Бүгін, 26 шілде күні, «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның (ҚБМ) қолданыстағы Ұжымдық шартына қосымша келісім жасалды. Жұмысшылардың еңбек жағдайы, жалақысы мен құқықтарын қамитын маңызды құжатқа қол қою рәсіміне ҚБМ Бас директоры Марат Елеусінов, Бас директордың Бірінші орынбасары Ван Вэй, «ҚБМ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Орынбек Сатыбалдиев, «Бірлік» ҚБМ жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мансұр Алдабергенов және комиссия мүшелері қатысты.
Ұжымдық шартқа қосымша келісім компания қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жасалып отыр. Бұдан былай көпбалалы, яғни 18 жасқа дейінгі 4 немесе одан да көп перзенті бар ҚБМ жұмысшысының әр баласына 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай 25 АЕК көлемінде материалдық көмек беріледі.
«Біз әрқашан жұмысшылардың пікірі мен ұсыныстарын ескереміз. Себебі мұнайшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсарту — маңызды міндет. Ұжымдық шартқа енгізілген жаңа пункт қызметкерлердің жағдайын жақсартуға оң әсер етеді деген сенімдеміз», — деді ҚБМ Басқармасы.
Айта кетейік, Ұжымдық шартқа енгізілетін өзгерістер үшжақты келіссөз бен талқылау нәтижесінде қабылданады. Аталмыш толықтыру құжатқа қол қойылған сәттен бастап күшіне енді.
Жарияланған күні:
26 июля 2024
Бөлісу: