МАШИНИСТ А.АҚМАҒАНБЕТОВ: «ҚАРАЖАНБАС – МЕНІҢ ЕКІНШІ ҮЙІМДЕЙ ЫСТЫҚ МЕКЕН»

14 Мамыр 2024

Сүйікті қызметінің шыңына көтеріліп, құрметті демалысқа шығу – әрбір маманның еңбек тарихындағы маңызды кезең. Ғұмырды туған өлкені өркендетуге арнау азаматтық борыш болса, көп жылдық маңдай тердің  жемісін көру еңбек адамын ерекше бақытқа бөлейді. Мұндай құрмет енді «Қаражанбасмұнай» АҚ мұнай дайындау және айдау цехының (МДАЦ) сорап қондырғысының машинисі Аби Ақмағанбетов үшін де таңсық емес.

Аби Ақмағанбетов 30 жылға жуық өмірін Қаражанбас кен орнындағы қайнаған жұмысқа арнаған еңбекқор жұмысшы. Компаниядағы еңбек жолын цехқа қарасты қазандықтарды тазалаушы болып бастаған ол кейін сораптардың сапалы әрі уақытылы жұмыс істеуін жіті қадағалайтын машинст қызметін атқарды. Іске мығым, тапсырмаға тиянақты Аби артынан ерген жас мамандар үшін үлгі тұтар әріптес, ақылшы аға.

 «Қаражанбас мен үшін екінші үйімдей ыстық мекен. Әріптестерім де бауырларымдай қымбат. Мұндағы жылдарымды маңызды іске арнап, еліме пайдам тиер маман болғаныма шексіз қуаныштымын. Соңғы вахтамды абыроймен аяқтап, сүйікті ісімді жас буынға сеніп тапсырамын. Мұнайымыз таусылмасын, Қаражанбас дами берсін!»-, дейді кейіпкеріміз.

МДАЦ-ның еңбек ұжымы зейнет демалысына шыққан әріптесіне құрмет көрсетіп, иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Аби де әріптестеріне риясыз рақмет айтып, абыройлы қызметте сенімді серік болғаны үшін алғыс білдіріп, ақ батасын берді.

Жарияланған күні:
14 Мамыр 2024

Бөлісу: