«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары «Munaily Marathon» қайырымдылық жарысына белсенді қатысты. Қазақстан мұнайының 125 жылдығына орай «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұйымдастырған шараға еліміздің тоғыз өңірінен 1000-нан астам қатысушы жиналды. Олардың ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ , «ҚазМұнайГаз» және еншілес компанияларының қызметкерлері, кәсіби спортшылар мен Маңғыстау облысының тұрғындары бар. Желаяқтар жаңбырлы ауа-райына қарамастан 5 және 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.
Қаражанбас атынан Бас директор Марат Елеусінов бастаған департамент директорлары, орталық кеңсе және кен орны қызметкерлері, жалпы саны 100-ге жуық желаяқ бақ сынады. Басты мақсат — салауатты өмір салтын сақтап, қайырымдылыққа үлес қосу. Әр марафоншы мәреге алғашқы болып жетуді көздеумен қатар, белгіленген қашықтықты абыройлы жүгіріп өтуге тырысты.
Жарыс соңында бірнеше аталым бойынша үздік нәтиже көрсеткен желаяқтар марапатталды. Ал марафоннан түскен қаражат Түпқараған және Қарақия аудандары мен Жаңаөзен қаласындағы мектептің спорт залдарын қосымша жарақтандыруға жұмсалады. Бұл балалардың физикалық дамуына жағдай жасауға және жас ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Жарияланған күні:
26 октября 2024
Бөлісу: