«Қаражанбасмұнай» АҚ «Жас маман кеңесі» мүшелері 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылады. Кездесуде ІІ ауысымның вахтааралық демалыстағы жұмысшылары компанияның стратегиялық мақсаттарына сәйкес жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына бағытталған бастамалар мен жобаларға қатысты ұсыныстар мен ой-пікірін ортаға салды.
ЖМК төрағасы Айбек Ұлықпанов былтыр атқарылған шараларға қысқаша шолу жасап, жас мамандардың белсенділігі үшін алғыс білдірді. Одан соң қатысушылар корпоративтік мәдениетті нығайту, кәсіби білім мен дағдыларды арттыру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту тақырыптары бойынша іс-шаралар жоспарын пысықтады. Сондай-ақ білімді, жігерлі, заманауи, ойы ұшқыр жастар әріптестерді әлеуметтік және экологиялық бастамалар кезінде белсенді болуға шақырды.
ҚБМ жұмысшылары жыл сайын «ҚазМұнайГаз» ҰК» және «Самұрық Қазына» АҚ жас мамандары арасында өтетін түрлі бағыттағы сайыстар мен шығармашылық байқауларға қатысып, компания намысын абыроймен қорғап келеді. Қаражанбас жастары алдағы уақытта да өндірістік міндеттерді сапалы орындап, компаниядағы жастар саясатының дамуына сүбелі үлес қосуға ниетті.
«ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙ» АҚ-НЫҢ 2024 ЖЫЛҒЫ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІ
«Қаражанбасмұнай» АҚ 2024 жылы 2 млн 153,8 мың тонна мұнай өндірді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 100,8 мың тоннаға артық.
Мұнай мен битумды сату көлемі 2 млн 75 мың тоннаны құрады. Оның ішінде ішкі нарыққа 242 мың тонна битум жеткізілді.
Өткен жылы 75 жаңа ұңғыма бұрғыланып, 160 ұңғымаға геологиялық-техникалық іс-шаралар жүргізілді. Тәуліктік бу айдау көлемі 16,8 мың тоннаға жетті.
Геологиялық-техникалық шаралар нәтижесінде қосымша 27 719 тонна мұнай өндірілді.
Сондай-ақ Қаражанбаста кен орнын қосымша барлау жұмыстары жүргізіліп келеді. Қосымша қорларды анықтау мақсатында 2024 жылдың маусым-тамыз айларында жағалау бөлігінде 19 шаршы шақырым аумақта 3D сейсмикалық зерттеулер және 110 сызықтық шақырым аумақта 2D зерттеулер жүргізілді.
Қаражанбас – Маңғыстау облысындағы тұтқырлығы жоғары мұнай шоғырланған ірі өндіріс орнының бірі. ҚБМ («ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы) кен орнын пайдалану күрделілігіне қарамастан, қара алтынды сәтті игеріп, жұмыс тиімділігін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Қызметкерлердің кәсібилігі мен қажырлы еңбегі арқасында, жыл сайын мұнай өндіру көлемінің артуы қамтамасыз етілген.
«ӨНДІРІС ПЕН ӨНЕР – ӨМІРІМНІҢ ӨЗЕГІ»
Қаражанбас жұмысшылары өндірісті өркендетуге үлес қосып жүрген кәсіби мамандар ғана емес, өнерден өз орнын тапқан таланттар. Мыңдаған мұнайшы арасынан дарынымен дараланғандар түрлі музыкалық аспаптың құлағында ойнап, қоңыр дауысымен талайды тамсандырып, қаламынан туған жыр арқылы халық ықыласына бөленіп келеді. Олардың қатарында өлең өлкесінде өз жолын қалыптастырған №3 мұнай өндіру цехының операторы Қалмұрат Мамырұлы да бар.
Кейіпкеріміз күн сайын топтық қондырғы аумағындағы ұңғымалар жұмысын қадағалап, көрсеткіштерді тіркеп, өндіріс көлемін бақылап, қарбалас жұмыспен жүрсе де, өлең жазуды бір сәт жадынан шығармайды. Қалмұраттың өлең жазу қабілетінің ашылуына мектептегі ұстаздарының оң бағыт нұсқауы да себеп болса керек. Содан бері ол туған жер, достық, өмір, махаббат тақырыптарына қалам тербеді. Осы уақытқа дейін өңір өнерпаздарының репертуарындағы қырыққа жуық әнге сөз жазған. Бүгінде мұнайшының жүрегін жарып шыққан туындылар өлең сүйер көпшіліктің оң бағасынан үлесті.
«Шабыттың қай кезде келетіні белгісіз ғой. Кейде жұмыс барысында әдемі шумақтар туады. Ойда өрілген өлеңді ұмытып қалмай тұрғанда қағазға түртіп аламын. Әр туындым жаныма ерекше жақын. Ол менің қиялымның, ой мен эмоциямның жемісі»,- дейді мұнайшы.
Қалмұраттың Қаражанбастағы еңбек жолы осыдан бір мүшел бұрын басталды. Алдымен сорап қондырғысының машинисі болып еңбек етті. Кейін мұнай өндіру операторы қызметіне ауысты. Ол мұнайшы ретінде туған жердің қара алтынын игеру арқылы ел экономикасын дамытуға тамшыдай болса да үлес қосып келеді.
«Өнер – жаратқанның берген сыйы болса, өндіріс – өмір кітабымның маңызды тарауына айналды. Мұндағы бірлігі жарасқан ұжым аға буынның салған сара жолымен абыройлы еңбек етіп келеді. Өндіріс қайнаған кең далада шабытымыз шарықтап, әлі талай тың туындылар жазылатынына сенімдімін»,- дейді ол.
Туған ауылы Жармыштан түлеп ұшқан өнер иесі Қаражанбаста қанатын қатайтты. Биыл қырықтың қырқасына келген Қалмұрат алдағы уақытта облыс орталығында шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отыр. Компания ұжымы қиын да қызықты өндірісте өлең шумақтарымен шебер үйлестіру арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды нәрлендіруге үлес қосып жүрген жан-жақты мұнайшыларды үлгі тұтады.
Жұмысшы мамандықтар жылы: ҚМГ компаниялар тобында өндірісте 43 мыңнан астам адам еңбек етеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ел экономикасындағы стратегиялық маңызын және өз қызметін жүргізетін өңірлердегі әлеуметтік рөлін ескере отырып, өз қызметкерлерінің кәсіби дамуына ерекше назар аударады.
Бүгінгі таңда ҚазМұнайГаз компаниялар тобында өндірісте 43 мыңнан астам адам жұмысшы мамандықтар бойынша еңбек етеді.
Атап айтқанда, мұнай және газ өндіру операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, қабат қысымын реттеуші оператор, технологиялық қондырғылар операторы, бұрғылау қондырғыларына қызмет көрсету және газ жабдықтарын пайдалану және жөндеу жөніндегі слесарлар, токарь, электр-газ дәнекерлеуші, технологиялық сорғылар машинисі, матрос және т.б.
ҚМГ өндірістегі жұмысшыларға жайлы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасау және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар кәсіптік оқыту, біліктілікті арттыру, тағылымдамаларға жіберу және тәжірибе алмасуға ерекше назар аударады.
ҚМГ-да еңбекті насихаттауға және жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға бағытталған негізгі іс-шаралардың бірі — «Үздік маман» шеберлік байқауы. Мамандар арасында жыл сайынғы кәсіби жарыс он жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді. Өткен жылы байқауға Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе және Павлодар облыстарынан, Шымкент қаласынан, сондай-ақ Румыниядан ҚазМұнайГаз еншілес кәсіпорындарының 300 қызметкері қатысты.
ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІКТЕРІ ЖАҢАРТЫЛДЫ
Қаражанбаста автопаркті жаңарту бағдарламасы аясында 3 жедел жәрдем көлігі пайдалануға берілді. Өндірістік Басқарма басшылығы кен орнындағы медицина қызметкерлеріне барлық қажетті жабдықпен қамтылған автокөліктер кілтін табыс етті.
Сужаңа жедел жәрдем көліктерінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған түрлі заманауи құралдар және науқасты немесе зардап шеккен қызметкерді тез әрі қауіпсіз тасымалдауға мүмкіндік беретін арнайы мобильді құрылғылар бар. Көліктер кен орнындағы кез келген төтенше жағдайда жедел әрекет етіп, өндірістегі қызметкерлерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін пайдаланылады. Қажет болған жағдайда науқасты облыс орталығына жеткізуге барлық жағдай жасалған.
Қаражанбаста соңғы 3 жыл ішінде 300-ден астам арнайы техника мұнайшылар игілігіне берілді. Биыл автопаркті тағы 78 көлікпен толықтыру жоспарда. Осылайша ауқымды бағдарлама өндірісті өркендетумен қатар мұнайшылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек жағдайларын жақсартуға оң әсер етіп келеді.
ЛИЛИЯ УТЕБАЕВА – ГЕОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Лилия Утебаева 1967 жылдың 7 қараша күні дүниеге келген. Білім мен ғылымға құштар ол 1993 жылы И. Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ академиясын геология мен мұнай және газ кен орындарын барлау мамандығы бойынша тәмәмдап, 2003 жылы Оңтүстік Альберта технологиялық институтын мұнай инженерлік технологияларды қолдану мамандығы бойынша білімін шыңдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы ҚазҒЗГБИ-да инженер болып бастады. 1995-2005 жылдар аралығында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» ААҚ-да инженер-технолог, бөлім басшысы болып еңбек етті. 2005-2014 жылдары «Торғай-Петролеум» АҚ-да инженер, бөлім басшысының орынбасары, бөлім басшысы, 2014-2016 жылы «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-да жетекші инженер, бөлім басшысы қызметін атқарды. 2016 жылдан бері «Қаражанбасмұнай» АҚ геология бөлімінің басшысы ретінде жемісті жұмыс істеп келеді.
Лилия Утебаева 2009, 2012, 2014, 2015 жылдары адал еңбегі үшін Құрмет грамотасымен және кәсіби шеберлік пен еңбекте жоғары жетістіктерге қол жеткізгені үшін алғыс хаттармен марапатталды. Өмірлік ұстанымы: «Байлық — байлық емес, бірлік – байлық!».
Металл сынықтарын сату туралы хабарландыру
«Қаражанбасмұнай» АҚ әлеуетті сатып алушыларды мүлікті сату бойынша бағаны өсіру әдісімен өтетін электрондық сауда-саттыққа қатысуға шақырады:
- «Бұрын пайдалануда болған сорғы-компрессорлық құбырлар түріндегі металл сынықтары» – 2 448 тонна. Бастапқы бағасы – 119 298 384 теңге (1 тонна бағасы — 48 733 теңге).
Электрондық сауда-саттықты өткізу күні мен уақыты: 15.01.2025ж., уақытымен сағат 10:00.
Электрондық сауда-саттық шарттары және сатылымға шығарылатын металл сынықтары туралы толық ақпарат мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында көрсетілген (www.e-qazyna.kz).
Қосымша ақпаратты 8 (7292) 473828 телефоны бойынша алуға болады.
МҰНАЙШЫ БАЛАЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ЕРТЕҢГІЛІКТЕР ӨТТІ
«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылар балаларына дәстүр бойынша жаңа жылдық көңіл күй сыйлады. Желтоқсанның екінші жартысынан бастап мұнайшылардың ұл-қыздарына тәттіге толы қоржын таратылды. Бұдан бөлек Ақтау қаласы мен Бейнеу және Маңғыстау аудандарының орталығында «Жылан ханшайымының шытырман оқиғалары» атты ертеңгілік өтті.
Балаларға бақытты сәт сыйлаған қойылымға 3 пен 10 жас аралығындағы 6000-ға жуық бала қатысты. Олар көңілді кейіпкерлермен ертелігер әлеміне саяхаттап, ән айтып, би билеп, уақытты көңілді өткізді. Балалармен қоса ата-аналар да бір сәт сергіп, ерекше әсерге бөленді.
«Балапандарымыздың жаңа жылын өте көңілфді қарсы алып, думандатып тойлауын көру — біз үшін бақыт. Ертеңгілікке келген әр бала мәз-мейрам болып ойнап жүр. Осындай іс-шараны ұйымдастырған компанияға көп рақмет айтамыз. Жаңа жыл құтты болсын!»,- деді ата-аналар.
ІІ ВАХТАНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Қаражанбас кен орнында ІІ вахта жұмысшылары арасындағы спорт бәсекесі мәреге жетті. Жеті спорт түрінен бір апта бойы тартысқа түскен мұнайшылар үздік нәтижелер көрсетіп, жүзден жүйрік шыққандар марапатталды.
Додаға әртүрлі цехтан 100-ден астам жұмысшы қатысты. Олар алдымен кір тасын көтеруден жарысып, артынша шахмат, бильярд, үстел теннисі сайыстарында бақ сынады. Сонымен қатар ұлттық ойын — арқан тартып, шағын футбол, волейбол ойындарында командалық рухын паш етті.
Қорытындыға сәйкес, №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев кір тасын көтеруден үздік атанды. Ал шахматтан бу өндіру цехының учаске басшысы Рустам Шерниязов бірінші орынға жайғасса, бильярд бәсекесінде «Мобил сервис» ЖШС жүргізушісі Қайрат Жексенбинов, үстел тенисінен өндірісті жабдықтау базасының слесарі Бекзад Шадкам жеңіс тұғырынан көрінді. Командалық сайыстар бойынша арқан тарту мен шағын футболдан технологиялық көлік департаменті чемпион атанса, волейболдан №1 мұнай өндіру цехы оқ бойы озық шықты.
МҰНАЙШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ «МИНУТ ІШІНДЕГІ ЖЕҢІС»
Қаражанбас мұнайшылары «Минут ішінде жеңіске» жету жолында ой ұшқырлығы мен тапқырлық қабілетін сынға салды. Ереже бойынша қатысушылар 7 кезең бойы 1 минут ішіндегі тапсырмаларды орындады.
Сан-қилы сынақты 60 секундта үлгеру мұнайшылар үшін оңайға соқпады. Алғашқы кезеңінде олар белгіленген нүктеге пластикалық бөтелкені дөп қойып, артынша қарындаштарды бір қолмен қағып алуға тырысты. Әр кезең сайын тапсырмалар күрделене түсті.
«Сайыста тек логикалық емес, физикалық шапшаңдық та керек. Әріптестерім мықты ойын өрнегін көрсете білді. Осындай сайыстар көп ұйымдастырыла берсін!»,- деді дода қатысушысы.
Сайысқа қатысқан әр жұмысшы әріптестер сенімін ақтап, үздік нәтиже көрсету үшін барын салды. Дегенмен қарсыластардан оқ бойы озық өнер көрсетіп, бабы мен бағы қатар шапқан өндірісті автоматтандыру цехының (ӨАЦ) бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика слесарі Бекзат Қуандықов жарыс жеңімпазы атанды.
ҚБМ ҚҰРАМАСЫ — ВОЛЕЙБОЛДАН ҮЗДІК!
«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ)жұмысшылары энергетиктер күніне орай өткен волейбол жарысында чемпион атанды. Сайысқа Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің әлеуметтік серіктес мекемелерінен 7 команда қатысты. Түрлі саланы серік еткен мамандар негізгі қызметіндегі кәсіби тәжірибесінен бөлек, спорттағы мүмкіндіктерін паш етіп, жеңіс тұғырынан көрінуге барын салды.
ҚБМ құрамасы алдымен Маңғыстау энергетикалық колледжімен сайысқа түсіп, ойынды жеңіспен бастады. Кейін МРЭК командасымен кездесіп, айқын басымдық көрсетті. Жартылай финалда азаматтарға арналған үкімет (ХҚКО) корпорациясының волейболшыларын жеңген мұнайшылар финалда тағы да колледж құрамасымен жүздесті. Бұл кезеңде де қаражанбастық жігіттер жеңіске деген ұмтылыс пен мықты дайындық арқасында чемпион атағына лайық екенін көрсетті.
Төрешілер шешімімен ҚБМ командасынан Пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехы жөндеу учаскесінің басшысы (ПЖИЖЦ ЖУ) Бекзат Жайлаубаев «Үздік шабуылшы» атанды. Ал ұпай санымен басым түскен Қаражанбас волейболшыларына диплом, медальдар мен сыйлық сертификаты табыс етілді.
ҚБМ соңғы бірнеше жыл көлемінде Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжімен ынтымақтастық туралы меморандум аясында берік қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Оқу орнының студенттері тәжірибеге бағытталған оқыту жобасы аясында Қаражанбас кен орнында өндіріске қажетті мамандықтар бойынша тәжірибеден өтіп жүр.
ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МАРАПАТ
«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) қызметкерлері мемлекеттік маңызды мереке – Тәуелсіздік күніне орай марапатқа ие болды. Компанияның Бас директоры Нұрпейіс Сәрсенбай және Өндірістік Басқарма басшылығы ҚБМ-ның жан-жақты дамуына үлес қосып, қызметте кәсіби біліктілік пен жауапкершілік, тұрақтылық танытқан орталық кеңсе мен кен орнында жұмыс істейтін 100-ге жуық жұмысшыға Құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табыс етті.
«Ел тәуелсіздігі – ата-бабамыздың азаттық жолындағы ерен еңбегі мен ел болашағына деген сенімінің жемісі. Тарихы терең мереке әрбір азамат үшін баға жетпес құндылық, елдігіміздің негізі. Компания абыройы үшін қиындығы мен қызығы қатар жүретін салада шеберлігіңізді шыңдап, алдағы уақытта да мол тәжірибеңізді тұтас ел игілігіне жұмсайтыныңызға кәміл сенеміз! Мереке құтты болсын!»,- деді басшылық.
ҚБМ – ел экономикасын дамыту үшін елеулі еңбек етіп келе жатқан кәсіби білікті, сауатты да тәжірибелі мамандарымен қуатты. Мерекеге орай берілген марапат қызметкерлер жұмысына серпін сыйлары сөзсіз.