ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР МЕН СПОРТ: ҚБМ ЖАСТАРЫ САДАҚ АТУДАН САЙЫСҚА ТҮСТІ

ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ «Жас маман кеңесі» мүшелері арасында садақ ату жарысы өтті. Вахта аралық демалыстағы 30-ға жуық жұмысшы мергендік қырағылығын сынға салып, ұжымдық рух беріктігі мен компания жастарының ұйымшылдығын паш етті.

Іріктеу кезеңінде мергендерге бір минут ішінде берілген 5 жебені нысанаға дәл тигізу жүктелді. Қатысушылар 10 метр қашықтыққа тұрып, жебені көздеген нүктеге тура бағыттауға тырысты. Үздік нәтиже көрсеткендер ширек және жартылай финалға жолдама алды. Жеңіске жақындаған сайын бәсеке қыза түсті.

Жинаған ұпай саны бойынша Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу департаментінің бұрғышы көмекшісі Қуандық Жаңбырбаев үздік үштікті түйіндеді. Екінші орын электр цехының электромонтері Мәлік Қарамырзаевқа бұйырды. Ал пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының токарі Серік Табынаев қарсыластарынан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атағын абыроймен қорғады.

Садақ ату – қазақтың байырғы дәстүрлерінің бірі. Ерте заманда мергендік пен ептілік батырлардың басты қасиеттері саналған. Қазір бұл спорт түрі тек дене шынықтырумен шектелмей, тарих пен мәдениетке құрмет ретінде бағалы.

СПОРТ САЙЫСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Қаражанбаста ҚР Тәуелсіздік күніне арналған спорт сайысының жеңімпаздары анықталды. Мереке қарсаңында І вахтаның жүзден жүйрік шыққан дарабоздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Өндірістік басқарма және әлеуметтік саясат департаментінің басшылығы жұмысшыларды еліміз үшін маңызды мерекемен құттықтап, жарыста оза шапқан жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттады.

7 спорт түрі бойынша жарыс бір аптаға жалғасты. Мұнда мұнайшылар жеке және командалық сайыстарда өз цехының абыройын қорғады. Мықты дайындық, ұжымдық  рух, жанкүйерлер қолдауы… Жеңіс жолында жұмысшылар физикалық дайындығын дәлелдеп, чемпиондық атаққа лайық екенін дәлелдеді.

Қорытынды бойынша кір тасын көтеруден қабат қысымын ұстау цехының  операторы Жеңіс Джалдасов І орынға ие болды. Шахматтан MSC мердігер мекемесінің жұмыс есебін жүргізуші Ғамзат Төребеков үздік атанды. Бильярд бойынша қабат қысымын ұстау цехының шебері Жәнібек Сұлтанғалиев жеңіс тұғырынан көрінді. Үстел тениисінен жөндеу-механикалық цехының шанақтарды рихтовкалаушысы Айтмохаммад Қазақ шашасына шаң жұқтырмады. Арқан тартудан өндірісті автоматтандыру цехының жігіттері, шағын футболдан қауіпсіздік қызметі құрамасы, волейболдан №1 мұнай өндіру цехының жігіттері чемпион болды.

Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға диплом, кубок пен сыйлық сертификаттары табыс етілді. Сайыс ІІ вахта жұмысшылары арасында да ұйымдастырылады.

ҚБМ АВТОПАРКІНЕ 12 АВТОКРАН

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) автопаркіне сужаңа 12 арнайы техника қосылды. Өндірістік басқарма басшысы Ғабит Сәдуақасов технологиялық көлік департаменті қызметкерлеріне 25 тонналық автокран кілттерін табыс етті. 12 жүк көтеру техникасының жетеуі №4 автотізбекке берілсе, №7 автотізбек жүргізушілері 5 техниканы қуанышпен қабыл алды.

Автокрандар бұрғылау қондырғысын, ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу құрылғыларын көшіру және т.б. процестерге қатысып, жаңа ұңғымаларды орнатуға, өндірістік-техникалық жабдықтарды көтеру үшін пайдаланылады. Бұл өндірістегі жұмысты жеңілдетіп, тиімділікті арттыруға айтарлықтай әсер етеді.

Жыл басынан бері ҚБМ автопаркі жалпы саны 63 техникамен толықты. Көліктерді жаңарту бағдарламасы аясындағы жұмыстар жоспар бойынша жалғасады.

