ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) 600-ден астам қызметкері еңбек қауіпсіздігін нығайту және басқару, өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмау бойынша оқытуға қатысты. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бастамасымен қолға алынған тренингке цех басшылары, жетекші және аға инженерлер, шеберлер мен инженерлік-техникалық қызметкерлер жұмысты қауіпсіз жоспарлау бағытында білімін нығайтты.

Кестеге сәйкес қаражанбастықтарға нұсқаулықты тиімді өткізу жолдары көрсетілді. Сондай-ақ спикер жұмысшыларға қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты қадамдарынан бастап, өндірістік тәуекелдерді азайту және жалпы еңбек қауіпсіздігі мәдениетін көтеру жолдарын таныстырды. Мұнайшылар үш күнге созылған теория сабақтарынан меңгергенін енді тәжірибеде қолданбақ.

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмысшылар денсаулығын қорғау – ҚБМ-ның негізгі басымдықтарының бірі. Қарапайым ережелерді сақтап, еңбек қауіпсіздігі мәдениетін арттыруға әр қызметкер жауапты.

МҰНАЙШЫ ҚЫЗДАРДЫҢ ОЙ ЖАРЫСЫ

Қаражанбас кен орнында 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мұнайшы арулардың таным мен тапқырлығын сынға салатын «Ал қанекей, қыздар!» зияткерлік ойыны өтті. Сайыста бақ сынауға ниет білдірген 6 қатысушы екі топқа бөлініп, білімі мен логикасын сынға салды.

Ойын барысында екі  топқа әртүрлі бағытты қамтиытын 14 тақырып бойынша сұрақ қойылды. Әр сауалға жауап ретінде үш нұсқа берілді. Қыздар ой ұшқырлығына сүйеніп, дұрыс жауапты дәл табуға тырысты.  Ал жауаптар сюжет, графика және анимация түрінде көрсетілді.

Нәтижесінде материалдық техникалық жабдықтау базасының қойма меңгерушісі Жанар Юсупова, ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының химиялық талдау лаборанты Айжан Исламова, сондай-ақ №3 мұнай өндіру цехының операторы Бәтима Байсегізовадан құралған команда қарсыластардан басым түсті. Мұндай сайыстар ұжымдық рухты берік етіп, қаражанбастықтардың әріптестік қарым-қатынасын нығайтуға сеп болары сөзсіз.

ҚАРАЖАНБАС АРУЛАРЫ – МҰНАЙЛЫ МЕКЕН МАҚТАНЫШЫ!

Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) қыз-келіншектері құрметке бөленді. Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Ақтау қаласындағы өкілдігі мен ҚБМ басшылығы, қос кәсіподақ төрағасы, кен орнында және  орталық кеңседе жұмыс істейтін барлық нәзік жанды мен мердігер мекеме қызметкерлері қатысты. Басшылар ел ырысын еселеуге ерлермен қатар еңбек етіп жүрген Қаражанбас аруларын мерекемен құттықтап, олардың компания құндылықтарын насихаттаудағы кәсіби біліктілігі мен жұмысқа жауапкершілігін ерекше атап өтті.

«Сіздерді өздеріңізге ең жақын мерекемен құттықтаймыз. Ана — өмірдің бастауы болғандықтан, әр қыз баласының қоғамдағы орны ерекше. Сондықтан сіздерге көрсетілетін құрмет өлшеусіз. Әр атқан таңыңыз арайлы, шыққан күн берекелі, қызметіңіз табысты болсын. Шаңырақтың ұйытқысы болып жүре беріңіздер, отбасыңыздың жылуы өшпесін!»,- деді Бас директор Н.Сәрсенбай.

ҚБМ-да 337 қыз-келіншек еңбек етеді. Олардың 172-сі өндіріс басында вахталық әдіспен жұмыс істесе, 165 маман орталық кеңседе жұмысты тиімді ұйымдастыру мен құжат айналымы сияқты бірқатар маңызды міндеттерді орындауға атсалысады. Қиын да қызықты саланы серік еткен мұнайшы қыздар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ естелік белгісі, Маңғыстау облысы әкімі, Түпқараған ауданы әкімі мен ҚБМ Басқармасының Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталды.

«Жылына бір келетін мерекемізде құрмет көрсетіп жатқан компания басшылығына, Қаражанбас жігіттеріне алғысымыз шексіз. Алған марапатымыз біз үшін зор құрмет, жылдар бойы атқарып келе жатқан еңбегіміздің жемісі деп білеміз. Мұнайшы мамандығы – қыздар үшін оңай емес деп жатады. Дегенмен өз ісімізге деген сүйіспеншілік, ұжымның қолдауы мен еңбегімізді бағалауы бізге ерекше шабыт пен қызметімізге құлшыныс сыйлайды»,- деді марапат иелері.

Мәртебені биіктеткен марапат, ақтарылған алғыс, құшақ-құшақ гүл… Мұның бәрі Қаражанбас қызғалдақтарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара өлке өнерпаздары мен еліміздің эстрада әншілерінің концертіне ұласты. Өнер иелері мұнайлы мекеннің қара алтынын игеруге елеулі үлес қосып жүрген аруларға тыңдарман көңілінен шыққан танымал әндерін тарту етті. 

ҚАРАЖАНБАСТА ИТБАЛЫҚ КӨБЕЙДІ

Соңғы бір апта көлемінде Қаражанбас кен орны аумағында итбалық күшіктерін кездестіру фактілері жиіледі. Жұмысшылар сүтқоректіні алғаш рет 28 ақпан күні материалдық техникалық жабдықтау базасы маңынан тауып алған. Мұнайшылар лезде компаниядағы қоршаған ортаны қорғау қызметінің мамандарына хабарласып, күшік теңізге қайта жеткізілді.

Күн өткен сайын Қаражанбасқа келген итбалықтар саны артып жатыр. Қызметкерлер олардың біреуін вахталық қалашықта кездестірсе, ендібірі мұнай өндіру цехы аумағындағы топтық өлшеу қондырғысы жанынан табылды. Сондай-ақ теңіз жағасынан кен орнына келер жолда тағы бір итбалықтың сырғып келе жатқаны видеоға түсіп қалған.

ҚБМ экологтары кен орнында күніне 4 рет шолу жасап, қазірдің өзінде 10-ға жуық итбалықты өз тіршілік ортасына жеткізді.  Қысқа және жүзу жарғағы бар теңіз жануары Каспий теңізі жағалауынан 4-5 шақырым қашықта орналасқан кен орнына қар үстінде жорғалау арқылы келген деген болжам бар.

ҚБМ АРДАГЕРЛЕРІ ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҮЗДІКТЕР ҚАРАТЫНДА

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары Таразда футзалдан өткен ҚР чемпионатында үздік үштіктен көрінді. Қазақстандық футбол ардагерлері лигасы ұйымдастырған жарысқа 50 жастан асқан қызыметкерлерден  6 құрама қатысты. Командалар шағын футбол ережелерін ұстана отырып, үздік ойын көрсетуге барын салды.

ҚБМ құрамасы алдымен «Жеңіс» командасымен сайысқа түсіп, есе жіберді. Одан соң «Достық» құрамасының қақпасына 6 гол соқты. «Дантист» командасымен кездесу де 5:2 есебімен сәтті аяқталды. Біздің жігіттер «Әулие атадан» 4:2 есебімен басым түсіп, «Қордай» ардегерлерінің 3 голын өткізіп алды.

Чепионат қорытындысы бойынша ҚБМ құрамасы 3 орынға ие болды. Сондай-ақ материалдық-техникалық жабдықтау базасының арқан ілдірушісі Ермұхамед Балғабаев «Үздік қорғаушы», Бұрғылау және ұңғымаларды жер асты күрделі жөндеу департаментінің инженері Мақсат Ізтаев «Үздік сұрмерген» атанды. Жүлдегерлерге кубок пен дипломдар табыс етілді.

ҚҰРМЕТ ДЕМАЛЫСЫ — АДАЛ ЕҢБЕК ЖЕМІСІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехы ұжымы темірден түйін түйген өз ісінің шебері Талап Есеновты зейнет демалысына шығарып салды. Әріптестері өлке өндірісін дамытуға сүбелі үлес қосқан дәнекерлеушіге құрмет көрсетіп, алғыс білдірді.

Талап Есенов өнегелі еңбек жолын осыдан 28 жыл бұрын бастаған.  Ол осы уақыт ішінде мыңдаған металды біріктіріп, қызмет барысында кәсібилік, жауапкершілік, тиянақтылығымен үлгі болған маман. Талап кен орнының барлық объектілерінде жұмыс істеп, өндіріске қажетті жабдықтарды дәнекерлеу ісін бес саусағындай меңгерген. Қызмет белесінің биігін бағындырған жұмысшы соңғы вахтасын қимастықпен аяқтап, еңбек ұжымының алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.

«Өмірімнің жарқын да еңбекке толы кезеңі Қаражанбаста өткеніне қуаныштымын. Бұл бізді маман ретінде шыңдаған, талай жанмен таныстырған, берекелі де қазыналы мекен. Өндірісте үлкендерден үйренгеніміз көп, жастарға  үйреткеніміз де аз емес. Білікті мамандарымен қуатты Қаражанбас әлі талай биікті бағындыратынына сенімдмін. Құрмет көрсетіп жатқан барлығына алғысым шексіз!»,- дейді Талап Есенов.

ҚБМ ЖҰМЫСШЫСЫ ПІКІРСАЙЫС ҮЗДІГІ АТАНДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) №2 мұнай өндіру цехының (МӨЦ) операторы Таңат Ералиев өңірдегі өндірістік мекемелер жұмысшылары арасында өткен пікірсайыс турнирінде «Үздік спикер» атанды. «Самұрық-Қазына» АҚ-на қарасты компаниялардың Маңғыстау облысындағы жастар кеңесі мен «Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы ұйымдастырған додада 6 команда бақ сынады.

ҚБМ намысын пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының токарі Серік Табынаев пен №2 МӨЦ операторы Таңат Ералиев қорғады. Америкалық парламенттік формат бойынша өткен ой жарыста қатысушылар екі тарапқа бөлініп,  жастар саясатына қатысты тақырыптарды жан-жақты талқыға салды. Жақтаушылар да, даттаушылар да ұтымды кейстерді пайдаланып, нақты аргументтерді алға тартты. Өз позицияларын қорғау үшін статистикадан дерек келтіріп, сандарды сөйлетті.

Спикерлерден бөлек, белсенді көрермендер де тақырып бойынша сұрақ қойып, зияткерлік қабілетін паш етті. ҚБМ командасын қолдап келген электр цехының электромонтері Сырым Ізғалиев өткір пікірімен дараланып, ойға ой қосты. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтары табыс етілді.

ЫСЫРАПСЫЗ ӨНДІРІСТЕГІ «LEAN» ЖҮЙЕСІНІҢ МАҢЫЗЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары «Самұрық-Қазына» АҚ (СҚ) құрамындағы компаниялардың жас мамандарына арналған «Ысырапсыз өндіріс» тренингіне қастысты. Жастарға «Lean»-эксперт, СҚ «Жас маман кеңесі» төрағасы Әділет Мүтәлі және төраға орынбасары Сәбит Қаржаубайұлы дәріс оқып,  тәжірибе бөлісті.

«Lean» —  Kaizen философиясына негізделген жүйе. Ол ысырап пен шығынды азайту, сапаны жақсарту мақсатында көбіне мұнай-газ саласы, машина жасау, қызмет көрсету мен логистика секторларында кеңінен қолданылады. Тренинг барысында жастар аталмыш жүйені жұмыс процесіне енгізудің негізгі қағидаларын меңгерді. Сондай-ақ қатысушылар өндірістік ысырап шығындарын азайту, процестерді оңтайландыру, қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттыру бойынша пікірін ортаға салды. 

Ысырапсыз өндіріс көп компанияда күн тәртібіндегі өзекті тақырыптың бірі. Сондықтан жұмысшылардың бұл бағыттағы білімі мен мәдениетін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Тренингке қатысушылар алған білімі мен жаңа ақпараттарды басшылыққа жеткізіп, жұмыс барысында енгізуге уағдаласты.

СУ БАСУ ҚАУПІН ЖОЮ БОЙЫНША ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ

Қаражанбаста «Бөгеттің бұзылу салдарынан кен орны аумағын су басуды жою» тақыбырымен «Көктем — 2025» Республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуы аясында тактикалық арнайы жаттығуы өтті. Шараға «Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директорының өндіріс бойынша орынбасары Орынбек Тарғынов, Өндірістік Басқарма директоры Ғабит Сәдуақасов, бөлім, цех, қызмет басшылары, мердігер мекемелердің өкілдері, азаматтық қорғаныс жүйесі жетекшілері қатысты.

Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес сағат 10:17-де орталық инженерлік-технологиялық қызмет (ОИТҚ) диспетчері тактикалық арнайы жаттығуы басталғаны туралы хабарлады. Одан соң ОИТҚ жетекшісі бөгеттің жарылуы нәтижесінде Ақтау-Қаламқас автожолы мен Қаражанбас кен орнының бір бөлігін су басу қаупі туындап, мұнай өндіру цехының теңіз жағалауындағы ұңғымалары және электрмен жабдықтау бағаналары су астында қалғанын, салдарынан абсолютті белгі бойынша судың деңгейі 1 метрге көтерілгені мен электр қуаты өшірілгенін баяндады.

Жағдаймен танысқан оқу-жаттығу жетекшісі теңіз суын сорып алу, апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, жолды жабу, жұмысшыларды эвакуациялау үшін арнайы техникалар мен мамандарды тез арада жіберуге тапсырма берді. Кен орны басшылығы оқиға орнына келгеннен кейінэлектр беріліс қорабының зақымданғанын байқап, қалпына келтіруге нұсқау береді. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын атқару үшін 2 арнайы техника келіп, бөгетке топырақ себе бастады. Осы аралықта вакуум жүргізушісінің аяғы жарақаттанып, жұмысшылар рация арқылы медициналық көмек шақырды. Арнайы мамандар жеткенше алғашқы көмек көрсетілді. Эвакуациядан соң жиналу орнына шоғырланған жұмысшыларды автобустар тасымалдады.

Тактикалық арнайы жаттығуға барлығы 40-қа жуық қызметкер, 15 арнайы техника жұмылдырылды. Бақылаушылар тез әрі сапалы қызмет еткен мамандарға алғыс айтып, атқарылған жұмысқа оң баға берді.

ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУ – ОРТАҚ ӘРІ БАСТЫ МІНДЕТ!

Қаражанбаста мұнай өндіру цехтарының шеберлері үшін қауіпсіздік және еңбекті қорғау бағытында оқыту өткізілді. 20-дан астам маман үш күн бойы корпоративтік стандарттар, қауіпсізік мәдениеті, өмірлік маңызды қағидалар және т.б. өзекті тақырыптар бойынша білімін нығайтты.

Кен орнындағы қауіпсіздік және еңбекті қорғау тобының жетекшісі Құдайберген Ибрагим қатысушыларға соңғы жылғы көрсеткіштерді салыстыра отырып, өндірісте болған жазатайым оқиғаларға талдау жасады.  Сондай-ақ бекітілген талаптар бойынша жұмысты қауіпсіз  ұйымдастырып, мұнайшылардың ережелерге бей-жай қарамауының маңыздылығын түсіндірді. Оқытуда қауіпсіздік мәдениеті мен жазатайым оқиғалар бойынша бейнероликтер көрсетіліп, тәуекелдердің алдын алу, «Қорғау» картасын толтыру, жиі қайталанатын ескертулерді болдырмау, салауатты өмір салтын сақтау тақырыптарына қатысты кейстер қарастырылды.

Қауіпсіздік техникасын қатаң сақтауға барлық жұмысшы жауапты. Сондықтан шеберлерге күн сайын жұмыс алдында қызметкерлерді жинап, ережелерді ескертіп отыру тапсырылды. Қатысушылар теориялық дәрістен соң алған білімі бойынша қорытынды жасап, шағын емтихан тапсырды. Еңбек қауіпсіздігін арттыру бағытындағы шаралар алдағы уақытта жалғасын табады.  

МҰҚАҒАЛИ ЖЫРЫ – МҰНАЙШЫЛАР ЖҮРЕГІНДЕ

«Дариға жүрек!». Осындай атаумен Қаражанбас кен орнында жалынды жырымен халық жүрегінен ерекше орын алған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай әдеби-музыкалық кеш өтті. Жұмыстан соң мәдени-демалыс орталығына жиналған көрермендер ақын шығармашылығына терең бойлап, қара өлеңмен сусындады.

Шарада алдымен Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен жазылып, Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған «Пай, пай, Өмір!» өлеңі тыңдалды. Одан соң І вахта жұмысшылары ақиық ақынның туған жер, өмір, махаббат, тұрмыс тақырыбындағы туындыларын нақышына келтіріп оқыды. Сондай-ақ олар Мұқағали өлеңдеріне жазылған әсем әндерді орындап, көрерменді ерекше сезімге бөледі. Ал жырға жаны құштар мұнайшылар өз қаламынан туған арнауларын жеткізді.

Кештен бөлек, кен орны кітапханасында «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты кітап көрмесі жасақталды. Мұнайшылар ақынның жыр жинақтарын парақтап, баспасөзге жарияланған мақалаларды шолып шықты.  Жазылғанына талай жыл өтсе де, ақын өлеңдері күні бүгінге дейін өзектілігін жоймай, талай жүрекке қуат беріп келеді. Осылайша Мұқағали мұрасы үздіксіз өндірісте жүрген еңбек адамдарының санасына серпіліс пен  шалқар шабыт сыйлады.

І АУЫСЫМ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Ақпанның 8-і мен 12-сі аралығында Қаражанбастың І ауысым жұмысшылары арасында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасына іріктеу кезеңі өтті. Дәстүрлі додаға қатысуға үміткерлер ішкі сайыста 8 спорт түрінен жеке және топтық жарыстарда өнер көрсетті. Жүзден жүйрік шыққан жұмысшылар ІІ вахтаның үздіктерімен сынға түседі. Чемпиондық атаққа лайық деп танылғандар ҚМГ-ның еншілес және тәуелді ұйымдары арасында өтетін финалдық бәсекеде компания намысын қорғайды.