ҚАРА АЛТЫНДЫ ТЕРБЕТКЕН ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕК

7 Сентябрь 2026

Қаражанбас кен орнында ҚР Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай мерекелік концерт өтті. Салтанатты шараға Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов, ҚМГ Ақтау қаласындағы Өкілдігінің атқарушы директоры Дәурен Мұратбай, өңірдегі мұнай компанияларының басшылары, «Қаражанбасмұнай» АҚ Басқарма мүшелері мен кәсіподақ төрағалары қатысты.

Жиында сөз алған басшылар мен қонақтар қаражанбастықтарды кәсіби мерекесімен құттықтап, Бозашы мұнайын игеруге және отандық мұнай-газ саласын дамытуға қосып келе жатқан үлесі үшін алғыс білдірді. Олар мұнайшылардың күнделікті жауапты еңбегі ел экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға негіз болып отырғанын атап өтті.

Іс-шара барысында компания қызметкерлеріне Маңғыстау облысы мен Түпқараған ауданы әкімінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының және «Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Осылайша еңбек адамының мәртебесін арттыратын марапаттар арқылы өндірістегі әрбір маманның жауапкершілігі мен табандылығына құрмет көрсетілді.

Мерекеде қазақша күрес және арқан тартудан мұнайшылар арасында жарыс ұйымдастырылды. Жұмысшылар боз кілемде белдесіп, командалар өзара мықтыларды анықтады. Кеш Қазақстан эстрадасы өнерпаздарының концертімен жалғасты. Бағдарлама қаражанбастықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, кәсіби мерекенің сәнін келтірді.

Жарияланған күні:
7 сентября 2026

Бөлісу: