КІТАП КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ӘДЕБИ КЕШ

23 сәуір — Ұлттық кітап күніне орай Қаражанбас кен орнының мәдени-демалыс орталығында «Парасаттың мөлдір бастауы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Шараға әдебиет әлеміне қызығушылық танытқан І вахта мұнайшылары — кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.

Жиналғандар алдымен арнайы жасақталған көрмедегі туындылармен танысты. Одан соң «Сен білесің бе?!» айдарында оқыған шығармаларын еске түсіріп, викториналық сұрақтарға жауап берді. Кітапсүйер мұнайшылар отандық және әлем авторларының еңбектері төңірегінде әңгіме өрбітіп қана қоймай, өндірісті өркендетуге үлес қосып жүрген талантты әріптесіміз №3 мұнай өндіру цехының операторы Қалмұрат Мамырұлының авторлық өлеңдерімен сусындады.

Елімізде Ұлттық кітап күні ресми түрде былтыр бекітілді. Бұл бастама қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетке қызығушылықты арттыру және отандық авторлар мен баспаларды қолдау жолындағы маңызды қадам.

КАДРЛЫҚ ТАҒАЙЫНДАУЛАР

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да (ҚБМ) бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымына Таңатов Жасұланбек Сырымбайұлы, сондай-ақ еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау департаменті директоры қызметіне Бисенов Самат Сармалайұлы тағайындалды.

Жасұланбек Таңатов 1987 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-де 2004-2009 жылдары«Мұнай және газ кен орындарын игеру. Тау-кен инженері», 2012-2016 жж. «Көлік. Көлік техникасы мен технологиясы» мамандығы бойынша білім алған. «Менеджмент және басқару» мамандығы бойынша MBA дәрежесіне ие.

Еңбек жолын Қаражанбас кен орнында 2007 жылы жүргізуші болып бастап, аға механик, жөндеу-механикалық цехының шебері, автотізбек басшысы болып қызмет етті. 2023 жылдан бастап ішкі және сыртқы коммуникация бөлімі басшысы, сондай-ақ әлеуметтік қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметін атқарды.

Бисенов Самат Сармалайұлы Маңғыстау облысының төтенше жағдай басқармасы, өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша мемлекеттік бақылау басқармасы және ҚБМ-ның еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі саласында  мол еңбек еткен маман. 2016-2023 жж. компанияның еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау департаменті директоры, 2023 жылдан бастап аталмыш департамент директорының орынбасары лауазымында қызмет етті.

«ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙ» АҚ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ҚАУІПСІЗ ӘРІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА

Импульстік көздері бар сейсмикалық барлау әдісі дала жұмысының мерзімі мен шығынын едәуір азайтуға, геологиялық құрылымның детализациясын арттыруға және алынған сейсмикалық деректер сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында қосымша мұнай қорын анықтау және Қаражанбас кен орнында 2 млн тоннаға дейін мұнай өндіру көзделген. Бұл алдағы 5 жыл ішінде табыс көлемін 187,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайтпақ.

Қоршаған ортаға теріс әсер ететін дәстүрлі жарылғыш әдістермен салыстырғанда, жаңа технология қауіпсіз және ол қолжетімсіз жерлерде жұмыс істей алады.

Жоба аяқталғаннан кейін, бұл технологияны ерекше сезімтал табиғи аймақтар үшін, қолдану аясын кеңейту жоспарланып отыр. Олардың қатарында Каспий теңізінің транзиттік экологиялық аймағы да бар.

ҚБМ ҚҰРАМАСЫ ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Қоржында – қола! «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары «KAZENERGY» қауымдастығының 20 жылдығына орай Астанада өткен үстел теннисі турнирінде үздік үштіктен көрінді. Қауымдастыққа мүше мұнай-газ, энергетика салаларындағы компаниялар қызметкерлері арасындағы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 18 команда қатысты.

ҚБМ намысын Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының слесарі Бекзат Шадкам, әлеуметтік топтың спорт нұсқаушысы Талап Барболов және күрделі құрылыс департаментінің аға инженер-жобалаушысы Жанар Қаржаубаева қорғады.  

Іріктеу кезеңінде командалар үшке бөлініп, топтық раундта әрқайсысы 4 ойын өткізді. Жарыс алаңына үздік әдістерді меңгеріп, мықты дайындықпен барған қаражанбастықтар шапшаңдық, дәлдік, ептілік арқасында финалға шыққан 6 команданың қатарынан көрінді. Шешуші ойын жақындаған сайын үздіктер іріктеліп, жауапкершілік еселене түсті. Нәтижесінде лайықты өнерімен көзге түскен біздің құрамаға үшінші орын бұйырды.

