ҚМГ СПАРТАКИАДАСЫНА ІРІКТЕУ БАСТАЛДЫ

Қаражанбаста «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ-ның жыл сайын өтетін спартакиадасына іріктеу басталды. ІІ вахта жұмысшылары үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күрес, арқан тарту, асық ату сайыстарынан сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады.

Білек күші мен логикалық қабілетіне сенген мұнайшылар тартысты ойын өрнегін көрсете алды. Үстел тениисінен әлеуметтік жұмыс тобының спорт нұсқаушысы Талап Барболов пен өндірісті жабдықтау базасының (ӨЖБ) слесарі Бекзад Шадкам үздік атанса, шахматтан өндірісті автоматтандыру цехының (ӨАЦ) слесарі Елдос Есетов пен технологиялық көлік департаментінің (ТКД) шебері Исладин Байсегізов алға шықты. Тоғызқұмалақ ойынында зияткерлік қабілетін сарапқа салғандар арасында қабат қысымын ұстау цехының (ҚҚҰЦ) операторы Берік Нұрғалин топ жарды. Қол күрес бойынша 80 келіге дейінгі қатысушылар арасынан пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының (ПЖИЖЦ) дәнекерлеушісі Дәурен Қуандықов, арқан тартудан ТКД жігіттері жеңісті қолдан бермеді. Ал асық атудан бу өндіру цехының (БӨЦ) машинисі Ерлан Қадір мен ПЖИЖЦ слесарі Бекбол Сейілханов шашасына шаң жұқтырмады.

Аталмыш сайыстар І вахта мұнайшылары арасында да өтеді. Оған қоса футбол, волейбол, баскетбол, киберспорт пен жүзу бойынша да қос вахта мықтылары тартысқа түседі. Үздік атанғандар келесі кезеңге жолдама алып, ҚБМ намысын қорғауға тырысады.

ЕҢБЕК АДАМЫ — ЕЛГЕ ҮЛГІ

Айтқали Жаңбырбаев ҚБМ-да 30 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман. Ол Қаражанбастағы еңбек жолын қатардағы оператор болып бастаған. Нәтижелі жұмысымен көзге түскен Айтқали 2003 жылы ұңғымаларды күрделі жөндеу шебері қызметіне ауысты. Бүгінде аталмыш цехтағы аға шебер қызметін абыроймен атқарып келеді.

Адал қызметімен абырой биігінен көрінген кейіпкеріміздің жеткен жетістіктері де аз емес. Өндірістің өрге өрлеуіне елеулі үлес қосқан ол «Адал еңбегіңіз үшін», «Қазақстан мұнайына 120 жыл» төсбелгілермен марапатталған.

««Мамандығым – мақтанышым» -, деп айтуға толықтай негіз бар. Күрделі қызметімді жауапкершілікпен атқаруға тырысамын. Кен орнындағы маңызды жұмысым арқылы ел экономикасына елеулі үлес қосып жүргеніме қуанамын. Алдағы уақытта да әріптестеріммен бірге биік белестерді бағындыратынымызға сенемін»,- дейді Айтқали Жаңбырбаев.

БІРЛІК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Қаражанбастың материалдық-техникалық жабдықтау базасы (МТЖБ) ұжымы цехішілік шағын футбол турнирін өткізді. Салауатты өмір салтын ұстанып, ұжымның бірлігін нығайтуды көздеген ІІ вахта жұмысшылары өзара командаларға бөлініп, тартысты ойын көрсетті.

Төреші ысқырығы естілген сәттен аяқдопшылардың мықты соққылары мен сәтті пастары командаларды жеңіске жақындата түсті. Жүк ілдірушілер, жүк қабылдаушылар, қоймашылар мен бас кеңсе мамандары әртүрлі әдістерді ұтымды пайдаланып бір-бірінен басым түсуге тырысты.

«Турнир өте жақсы өтіп жатыр. Әріптестеріміздің спорттық қабілеттерін паш етіп, бізді бірлікке бастаған жарыс болды деп айта аламыз. Қандай орын алатынымыз маңызды емес. Бір үйдің баласындай татулығымыз – біздің басты жеңісіміз!»,- деді МТЖБ жұмысшылары.

Қорытындыға сәйкес, бас кеңсе командасы үздік үштікті түйіндеді. Екінші орынға жүк ілдірушілер құрамасы лайық деп танылды. Ал барлық матчта жеңіске жеткен жүк қабылдаушылар ұпай санымен алға шығып, жеңімпаз атанды.

ҚБМ ҚЫЗМЕТКЕРІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИДЕЯЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ ҚАТАРЫНДА

«Қаражанбасмұнай» АҚ №1 ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының басшысы Нұрсейіт Нұрман «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы қызметкерлері арасында өткен сайыста жүлдегер атанды. Аталмыш байқау денсаулықты сақтау, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы үздік инновациялық идеялар мен тәжірибелер ұсынған ойы озық, тәжірибесі мол мамандарды анықтайды.

Жүзден жүйрік шыққан жұмысшыны ҚБМ Бас директоры Нұрсейіт Союнов жүлдесімен құттықтап, компания атын асқақтатқаны үшін ерекше алғыс білдірді.

«Біздің ұжымда кәсіби білікті, инновациялық, зияткерлік, шығармашылық, т.б. қабілеттері жақсы дамыған жұмысшылар көп. Олар түрлі байқауларда шеберлігін паш етіп, өз мықтылығын дәлелдеп келеді. Бұл жолғы жетістігіміз де өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететініне кәміл сенемін»,- деді Н.Союнов.

Нұрсейіт Нұрман сайысқа «Қысқыш сақтандыру муфтасын» енгізу жобасын ұсынды. Ол ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу барысында, нақтырақ айтсақ жабдықтары біріктіре көтеру кезінде қолданылады. Ұсынылған муфта штанганың құлауын болдырмайды және жұмысшыларды өндірістік жарақаттардан қорғайды. Қаражанбаста тәжірибеден өткізіліп, тиімділігі дәлелденген жоба қазылардың оң бағасынан үлесті болып, екінші орынға лайық деп танылды.

«Бұл жоба жылдар бойы жиналған тәжірибе жемісі деп айта аламын. Біздің басты мақсатымыз өндіріс үздіксіздігі мен техника қауіпсіздігін сақтау. Алдағы уақытта да тың идеяларымызды жүзеге асыру үшін талмай еңбектенуге дайынмын»,— деді Н.Нұрман.

Енді сайыста үздік деп танылған жобаларды өндірісте кеңінен қолдану жоспарланып отыр. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 2024 жылға арналған өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, ҚБМ жұмысшысының жобасын елдегі өзге де мұнай компанияларына енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН ІЗТҰРҒАНОВТАР ОТБАСЫ

Мәртебелі мамандық – бабадан балаға мирас болған басты құндылықтардың бірі. Еліміздің әр өңірінде ата кәсібін жалғап, өндірісті өркендетуге атсалысып жүрген династиялар бар. Бұл жолы біз сіздерді мұнай өндіру саласын серік еткен Ізтұрғановтар отбасымен таныстырамыз.

Бекболат Ізтұрғанұлы 1941 жылы Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. 1960 жылы Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түсіп, 1966 жылы аталмыш оқу ордасынан түлеп ұшқан елдегі ең алғаш мұнайшы-инженерлердің бірі.

Институтты сәтті тәмамдаған Бекболат Ізтұрғанұлы сол жылы еңбек жолын Өзен мұнай өндіру басқармасында оператор болып бастаған. 1979 жылы «Комсомольскнефть» МГӨБ басшысы қызметіне келіп, мұнай өндіру жұмыстарын бастағандардың бірі. Одан соң 1985 жылы Қаражанбас УПНПиКРС-ке (қабаттардың мұнай беруін және ұңғымаларды күрделі жөндеуді арттыру басқармасы) басшы орынбасары болып ауысты. Кейін еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі бөлімінің басшысы болып еңбек еткен.

Әкенің өнегелі еңбек жолын төрт ұлы қатар жалғады. Тұңғышы Рахим Ізтұрғанов «Қаражанбасмұнай» АҚ-да 38 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір ол қабат қысымын ұстау цехының 5-дәрежелі слесарі. Рахимнің жұбайы Дәмет Ізтұрғанова да Қаражанбас кен орнындағы ұңғымаларды ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехында инженер.

Нагим Ізтұрғанов ҚБМ-да 30 жыл еңбек өтілі бар мұнайшы. Сапа және тәуекелдерді басқару қызметінің жетекшісі болып қызмет ететін ол, өндіріс өмірін де, орталық аппарат жұмысын да жетік меңгерген маман. Мейрам Ізтұрғанов та Қаражанбас кен орнында желілік аудандар шебері, энергетикалық учаске басшысы болып 30 жыл табан аудармай еңбек етті. Мейрамның жұбайы Бақтыгүл «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да материалдық жабдықтау базасында қойма меңгеруші. Бұдан бөлек, шаңырақтың кенжесі Бердібек Ізтұрғанов Қаламқас кен орнында токарь болып жұмыс істейді.

Абыройлы еңбек адамды жетістікке жетелейді. Ізтұрғановтар отбасының төрт ұлы мен қос келіні өздеріне жүктелген кәсіби міндетін мінсіз атқарып, ел экономикасының өрге басуына тамшыдай үлес қосып жүр. Осылайша олар әкеден аманатталған мамандықты өмір салтына айналдырып, бақыттың кілтін еңбектен тапқан азаматтар.

ҚАРАЖАНБАСТА АЛҒАШҚЫ МҰНАЙ ФОНТАНЫ АТҚЫЛАҒАНЫНА 50 ЖЫЛ!

26 қаңтар – «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның тарихы бастау алған ерекше маңызды күн. Осыдан тура жарты ғасыр бұрын Бозашы түбегінен орын тепкен Қаражанбас кен орнында алғашқы мұнай фонтаны атқылады.

1974 жылы Бозашы жеріне зерттеу жүргізген Әділ Нұрмановтың жетекшілігіндегі геологтар тобы барлау жұмыстарын бастауға ниетті еді. Сол жылы қыс өте жылы болып, Бозашы жағалауына мұз қатпаған екен. Бас геолог пен топограф болашақ ұңғымалардың орналасатын жерін белгіледі. Жобаға сәйкес, бұл учаскеде он екі таяз барлау ұңғымалары бұрғылануы тиіс болған. Алғашқы ұңғымаға К-12 деген атау берілді. Бұрғылау жұмыстарының бригадирі Әділ Нұрмановтың атынан Санақ Таянов МАЗ жүк көлігіне орнатылған БА-15н қондырғысымен ұңғыма бұрғылауды бастады. 26 қаңтар күні түн ортасында, 302 метр тереңдікке жеткенде, кенеттен қуатты мұнай фонтаны атқылады.

С.Таяновтың бригадасы атмосфералық қысымы 150 болатын мұнай фонтанын бағындырғанымен, оны техникалық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестендіру үшін бір ай уақыт қажет болды. Ашық мұнай фонтанының өнімділігі тәулігіне 150 текше метрді құрады.

Міне, сол шақтан бастап қойнауы қазынаға толы Бозашының кең даласында өндіріс қарқын ала бастады. 50 жыл ішінде Қаражанбас кен орны жан-жақты дамып, ҚБМ еліміздің маңдайалды мұнай компанияларының біріне айналды. Мұндағы мыңдаған мұнайшы ел ырысын еселеп, экономикамыздың дамуына елеулі үлес қосып келеді.

ҚБМ ҚЫЗМЕТКЕРІ ҚЫТАЙДА МАРАПАТТАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» (ҚБМ) АҚ Заң департаментінің директоры Алия Кощиева Қытайдың Шанхай қаласында құрметке бөленді. 23 қаңтар күні «CITIC Group» корпорациясының Директорлар Кеңесі Төрағасы Си Гохуа жылды қорытындылап, қызметте кәсіби жетістіктерімен көзге түскен мамандарды марапаттады.

«Жылдың үздік қызметкері» атағына корпорацияға қарасты компаниялардың 100 қызметкері лайық деп танылды. Олардың арасында қытайлық мамандармен қатар 10 шетелдік қызметкер бар. Директорлар Кеңесінің Төрағасы өз сөзінде «CITIC» ірі кешенді көпұлтты кәсіпорын ретінде әрдайым шетелдік бизнестің дамуына ерекше мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ шетелдік персоналдар да өз салалары бойынша табанды еңбек ететініне сенім білдірді.

«CITIC Resourses» акционері ҚБМ атынан марапат алған Алия Кощиева компанияда 15 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол компания ұжымының құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып келеді. Ол компанияның барлық заң талаптарын сақтауына кепіл болатын жоғары санатты кәсіби маман.

«Мен үшін бұл марапатты иелену ерекше жоғары құрмет. Бұл тек менің емес, тұтас ҚБМ-ның абыройы. Компаниямыздың құқықтық саясатын дамыту жолында әлі де талмай еңбек етуге дайынмын»,- деді А. Кощиева.

Айта кетейік, ҚБМ акционер «CITIC Resourses»-пен бірге 20 жылға жуық уақыттан бері берік қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Ортақ мүдде – Қаражанбас кен орнын игеріп, Бозашы даласындағы өндірісті өркендету.

ТӘЖІРИБЕМЕН БӨЛІСУ — НӘТИЖЕГЕ НЫҚ ҚАДАМ!

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары Yessenov University (YU) ұстаздарымен тәжірибе бөлісті. Ұңғымаларды ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының (ҰҒЗӨЖЦ) қызметкерлері болашақ мамандарға дәріс беретін қос оқытушыға кен орнын игеруде кеңінен қолданылатын «КАППА Сапфир» бағдарламасы жұмысын толық таныстырды.

Кен орнында аталмыш бағдарлама соңғы жылдары қолданысқа енді. Ол арқылы ҰҒЗӨЖЦ инженерлері күн сайын зерттеу жүргізіп, ұңғымалардағы қысым, температура, сұйықтық деңгейі, дебит және т.б. көрсеткіштерді өлшейді. Сондай-ақ мұнай, су, газ және газ конденсаты сынамасын алып, түрлі іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

«Қаражанбас мұнайшылары үнемі кәсіби біліктілігін арттырып отырады. Жинаған тәжірибемен бөлісу арқылы біз әріптестеріміздің де бәсекеге қабілетті болуына үлес қосамыз. Кен орнында қолданылатын КАППА бағдарламасын YU ұстаздарына үйретуге барымызды салып жатырмыз»-, деді ҰҒЗӨЖЦ жұмысшылары.

Ізденістен жалықпайтын университет оқытушылары бір апта бойы ең алдымен бағдарламаны пайдалану ережелері мен тәсілдерін мұқият меңгерді. Оған қоса кен орнын аралап, ұңғымаларды гидродинамикалық зерттеу барысына қатысты. Ұстаздар мұнайшылардан алған мағлұматтары мен тәжірибесін студенттермен бөлісуге асық.

Айта кетейік, ҚБМ демеушілігімен YU-де екі бірдей оқу зертханасы ашылды. «Ұңғымаларды гидродинамикалық зерттеу» зертхансында әр білім алушыға «КАППА Сапфир» бағдарламасы қолжетімді. Екіжақты тәжірибе аламасу нәтижесі болашақ мұнайшылардың сапалы білім алуына оң әсер ететіні анық.

ҚБМ ДЕМЕУШІЛІГІМЕН ҚОС ОҚУ ЗЕРТХАНАСЫ АШЫЛДЫ

Бүгін, 19 қаңтар күні, «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) демеушілігімен Yessenov University (YU) базасында «Ұңғымаларды гидродинамикалық зерттеу» және «Бағдарламалық қамту» қос оқу зертханасы ашылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚБМ және білім ошағының басшылығы, ардагер мұнайшылар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Алғаш болып сөз алған YU Президенті Берік Ахметов студенттердің сапалы білім алуына ауқымды үлес қосып, оқу зертханасының ашылуына демеушілік жасаған ҚБМ Басқармасына алғысын жеткізді. Одан соң Бас директор Нұрсейіт Союнов пен университет басшысы, ардегер мұнайшылар зертханалардың лентасын қиды.

«Біздің компания өңіріміздің маңдайалды оқу ордасымен 2020 жылы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Университет пен колледж студенттері кен орнында тәжірибеден өтіп, біздің жас мамандар болашақ мұнайшыларға дәріс оқып жүр. Сондай-ақ оқу ордасының материалдық-техникалық базасын жаңартуға демеушілік көмек бердік. Заманауи жабдықтармен қамтылған сужаңа қос зертхана да жастарымыздың сапалы білім алуына септігін тигізеді деген сенімдемін»,— деді ҚБМ Бас директоры Н.Союнов. 

