ТАЗАЛЫҚ — БӘРІНЕ ОРТАҚ

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері «Таза Қазақстан» Республикалық экоакциясы аясында 12 тамыз — Каспий күніне орай ұйымдастырылған облыстық сенбілікке қатысты. Орталық кеңсе қызметкерлері таң атысымен 15 шағын аудандағы теңіз жағалауын тазартуға кірісті.


Сенбілікке шыққан ұйымшыл ұжымға аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай арнайы келіп, сәттілік тіледі. Облыс әкімі мұндай экоакцияларда белсенді болу — азаматтардың қоршаған ортаға немқұрайлы қарамайтынын және нағыз патриот екенін айғақтайтынын айтты.

Каспий теңізі — тек Маңғыстау емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Жазда теңіз ауасымен тыныстап, жағалауда демалушылар саны бірнеше есе артады. Десек те тазалық — бәріне ортақ. Мұнайшылар белгіленген аймақтағы қоқыстарды жинап, халықты тазалық сақтауға шақырды.

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС — ҚОҒАМ ТАЛАБЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Орталық кеңсесінде Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті өкілдері компанияның басшылық құрамымен кездесті. Аталмыш департамент басшысының бірінші орынбасары Бауыржан Кенжетаев пен бас маман Нұргүл Мұқатай жиналысқа қатысушыларға ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының талаптарын сақтаутақырыбында дәріс өткізді.

Кездесу барысында мамандар алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген қылмыстық-құқықтық шаралар туралы ақпарат берді. Одан соң сыбайлас жемқорлықтың алдын алу кейстері талқыланды. Бұдан бөлек, аталмыш жайттарды болдырмау және тәуекелдерге ішкі талдау жүргізу алгоритмі түсіндірілді.

Сондай-ақ спикерлер ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңындағыөзгерістер мен толықтырулар туралы ақпарат беріп, мұндай фактілерге аса қатаң шара қолданылатынын атап өтті. Жиналыс соңында жемқорлық әрекетімен бетпе-бет келген жағдайда жедел желі — 1424 call орталығына хабарласу қажеттігі ескертілді. Өз кезегінде компания қызметкерлері ашық пікір білдіріп, қойған сауалдарына нақты жауап алды.

ГЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ қоршаған ортаны қорғау және жануарлар мен өсімдіктер әлемін аялауға бағытталған тың ғылыми зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Компания жобаны қаржыландыру үшін «Самғау» ҒТБО, сондай-ақ Қазақ мұнай және газ институты және «Азимут Энерджи Сервисез» АҚ-мен келісімге қол қойды.

Құжатқа сәйкес, ғалымдар алдағы уақытта көмірсутектерді жарылыс әдісінің көмегінсіз іздестірудің жолдарын зерттейді. Геологиялық барлаудың бұл әдісін қолданудағы басты мақсат -қоршаған ортаға залал келтірмеу. Арнайы жасалатын жарылыстардан бас тарту бұрын мамандардың немесе инфрақұрылымның жеткіліксіздігіне байланысты ғалымдар қол жеткізе алмаған аумақтарды барлауға мүмкіндік береді. Себебі мұнай кен орындарының басым бөлігі Каспий теңізіне жақын маңайда орналасқан. Сондықтан жаңа қазбаларды іздестіру үшін жерді жару тиімсіз, өйткені пайда болатын тербелістермен шу жергілікті флора мен фаунаға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан арнайы құрылғының экологияға әсеріне талдау жүргізіледі. Жоба мерзімі 16 айға жоспарланған.

«Жоба экологияға зиян келтірместен барлау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді деп болжаймыз. Бұрын-соңды зерттеу жүргізілмеген Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі қорықтарда іздестіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туып отыр. Бұған қоса зерттеу мерзімін және қаржылық шығынды арттырмауды ескеру шарт. Сондай-ақ компания жарылыс жұмыстарына тыйым салынған қолданыстағы кен орындарындағы көмірсутектің қалған қорларын біле алады», дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директоры Марат Елеусінов.

