АДАЛ ЕҢБЕК ҮШІН АЛҒЫС

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның технологиялық көлік департаменті цементтеуші агрегат моторисі Таңатбек Мыңбаевты құрметті демалысқа шығарып салды. Ол өмірінің 42 жылын мұнай-газ саласының дамуына арнап, Қаражанбас кен орнының өркендеуіне куәгер болған жұмысшының бірі.

Цементтеуші агрегат моторисі – мұнай өндіру саласындағы аса маңызды мамандық иесі. Ол цементтеу, химиялық өңдеу, ұңғымаларды жуу, шегендеу колонналарын және бұрғылау құбырларын қысыммен айдау сияқты бірқатар жұмысқа жауапты. Таңатбек Мыңбаев осы күрделі процестерді кәсіби деңгейде орындап, әріптестері арасында сенімді серіктес, өз ісінің хас шебері ретінде танылған жан.

Бозашы даласындағы қазыналы кен орнын игеруге атсалысқан маман қызметін жас буынға табыстап, өмірдің жаңа әрі мағыналы кезеңіне қадам басты. Компания басшылығы мен ұжымдастары оның еңбекқорлығы мен адалдығын, техникалық білімінің тереңдігін ерекше бағалап, зейнет демалысына сәттілік тіледі.

ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ «АЛТЫН ҚАҚПА»

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның ІІ вахта жұмысшылары қазақтың көнерген сөздерінің мағынасын ашудан сайысқа түсті. Ұлыстың ұлы күніне орай өткен «Алтын қақпа»  лингвистикалық ойынына білімі мен ойы жүйрік 6 жұмысшы қатысты. Олар  тас, күміс және алтын қақпа деп аталған 3 кезең бойы қолданыстан шыққан сөздерді тауып, мағынасына үңілді.

Тас қақпаның алдына келген қатысушыларға 6 сөз жасырылды. Мұнайшылар олардың  түбірі мен құрылымына қарай жіктеп, әрқайсысынан мән-мағына іздеуге тырысты. Сайыскерлердің ой ұшқырлығы мен шапшаңдығын қазылар алқасы мұқият қадағалады. Ереже бойынша әр кезеңде сүрінген 2 қатысушы ойыннан шығып отырды.

«Күміс қақпа» кезеңінде көне сөздер күрделене түсті.  Сайысқа сақадай сай келген мұнайшылар бұл белесте де тосылып қалмады. Алдына қара салмаған қос қатысушы «Алтын қақпа» алдында шын мықтыны анықтады. Ізденіс, алғырлық пен терең әрі тез ойлау қабілетімен дараланған өндірісті автоматтандыру цехының бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика слесарі Жақсылық Беленов жеңімпаз атанды.

«Қаражанбасмұнай» АҚ «Жер сағаты» акциясына қатысты.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) ұйымдастыратын жаһандық экологиялық акцияға орай 2025 жылдың 22 наурыз күні сағат 20:30 бен 21:30 аралығында компанияның орталық аппаратында электр қуатын қолдану толық, ал Қаражанбас кен орнында ток көзін тұтыну ішінара қысқартылды.

«Жер сағаты» — электр энергиясын үнемдеуден бөлек, климаттың өзгеруіне қарсы әрекет етуге, табиғатты қорғауға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызы зор шара.

«НАУРЫЗ – БАҚЫТ БАСТАУЫ»

Қаражанбас кен орнында Ұлыстың ұлы күні сән-салтанатпен аталып өтті. Вахталық кентке киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерт мұнайшыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Компания басшылығы еңбек ұжымын Амал және Наурыз мейрамдарымен құттықтап, нәтижелі еңбегімен көзге түскен жұмысшыларға Құрмет грамотасы мен алғыс хат табыс етті.

Рамазан айымен тұспа-тұс келген мейрамда ораза ұстаған жамағатқа ауызашар дастарханы жайылды. Ардагерлер мұнайшыларға ақ бата беріп, дұғалар мен игі істердің қабыл болуын тіледі. Ұлттық құндылық пен өнер, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыз дәріптелетін әз Наурызда қаражанбастықтар асық ату, арқан тарту, қой көтеруден сынға түсті.

Мұнайшыларды өңір өнерпаздары мен еліміздің эстрада әншілері Жанболат пен Жазира арнайы құттықтап, танымал әндерін тарту етті. Кеш соңында спорт бәсекесінде үздік атанғандар диплом, кубок және сыйлық сертификаттарымен марапатталды.

ЕҢБЕК ЕЛЕНСЕ — ЫНТА АРТАДЫ

Жыл басы Амал және Наурыз мейрамдарына орай «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшыларына құрмет көрсетілді. Басқарма орталық кеңсе мен Ақтау қаласындағы материалдық-техникалық жабдықтау базасының оннан астам жұмысшысын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Құрмет грамотасы және алғыс хатпен марапаттады. Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай компанияның  жан-жақты дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан мамандарға алғыс білдіріп, олардың қызметке адалдығы мен кәсібилігін ерекше атап өтті.

«Өңір мұнайын игеретін ірі компания жұмысына әр маманның қосатын үлесі зор. Сіздердей білікті жұмысшылар арқасында кездескен кедергілерді қиындықсыз еңсеріп, әлі де биік белестерді бағындыратынымызға сенімдіміз. Амал және Наурыз мейрамдарымен шын жүректен құттықтап, қызметіңізге табыс, отбасыңызға амандық тілейміз!»,- деді ҚБМ Басқармасы.

Жұмысшылардың қажырлы еңбегі мен жауапкершілігі компанияның тұрақты дамуының негізі. Марапат иелері қос мейрам қарсаңында көрсетілген құрмет қызметке жаңа серпін сыйлағанын жеткізді. Басшылық ұжымды нәтижелі еңбек етіп, жұмыс өнімділігін әлі де арттыра түсуге шақырды.

ҰЛТТЫҚ КИІМ — ӘРҚАШАН ТРЕНДТЕ!

Елімізде Ұлыстың Ұлы күнін тойлау қарсаңындағы «Наурызнама» онкүндігіне сәйкес 18 наурыз — Ұлттық киім күні ретінде бекітілді. Осыған орай «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның тек атаулы датада емес, апта сайын Ұлттық киім стилін ұстанатын департаментімен таныстырамыз.

Әлеуметтік саясат департаменті жұмысшылары бір ауыздан әр жұма күні қазақша стильде киінуді әдетке айналдырған. Жігіттер шапан, тақия, ою-өрнегі бар киімдер кисе, бұрымдылар кәжекей, бешпет, көйлекпен келіп, түрлі әшекей бұйымдарын тағады. Департамент қызметкерлері аталмыш дресс-кодты ұстанып қана қоймай, әр киімнің тарихы, тігілу технологиясы мен элементтері туралы мәліметтерді жинақтап жүреді. Олар бұл тек дәстүрді дәріптеу емес, ұлттық рухты көтеріп, өткен мен бүгінді жалғауға ерекше үлес қосатын маңызды бастама екенін жуапкершілікпен сезінетінін айтады.

 Әлеуметтік саясат департаменті – қызметкерлермен тығыз жұмыс істейтін маңызды бөлімшелердің бірі.  Департаментке қарасты ішкі және сыртқы коммуникация бөлімі компаниядағы түрлі деңгейдегі шараларды ұйымдастыруға жауапты. Ал әлеуметтік жұмыс бөлімінің мамандары Ұжымдық шарт бойынша жұмыс жүргізіп, қызметкерлер мен зейнеткерлерге әлеуметтік төлемдер жүргізу және т.б. бірқатар маңызды іспен айналысады.

НАУРЫЗ БЕН РАМАЗАН ҚҰНДЫЛЫҒЫ НАСИХАТТАЛҒАН  РУХАНИ БАСҚОСУ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) он екі айдың сұлтаны – Рамазанда компания зейнеткерлеріне ауызашар ұйымдастырды. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңындағы шарада компания басшылығы құрметті демалысқа шыққан қызметкерлермен көрісіп, жылы лебізін білдірді. Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай қасиетті айда дұғалардың қабыл болуын тілеп, компанияны дамыту жолында ерен еңбек сіңірген аға буынға алғыс айтты.

Күн мен түннің теңелер шағындағы мейрам қарсаңында талай жыл бірге еңбек еткен мұнайшылар бір-бірімен қауышып, емен-жарқын әңгімелесті. Басқосуда Рамазан айында жақсылық пен қайырымдылық істерінің еселеніп, адамзаттың рухани тазаратыны және кемелдене түсетіні  туралы насихат сөздері айтылды.

ҚБМ ардагерлерге әрдайым көңіл бөліп, құрмет көрсетіп келеді. Бұл игі шара да компанияның әлеуметтік жауапкершілігін айқындай түседі. Көпшілікпен көрісіп, рухани азығын молайта түскен зейнеткерлер компанияның өсіп-өркендеуіне сәттілік тілеп, ақ бата берді.

ӨНДІРІСТІК ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША АУДИТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ (әрі қарай — СҚ) әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Ғибрат Ауғанов пен омбудсмен Серікбай Тұрымов  Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Қаражанбас кен орнына келді. Компания ұжымымен өткен кеңесте өндірістік қауіпсіздік бойынша жүргізілген аудиттің негізгі қорытындылары таныстырылып, қауіпсіздік талаптарының сақталу деңгейі жан-жақты талқыланды.

Басшылық ең алдымен өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндет екенін атап өтті. Одан соң жүргізілген тексеріс кезінде анықталған кемшіліктер мен тәуекелдер тізбектелді. СҚ өкілдері «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығына кемшіліктерді болдырмау мен түбегейлі жою, еңбекті қорғау мәдениетін нығайту және алдын алуды күшейту, жұмыс процестерін жақсарту бойынша оң бағыт нұсқап, нақты тапсырма берді.

Күн тәртібіндегі тақырыптарды талқылағанан соң, кәсіподақ өкілдері мен жұмысшылар басшылыққа бірқатар бағыт бойынша ішкі мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Алдағы уақытта көтерілген сауалдар назарға алынып, шешу жолдары қарастырылады.

«НАУРЫЗНАМА» ОНКҮНДІГІНДЕГІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары «Наурызнама» онкүндігінде қайырымдылық акциясына қатысты. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Маңғыстау облысындағы «Жас маман кеңесі» ұйымдастырған шарада әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар тұрғындарға «Рамазан қоржыны» табыс етілді.

Биыл Ұлыстың Ұлы күні қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты өңірдегі мекеме жастары бас біріктіріп, Амал күні бірнеше отбасымен көрісті. Қайырымдылыққа жаны құштар жұмысшылар өзімен бірге ең қажетті азық-түлікке толы қоржындарды ала барды.  Осылайша жас мамандар  әз Наурыз қарсаңында 7 отбасыға қуаныш сыйлады.

 «Наурызнама» — Ұлыстың Ұлы күнін тойлаудың жаңа форматы. Ол былтыр ел Президенті бастамасымен қолға алынды. Онкүндікте қайырымдылық шарасы, мәдениет пен салт-дәстүрді, ұлттық киім мен спортты насихаттап, эко акциялар өткізу жоспарланған.

«САЛТ-ДӘСТҮР – САН ҒАСЫРЛЫҚ САФ МҰРА»

Қаражанбас мұнайшылары Амал күнін ерекше атап өтті. Кен орнының мәдени-демалыс орталығында өндірістік цех ұжымдары арасында дәстүрімізді дәріптейтін сайыс ұйымдастырылды. Жарыста мұнайшылар шығармашылық қабілетін ортаға салып, ұлттық ойындардан сынға түсті.

Қатысушы командалардың  әрқайсысына биыл мерейтойы аталып өтетін тарихи тұлғалардың есімі берілді. Ауыл-ауылға бөлінген құрамалар алдымен  салт-дәстүрден көрініс қойып, жөн-жоралғы мен әдет-ғұрпымыздың мәнін ашты. Кейін талантты жұмысшылар ән салып, күй шертіп, өнер сайысында тартысты. Қолөнер шеберлері де назардан тыс қалмады. Олар үй тапсырмасы ретінде берілген туындыларын таныстырып, жасалу техникасымен бөлісті.  Шығармашылық сайыстардан соң қатысушылар ұлттық ойындар ойнап, кір тасын көтеру, ләңгі тебу, асық пен дартс ату арқылы мергендік қабілетін паш етті.

Жұмысшылардың бірлігі мен ұйымшылдығын арттыра түскен жарыста технологиялық көлік департаментінің №2 гараж ұжымы, Шәмші Қалдаяқов ауылы ІІІ орынға ие болды. Материалдық техникалық жабдықтау базасының Ескендір Хасанғалиев ауылы ІІ орынға лайық деп танылды. Өнерде де спортта да мықтылығын дәлелдеген электр цехының Абай Құнанбайұлы ауылы сайыс жеңімпазы атанды. Тартысты бәсекені тамашалаған көрермендер дәстүріміздің маңызын тереңірек ұғынып, рухани демалып қайтты.

«АМАЛ – ЫНТЫМАҚТЫҢ АЙНАСЫ»

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері жыл басы, жаңару мен жақсылықтың, бірлік пен бауырмалдықтың жарқын белгісі саналатын – Амал мейрамын зор қуанышпен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Орталық кеңсе мамандары таң атысымен ұлттық киім киіп, бір-бірімен көрісуге асықты.  Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай ұжымды көктеммен ілесе жеткен мейраммен құттықтап, жаңа жылда жақсылық, мол ырыс-несібе тіледі.

Мерекелік шара облыстық театр әртістерінің қойылымымен басталды. Өнерпаздар Амалдың тарихы, маңызы мен құндылықтарына кеңінен тоқталып, өлең оқып, ән шырқады. Одан соң «Ерен еңбек» және «Үздік қызметкер» аталымдары бойынша «ҚБМ Үздік премиясы» сыйлығының иегерлері марапатталды.

Мейрам жігіттер арасындағы жарыспен қыза түсті. Білектілер қол күрес, кір тасын көтеру мен ләңгі тебуден сайысты. Қыздар «Керім-ау айдай» бәсекесінде шаш өріп, «Дәстүр айшығы» додасында ұршық иірді. Қолөнерге епті арулар ою ойып, «Тұс киіз» сайысына туынды дайындауға бар шеберлігін салды.

Амал – қазақтың жаңа жыл басы саналатын ерекше мейрам. Ол бүгінге дейін іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың нышаны болып келеді. Көрісу күні сайысқа түсіп, топ жарған жүлдегерлер мен жеңімпаздарға дипломдар, кубоктар мен сыйлық сертификаттары табысталды.

АМАЛ МЕН НАУРЫЗ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ДОДА

Қаражанбаста Амал және Наурыз мейрамы қарсаңындағы спорт сайыстарының үздіктері анықталды. І вахта жұмысшылары Ұлттық ойын асық ату, ләңгі тебу, қой көтеру, арқан тарту, кір тасын көтеруден жарысып, боз кілемде белдесті. Додаға жүзден астам жұмысшы қатысуға ниет білдірді. Олардың әрқайсысы жеңіске сақадай сай келіп, өз цехының абыройын қорғауды мақсат тұтты.

Кір тасын көтеруден технологиялық көлік департаментінің жүргізушісі Айдын Ахметов, ләңгі тебуден дефектоскопия зертханасының аға инженері Жақсыбек Бергенқұлов алдына жан салмады. Асық ату бойынша өндірісті автоматтандыру цехының бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика слесарі Бейбарыс Тұқымбай үздік атанса, қазақша күрестен пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының электргазбендәнекерлеушісі Жанболат Закариннің жауырыны жерге тимеді. Қой көтеруден қабат қысымын ұстау цехының операторы Жеңіс Джалдасов, ал арқан тартудан ӨАЦ командасы алға шықты.

Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен кубоктар табыс етілді. Жыл басы Амал мен Ұлыстың Ұлы күніне арналған жарыстар ІІ вахта мұнайшылары арасында да өтеді.