Қажетті заманауи техникалық жабдықтармен қамтылған оқу зертханалары студенттердің заманауи талапқа сай білім алып, ғылыми ізденістерін жүргізуге септігін тигізбек. Мысалы «Ұңғымаларды гидродинамикалық зерттеу» зертханасына «КАППА» динамикалық деректерді талдау бағдарламасы орнатылған. Ол арнайы пәндерді оқытуда, сондай-ақ магистрлік және докторлық диссертацияларды орындау кезінде кеңінен қолданылады.

Ал «Бағдарламалық қамту» зертханасы су тұшыту, мұнай-газ өндіру және теңіз экологиясы саласындағы мамандарды даярлауда оқытуды жетілдіру, жаңғырту және интернационалдандыру, жаңа геокеңістіктік технологияларды, үлкен деректер мен қашықтықтан зондтауды пайдалана отырып, қоршаған орта және мұнай-газ аймақтары саласындағы жаңа бакалавр, магистратура, докторантура деңгейлерінде нарық талаптарына және озық тәжірибеге сәйкес инновациялық үш деңгейлі білім беру бағдарламаларын әзірлеуге бағытталған.

«Біз теория мен тәжірибені қатар дамытып өз саламыздың білікті маманы атануды көздейміз. Жаңа зертханаларымыз жарық, кең, жайлы. Барлық қажетті жабдықтар бар. Қаражанбас мекемесіне алғысымыз шексіз! Білімімізді шыңдап, жетістіктерімізді еселейміз деген сенімдеміз»,- дейді студенттер.

Ашылу салтанатынан соң білім алушылар ҚБМ басшылығымен жүздесті. Кездесуде Нұрсейіт Союнов еңбек жолы, өндірістегі қызметтің қызығы мен қиындығы, сондай-ақ университет пен компания арасындағы қарым-қатынас пен алдағы жоспарлар туралы айтты. Шара соңында YU Президенті Берік Ахметов университеттің дамуына қосқан үлесі үшін ҚБМ Бас директорына білім ошағының алтын естелік төсбелгісін табыс етті.

ЖҰМЫС БЕРУШІ МЕН КӘСІПОДАҚ КЕЗДЕСУІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ орталық кеңсесінде компания басшылығының «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ өкілдерімен кездесуі өтті. Күн тәртібінде еңбек, әлеуметтік саясат және өндірістік бағыттарға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Кездесу барысында мұнайшылардың біліктілігін арттыру, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер, кен орнындағы өндірістік нысандар құрылысы, көлік қызметінің жұмысы және т.б. тақырыптар қозғалды. Тараптар аталмыш бағыттар бойынша бір-біріне нақты сұрақтар қойып, мәселелердің шешу жолын қарастырды.

Екіжақты кездесу қорытындысы бойынша хаттама жасалып, департамент басшыларына көтерілген тақырыптар мен ұсыныстар бойынша тапсырмалар берілді. Кәсіподақ өкілдері де өз кезегінде екіжақты жұмыстарды жүргізуге дайын екенін жеткізді.

СПОРТ – БІРЛІК БАСТАУЫ

Қаражанбас жұмысшылары үшін ұйымшылдық пен ұжымдық рух басты құндылықтардың бірі. Мұнайшылар қызмет барысында да, жұмыстан тыс уақытта да әріптестік қарым-қатынасын нығайтып, түрлі сайыстар мен шаралар өткізуді әдетке айналдырған. Бұл жолы материалдық-техникалық жабдықтау базасы ұжымы шағын футбол турнирін ұйымдастырып, өз араларындағы аяқдоп шеберлерін анықтады.

Жарысқа 5 құрама команда қатысты. Ойыншылардың әрқайсысы үздік нәтиже көрсетуге барын салды. Командалық үндестік, өзара түсіністік пен футзал техникасын тиімді қолдану арқасында қақпаға жарқын голдар соғылды. Жанкүйерлер қолдауы да мұнайшыларға ерекше жігер мен жеңіске ұмтылыс сыйлады.

«Спорт бізді ең алдымен бірлікке бастайды. Ойын арқылы әріптестік қарым-қатынасымыз нығая түсті деп айта аламыз. Турнир тартысты өтті. Жеңісті күндеріміз көп болсын!»,- деді сайысқа қатысушылар.

Қорытындыға сәйкес, орталық қойма шаруашылығы учаскесі үздік үштіктен көрінді. ІІ орын жүк тиеп-түсіру учаскесі командасына бұйырды. Ал бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің қойма шығармашылық учаскесі шашасына шаң жұқтырмай, І орынды қанжығасына байлады.