ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері Маңғыстау облыстық дін істері басқармасына қарасты ақпараттық-түсіндіру тобының мамандарымен кездесті. Теологтар әлеуметтік желіні сауатты пайдаланып, діни контентке талдау жүргізу, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау шаралары туралы айтты.

Деструктивті ағымдардың жетегіне еріп, экстремизм, терроризм мен сепаратизмді насихаттайтын топтарға білместікпен қосылуға ең алдымен отбасындағы тәрбие мен діни сауаттың аздығы себеп болуы мүмкін. Сондықтан мамандар рұқсат етілмеген кітаптар мен парақшаларды оқу, оларды тарату, дәйексіз діни ақпараттарға сеніп жат қадам жасау жағдайларына мысалдар келтіріп, алданып қалмауға шақырды.

Ашық диалог форматындағы кездесуде қаражанбастықтар тақырыпқа қатысты сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Мамандар  дәстүрлі емес ағым өкілдері қолданатын психологиялық әдіс-тәсілдерден қорғанып, діни сауатты дұрыс бағытта арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙДА ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЛАРЫН ЖАҚСАРТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ ЖАҢАРТУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) басшылығымен және кәсіподақ өкілдерімен өндірістік және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес өткізді.

А.Хасенов геологиялық-техникалық іс-шараларды, сондай-ақ өндіру деңгейін сақтау жөніндегі басқа да шараларды уақтылы және сапалы орындау қажеттігін атап өтті.

2024 жылдың қорытындысы бойынша ҚБМ шамамен 2 млн 153 мың тонна мұнай өндірді.

Биыл компания ағымдағы көрсеткіштерді сақтауды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, кеңес барысында Қаражанбас кен орнындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту бойынша Жол картасының орындалуы туралы есеп тыңдалды. Биыл жатақханаларды, асханаларды, киім ауыстыратын бөлмелерді, гараж бокстарын жөндеуді бастау, сонымен қатар спорт кешенін және өндірістік персоналға арналған басқа да нысандар салу жоспарланған.

Жиын қорытындысы бойынша А.Хасенов «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығына еңбек жағдайлары мен әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

ҚМГ СПАРТАКИАДАСЫНА ІРІКТЕУ

Қаражанбаста «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасына іріктеу кезеңі өтті. Екінші вахта жұмысшылары бір апта бойы 8 спорт түрінен сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады. Жеке және топтық ойындарда қызметкерлер командалық рухын, физикалық күші және зияткерлік қабілетін паш етті.

Іріктеу сайысы ерлер және әйелдер арасындағы тоғызқұмалақ ойынымен басталды. Үміткерлер қатарынан материалдық техникалық жабдықтау базасының тауартанушысы Айгерім Бопилова мен өндірісті автоматтандыру цехының инженері Мақсат Лұқпанов оқ бойы озық шықты.

Үстел теннисінен әлеуметтік жұмыс және ішкі коммуникация тобының емдік дене шынықтыру нұсқаушысы Талап Барболов топ жарды.

Шахмат тақтасындағы тартыста технологиялық көлік департаментінің машинисі Азамат Нұрбауылов үздік деп танылды.

Қол күрестен 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде де пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының дәнекерлеушілері Ербол Ізбергенов пен Дәурен Қуандықов алға шықты.

Арқан тартудан технологиялық көлік департаментінің №1 гараж командасы шашасына шаң жұқтырмады.

Ал ұлттық ойын асық атудан бұрғылау учаскесінің электргазбендәнекерлеушісі Бердіғали Дощанов бірінші орынды қанжығалады.

Екінші вахта жұмысшылары арасындағы сайыстар әлі де жалғасады. Жұмысшылар ауысымаралық демалыс кезінде киберспорт пен жүзуден сынға түседі.

ЕРБОЛ ДЕНОВ —  ӨНДІРІСТІ АВТОМАТТАНДЫРУ ЦЕХЫНЫҢ БАҚЫЛАУ-ӨЛШЕУ ҚҰРАЛДАРЫ МЕН АВТОМАТИКА СЛЕСАРІ

Ербол Денов 1991 жылы Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Астрахань қаласында Ф.Ф.Ушаков атындағы Мемлекеттік теңіз университетін «Көліктік энергетикалық қондырғыларды пайдалану» мамандығы бойынша бітірді.

Қаражанбас кен орнындағы еңбек жолын 2016 жылы3-дәрежелі гидрооқшаулағыш болып бастады. Қазір өндірісті автоматтандыру цехының 5-дәрежелі бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика слесарі ретінде қызметін сәтті жалғастырып келеді.

Қызметте жетістігі мол «Жас маман» кеңесінің мүшесі алғырлығымен көзге түскен жұмысшылардың бірі. Ол компания мен өңірдегі қоғамдық-әлеуметтік шараларға белсенді қатысады. Фото мен видеоны креативті түсіруге әуес Ербол «Мұнайшы кадрындағы әлем» байқауында жүлдегер атанды. Сондай-ақ кен орнында жұмысшылар арасында өтетін «QUIZ» зияткерлік ойынын ұйымдастырушылардың бірі.

Өмірлік ұстанымы: «Еңбек — ерлікке жеткізеді, ерлік — елдікке жеткізеді».

«ТӘЖІРИБЕГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ОҚЫТУ» ЖОБАСЫНА — 5 ЖЫЛ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) өңірдегі оқу ордаларымен ынтымақтастық туралы меморандумы аясында биыл студенттердің тағы бір легі кен орнында тәжірибеден өтеді. Өндіріске аттанатын білім алушыларға ҚБМ Бас директорының кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ренат Қаражанов тәжірибеге бағытталған оқыту жобасының маңыздылығын түсіндіріп, сәттілік тіледі.

Былтырдан бері Yessenov университеті мен колледжі, Маңғыстау энергетикалық колледжі және Түпқараған гуманитарлық-техникалық колледжінің 2,3,4 курсында оқитын 17 студент Қаражанбас кен орнында тәжірибеден өтіп жатыр. Енді олардың қатарын аталмыш оқу орындарының 13 білім алушысы толықтырады. Тәжірибеден өтушілер алдымен қауіпсіздік техникасымен танысып, өндіріске аса қажетті мамандықтар бойынша бірнеше бағытқа бөлінеді. ҚБМ-ның білікті мамандары студенттерге жетекшілік етіп, мұнай игерудің қыр-сырын толық үйретеді.

ҚБМ жастардың білім алуы мен мықты кадр болып қалыптасуына ұдайы қолдау білдіріп келеді. Соңғы бес жыл ішінде облыстағы оқу орындарының 120-ға жуық студенті тәжірибеге бағытталған оқыту жобасының шарапатын көрді.  Жоба олардың алған білімін тәжірибеде қолдануға зор мүмкіндік болып отыр.

«АЛЫП» ҚАТЫСУШЫЛАРЫ АВТОРЛЫҚ ЖОБАЛАРЫН ҚОРҒАДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) қызметкерлері компания басшылығына жұмыс өнімділігін арттыру бойынша жобаларын ұсынды. Жиналысқа Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай, құрылымдық бөлімше және өндірістік басқарма басшылығы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Алып» жетілдіру көшбасшыларын дайындау бағдарламасының түлектері қатысты. Мұнайшылар  ысырапсыз көзқарасты ұстана отырып, креативті шешімдер арқылы жұмыс барысын жеңілдету тақырыптарын талқыға салды.

 Былтыр Қаражанбастың өндірістік цехтарынан 7 жұмысшы «Алып» бағдарламасының үш модульдік оқуына қатысты. Олар өзге компаниялардағы әріптестерімен бірге білімін шыңдап, қызмет барысындағы проблемаларды тізбектеп, шешу жолдарын зерттеген еді. Жұмыс нәтижесін арттыру жобаларын дайындаудың қыр-сырын меңгерген «Алыптың» әр түлегі басшылыққа идеяларын таныстырды. Олар өз қызметінің бағыттары бойынша тежегіш регистрлардың істен шығуын төмендету, бу айдау ұңғымаларына реттегіш орнату, қоршауы бар қауіпсіз баспалдақ қою, өндірілетін мұнайдың сулануын анықтау процесінің тиімділігін арттыру, тәуліктік есеп мәліметтерін қағаз нұсқадан электрондық нұсқаға ауыстыру жолдары, коалесцентті сүзгілердің тиімділігін арттыру, нефрас ерітіндісін қайта қолдану сияқты тақырыптарды тұтас жобаға айналдырған.

Басшылық жұмысшылардың жобасына оң баға беріп, өндірістегі өзекті мәселелер қозғалғанын атап өтті. Сондай-ақ техника қауіпсіздігіне ден қоюды тапсырды. Ал авторлар бастаған істі әрі қарай зерделеп, жұмыс барысына енгізу бағытында жұмыстанбақ.

ҚБМ ДЕФЕКТОСКОПИСТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДОДАДА

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері  елордада өткен «Қазақстан Республикасының үздік дефектоскописі» байқауында бақ сынады.  Сайыста еліміздің түкпір-түкпіріненсапаны бақылау саласындағы 60-тан астам мықты маман бас қосты.

Кәсіби стандарттарды қолдау, мамандар құзыретін дамыту мен өндірістік объектілердегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жарысқа ГОСТ ISO/IEC 17024 және ҚР СТ ISO 9712 стандарттарына сәйкес визуалды-өлшеу және ультрадыбыстық бақылау әдістері бойынша I, II, III деңгейлі мамандар қатысты.

ҚБМ намысын дефектоскопия зертханасының магниттік және ультра-дыбыстық бақылау дефектоскопистері Қайрат Ізов, Елеусін Көшбаев пен Дәурен Айтмағамбетов қорғады.  

Еңбек өтілі 3 жылға дейін, 3 және 5 жылдан жоғары үміткерлер алдымен тест тапсырып, жоғары ұпай жинаған қатысушылар келесі кезеңге шақырту алды. Екі күндік жарыста олар технологиялық жабдықтармен жұмыс істеу шеберлігін паш етіп, қысқа уақыт ішінде күрделі тапсырмаларды сапалы орындауға тырысты.

Мамандықтың маңыздылығы мен сапа стандарттарын арттыруға арналған байқау дефектоскопистер үшін ең алдымен тәжірибе алмасу алаңы болды.  

Геологиялық барлау колледжінің түлектер слетіне шақыру

Құрметті әріптестер!

2025 жылдың 21 ақпанында Абай облысындағы республикаға белгілі 90 жылдық тарихы бар оқу орны — Геологиялық барлау колледжі түлектерінің екінші слетін өткізу жоспарлануда. Слет барысында Түлектер қауымдастығының атқарған жұмыстары туралы есеп тыңдалып, «Қазіргі заманғы геологиялық кәсіпорындағы жұмыс күшіне қойылатын талаптар» атты панельдік пікірталас өткізіледі.

Түлектер кездесуі – колледж қабырғасында бірге оқыған курстастастарыңызбен, оқытушыларыңызбен кездесуге, геология саласындағы жетістіктеріңізбен бөлісуге және әр жылдардағы колледж түлектерімен кездесуге, колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуға, өзіңіз оқыған оқу орнының бүгінгі жаңалықтарын көзіңізбен көруге тамаша мүмкіндік.

Тамаша кездесу мен қызыққа толы іс-шараға қатысқыңыз келсе, төмендегі сілтеме арқылы тіркеліңіз:

https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLScg2SciBewW_g53QkcPApi9WJXxtBSROiRzfZ00ljgGtncJ2g/viewform?usp=dialog

Толық ақпаратты колледждің ресми сайтынан және әлеуметтік желілерден біле аласыздар:

https://www.instagram.com/sgrk_official?igsh=b2JiYWg2eHUwM3Z0

http://linkedin.com/company/grk-semey

ҚБМ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ҮШІН МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ

Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) еншілес ұйымдары бас директорларының IX жыл сайынғы «Қауіпсіздік мәдениетін дамытудағы көшбасшылық» форумы өтті. Іс-шараға ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚМГ еншілес кәсіпорындарының бас директоралары және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.», «Теңізшевройл» және «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» сияқты ірі мұнай-газ компанияларының өкілдері қатысты.

Қатысушылар өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылап, өз тәжірибелерімен бөлісті. А.Хасенов ҚМГ қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, қызметкерлердің денсаулығын сақтауға және өз қызметін жүргізетін өңірлерде экологиялық тепе-теңдікті сақтауға ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Қауіпсіздік ─ тұрақты жұмыс пен жетілдіруді қажет ететін үздіксіз процесс. Бұл ─ біздің басты корпоративтік құндылықтарымыздың бірі. Барлық деңгейдегі басшыларға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Олар қызметкерлеріне осы принциптерді ұстануда үлгі болуы тиіс. ҚМГ өндіріс нысандарындағы жұмысшылардың қауіпсіздігі мен жағдайының жайлы болуына ерекше мән бере отырып, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды мақсатты түрде жалғыстырады», — деді ҚМГ басшысы.

Форум аясында ҚМГ еншілес компанияларының еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жетістіктері ескерусіз қалмады. «Қаражанбасмұнай» АҚ-на (ҚБМ) «Қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» марапат табыс етілді.

ҚБМ экологиялық мәселелерге және қалдықтарды басқаруға ерекше көңіл бөліп келеді. Былтыр ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі және ҚМГ-мен ынтымақтастық туралы меморандум аясында тарихи мұнаймен ластанған жерлерді тазарту жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде 518 579 тонна тарихи мұнай қалдықтары кәдеге жаратылды.

ҚАРАЖАНБАС КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ КӨРМЕ

Қаражанбас кен орны кітапханасында жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толуына орай «Ұлы даланың даңқты ұлы» кітап көрмесі жасақталды. Мұнайшылар жұмыстан тыс уақытта қарымды қалам иесінің қазақ әдебиетін дамытуға қосқан үлесімен танысып, жазушы қалдырған мұраны кезекпен оқуға кірісті.

Көрме үш бөлімнен тұрады. «Ұлттық рухтың шырағы» атты бірінші бөлімде жазушының өмірі мен қызметі туралы энциклопедиялар, анықтамалар мен әдебиеттер ұсынылған. Ал «Тарихи роман табиғаты» атты екінші бөлімге «Алтын Орда», «Қызыл террор» кезеңіндегі Алаш-Орда қиялының күйреу тарихын суреттейтін «Қатерлі өткел» романы,  Маңғышлақ қазыналы түбегіндегі мұнайшылардың ерлікті еңбектерінің тарихын баяндайтын «Қара алтын» (Маңғыстау майданы) романы, Кеңес дәуіріндегі еңбек пен махаббат тақырыбы арқау болған «Алтын құс» романы, «Көшпенділер» трилогиясы қойылған.

«Халық жүрегіндегі қаламгер» атты үшінші бөлім сөресінен І.Есенберлин  шығармашылығы туралы «Жан сырым» атты Қазақстанның белгілі жазушыларының естеліктері, әдебиеттанушылардың еңбектері мен ойлары, нақыл сөздері туралы кітабы мен естелік суреттерді табуға болады.

Биыл қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі бірқатар көрнекті өкілдің мерейтойы. Осыған орай мұнайшылардың рухани байлығын молайтып, өлең-жырмен сусындату үшін түрлі бағыттағы мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.

ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛ ҚУАТЫ!

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадр даярлауға бағытталған.

Қаражанбаста да өндірістегі жұмыстың қиындығына қарамастан мәртебелі мамандықты серік еткен мұнайшылар қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығында ел ырысын еселеуге елеулі үлес қосып келеді. Еңбек адамының беделін көтеріп, көпшілікке таныстыру мақсатында ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының ұңғмыларды зерттеу операторы Қайырғали Амантурлиев туралы әңгімелейміз.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Қайырғалидің әкесі де өлкенің қара алтынын игеруге үлес қосқан мұнайшы. Әке жолын жалғауды мақсат еткен бозбала мектепті тәмамдаған соң политехникалық колледжде білім алып, осыдан 24 жыл бұрын Қаражанбас кен орнына қадам басты. Жұмысқа енді кіріскен жас маманға тәжірибелі операторлар мен шеберлер бағыт-бағдар беріп, жылдар бойы көргені мен көкейге түйгенін бөлісті. Ептілігімен, жауапкершілігімен көзге түскен Қайырғали ұжымға тез сіңіп, бүгінде тіс қаққан маманға айналды.