Бүгінде әлемдегі ең тиімді геологиялық барлау әдістерінің бірі – электромагниттік толқындарды қолдану. Бұл жағалаудағы және өтпелі аймақтар, шөлдер мен сортаң топырақ сияқты күрделі жәнеэ кологиялық сезімтал аймақтарда жарылғыш заттарды қолданбай тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Мұндай толқындарды қолданудың дәстүрлі әдістерге қарағанда бірқатар артықшылықтары бар. Біріншіден, олар қоршағанортаға кері әсерді азайтады. Бұл инфрақұрылымы дамыған аймақтарда және тұрғын үй аудандарына жақын жерлер үшін өте маңызды. Себебі жарылыстың әсері халыққа қауіп төндіріп, қирауға алып келуі мүмкін. Екіншіден, бұл әдіс таяз суда барлауға мүмкіндік береді. Компания жоба табиғатқа зиян келтірместен жер қыртысының құрылымы мен көмірсутектің қалдық қорлары туралы нақты мәліметтер алуға мүмкіндік беретініне сенімді. Себебі жарылысты болдырмау әдістеріне көшу арқылы табиғи ресурстарды тұрақты және экологиялық тұрғыда қауіпсіз игеруге мүмкіндік молаяды.

Айта кетейік, биыл Қазақстан мұнайының 125 жылдығы қарсаңында Қаражанбас кен орнында алғашқы мұнай бұрқағының ашылғанына 50 жыл толды. Аталмыш жұмыстар нәтижесі кен орнының келешегі үшін өте маңызды.

МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫН

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) әлеуметтік жауапты компания ретінде жұмысшылардың мектеп жасындағы балаларын оқу құралдарымен қамтамасыз етуді жалғастырып жатыр. Қолданысты Ұжымдық шартқа сәйкес мұнайшылардан түскен өтініш негізінде ҚБМ тарапынан биыл алты мыңнан астам балаға материалдық көмек беріледі.

Қаражанбас жұмысшыларының қос кәсіподағы да жаңа оқу жылы алдында балаларды назардан тыс қалдырмады. «ҚБМ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ ұйым мүшелерінің мектеп табалдырығын аттағалы отырған ұл-қыздарына сөмке сыйлады. Ал «Бірлік» кәсіподағы биыл бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерге кеңсе тауарлары дүкеніне сыйлық сертификатын табыстады.

Балалар алғашқы мектеп сөмкесін қуанышпен қабыл алып, ішін оқу құралдарымен толықтыруға асық. Айта кетейік, материалдық көмек, сөмке мен сертификаттарды беру қыркүйектің бірінші жартысына дейін жалғасады.

ҚБМ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ СПАРТАКИАДАҒА САҚАДАЙ САЙ

Санаулы күннен соң «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) спартакиадасына аттанады. Жарыс алдында Басқарма компания намысын қорғайтын жұмысшыларды арнайы қабылдады. Бас директор Марат Елеусінов сайыскерлерге жарыста өз мүмкіндігін толықтай паш етіп, жеңіс тұғырынан көрінуді тіледі.

ҚМГ еншілес және тәуелді ұйымдарының жұмысшылары арасындағы  дәстүрлі спорт додасы биыл Павлодарда өтеді. Олар шағын футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, асық ату, үстел теннисі, шахмат, арқан тарту,  қол күрес және киберспорттан бағы мен бабын сынға салады. Қазір қаражанбастық  80-ге тарта үміткер жүзден жүйрік шығу үшін қызу дайындығын пысықтап жатыр.

«ҚМГ спартакиадасы әр компанияның физикалық тұрғыда мықты, логикалары ұшқыр қызметкерлерін анықтайтын бәсеке. Мұндай мамандар біздің ұжымда да жетіп артылады. Алдағы сайыста лайықты өнер көрсетіп, көп медаль иеленетініңізге сенемін! Сәттілік серік болсын!»,— деді Бас директор.

«МОБИЛ СЕРВИС ГРУПП» ҚАРАЖАНБАСТА КӨЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІН АТАП ӨТТІ

Қаражанбас кен орнында көлік қызметкерлері күніне орай «Мобил Сервис Групп» ЖШС (МСГ) ұжымы мерекелік концерт ұйымдастырды. Шараға «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) Өндірістік Басқарма директоры Руслан Ақмұханов қатысып, компанияға көлік қызметтерін көрсететін мердігер мекеме басшылығы мен қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, сенімді серіктестік үшін алғыс білдірді.

Кеште саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жұмысшыларға облыстық мәслихат, ҚБМ, мекеме және МСГ жұмысшылары кәсіподағы атынан алғыс хаттар табыс етіліп, мәртебесі артты. Бұдан бөлек, өндірістік база аумағына қос үй тігіліп, мереке иелеріне ақ дастархан жайылды. Сондай-ақ қызметкерлер арасында арқан тарту, дойбы, ләңгі тебу мен дартстан сайыстар ұйымдастырылып, өзара мықтылар анықталды.

Мереке өлке өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Сахна төрінде өнер көрсеткен әншілермен бірге МСГ-ның талантты жұмысшылары еңбек ұжымына әуезді әндерін арнады.

ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ – БЕРІК ДОСТЫҚ КЕПІЛІ

Қаражанбаста Бозашы түбегінен орын тепкен қос кен орны жұмысшылары арасында шағын футбол және үстел теннисінен жолдастық кездесу өтті. «Қаражанбасмұнай» АҚ мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на қарасты Қаламқас қызметкерлерінің бұл жолғы бәсекесі Қаражанбас мұнайының 50 жылдығына арналды.

Алдымен мұнайшылар жасыл алаңға жиналып, аяқдоп додасында шеберлігін паш етті. Жарыс жолдастық кездесу деп аталғанымен қос команда бір-бірінен басым түсуге барын салды. Алғашқы гол жанкүйерлерді көп күттірмеді. Қаражанбас командасы допты қақпаға дөп бағыттап, есеп ашты. Қарсыластар да мықтылығын дәлелдеу үшін футзал тактикасын ұстана отырып, сәтті пастар арқылы әсерлі голдар соқты. Ойын қорытындысы бойынша есеп 8:8 болды. Осылайша жолдастық кездесуде достық жеңді.

Ал үстел теннисі сайысында мұнайшылар жылдамдығын, ептілігі мен қырағылығын сынға салды. Жұмысшылар жеке жарыста да өз компаниясының намысын алдыңғы орынға қойды. Тартысты ойында төрешілер шешімімен  қаламқастық Бауыржан Адамбаев үздік үштікті түйіндеді. Қаражанбас намысын қорғаған Бекзат Шадкам ІІ орынға лайық деп танылды. І орын  Қаламқас кен орнынан келген қонақ Ақберген Бекмұхановқа бұйырды.

Мұнай жолдастық кездесулер Бозашыдағы қос кен орны ұжымы арасында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл қаражанбастықтар мен қаламқастықтардың бірлігін нығайтып, ынтымақтастығын берік ете түседі. Әріптестер ортақ мақсат – Маңғыстау мұнайын игеру жолында бір-бірімен тәжірибе алмасып, тынымсыз тер төгуге әрқашан дайын екенін жеткізді.

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КӨЛІК ДЕПАРТАМЕНТІ — ӨНДІРІСТІҢ МАҢЫЗДЫ БӨЛІМІ

Елімізде тамыздың алғашқы жексенбісінде көлік және коммуникация қызметкерлерінің кәсіби мерекесі дәстүрлі түрде аталып өтеді.  «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның технологиялық көлік департаменті кен орнындағы қара алтын игеру процесі мен қызметкерлерді тасымалдау жұмыстарын толықтай көлік құралымен қамтамасыз етумен айналысады.

Мекеменің маңызды әрі өзіндік орны бар ірі департаменті сегіз автотізбек, екі өндірістік бөлім, екі жөндеу-механикалық цехы, сондай-ақ Ақтау қаласындағы бір автотізбек, техникалық қызмет көрсету гаражы, өндірістік-техникалық бөлім және көлікпен қамтамасыз ету бөлімінен тұрады. Ұжымдағы жалпы саны 1600-ден астам қызметкер: жүргізушілер, машинистер, мотористер, жөндеушілер, диспетчерлер мен инженерлік-техникалық қызметкерлер компанияның көлік саласындағы қызметін сәтті жүзеге асыру үшін ұйымшылдықпен қызмет етеді.

ҚБМ-ның 2023-2025 жылдарға жасақталған жоспары бойынша автопаркті толықтай жаңарту жұмыстары сәтті жалғасып жатыр. 2023 жылы көлік қызметкерлеріне 140 техника табысталса, биыл кен орнына 39 көлік жеткізілді. Жыл соңына дейін тағы 101 техника сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келер жылы бұл тізімді тағы 78 техникамен толықтыру жоспарда.

Департамент жұмысшылары кәсіби жетістіктерімен қатар, шығармашылық пен спорт бағыттарында да биік белестерді бағындырып, Қаражанбас атын асқақтатып жүр. Қиын да қызықты саланы серік еткен көлік қызметкерлерін және ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен ардегерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, қызметіне сәттілік тілейміз!

ҚАРАЖАНБАС КЕН ОРНЫНДА ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТКЕН ЖАСТАРҒА ЕҢБЕК КІТАПШАСЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Қаражанбас кен орнында тәжірибеден өтіп,оқуын сәтті аяқтаған 22 студент дипломдарымен бірге алғашқы еңбек кітапшаларын алды. «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) басшылығы тәжірибеге бағытталған оқыту жобасының шарапатын көрген Yessenov University (YU) менМаңғыстау энергетикалық колледжі жасмамандарын үлкен өмірге қадам басуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

ҚБМ мен YU арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында университет пен колледж студенттері 3 жылдан бері Қаражанбас кенорнында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тәжірибеден өтіп келеді. Ал былтырдан бастаполардың қатарын Маңғыстау энергетикалық колледжінің жастары толықтырды. Өндірістің қыр-сырын үйрету үшін әр студентке жетекші бекітілген. Болашақ мамандар тәжірибе кезінде кен орны тынысымен танысып, технологиялық және өндірістік процесстердің қалай жүзеге асатынына көз жеткізді. Жастар білім ордасында алған теориялық білімін Қаражанбас секілді ірі өндірі салаңында шыңдағанына дән риза.

«Нағыз маман болу үшін теориялық білімнен гөрі тәжіибеде мықты болу аса маңызды. Біз Қаражанбаста көп нәрсе үйреніп қана қоймай, нағыз мұнайшылар сияқты өндірістік нысандарда үлкен процестерге қатыстық. Тәжірибенің қызықты өткені сонша әр вахтамызды асыға күттік. Бұл біздің студенттік жылдарымыздың маңызды тарауы ретінде мәңгі есте қалады», —дейді түлектер.

Айта кетейік, меморандумға сәйкес, YUтүлектері өндірістік қажеттілік бойынша бос жұмыс орындарының «20%» қағидаты бойынша ҚБМ  аутстаффингіне қабылдана алады.  Ол үшін түлек аталмыш университетте өндіріске қажетті мамандықтар бойынша бакалавр немесе магистратураны үздік дипломмен тәмамдауы қажет. Үміткердің олимпиадалар мен түрлі ғылыми жобаларға, байқауларға қатысуы, ғылыми жетекшілердің ұсынысы, Қаражанбас кен орнындағы өндірістік жетекшілердің оң бағасын алғанына басымдық беріледі.

ҚАРАЖАНБАСТЫҚТАР АҚШҰҚЫР АУЫЛЫНДАҒЫ ЖАҒАЛАУДА СЕНБІЛІК ӨТКІЗДІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында белсенділік танытты. Компания басшылығы мен орталық кеңсенің 70-ке тарта қызметкері Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылына қарасты теңіз жағалауында сенбілік ұйымдастырды.

Облыс тұрғындары жиі демалатын орында тұрмыстық қатты қалдықтар мен пластикалық ыдыстар, сондай-ақ түрлі қоқыстар көп кездесті. Бірлігі жарасқан қаражанбастықтар таң атысымен аталған аумақты мұнтаздай таза етуге білек сыбана кірісті. Туған өлкенің тазалығын бәрінен биік қоятын патриот-мұнайшылар жиналған қалдықтарды қапшықтарға сұрыптап, топтастырды.

 Бірлескен істе – береке бар. Сенбілік қорытындысы бойынша жалпы көлемі 200-ге жуық қапшық тұрмыстық қатты қалдық жиналып, қоқыс полигонына жіберілді. Айта кетейік, ҚБМ әлеуметтік жауапты компания ретінде өңірді абаттандыру және тазарту жұмыстарына үнемі атсалысады.

ҚБМ ҰЖЫМДЫҚ ШАРТЫНА ҚОСЫМША КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Бүгін, 26 шілде күні, «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) қолданыстағы Ұжымдық шартына қосымша келісім жасалды. Жұмысшылардың еңбек жағдайы, жалақысы мен құқықтарын қамитын маңызды құжатқа қол қою рәсіміне ҚБМ Бас директоры Марат Елеусінов, Бас директордың Бірінші орынбасары Ван Вэй, «ҚБМ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Орынбек Сатыбалдиев, «Бірлік» ҚБМ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мансұр Алдабергенов және комиссия мүшелері қатысты.

Ұжымдық шартқа қосымша келісім компания қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жасалып отыр. Бұдан былай көпбалалы, яғни 18 жасқа дейінгі 4 немесе одан да көп перзенті бар ҚБМ жұмысшысының әр баласына 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай 25 АЕК көлемінде материалдық көмек беріледі.

«Біз әрқашан жұмысшылардың пікірі мен ұсыныстарын ескереміз. Себебі  мұнайшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсарту — маңызды міндет. Ұжымдық шартқа енгізілген жаңа пункт қызметкерлердің жағдайын жақсартуға  оң әсер етеді деген сенімдеміз», — деді ҚБМ Басқармасы.

Айта кетейік, Ұжымдық шартқа енгізілетін өзгерістер үшжақты келіссөз бен талқылау нәтижесінде қабылданады. Аталмыш толықтыру құжатқа қол қойылған сәттен бастап күшіне енді.

ҚМГ КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ HR МАМАНДАРЫ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Ақтау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдарының HR мамандарына арналған біліктілік арттыру тренингін ұйымдастырды. Кадр саясатын дамыту саласында жаңа тәсілдер мен технологияларды іздеу, жұмыс тиімділігін арттыру, қызметкерлермен іскерлік байланыс орнатуға бағытталған екі күндік оқытуға ҚМГ компаниялар тобының персоналды басқару саласында еңбек ететін 50-ден астам қызметкері қатысты.

«Адамдар және коммуникация» тақырыбында өткен тренингте спикер Гуля Сулеева қатысушыларға HR саласындағы қарым-қатынастың маңыздылығын тереңірек түсіндірді. Сондай-ақ ұжыммен байланыс кезінде эмоцияны басқара отырып, өнімді еңбек ету құпияларымен бөлісті. Сабақ барысында стрессті жеңу және болдырмау жайы да назардан тыс қалмады. Әр ұйымнан келген мамандар бірнеше топтарға бөлініп, практикалық тапсырмалар орындауда белсенділік танытты. Осылайша олар өздеріне жаңа ақпарат алып, ой-пікірімен бөлісті.

Бұдан соң қатысушылар физикалық және зияткерлік қасиеттерін сынға салды. Бірнеше кезеңге созылған командалық жарыстар кадр қызметкерлеріне ерекше эмоция мен ұмытылмас әсер сыйлады. Оқыту сабақтары мен тимбилдингтен соң қатысушылар Каспий жағалауында алау жағып, көңілді кеште ән салып, поэзия оқып, өнерлерін паш етті.