АВТОПАРКТІ ЖАҢАРТУ – ӨНДІРІС ҚУАТЫНЫҢ КЕПІЛІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да өндірістік тиімділікті арттыруға бағытталған автопаркті жаңарту бағдарламасы қарқынды жалғасып келеді. Жыл басынан бері технологиялық көлік департаментінің қос гараж қызметкерлеріне 36 арнайы техниканың кілті табысталды. Олардың қатарында цементтеуші агрегат, ұңғымаларды жууға арналған жылжымалы бу қондырғысы орнатылған көлік, дөңгелекті траншея қазғыш трактор, кран-манипулятор, тиегіш, мобильді дәнекерлеу агрегаты мен жұмысшыларды тасымалдау автомобильдері бар.

Соңғы үш жыл ішінде көлік қызметкерлеріне  кезең-кезеңімен жалпы саны 283 техника табыс етілді. Қазір тағы 25 көліктің құжаты рәсімделіп жатыр. Барлық стандартқа сай жаңа техникалар жұмыс қарқынын арттырып, өндіріс үздіксіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосып келеді. Сондай-ақ бұл бастама жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту мен апаттық жағдайдың алдын алуға оң әсерін тигізеді.

Жыл соңына дейін Қаражанбасқа тағы 60 техника сатып алынбақ. Осылайша үш жыл ішінде 368 көлік пайдалануға беріліп, жоспарды толық орындау көзделіп отыр. Бағдарлама аяқталғаннан соң да қажеттілікке байланысты көліктерді жаңарту жұмысы жалғаса бермек.

ОРТАҚ МАҚСАТ – БІРЛІКТІ НЫҒАЙТУ

 «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерімен баскетболдан жолдастық кездесуге қатысты. Салауатты өмір салтын сақтап, әріптестік қарым-қатынасты берік ету мақсатындағы ойын Қаламқас кен орнында өтті.

Кездесуге қос тарап мықты дайындықпен келген. Мұны ойыншылардың аса шапшаңдығы, ептілігі мен дәлдігінен айқын байқауға болады. Тартысты өткен матчта Қаражанбас жігіттері басымдық көрсетіп 25:23 есебімен алға шықты.

Жолдастық кездесуді үстел теннисінен үздік атануға ниетті мұнайшылар жалғады. Жасқа, физикалық күшке қарамайтын әмбебап ойында  қатысушылар ерекше соққы жасап, жеңіске жету үшін тиімді әдіс-тәсілдерді қолданды. Нәтижесінде ҚБМ Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының слесарі  Бекзат Шадкам үздік үштікті түйіндеп, әлеуметтік жұмыс және ішкі коммуникация тобының спорт нұсқаушысы Талап Барболов І орынға лайық деп танылды.

Қаражанбас пен Қаламқас мұнайшылары арасындағы жолдастық кездесу жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Өзара мықтылар анықталған шара командалық рухты нығайтып, екі жақты достық қатынасты дамыта түсері сөзсіз. Алайда әріптестер ортақ мақсат – Бозашының қара алтынын өндіру жолында бір-бірімен тәжірибе алмасып еңбек етуге әрқашан дайын екенін жеткізді.

ҚАРАЖАНБАС ҰРАНЫ — ТАЗАЛЫҚ!

Қаражанбас мұнайшылары ел көлемінде белсенді жүріп жатқан «Таза Қазақстан» эко акциясына үлес қосты. Бірлігі жарасқан жұмысшылар кен орнында сенбілік ұйымдастырып, цех кеңселері айналасы мен жатақханалар маңына абаттандыру жұмысын жүргізді.

Тазалық шарасына газ, мұнай дайындау және айдау, өндірісті автоматтандыру, бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу цехының өндірістік қамтамасыз ету базасы мамандары мен тұрғын-жаймен қамтамасыз ету учаскесінің жұмысшылары атсалысты. Олар таң атысымен өздеріне белгіленген аумақтағы қоқыстарды қапшыққа жинап, полигонға жіберді. Ағаштардың қураған бөліктерін кесіп, арамшөптерді жұлды.

«Кен орны біздің екінші үйіміз. Біз мұнда тек еңбек етіп қоймай, өміріміздің жартысын өткізетіндіктен, тазалыққа бей-жай қарамаймыз. Таза Қазақстан – әркімнің өзінен басталады. Баршаңызды қоршаған ортаны қорғауға атсалысуға шақырамыз!»,— деді мұнайшылар.

ҚАРАЖАНБАСТЫҚ ҚОС МҰНАЙШЫ — ТӨРТ ДҮРКІН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ

Қырғызстаннан жеткен қуанышты хабар! «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның қос жұмысшысы Азияның төрт дүркін чемпионы атанды. Кір тасын көтеруден 8 мемлекеттің 200-ден астам қатысушысы бақ сынаған байрақты бәсекеде №3 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев пен технологиялық көлік департаментінің жүргізушісі Айдын Ахметов алтын медальға ие болды.

73 келі салмақ дәрежесінде жарысқа шыққан Нартай 10 минут ішінде кір тасын 181 рет көтерсе, 85 келіде сайысқа түскен Айдын 122 рет көтеріп, шашасына шаң жұқтырмады. Сондай-ақ ел намысын қорғаған Қазақстан ардагерлер құрамасы командалық есепте алға шығып, чемпион кубогын иеленді.

«Еліміздің патриоты ретінде мұнай өндірісіне атсалысып, спортта да биік белесті бағындыру – біздің азаматтық борышымыз деп білеміз. Үздіксіз дайындық пен тұрақты жаттығу — осындай жеңіспен түйінделгеніне қуаныштымыз. Бізді қолдап, сенім білдірген әріптестеріміз бен компания басшылығына алғысымыз шексіз!»,- деді чемпиондар.

Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген қос мұнайшы – Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Сондай-ақ олар бұған дейін Әлем чемпионы атағын үш рет абыроймен қорғады. Енді чемпиондар күзде Қытайда өтетін Әлемдік додаға дайындыққа кіріседі.

ДАЙЫНДЫҚ — ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жұмысын жақсартуға бағытталған 2025-2027 жылдарға арналған жол картасын орындау аясында Қаражанбас кен орнында оқу дабылы өтті. Сценарий бойынша мұнай дайындау және айдау цехының операторы көлемі 5000 м3 №1 қазаннан күнделікті сынама алу үшін қақпақты ашқан кезде бірден ыстық жалын ұрған.

Беті мен қолы күйген жұмысшыны байқаған келесі оператор әріптестеріне дереу хабар берді. Көмекке асыққан жұмысшы жолда кенеттен құлап, аяғын ауыртып алды. Жағдай туралы ақпарат алған цехтың өзге операторы шеберге хабар берді. Осыдан соң өрт дабылы қағылып, автоматика іске қосылды. Оқиға орнына дереу «СемсерӨртСөндіруші» және «АқБерен» апаттық құқару қызметінің мамандары келіп, цех басшысының орынбасары орталық инжернерлік-технологиялық қызметке ақпарат жеткізді.

Нәтижесінде цех маңы қоршалып, жапқыш арматура жабылып, электр қуаты өшірілді. №1 қазандыққа келетін мұнай ағымы №2 қазандыққа бұрылды. Өрт сөндіру станциясы мен қақпа клапанын басқару жұмысы бақылауға алынып, зардап шеккен жұмысшыларға алғашқы көмек көрсетілді.

Оқу дабылына «СемсерӨртСөндіруші» ЖШС-нің 3, «АқБерен» ЖШС-нің 1, «ЧаКур» ЖШС-нің 2 жедел жәрдем көлігі мен барлығы 33 қызметкер жұмылдырылды. Іс-шараға жақсы деген баға берілді.

«ЕРЛІККЕ БАСТАР АСҚАҚ ӘН»

Қаражанбас кен орнында 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылды. Шараға І вахта мұнайшылары мен кен орны маңындағы шекара заставасында Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздар қатысты.
 
Концерт барысында өндіріс пен өнерді қатар алып жүрген жұмысшылар жүрекке рух беретін өлең жолдарын оқып, қазақтың қастерлі домбырасымен күй шертіп, патриоттық әндер шырқады. Өнерлі мұнайшылар ерлікті жырлау арқылы көрерменге бейбіт күннің бағасы мен Тәуелсіздік қадірін жеткізуге тырысты.
 
Отан – туған жер ғана емес, бабадан балаға мирас болған аманат. Оның тұтастығы мен тыныштығын сақтау – әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан ел қорғаған батырлар ерлігін ұлықтау мен отансүйгіштік рухты нығайтудың маңызы зор. Кен орнындағы мағыналы кеш мұнайшылар мен шекарашыларға ерекше әсер қалдырып, қос тараптың байланысын берік ете түсті.

БУ АЙДАУ ӘДІСІ – ҚАРАЖАНБАС МҰНАЙЫН ИГЕРУДІҢ ТИІМДІ ШЕШІМІ

Қаражанбас кен орны — мұнайының тұтқырлығы жоғары әрі шайырлы, құрамында күкіртті қосылыстардың көп болуымен ерекшеленеді. Мұндағы өнімді қабаттардың тереңдігі  230–460 м аралығында.

Мұнайдың физикалық-химиялық қасиеттері мен ерекшеліктерін ескере отырып, Қаражанбас кен орнында игеру жұмыстары басталған сәттен-ақ қабат қысымын қалпына келтіріп, мұнай алу коэффициентін арттыру үшін термиялық әдіс – бу айдау технологиясы қолданылады.

Термиялық әдіспен әсер ету — ұңғыма маңындағы қабат аймағын қыздыру арқылы өнімділікті арттырады. Өңдеу барысында қабаттың фильтрациялық қасиеттері жақсарады, мұнайдың тұтқырлығы төмендейді, қозғалыс қабілеті артып, мұнай беру көбейеді.

Өнім көлемін арттыру үшін Қаражанбаста стационарлық бу генераторлық қондырғылар жұмыс істейді. Соңғы 13 жыл көлемінде жылыту әдісі арқылы кен орнының шығыс бөлігінде өндіріс деңгейі 31,31%-дан 62,78%-ға,  солтүстік бөлікте  25,42%-дан 50,65% — ға, орталық бөлікте 56,64%-дан 75,35%-ға жеткен. Соңғы 10 жыл ішінде жалпы мұнай өндіру көлемінің шамамен 60%-ы бу айдау жүргізілетін аймақтардан алынған. Бұл мәліметтер бу айдау — қорларды өндіру мен мұнай алу коэффициентін арттырудың тиімді әдісі екенін дәлелдейді.

Сонымен қатар 2016 жылдан бері буды сумен кезектестіріп айдау әдісі өндірістік-тәжірибелік сынақтан өткізіліп келеді. Нәтижесінде өндірілген мұнай көлемі 69 мың тонна артты.

Биылдан бастап бу айдау ұңғыларының қабылдау профилін теңестіру үшін өндірістік сынақтан өткізу жоспарланып отыр.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖОЛЫНДА — БІРГЕМІЗ!

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері «III Charity Samruk Marathon» шарасына қатысты. Елордадағы қайырымдылық марафонына 3000-ға жуық адам жиналды. Олардың қатарында «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының жұмысшылары, еліміздің түкпір-түкпірінен қатысуға ниет білдірген азаматтар бар.

Марафоншылар таң атысымен Астанадағы Ботаникалық саябаққа жиналды. Салтанатты ашылу рәсімінен соң олар 5 және 10 шақырым қашықтыққа жүгірді. Қаражанбастықтар бұған дейін де осындай шараларда белсенділік танытып жүр. Қатысушылардың әрқайсысы мәреге тезірек жетіп, жетістіктерін жаңартуға тырысты. Осылайша желаяқтар салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жақсылық жасауға зор үлес қосты.

Ұлттық әл-ауқат қорының қайырымдылық марафоны бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биыл қатысушылар саны 2,5 есеге артқан. Шарадан жиналған қаражат еліміздегі ерекше білім беруді қажет ететін балаларға инклюзивті кабинеттен ашуға жұмсалады.

ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

28 сәуір – әлем бойынша жұмыс орнында қауіпсіздік мәдениетін нығайтып, еңбек адамына құрмет білдіретін маңызды дата. Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласында оң нәтиже көрсетіп келе жатқан қызметкерлері марапатқа ие болды.

Мереке қарсаңында қызметкерлердің еңбегі еленіп, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі жоғары бағаланды. Бірқатар маман «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның Құрмет грамотасы және алғыс хатына, «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің»,  Маңғыстау облыстық мәслихатының алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ компанияның орталық кеңсесі және кен орнында ҚБМ Басқармасының алғыс хаттары табысталды.

Марапат жұмысшылардың өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді одан әрі нығайтуға жаңа серпін сыйлады. Жалпы компанияда жазатайым оқииғаларды болдырмауға бағытталған шараларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінеді. Еңбек қауіпсіздігін сақтау – әр қызметкердің міндеті. Сондықтан бұл саладағы кез келген жетістік ұжымдық ауызбіршілік пен жауапкершіліктің нәтижесі.

«ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙ» АҚ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ШЫМКЕНТТЕ «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ ЖАСТАР ФОРУМЫНА ҚАТЫСЫП ЖАТЫР

Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған іс-шарада ҚМГ-ға қарасты 32 еншілес және тәуелді ұйымдардан 214 жас маман бар.

Форумды ашқан «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов ҚМГ жұмысшы мамандықтарға және сұранысқа ие, соның ішінде мұнай-газ химиясы саласындағы жаңа кәсіптерге ден қоя отырып, кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жүйесін одан әрі дамыта беретінін атап өтті. Бүгінде ҚазМұнайГаз компаниялар тобында 13,5 мың жас маман еңбек етуде.

«ҚМГ компаниялар тобының Жастар форумы кәсіби дағдыларды меңгерген, саланың болашағын айқындайтын жаңа буын мамандарын даярлауға көмектесуге бағытталған. Мемлекет басшысы атап өткендей, жасанды интеллектіні дамыту экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Жасанды интеллект, операциялық менеджмент, өндірістегі көшбасшылық, жүйелі ойлау мен тиімді шешім қабылдау тақырыптарындағы тренингтер жас мамандардың кәсіби тұрғыдан өсуге берік негіз болады»,- деді ҚМГ басшысы.

А.Хасенов жастарды осы заманғы мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, маман ретінде, жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуға шақырды. Оның айтуынша, жастардың жауапкершілігі мен ісіне деген адалдығы болашақта мұнай-газ саласы өркендеуінің тірегі болмақ.

Үш күндік оқу бағдарламасы аясында форумға қатысушылар өндірістік процестерді басқарудың озық әдістемелерін нақты мысалдар арқылы игеруге, цифрландыру мен жасанды интеллектті қоса алғанда, заманауи технологиялық трендтер бойынша білімдерін кеңейтуге, сондай-ақ көшбасшылық және командалық дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік алады.

«САҚТАНСАҢ, САҚ БОЛАРСЫҢ!» ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ ПАЙДАЛЫ КЕҢЕСТЕР САҒАТЫ

28 сәуір — Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында Қаражанбас кен орнында қауіпсіздік және еңбекті қорғау тобының, әлеуметтік жұмыс және ішкі коммуникация тобының, сондай-ақ «Семсер-Өрт сөндіруші» және «ЧаКур» ЖШС мамандарының ұйымдастыруымен «Сақтансаң, сақ боларсың!» тақырыбында пайдалы кеңестер сағаты өткізілді.

Шара барысында бекітілген ережелерге бей-жай қарамау және қауіпсіздік мәдениетін нығайтудың маңызы туралы ақпарат берілді. Мамандар жазатайым оқиғаларға қатысты фото және бейнематериалдар көрсетіп, арнайы баяндама жасады.

Кеңес сағатынан кейін жұмысшылар арасында топтық сайыс және көрермендер қатысқан викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Қатысушылар төрт топқа бөлініп, қауіпсіздік техникасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, жазатайым оқиға кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету және өрт кезінде жәрдем жасау бойынша жарысты.

Сайыс қорытындысында №2,3 мұнай өндіру цехының жұмысшыларынан құралған «Сұңқар» тобы І орынға ие болды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мотивациялық естелік сыйлықтар табыс етілді.

ТАЗАЛЫҚ САҚТАУ — ОРТАҚ МІНДЕТ!

«Таза Қазақстан» Республикалық эко-акциясы аясында «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары Ақтау қаласы мен кен орны аумағында сенбілік өткізді. Таң атысымен орталық кеңсенің 40-қа жуық қызметкері, облыстық «Ана мен бала» орталығының маңын күл-қоқыстан тазартуға атсалысты. Бірлігі жарасқан ұжым 60-тан астам қап қатты тұрмыстық қалдық жинады.

Ал кен орнында еңбек ететін жұмысшылар өндірістік нысандардың айналасын ретке келтіріп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Олар цех маңын қоқыстан тазартып, жасыл желектерге күтім жасап, ұжымдық тазалық мәдениетін көрсетіп, экологиялық жауапкершілікті нақты іспен дәлелдеді.

Қоршаған ортаны қорғау және ұқыпты қарау – ҚБМ-ның тұрақты назарындағы маңызды бағыттардың бірі. Мұндай эко-шарадар ұжым бірлігін нығайтып қана қоймай, қоғамды экологиялық мәдениетке баулуға септігін тигізеді. Мұнайшылар алдағы уақытта да табиғатты аялауға бағытталған әлеуметтік-экологиялық жобаларды қолдауды жалғастырады.