ҚАРАЖАНБАС САХНАСЫНДА «ӨГЕЙ ШЕШЕ» ДРАМАСЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның 50 жылдығына орай компания қызметкерлері өндірістегі жұмысшыларға мәдени тарту жасады. Мерейтойдың іс-шаралар жоспарына сәйкес, ҚБМ әлеуметтік сала мамандары кен орнының мәдени демалыс орталығы сахнасында «Өгей шеше» драмасын қойды.

Аталмыш қойылым әлеуметтік сұрақтар бойынша аға маман Айгүл Сонабаеваның авторлық туындысы. Спектакльде тағдыр талқысына түскен отбасы мүшелерінің бір-бірінің бағасына жету жолындағы сан қилы оқиғасы сахналанады. Драмада әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, отбасындағы кикілжің көрсетіліп, анаға махаббат пен сағыныш мағыналы диалог және әсерлі монологтармен өрнектелді.

Бекзат өнерді бағалап келген көрермен спектакльді бір деммен тамашалады. Қойылым кеңсе қызметкерлері мен келесі ауысым жұмысшыларының да назарына ұсынылады.

ҚАРАЖАНБАС ҚЫЗМЕТКЕРІ «ҚҰРМЕТТІ ҚҰРЫЛЫСШЫ»  АТАНДЫ

Еліміздің тәуелсіздік күні қарсаңында «Қаражанбасмұнай» АҚ жобалық-сметалық бөлімінің басшысы Асылбек Жаңбыршин «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталды. Құрылыс саласына 38 жылын арнаған жұмысшыға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев адал еңбегі үшін алғыс айтып, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің марапатын табыс етті.

Асылбек Жаңбыршин1964 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Таушық ауылында дүниеге келген.1986 жылыАлматы архитектура-құрылыс институтын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша тәмамдап, алғашқы еңбек жолын «Мангышлак сельстрой-12» тресіне қарасты «Жылжымалы механикаландырылған бағана-1204» мекемесінде 4-ші санатты тас қалаушы болып бастады.

2001 жылы «Қаражанбасмұнай» АҚ-на жөндеу құрылыс учаскесінің шебері болып жұмысқа орналасты. Кейін өндірістік құрылыс бөлімінің басшысы, соңғы 10 жыл көлемінде жобалау-сметалық бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол 100-ден аса жобалық-сметалық құжат жасап, кен орнындағы көптеген ірі нысандардың құрылысына атсалысты.

Үнемі ізденісте жүретін Асылбек Жаңбыршин жоба жасау кезінде жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді пайдаланады. Жұмыстың уақтылы, толық және талапқа сай орындалуын қатаң қадағалайды. Сондай-ақ ол жас мамандардың кәсіби өсуіне оң бағдар беріп келе жатқан тағылымды тәлімгер.

«Құрылыс саласы – менің өмірімнің негізіне айналды. Қай жерде қызмет етсем де, ең алдымен мамандығыма адал болып, әр жобаға ерекше жауапкершілік танытуды мақсат тұттым. Көп жылғы еңбегімді ескеріп, марапат табыстаған басшылыққа алғысым шексіз. Өндірісіміз өркендеп, еліміз қарыштап дами берсін!»,— дейді марапат иесі.

«ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – ТЕК ҚЫЗМЕТІМ ЕМЕС, АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫМ!»: НҰРЗИЛА ӘБІШОВА ЗЕЙНЕТ ДЕМАЛЫСЫНА ШЫҚТЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау департаменті ұжымы инженер Нұрзила Әбішованы зейнет демалысына шығарып салды. Әріптестері компанияда 37 жыл еңбек еткен маманға зор алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Нұрзила Әбішова Қаражанбастың қоршаған ортаны қорғау саласына зор еңбек сіңірген кәсіби білікті маман. Қызметін ұңғымаларды ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының технигі болып бастаған ол, кейін қоршаған ортаны қорғау бағытында инженер, жетекші инженер, бөлім басшысы болып жұмыс істеді. Өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асыруға атсалысқан Нұрзила Бисенқызы биыл ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің төсбелгісімен марапатталып, «Экология саласының үздігі» атанды.

«Уақыттың жүйрік екені рас екен. Қаражанбастағы еңбек жолымды бастаған сәт әлі көз алдымда. Білгенімді тәжірибеде қолданып, біліктілігімізді арттырып, кен орнымыздың жарқын болашағы үшін еңбек етіп жүргенде зейнет жасына да жетіппін. Кәсіби білікті мамандармен бір ортада еңбек етіп, шыңдалғаным үшін Қаражанбасқа алғысым шексіз!Мен үшін қоршаған ортаны қорғау – тек қызметім емес, азаматтық ұстанымым!»,- дейдіН.Әбішова.

Қызметте сауатты маман игі істерімен, пайым-парасатымен, келелі ақыл-кеңесімен өз үзеңгілестеріне және ізбасарларына үлгі. Өмірдің жаңа белесіне қадам басқан маман әріптестер құрметіне риясыз рақмет айтып, абыройлы қызметте сенімді серік болғаны үшін алғыс білдірді.

МЕНЕДЖМЕНТТІҢ ИНТЕГРАЦИЯЛАНҒАН ЖҮЙЕСІ – ТҰРАҚТЫ ДАМУ КЕПІЛІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) басшылық құрамының жоғары және орта буынын менеджменттің интеграцияланған жүйесі (МИЖ) негіздеріне оқыту басталды. Оқуда ISO 9001, 14001, 45001 халықаралық стандарттарының құрылымы мен талаптары түсіндіріліп, қызмет барысында қолдану ережелері талқыланды. 

МИЖ — компания қызметінің нәтижесін жақсартуға және тұрақты даму жолындағы бастамалар үшін берік негіз қамтамасыз етуге бағытталған тиімді стратегиялық шешім. Бағдарлама сапа, еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы стандарттардың негізгі қағидаттары мен талаптарын зерделеуге бағытталған бөлімдерді қамтыды. Мамандардың біліктілігін арттыру тәуекелдерді басқаруға айтарлықтай ықпал етіп, бизнес-процестер мен құжат айналымын, МИЖ ішкі аудитін және т.б. одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.

ҚБМ процестердің нәтижелілігіне және жоғары дәрежелі стандарттау арқылы басқару сапасын жетілдіруге ерекше көңіл бөледі. Оқу барысында басшылар спикермен пікір алмасып, өз тәжірибесіндегі кейстерден мысал келтірді. 

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СПОРТ САЙЫСЫ БАСТАЛДЫ

Қаражанбаста 16 желтоқсан — ҚР Тәуелсіздік күніне орай І вахта мұнайшылары арасында спорт сайыстары басталды. Жұмысшылар бір апта бойы кір тасын көтеру, шахмат, бильярд, үстел теннисі, арқан тарту, шағын футбол және волейболдан сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтайды.

Ең алдымен қаражанбастықтар кір тасын көтеруден жарысты. Өз цехының абыройын қорғауға келген жігіттер лайықты өнер көрсетіп, физикалық күшін паш етті. Нәтижесінде №2 мұнай өндіру цехының операторы Рауан Төлеуов үздік үштікті түйіндеді. Екінші сатыға технологиялық көлік департаментінің  моторисі Марат Жанаев жайғасты. Ал қабат қысымын ұстау цехының  операторы Жеңіс Джалдасов кіл мықты арасынан үздік атанды.

Мықтылар бәсекесі шахмат тақтасында жалғасты. Зияткерлік ойында мұнайшылар стратегиялық ойлау деңгейін көрсетті. Уақытты тиімді пайдаланып, тың әдістерді қолдану арқасында ІІІ орын қауіпсіздік және еңбекті қорғау тобының аға инженері Олжас Айтжановқа бұйырды. ІІ орынға жылу және сумен қамту цехының механигі Берік Төлеубай лайық деп танылды. І орынды MSC мердігер мекемесінің жұмыс есебін жүргізуші Ғамзат Төребеков қанжығалады.

Осылайша ұжым арасындағы доданың алғашқы жеңімпаздары белгілі болды. Сайыс кестесіне сәйкес қалған спорт түрлері бойынша жарыс әлі де жалғасын табады.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ МЕҢГЕРУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) қызметкерлері жасанды интеллектті қолданудың қыр-сырымен танысты. Екі күндік оффлайн интерактивті воркшопта жұмысшылар трендтегі жасанды интеллект түрлері, олардың жалпы қызметі, пайдалану ережелерін меңгерді.

Оқу бағдарламасына сәйкесқаражанбастықтар алдымен теориялық дәріс тыңдады. Ал тәжірибе кезінде олар түрлі кескіндер, өз дауысының клоны мен мәтін бойынша музыка жасауды үйренді. Сондай-ақ тренерлер жұмысшыларға картиналарды анимациялап, ерін қозғалысын синхрондай отырып, видеоны кез келген тілге аудару сынды бірнеше әдіс-тәсілдерді көрсетті.

ҚБМ жұмысшылардың бәсекеге қабілетті болуы үшін біліктілігін арттыруға ерекше мән береді. Себебі уақыт өткен сайын жасанды интеллектке қызығушылық пен сұраныс артып келеді. Мамандар да компьютерлік жүйе арқылы ғылым мен технология ұштасқан сала адамдардың жұмысын жеңілдетуге айтарлықтай әсер ететінін алға тартып отыр.

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ МЕН РЕСУСРСТАРДЫ ҰҚЫПТЫ ПАЙДАЛАНУ – БАСТЫ МІНДЕТ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да қоршаған ортаны қорғау, табиғи және басқа да ресурстарды тиімді пайдалану — басты назарда. Жұмысшыларды материалдық ынталандыру бағдарламасы аясында су ресурстарын тиімді пайдалану және «Жасыл кеңсе» бағдарламасын іске асыруға үлес қосып жүрген жұмысшылар марапатталды.

Еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау департаменті директоры Наурызбек Дүйсекенов кеңседе пластик ыдыстағы ауыз судың орнына өз ыдысымен ауыз суды үйден әкеліп, жұмыста пайдаланғаны және қағаз, пластик қалдықтарын, сондай-ақ пайдаланылған батареяларды кәдеге жарату немесе қайта өңдеу мақссатында сұрыптау үшін бөлек жинақтауға септігін тигізіп жүрген жұмысшыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ әріптестерге үлгі болып, оң нәтиже көрсеткен қызметкерлерге сыйлық сертификаттарын табыс етті.

Қоршаған ортаны қорғау, табиғи және басқа да ресурстарды тиімді пайдалану – ресурстарды үнемдеу, қалдықтардың пайда болуын болдырмау, сұрыптау, кәдеге жарату сияқты қарапайым ережені берік ұстанудан басталады. Компания басшылығы қызметкерлерді күнделікті жұмыста қоршаған ортаны қорғау заңдылықтарын қатаң сақтауға шақырды.

«ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Бас директор — Басқарма төрағасы лауазымына Сәрсенбай Нұрпейіс Мизанбайұлы тағайындалды.

Жаңа басшыны ұжымға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов таныстырды.

Нұрпейіс Сәрсенбай 1972 жылы Маңғыстау облысы Шебір ауылында дүниеге келген. Ол Ақтау политехникалық институтын «Мұнай және газ кен орындарын игеру. Тау-кен инженері» мамандығы бойынша, сондай-ақ Халықаралық бизнес академиясын «Менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. Іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие.

Еңбек жолын 1994 жылы Қаламқас кен орнында мұнай және газ өндіру операторы болып бастаған. Әр жылдары шебер, технолог, цех басшысының орынбасары, ОИТҚ басшысының орынбасары, цех басшысы, «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының әкімшілік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

ҚБМ АРДАГЕРЛЕРІ ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ҚР КУБОГЫН ЖЕҢІП АЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның 45 жастан асқан жұмысшыларынан құралған футбол командасы ҚР кубогының иегері атанды.  Елордадағы аяқдоп бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 7 құрама қатысып, чемпион атану үшін бағы мен бабын сарапқа салды.

Үш күнге созылған турнирде ҚБМ ардагерлері алдымен астаналық «Қалқанмен» кездесіп, матч 1:1 есебімен аяқталды. Одан соң біздің жігіттер шығыс қазақстандық «Батырдың» қақпасына 6 гол соқты. Тың тактикаға сүйеніп, шебер ойын көрсеткен қаражанбастықтар астаналық «Ардагер AFL-ді» 4:1, Абай облысының «Алаш» командасын 7:3 есебімен жеңсе, Жаңаөзендік «ОМГ» командасымен өткен ойында 1:1 есебімен тең түсті. «Байұлы» құрамасымен болған соңғы кездесуде де ҚБМ ардагерлері 4:2 есебімен басымдық көрсетті.

Турнир қорытындысы бойынша жалпы есепте 23 гол соғып, 14 ұпай жинаған ҚБМ құрамасы үздік атанып, чемпиондық кубокты қанжығалады. Ерекше ойынымен көзге түскен Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің бұрғылау инженері Мақсат Изтаев «Үздік сұрмерген» атанды.