңғышлақ магистральды су құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемін өңір халқының қажеттілігіне бағыттауға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, мұнай кен орнындағы ілеспе қабат суын тазарту қоршаған ортаға да оң әсер етеді. Қазір бұл – Қазақстандық мұнай кен орындарындағы осыған ұқсас ең ірі жоба.

Анықтама үшін: Қабат (жерасты) суын тазарту тұндырғыштар мен флотация блогы арқылы жүзеге асырылады, содан кейін тазарту орташа және жұқа тазарту сүзгілерінің, ультрафильтрация блогының, содан кейін кері осмос блогы арқылы өтеді. Нысан 36 мың шаршы метр ауданда орналасқан, өнімнің қуаты – тәулігіне 17 мың текше метр (тазартылған бұл су көлемі тәулігіне 42,5 мың текше метр су қабат өңдеу кезінде алынады).

ҚАРАЖАНБАС КЕН ОРНЫН ДАМЫТУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

Ақтауда Қазақстан мұнайының 125 жылдығы мен Қаражанбас кен орнынан алғашқы мұнай бұрқағының атқылағанына 50 жыл толуына орай Халықаралық ғылыми-практикалық концеренция өтті. Шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілдері, «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығы,отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Мақсат – қою мұнайды игеру әдістері мен технологияларын сараптап, жаңа жобаларды талқылау, ең бастысы Қаражанбас кен орнын дамыту переспективаларын қарастыру.

Ашылу салтанатында ҚБМ Басшылығы қатысушыларды еліміздің мұнай саласындағы қос мерейтоймен құттықтап, жерасты байлығын тиімді әдістермен игеру саласына еңбек сіңіріп жүрген ғылыми қызметкерлер үлесін ерекше атап өтті. Пленарлық отырыста ғалымдар Қаражанбас кен орнында жер қабаттарына бу айдау тиімділігін арттыру әдістерінің бірі — ыстыққа төзімді пакерлерді қолдану тәжірибесі, жоғары температуралы тығыздағыш агент көмегімен жылуды қалпына келтіру технологиясы, қоюмұнай өндірудің микробиологиялық технологиясы сияқты бірқатар тақырыптарға баяндама жасады.

Бұдан соң шетелдік сарапшылар ұқсас кен орындарындағы бу параметрлерін анықтауға арналған техникалық құрылғыны құру тәжірибесімен бөлісіп, мұнай ұңғымаларын құмнан химиялық қорғау технологияларын таныстырды. Өз кезегінде Қаражанбас кен орнына зерттеу жүргізген отандық ғалымдар ауыр мұнай эмульсияларын зерттеу жұмыстары туралы айтты. Сондай-ақ кен орны объектілерінде әсер етуші факторларды зерделеу және коррозияға қарсы күрес әдістерін жетілдіру бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Баяндамаларды толық тыңдаған қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді.

Жер қойнауы, табиғатты қорғау жəне тиімді пайдалануға қатысты ғылыми-техникалық прогресте геологияның мəні айрықша. Бұл бағытта жан-жақты зерттеу жүргізіп, мамандардың біліктілігін арттыру назардан тыс қалмайды. Мұндай шаралар нәтижесі кен орнының келешегіне оң ықпал етері анық.

Металл сынықтарын сату туралы хабарландыру

«Қаражанбасмұнай» АҚ әлеуетті сатып алушыларды мүлікті сату бойынша бағаны өсіру әдісімен өтетінэлектрондық сауда-саттыққа қатысуға шақырады:

1) «Бұрын пайдалануда болған сорғы-компрессорлық құбырлар түріндегі металл сынықтары» – 2 448 тонна. Бастапқы бағасы – 119 298 384 теңге (1 тонна бағасы — 48 733 теңге). 2) «Бұрын пайдалануда болған сорғы штангалары түріндегі металл сынықтары» – 240 тонна. Бастапқы бағасы – 11 695 920 теңге (1 тонна бағасы — 48 733 теңге). 3) «Басқа сынықтар түріндегі металл сынықтары және қара металдардың қалдықтары (СКҚ-дан және сорғы штангаларынан басқа, жеңіл салмақты металл сынықтары мен қаңылтырлар, сондай-ақ ауыр металл сынықтары)» –430 тонна. Бастапқы бағасы – 19 414 500 теңге (1 тонна бағасы – 45 150 теңге). Электрондық сауда-саттықты өткізу күні мен уақыты: 03.09.2024ж., уақытымен сағат 12:00.

Электрондық сауда-саттық шарттары және сатылымға шығарылатын металл сынықтары туралы толық ақпарат мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында көрсетілген (www.e-qazyna.kz).

Қосымша ақпаратты 8 (7292) 473828 телефоны бойынша алуға болады.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Павлодарда Қазақ мұнайының 125 жылдығы мен Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) спартакиадасы жарыстары мәреге жетті. 10-14 тамыз аралығында еншілес ұйымдардың 600-ден астам қызметкері арқан тарту, қол күрес, асық ату, баскетбол, волейбол, киберспорт, шағын футбол, үстел теннисі, жүзу, тоғызқұмалақ және шахматтан өз компаниясының намысын қорғауға тырысты.

Шараның жабылу салтанатында ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов додаға қатысушыларға алғыс айтып, жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерлі құттықтады. Сондай-ақ ол ҚМГ компаниялар тобы командаларының саны мен дайындық деңгейінің өсіп келе жатқанын атап өтті.

«Қазақ мұнайының 125 жылдығына және әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған спартакиаданың қатысушыларын шын жүректен құттықтаймын! Осындай спорттық додалар мұнай-газ саласындағы қызметкерлер арасындағы салауатты өмір салтын насихаттауға, корпоративтік рухты нығайту мен ынтымақты арттыруға ықпал етеді. Еңбек пен спортты қатар алып жүріп, толағай табыстарға жете беріңіздер», — деді А. Хасенов.

Тартысты бәсекеде «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары жалпы саны 4 жүлдені қанжығаға байлады. Сайыстың бірінші күні жігіттер арқан тартудан күміс жүлде алды. Одан соң материалдық-техникалық жабдықтау базасының тауартанушысы Айгерім Бопилова тоғызқұмалақтан үздік үштікті түйіндеді. Айгерімнің жетістігін әйелдер арасында қол күрестен бақ сынаған ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының химиялық талдау лаборанты Құралай Ақжігітова қайталап, қола жүлдені қанағат тұтты. Жарыстың соңғы күні баскетболдан ҚБМ намысын қорғаған команда үшінші сатыға тұрақтады.

Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға дипломдар мен медальдар, кубоктар табыс етілді. Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген финалистер алдағы уақытта жеңіс тұғырынан көріну үшін дайындықтарын нығайтатынын жеткізді.

ҚАРАЖАНБАС ЖАСТАРЫ: «БАСТЫ МАҚСАТ – ЕЛГЕ ПАЙДАЛЫ АЗАМАТ БОЛУ!»

12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Қоғамның белсенді де жаңашыл буынына қай кезде де артылар үміт зор. Себебі білімді, дарынды, бәсекеге қабілетті жастар қай салаға болмасын серпіліс әкелері анық.

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) 35 жасқа дейінгі жұмысшылар «Жас маман кеңесі» (ЖМК) құрамына кіреді. Аталмыш кеңес 10 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қаражанбас жастарының негізгі қызметі мұнай өндірумен тікелей байланысты болса да, олар өңірдегі барлық шаралар мен жобаларға белсенді қатысады.

Компанияның білімді де өнерлі жігіттері мен арулары білім, ғылым, өнер, спорт додаларында көш бастап, инновациялық, әлеуметтік жобаларда да өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Өндірісті өркендетуге үлес қосып жүрген ЖМК мүшелері қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау бағыттары бойынша бірнеше авторлық жобалар дайындады.

«Біздің қатарымызда сегіз қырлы, ойы ұшқыр, ерекше талантты әріптестер өте көп. Жастар — еліміздің болашағы болғандықтан өзіміздің қоғам алдындағы міндеттеріміз бен жауапкершілігімізді сезінеміз. Алдағы уақытқа көптеген тың жобалар жоспарда бар. Басты мақсат — елге пайдасы тиер азаматтар болу!»,- дейді ЖМК төрағасы Айбек Ұлықпанов.

Қаражанбастықтар «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына қарасты мекемелердің жастарымен берік қарым-қатынаста. Олар біліктілік арттыру бойынша оқытуларда, тұлғалық даму тренингтерінде, сондай-ақ өзге де жобаларда бас қосып, тәжірибе алмасады.

Сала ардагерлерінің салған сара жолын абыроймен жалғап, қазыналы түбектің қара алтынын игеріп жүрген ЖМК мүшелерін компания басшылығы мен еңбек ұжымы атынан жастар күнімен құтықтаймыз!

ҚМГ СПАРТАКИАДАСЫ БАСТАЛДЫ: ҚОРЖЫНДА АЛҒАШҚЫ МЕДАЛЬ

«Қаражанбасмұнай» АҚ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ спартакиадасын күміс жүлдемен бастады. Биыл Павлодарда басталған дәстүрлі дода Қазақстан мұнайының 125 жылдығына және Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып отыр. Ауқымды шараның ашылу салтанатында ҚМГ аппарат басшысы Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ашылу салтанатынан соң ұлттық ойын арқан тарту сайысы басталды. Қаражанбас намысын қорғаған команда алдымен «ҚазТрансОйл», кейін «Oil Service Company», одан соң «ҚазГерМұнай» командаларымен кездесіп, басым түсті. Жанкүйерлер қошеметіне бөленген ҚБМ құрамасы ақтық сында «ӨзенМұнайГазға» есе жіберді. Осылайша қаражанбастықтар алғашқы жарыстан ІІ орын алып, күміс жүлдені қанжығаға байлады.

Айта кетейік, спартакиада әйелдер мен ерлер арасында спорттың 11 түрі бойынша өтеді. Жарыста ҚМГ компаниялар тобының 27 мекемесінен 600-ден астам қатысушы өз компанияларының намысын қорғайды.