«Мамандығымды өз жүрек қалауыммен таңдадым. Өндіріс туралы бала кезден естіп өскен соң, мұндағы жұмыс барысы әрқашан қызық көрінетін. Ең бастысы берілген тапсырманы тиянақты орындауға тырыстым. «Еңбек — түбі береке» дегендей, өз ісіңе адал болсаң, қызметің де нәтижелі болатынына сендім» ,- дейді ол.

Кейіпкеріміздің әр жұмыс күні қауіпсіздік техникасын пысықтап, арнайы киім мен құрал-сайманын түгендеуден басталады. Одан соң жұмысшы қажетті құрылғылар арқылы жер қабаттарының қысымын, мұнай деңгейі мен қызуын тексеруге кіріседі. Қайырғали көбіне ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу кезінде зерттеу жүргізу процесіне қатысады. Бұл цех операторлары қызметінің қиын бөлігі саналады. Жұмыс барысында олар заманауи технологиялар мен тың әдіс-тәсілдерді қолданады.

«Күн сайын кем дегенде 20 ұңғыманы зерттеймін. Сондықтан 24 жыл ішінде ұңғыма жұмысын үнсіз ұғатын деңгейге жеттім деп айта аламын. Кен орнында біздің кедергісіз жұмыс істеуіміз үшін барлық жағдай жасалған. Өз ісімді қатты жақсы көремін. Алдағы уақытта да Қаражанбастың дамуы үшін тынымсың еңбек етуге дайынмын»,- дейді кейіпкеріміз.

Әріптестері Қайырғалиді «сөздің емес, нағыз істің адамы» деп атайды. Себебі ол жұмыстың қиындығынан қашпай, тапсырған істі жауапкершілікпен атқарады. Сондай-ақ өзінен кейінгі толқыннан ақыл-кеңесін аямайды. Қаражанбас өндірісті өркендетуді кәсіби міндеті әрі азаматтық борышы санайтын осындай еңбек адамдарымен қуатты.

ҚАЗМҰНАЙГАЗДА ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ТИІМДІЛІКТІ АРТТЫРУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫС ӨТТІ

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов 2024 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша 50 еншілес тәуелді ұйымдардың және бірлесіп бақыланатын компаниялардың басшыларымен кеңейтілген отырыс өткізді.

ҚазМұнайГаз бүкіл өндіріс тізбегі бойынша тиімді жұмыс пен қаржылық тұрақтылықты көрсетуде. Былтырдың қорытындысы бойынша ҚМГ тобының мұнай және конденсат өндіру көлемі 2023 жылғы көрсеткіштерден асып, 23,8 млн тоннаны құрады. Мұнай тасымалдау көлемі 4%-ға өсіп, 83,6 млн тоннаға жетті. Мұнай өңдеу зауыттары 17,44 млн тонна мұнай өңдеді. Ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 2024 жылы зауыттарда жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісі 370 мың тоннаға ұлғайды.

Сонымен қатар, ҚМГ геологиялық барлауды жандандырып, ел қорын толықтыруда. Бұл бағытта жаңа технологиялар енгізіліп, инвестициялар тартылып жатыр. Жер қойнауының мүмкіндігін зерттеу аясында былтыр Торғай Палеозой, Қаратон Подсолевой, Қаражар және Тайсойған учаскелерінде бұрғылау жұмыстары басталды, олардың мұнай қоры 800 млн тоннадан асады.

Мұнай өңдеу және мұнай-химия бағытында «Caspi Bitum» ЖШС-де битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, ҚМГ елде мұнай-газ химия саласын дамытуға бағыт алды — қуаты жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіретін зауыт жобасы бойынша ерте құрылыс жұмыстары басталды.

— Мемлекет басшысы геологиялық барлау мен мұнай-газ химиясын дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша және басқа да нақты міндеттер қойды. Әлемдік энергетика нарығының қазіргі жағдайында алдымызда елеулі сын-қатерлер тұр. Ел экономикасына қосып отырған зор үлесін ескере отырып, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы операциялық тиімділікті арттыру, экономикалық көрсеткіштерді жақсарту және өңірлерде әлеуметтік тұрақтылықты қолдау жөніндегі жұмысты күшейтеді, — деді отырыстың ашылуында А.Хасенов.