Үстел теннисі турнирі – өндірісте еңбек етсе де, салауатты өмір салтын ұстанатын жұмысшылардың спорттағы шеберлігін паш еткен тартысты сайыс болды. Мұндай шаралар қатысушылардың командалық рухын нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыта түсері сөзсіз.

АСХАТ ХАСЕНОВ ҚАРАЖАНБАС КЕН ОРНЫНА БАРДЫ

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның Қаражанбас кен орнына барды.

ҚМГ басшысы негізгі өндірістік объектілерді — мұнайды дайындау және айдау цехын, тұтқырлығы жоғары мұнайды алу тиімділігін ұлғайту үшін пайдаланылатын СБГҚ бу генераторын және 497 ұңғыма қосылған Восток-2 қосалқы станциясын аралап көрді.

Сонымен қатар А.Хасенов ілеспе қабат суын тұщыту зауытында болды. Кәсіпорын Астрахань — Маңғышлақ магистральды су құбыры арқылы келетін судың едәуір көлемін өңір халқының қажетіне бағыттауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта тәулігіне тұщыландырған судың көлемі 13 мың текше метрді құрайды.

Кен орынды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қуаты 4,9 МВт болатын газ поршенді электр станция (ГПЭС) құрылысын салу жобасы іске асырылатын болады.

Сондай-ақ ҚМГ басшысы қызметкерлердің еңбек жағдайымен танысты. 2024 жылы Жол картасы аясында әлеуметтік нысандар жөнделіп, 192 орындық жаңа жатақхана салынды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Бұдан басқа, ұңғымаларға қызмет көрсету, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ персонал мен жүктерді тасымалдауға арналған техниканы жаңарту жоспарлануда.

ҚМГ басшысы ҚБМ-да өткен кеңес қорытындысы бойынша әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды одан әрі жақсарту, операциялық тиімділікті арттыру, геологиялық-техникалық іс-шараларды уақтылы әрі сапалы орындау және мұнай өндіру көлемін ұстап тұру бойынша бірқатар тапсырма берді.

І тоқсанның қорытындысы бойынша ҚБМ 529 мың тонна мұнай өндірді. Өткен жылы компания 2 млн 153,8 мың тонна мұнай өндірді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 100,8 мың тоннаға артық. 2025 жылы ағымдағы көрсеткіштерді сақтау жоспарлануда.

«7 QADAM» — КӨШБАСШЫЛАР ОРДАСЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ материалдық-техникалық жабдықтау базасының тауартанушысы Айгерім Бопилова «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жалынды жастары жиылған «7 Qadam» көшбасшыларды дамыту бағдарламасының қатысушысы атанды. Жоба осыдан екі жыл бұрын басталып, Ұлттық қорға қарасты компанияларда еңбек ететін жас мамандардың идеяларын жүзеге асыруға сеп болды.

Нағыз көшбасшыларды дайындайтын бағдарлама аясында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының 35 жасқа дейінгі 200 жұмысшысы алдымен  Түркістанда өткен форумда бас қосты. Олардың арасынан 21 қатысушы іріктеріп, Алматыда «7 Qadam PRO» оқыту бағдарламасының бірінші кезеңін бастады. Әр компанияның үздігі төрт күн бойы «Тиімді байланыс», «Жобаларды басқару», «Тұрақты даму және ESG» тақырыптары бойынша теориялық  білімін шыңдайды. Мақсаты айқын, талпынысы жоғары көшбасшылармен танысып, жаңа орта қалыптастырады.  

Бағдарлама 3 кезеңге жоспарланған. Келесі модульдерде жастар «Қаржылық сауаттылық», «Кайдзен әдісі», «Жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік»  сияқты тақырыптарды меңгермек. Оқыту аяқталған соң қатысушылар жоба қорғап, оны өз компанияларында жүзеге асыруға жұмыстанады.

БОЗАШЫДАҒЫ ТӘРТІПТІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Тәртіп пен қауіпсіздік – қай кезде де жұмыс сапасын жақсартудың басты қағидасы саналады. Өндірісті жандандырып, нәтижені еселеу үшін жұмысшылар арасындағы тәртіпті қадағалаудың маңызы зор. Өткенге көз жүгіртіп, Бозашы даласында осы міндеттерді мүлтіксіз атқарған ардагер —  Алпысбай Мәстековпен сұхбаттастық.

Ол 1946 жылы Тұщықұдық ауылында дүниеге келген.  Мектеп табалдырығын Сам ауылында аттап, білімін Таушықтың Шахта орта мектебінде жалғастырды. Оныншы сыныпты Тұщықұдықта тәмамдаған. 1964 жылы Саратовтағы ауыл шаруашылық институтына қаржы мамандығына оқуға түсті. Еңбек жолын Бозашы совхозында есепші болып бастап, кейін Таушықтағы кәсіби-техникалық училищеде оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасар, Бейнеу ауданында жоспарлау комиссиясының төрағасы, Өзенде жеке мүлікті ұрлаумен күрес бөлімінің инспекторы қызметін атқарған. 1983 жылы оған Бозашыдағы вахталық кент милициясының басшысы міндеті жүктелді.

«Бұл Қаражанбастағы өндірістің жандана бастаған шағы еді. Жұмысшылар Краснодар, Махачкала, Минеральные воды қалаларынан әуе кемелерімен келетін. Қаламқас пен Қаражанбаста 18 мыңдай қызметкер болды. Әр аймақтан келетін адам көп болғандықтан тәртіп бұзу деректері жиі тіркелетін. Олардың арасында ұсақ бұзақылық та, ірі фактілер де кездескен»,- деп Алпысбай ақсақал сол шақтарды еске алды.  

80-90 жылдары Қаражанбаста еңбек еткен мұнайшылар Алпысбай Мәстековты жақсы таниды. Ол өзі құрған эксперименталды вахта бөліміндегі мамандармен бірге 6 айдың өзінде 150-ден астам тәртіп бұзушылық тіркегенін айтады. Бозашыдағы кен орындарды күні-түні бақылаған сақшылар  қылмыстарды азайту үшін басшылықпен бірлесе нәтижелі жұмыс жүргізген. Нәтижелі еңбегі үшін көптеген марапатқа лайық деп танылып, медальдарға ие болған.

«Кейде мамандықтан адамдықты биік қою керек жағдайлар болды. Ел қамы үшін еңбек етіп жүрген азаматтар болған соң тәртіп бұзушылықтың деңгейіне қарай ескертумен шектелуге тырысатынбыз. Алайда мекеме басшылығымен ортақ байламға келіп, жұмыстан босатуға дейін түрлі шара қолдандық. Себебі тәртіп болмаса іс алға баспайды. Уақыт өте келе жағдай тұрақталды, бұзақылық азайды»,- дейді ардагер.

Өндірістегі тәртіпті сақтау — әр жұмысшының өзінен басталады. Дегенмен бұл қызмет өз ісін жауапкершілікпен атқарған ардагердің өмір салтына айналған. Ғұмырының 14 жылын мұнайшылармен тығыз қарым-қатынаста өткізген Алпысбай Мәстеков 1997 жылы еңбек жолын абыроймен аяқтап, құрметті демалысқа шықты. Білікті де беделді маман қазір бір ұл, екі қызынан тараған немере-жиендерді қызықтап отырған ардақты ата.

БОЛАШАҚ МАМАНДАРҒА БАҒДАР

Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Қаражанбасмұнай» АҚ  (ҚБМ) қызметкерлері Түпқараған гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттерімен кездесті. «Жаңа технологиялар және еңбек нарығы: болашаққа дайындық» тақырыбында өткен шараға қабат қысымын ұстау, бу өндіру, ғылыми зерттеу және өндірістік жұмыстар цехының қызметкерлері сондай-ақ  аталмыш білім ордасының студенттері қатысты.

 Мұнайшылар алдымен колледж тынысымен, студенттер жетістіктерімен, практикалық сабақтар өтетін кабинеттердегі станок, аппараттармен танысты. Кездесу ашық диалог форматындағы сұхбатпен жалғасты. Қаражанбастықтар мен жұмысшы мамандықтарда білім алып жатқан болашақ мамандар қара алтын өндірісіндегі технологиялық процестер, қауіпсіздік техникасының маңызы, мамандығының қызығы мен қиындығы туралы әңгімелесті. 

Компания Қаражанбас кен орнының Түпқараған ауданы аумағында орналасқанын ескере отырып, әлеуметтік жобаларға, оның ішінде білім беру секторына ерекше көңіл бөледі. Осыған орай ҚБМ аталмыш колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға демеушілік көмек көрсетті. Екіжақты меморандум бойынша басталған тәжірибеге бағытталған оқыту жобасы аясында қазір кен орнында түпқарағандық 7 студент тәжірибеден өтіп жатыр.

МАРАПАТ ТӨРІНДЕ — ГЕОЛОГТАР

Мәртебелі мамандық – геолог күніне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері марапатқа ие болды. Еселі еңбегімен тек өлкенің емес, еліміздің мұнай-газ секторын дамытуға үлес қосып жүрген кәсіби білікті мамандарға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының Құрмет грамотасы және алғыс хаттар табыс етілді. Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай кен орнын зерттеп, жер қабатынан қара алтын игеруге атсалысып жүрген геологтарды төл мерекесімен құттықтап, адал еңбегі үшін алғыс айтты.

Қаражанбастың геология және игеру департаментінде барлығы 60-тан астам қызметкер бар. Олар орталық кеңседе және вахта әдісімен өндіріс басында жұмыс істейді. Меркелік марапат геологтардың мерейін үстем етіп, жұмысқа жаңа серпін сыйлады.

Қаражанбас геологтары жыл сайын жұмыс нәтижесін арттырып, жаңа белестерді бағындырып келеді. Өз ісінің шебері атанған тәжірибелі жұмысшылардың бірлескен еңбегі арқасында былтыр геологиялық-техникалық шаралар жүргізіліп, қосымша 27 719 тонна мұнай өндірілді. Сондай-ақ қосымша қорларды анықтау мақсатында кен орнының жағалау бөлігінде 19 шаршы шақырым аумақта 3D сейсмикалық зерттеулер және 110 сызықтық шақырым аумақта 2D зерттеулер жүргізілді.

ГЕОЛОГ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ

«Қаражанбасмұнай» АҚ геологтары «Жер қойнауының құпиялары: Геология ғылымының жетістіктері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Жер қойнауын жетік меңгерген мамандардың кәсіби мерекесі қарсаңындағы шара  Қазақстан мұнай-газ саласының көрнекті өкілдері – Лениндік сыйлықтың лауреаты, әйгілі геолог Валентин Токаревтің туғанына 100 жыл және Қаражанбас кен орнын ашқан танымал геолог-барлаушы Әділ Нұрмановтың 90 жылдық мерейтойына арналды.

Конференцияда геология саласында еңбегі сіңген мамандар марапатталды. Сондай-ақ ардагерлер мұнай-газ кешенінің қалыптасу кезеңдерін еске алып, кәсіби тәжірибесін бөлісті.

Шарада белгілі қаламгер, ардагер геолог-барлаушы Бисенбай Бисенғалиевтің «Ғиззаттың ғибратты ғұмыры» және «Адиль Нурманов – покоритель недр Мангистау» атты кітаптарының тұсауы кесілді. Бұл еңбектерде Маңғыстау мұнайының алғаш ашылуы, кен орындарын игерудегі күрделі кезеңдер мен саланың қалыптасуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі жан-жақты баяндалған.

ОРАЗА АЙТ МЕЙРАМЫНА АРНАЛҒАН СПОРТ САЙЫСЫ

Қаражанбас мұнайшылары он екі айдың сұлтаны Рамазанды сәтті аяқтап, Ораза айт мейрамына орай корпоративтік сайыс өткізді. Жұмыс күнінен соң қызметкерлер ұлттық ойын ләңгі тебу мен арқан тартудан жарысып, шағын футболдан өзара мықтыларды анықтады.

Додада жетпістен астам жұмысшы бақ сынады. Әр қатысушы ептілігімен дараланып, үздік нәтиже көрсетуге барын салды. Шара мұнайшылар арасындағы әріптестік қарым-қатынас пен ұжымдық рухты нығайта түсті.

Марапаттау рәсімінде Өндірістік басқарма басшылығы ұжымды жан дүниені тазартып, жүректерді иман нұрына бөлейтін, мейірім мен қайырымдылықты дәріптейтін ерекше мейраммен құттықтап, жеңімпаздарға диплом, кубоктар табыс етті. Айт мейрамына арналған дастарханда рухани әңгіме айтылып, дұға-тілек жасалды.

Металл сынықтарын сату туралы хабарландыру

«Қаражанбасмұнай» АҚ әлеуетті сатып алушыларды мүлікті сату бойынша бағаны өсіру әдісімен өтетін электрондық сауда-саттыққа қатысуға шақырады:

  1. «Бұрын пайдалануда болған сорғы-компрессорлық құбырлар түріндегі металл сынықтары» – 1 000 тонна. Бастапқы бағасы – 39 002 000 теңге (1 тонна бағасы – 39 002 теңге);
  2. «Бұрын пайдалануда болған сорғы-компрессорлық құбырлар түріндегі металл сынықтары» – 1 200 тонна. Бастапқы бағасы – 46 802 400 теңге (1 тонна бағасы – 39 002 теңге);
  3. «Бұрын пайдалануда болған сорғы-компрессорлық құбырлар түріндегі металл сынықтары» – 1 290 тонна. Бастапқы бағасы – 50 312 580 теңге (1 тонна бағасы – 39 002 теңге).

Электрондық сауда-саттықты өткізу уақыты мен күні: 10:00, 12:00 және 14:00 сағ. 15.04.2025 ж.

Электрондық сауда-саттық шарттары және сатылымға шығарылатын металл сынықтары туралы толық ақпарат мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында көрсетілген (www.e-qazyna.kz).

Қосымша ақпаратты 8 (7292) 473828 телефоны бойынша алуға болады.