ӨНДІРІСТЕ СПОРТТЫҚ САЙЫСТАР ӨТТІ

Дені саудың — жаны сау!

Қаражанбаста компанияның 50 жылдық мерей тойы қарсаңында II вахта мұнайшылары арасында спорттық сайыстар өтті.

5 түрлі спорт түрінен өткен дүбірлі доданың алғашқы күнінде жұмысшылар білек күшін сынға алып, арқан тартысты. Мұнайшылар аталған спорт түрінде тек күштің ғана емес мықты техниканың да маңызды рөл атқаратынын өте жақсы біледі. Сондықтан да мұндағы ұлттық ойын әркез тартысты өтеді. Сайыс нәтижесінде MSC командасы III орын, ПЖИЦ жігіттері II орын, ал ұжымдық бірліктің арқасында суырылып алға шыққан БжҰЖКЖБ командасы I орынды иеленді.

Спорттық жарыстың 2 күні бильярдпен жалғасты. Ұшқыр ой мен мықты мергендік қабілетте сыналатын сайыста мұнайшылар мүдірген жоқ. Өйткені, бұл ойынға жоғары дайындықпен келген. Бильярдшылар бәсекесінде ЭЦ слесарі Жеңіс Шараханов қола жүлдеге, ТКД-1 моторисі Ақылбек Байжанов күміс жүлдеге, ал БжҰЖКЖД бұрғышы көмекшісі Асылбек Алшынбай алтынға лайық деп танылды.

Жарыс қыза түскен сайын мұнайшылар да бірінен-бірі оза түсті. Кезең-кезеңімен өткен баскетбол, волейбол, шағын футбол сайыстары бұған дәлел. Өйткені, жұмысшылар допты межелі торға салуға бар шеберліктерін жұмсады. Баскетбол сайысы бойынша MSC командасы III орын, ӨАЦ жігіттері II орын, ал МТЖБ командасы дәрежелі I орынды қанжығаға байлады.

Волейбол ойыны бойынша да оза шапқандар марапатталды. Үздік үштікті БӨЦ командасы бастады. Ал, Ардагерлер командасы II орынға тұрақтап, шеберлігімен шақасына шаң жұқтырмаған МӨЦ-1 жұмысшылары I орынға жайғасты.

Спорттық сайыстарды қорытындылаған шағын футбол бәсекесі де өз мәресіне жетіп, қолданылған түрлі тактика мен соғылған нәтижелі голдар арқасында жүйелі ойын көрсеткен командалар марапатталды. Атап айтсақ, III орынды FTC командасы ұтып, II орынды Мобил Сервистік жігіттер қанағат тұтты. Ал, бабы мен бағы қатар шапқан МӨЦ-3 командасы жарыс шыңынан көрініп, бас жүлде иегерлері атанды.

Дүбірлі додада үздік нәтиже көрсеткен жұмысшыларға мақтау қағаздары мен естелік кубоктары табыс етілді. Аталмыш сайыс алдағы уақытта I вахта мұнайшылары арасында да өтеді.

МҰНАЙШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ ЖАЗБА АҚЫНДАР МҮШАЙРАСЫ

Қаражанбас мұнайының мерейтойына орай қара алтын игеруге атсалысып жүрген жұмысшылар шығармашылық қабілетін сынға салып, өлең жазудан сынға түсті. «Қаражанбас кеші көңілді» атты жазба ақындар мүшайрасында өндіріс қызметкерлерімен қатар кеңсе мамандары сүйікті кен орнына жүректен шыққан жалынды жырларын арнады.

Әр туынды өз идеясымен, ұйқасымен, мағынасымен ерекшеленді. Мұнайшылар шығармашылығын өлең өлкесінде өзіндік орны бар ақындардан құралған арнайы комиссия талдады. Ал еңбек ұжымы компанияның әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы әріптестерінің өнеріне оң баға берді.
Өз кезегінде ҚБМ Басқармасы әр қатысушыға сайысқа қатысқаны үшін алғыс білдіріп, марапат табыс етті.

Еске сала кетейік, Қаражанбас кен орнынан алғашқы мұнай бұрқағы атқылағанына 50 жыл толуына орай көптеген рухани, мәдени, қайырымдылық, спорттық шаралар өткізіліп келеді. Жоспарға сәйкес мұндай бағыттағы шаралар жыл соңына дейін жалғаспақ.

КЕҢСЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) Қазақстан мұнайының 125 жылдығы және кен орнынан алғашқы мұнай бұрқағының 50 жылдығына орай жұмысшыларды марапаттау жалғасып жатыр. Бұл жолы орталық аппаратта еңбек ететін қызметкерлер құрметке бөленді.

Бас директор Марат Елеусінов ұжымды құттықтап, компанияның дамуы жолында кен орнындағы мұнайшылармен қатар кеңсе жұмысшыларының да үлесі зор екенін атап өтті. Содан соң 30-ға жуық қызметкерді Қазақстан мұнайының 125 жылдығы, «Қаражанбасмұнай» АҚ 50 жылдығына арналған төсбелгілермен марапаттады. Бұдан бөлек бірқатар жұмысшыға Маңғыстау облысы әкімі мен ҚБМ Басқармасы атынан алғыс хаттар табысталды.

БАҚЫТЖАН НҰРМАҒАНБЕТ — №2 МӨЦ МҰНАЙ, ГАЗ ЖӘНЕ КОНДЕНСАТ ӨНДІРУ ШЕБЕРІ

Қаражанбаста қара алтын игеру жолында ерең еңбек етіп, ғұмырының көп бөлігін өндіріске арнаған тұлғалар саны аз емес. Солардың бірі — №2 Мұнай өндіру цехының (МӨЦ) Мұнай, газ және конденсат өндіру шебері — Бақытжан Нұрмағанбет.

Бақытжан Нұрмағанбет — Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылында дүниеге келген. 21 ғасырдың басында еңбек жолын «Қаражанбасмұнай» АҚ бастаған кейіпкеріміз алғашында 4 және 5 дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы болып жұмыс істеп, артынша білімі мен біліктілігінің арқасында лауазымы жоғарылап, мұнай, газ және конденсат өндіру шебері болып жұмысын жалғастырған.

Бақытжан Нұрмағанбет дүниенің кілті, барша игіліктің бастауы адал еңбекте екенін еселі еңбегімен дәлелдеген жан. Өйткені ол жұмысына аса жауапкершілікпен қарап, тапсырманы тиянақтылықпен орындайды. Сондай-ақ, ұжым арасында да өте сыйлы, абыройлы азамат.

Өмірлік ұстанымы: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!»

МАРАПАТ ТӨРІНДЕ — МҰНАЙШЫЛАР

Қазақстан мұнайының 125 жылдығы мен «Қаражанбасмұнай» АҚ-на 50 жыл толуына орай өндірісте жұмыс істейтін бір топ мұнайшылар марапатталды. Шарада компания басшысылығы, еңбек ұжымын мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнады. Бас директор Марат Елеусінов қазыналы түбек өндірісін дамытудағы еңбек адамының сүбелі үлесін ерекше атап өтті.

«Қаражанбастың жарты ғасырлық тарихының қалыптасуына алдыңғы буын ардагерлерімізден бөлек сіздердің де үлестеріңіз ұшан теңіз. Өндірісті өркендету бұл — ел экономикасына елеулі үлес қосу. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызды маңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қара алтынымыз таусылмасын!»,- деді Бас директор.

Жиында еліміздегі мұнай-газ саласының дамуы жолында елеулі еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер қос мерекеге орай төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ мәртебелі мамандық иелеріне ҚР Энергетика министірлігінің төсбелгісі, Облыс әкімінің Құрмет грамотасы және ҚБМ Басқармасы атынан алғыс хаттар табысталды.

«Марапат — мерейді өсіреді. Компания басшылығына көрсетілген құрметке алғыс білдіреміз. Бозашы мұнайы дамып, өлкенің алтын көмбесі жарқын болашаққа жол бастасын. Барша мұнайшыны мерекемен құттықтаймыз!»,- деді қызметкерлер.

Айта кетейік, Қазақстан мұнайының 125 жылдығы мен Қаражанбастың алғашқы бұрқағының жарты ғасырлық мерейтойына арналған шаралар жыл соңына дейін жоспарланған. Сондықтан жұмысшылар марапаты әлі де жалғасын табады.

СЕНБІЛІК — ТАЗАЛЫҚ КЕПІЛІ!

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түпқараған ауданына қарасты Шақпақ ата және Қапамсай шатқалында сенбілік өткізді.

Таң атысымен орталық аппараттың 50-ге жуық жұмысшысынан құралған команда аталмыш аумаққа аттанып, тазалық акциясына белсенді қатысты. Қаражанбастықтар жинаған 32 қап тұрмыстық қатты қалдықтарды арнайы техникаға көмегімен Баянды ауылы маңында орналасқан қоқыс полигонына жіберді.

Айта кетейік, ҚБМ бұған дейін де апта сайын сенбілікке шығып, қоршаған ортаны қорғауға қорғауға сүбелі үлес қосып келеді.

ҚАУІПСІЗДІК БЕЛДІГІ ӨМІРІҢІЗДІ ҚОРҒАЙДЫ!

 «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 2024 жылға арналған Жол картасын және өндірістік қауіпсіздік жоспарын іске асыру аясында компаниялар тобы қызметкерлері арасында қауіпсіздік белдіктерін пайдалану және жол-көлік оқиғалары кезіндегі жарақаттарды азайтуға ерекше назар аударып отыр.

Осы мақсатта Қаражанбас жұмысшылары конвинсер-тренажерінің тәжірибелік көрсетіліміне қатысты.  Алдымен қызметкер жүргізуші креслосына отырып, қауіпсіздік белдігін бекітті. Бұдан соң тренажер шамамен 10 км/сағ жылдамдықпен импровизацияланған кедергіге соқтығысты. Тәжірибе арқылы қаражанбастықтар жол-көлік оқиғасы кезінде қауіпсіздік белдігін тағудың маңыздылығын түсініп, жолаушыларды қалай қорғайтынына көз жеткізіп қана қоймай, сезінуге де мүмкіндік алды.

Қызмет барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамау адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, түрлі жазатайым оқиғаларға алып келуі мүмкін. Сондықтан  еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің озық тәжірибелерін енгізу — оң нәтижеге жеткізеді. Айта кетейік, жұмыс орнындағы кәсіптік тәуекелдердің алдын алу және жою әрбір қызметкердің кәсіби және жеке жауапкершілігі саналады.

ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ЦЕХІШІЛІК САЙЫС

Қаражанбастың №3 мұнай өндіру цехы (МӨЦ) жұмысшылары қара алтын игеру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай кен орнындағы жасыл алаңда шағын футболдан сайысқа түсті. Салауатты өмір салтын берік ұстанатын мұнайшылар ауыр жұмыс күнінен соң 4 командаға бөлініп, өзара мықтыларды анықтады.

Цехішілік жарысқа әр команда мықты дайындықпен келген. Бұл олардың ойын өрнегінен анық байқалды.Әр құрама жеңіске ерекше талпыныс танытса да, бәрінің ортақ әрі басты мақсаты – ұжым бірлігі мен рухын нығайту.

Қорытындыға сәйкес, инженерлік-техникалық құрам үшінші, 31 Топтық өлшеу қондырғысы (ТӨҚ) ұжымы екінші орын иеленді. Ал үздік ойынымен алға шыққан 30 ТӨҚ командасы бірінші орынға лайық деп танылды.

ҚБМ ГЕОЛОГЫ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Қазақстан мұнайының 125 жылдығына орай Астанада салтанатты жиын өтті. Шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов сала ардагерлері мен өмірін өндіріске арнаған қызметкерлерді, еңбек адамдарын кәсіби мерекемен құттықтады.

Жиында саланың дамуына сүбелі үлес қосқан мұнайшыларға төсбелгілер мен Құрмет грамоталары табысталды. Елорда төрінде «Қаражанбасмұнай» АҚ геология және кен орнын игеру департаментінің директоры Мәнепхан Сәдуақасов та құрметке бөленді. ҚМГ басшысы оған ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін табыс етті.

Мәнепхан Сәдуақасов ҚБМ-дағы еңбек жолын 23 жыл бұрын бұрғышы көмекшісі болып бастады. Әр жылдары бұрғышы, ҰЖЖБ шебері, өндіріс инженері, геология және барлау бөлімінде инженер-геолог, ОИТҚ технологы, геология және игеру бөлімінің басшысы, Бас геолог болып еңбек етті.

ҚБМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕЛОРДАДА МАРАПАТ АЛДЫ

Елордада Қазақстан мұнайының 125 жылдығына орай Премьер-Министр Олжас Бектенов қара алтын игеру саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, Президент атынан марапаттар табыс етті. Үкімет басшысы Қазақстанды әлемдік энергетика нарығындағы жетекші елдер қатарына қосқан сала ардагерлері, мұнайшылар, инженерлер мен ғалымдардға ерен еңбегі мен қажыр-қайраты үшін алғыс білдірді.

Бұдан соң Премьер-Министр мұнай-газ секторын дамытуға атсалысқан 40 қызметкерге марапат табыс етті. Олардың арасында «Қаражанбасмұнай» АҚ-на көп жылдық еңбегі сіңген жұмысшылар да бар. Атап айтсақ, Орталық инженерлік-технологиялық қызмет басшысы Жақсыбек Рахманов «Құрмет» орденімен, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Рүстембек Жайлау IІI дәрежелі  «Еңбек Даңқы» орденімен, мұнай дайындау және айдау цехының басшысы Бекжан Ешекенов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

«Біз өмірімізді өндіріске арнап, қазыналы түбек Маңғыстаудағы Бозашы мұнайын игеруге атсалысу арқылы еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосып жүргенімізге ризамыз. Кәсіби мерекеде талай жылғы еңбектің жемісі ретінде жоғары марапатқа ие болып жатқанымызға қуаныштымыз. Еліміз әлі де дамып, абыройымыз арта берсін! Мұнайымыз көп болсын! Мұнайшылар жасасын!»,- деді қаражанбастықтар.

САҒАТБЕК КӨШЕРОВ – ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КӨЛІК ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЭКСКАВАТОР МАШИНИСІ

Сағатбек Көшеров 1985 жылдың 29 наурыз күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Ақшымырау ауылында дүниеге келген. «Қаражанбасмұнай» АҚ-дағы еңбек жолын 2008жылы 3 дәрежелі вакуумдық қондырғы операторының көмекшісі болып бастады. Жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған ол, кейін 6 дәрежелі экскаватор машинисі қызметіне ауысып, қазірге дейін өндірісті өркендету жолында жұмыс істеп келеді.

Өз ісінің «жілігін шағып, майын ішкен» жұмысшы негізгі қызметінен бөлек, компанияның және өңірдің қоғамдық-әлеуметтік өміріне де белсенді араласады. Биыл су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін үйлестіруге қосқан үлесі үшін Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасының, Индер ауданы әкімінің Алғыс хатымен, ҚБМ БасқармасыныңҚұрмет грамотасымен марапатталды.

Өмірлік ұстанымы: «Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын».

ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙШЫСЫ «ПАРАСАТ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы Қазақстанның мұнай өнеркәсібі өз тарихы мен дәстүрі бар сала екеніне тоқталып, оның қалыптасып, дамуына елімізге белгілі тұлғалар зор еңбек сіңіргенін жеткізді.

Президент мұнай мен газды еліміздің стратегиялық ресурсы әрі мемлекет экономикасының тірегі екенін атап өтіп, мұнайшылардың еңбегін жоғары бағалады. Бұдан соң мұнай-газ саласында өнімді еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Солардың бірі «Парасат» орденін иеленген «Қаражанбасмұнай» АҚ №1 мұнай өндіру цехының 5-дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы — Сүйінғали Даржігітов. Ол өнегелі еңбек жолын 1985 жылы Қаражанбас кен орнында бастаған. Кәсіби білікті, тәжірибесі мол оператор 39 жыл бойы бір цехта, бір лауазымда табан аудармай қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде қара алтын игеру саласының қыр-сырын жетік меңгерген еңбек адамы мәртебелі мамандықты серік еткен жас мұнайшылар үшін тағылымды тәлімгер.