ҚАУІПСІЗДІК – ОРТАҚ МІНДЕТ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау, қауіпсіз әрі салауатты еңбек жағдайын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жүйелі жалғасып келеді. 2025–2027 жылдарға арналған өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейту жөніндегі жол картасын жүзеге асыру аясында еңбекті қорғау, өндірістік және өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау бойынша үздік нәтиже көрсетіп жүрген қызметкерлердің отбасы мүшелері марапатталды.

Еңбек қауіпсіздігіне жауапкершілік – әр жұмысшының өзінен басталады. Компания басшылығы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мен нығайтуда өз ісіне адалдықпен қараған мұнайшыларды ұжымға үлгі тұтады. Осы орайда жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз орындап, қауіп-қатердің алдын алу шараларын жетілдіруге белсенді қатысумен қатар, түрлі эко бастамаларды жүзеге асыруға атсалысқан қызметкерлердің ата-анасына құрмет көрсетілді.

«Еңбек адамының амандығы – табыстың кепілі». Өндірістегі жарақат пен оқыс оқиғаларды азайтуға, қызметкерлердің кәсіби және адамгершілік әлеуетін арттыруға бағытталған  жұмыс алдағы уақытта да жалғаса бермек.

ҚБМ мен «MAŃǴYSTAÝ» — ӨҢІР ҮШІН ЕТКЕН ЕҢБЕК ОРТАҚ

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары саласы қызметкерлері күні  қарсаңында «Қаражанбасмұнай» АҚ өр өлкенің өз дидары — «MAŃǴYSTAÝ» телеарнасының ұжымын кәсіби мерекемен құттықтады. Әлеуметтік саясат департаменті директорының орынбасары Марат Себасов жергілікті телеарна қызметінің ақпарат таратудағы маңызын атап өтіп, шығармашылық ұжымға толағай табыс тіледі.

Биыл «MAŃǴYSTAÝ» телеарнасының хабар тарата бастағанына 55 жыл. Кәсіби білікті мамандардан құралған ұжым жарты ғасырдан астам уақыт ішінде көрерменге жедел де тың ақпарат ұсынып, өзекті тақырыптар талқыланатын авторлық жобалар мен сапалы контент көрсетіп келеді. Олардың қатарында қара алтын игеретін мұнайшылардың қызметі мен тыныс-тіршілігін қамтитын сюжеттер мен арнайы репортаждар бар. Арна директоры Нұрбол Оқуов төртінші билік өкілдерін құттықтаған ҚБМ басшылығына алғыс білдіріп, мерейтой қарсаңындағы жоспарлары туралы айтты.

ҚБМ телеарна ұжымымен ұзақ жылдан бері әріптестік қарым-қатынаста. Арадағы берік байланыс арқасында ел экономикасын дамытуға атсалысып жүрген еңбек адамдарының қызметі лайықты насихатталып келеді.

АДАЛ ЕҢБЕККЕ — ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ

«Қаражанбасмұнай» АҚ технологиялық көлік департаментінің №2 гараж ұжымы тіркеме көлік жүргізушісі Сырлыбай Бердиевті құрметті демалысқа шығарып салды. Әріптестері оған компаниядағы ұзақ та адал еңбегі үшін алғыс айтып, құрмет көрсетті.

Сырлыбай Бердиев Қаражанбас кен орнындағы еңбек жолын 1987 жылы бастаған.  Үздіксіз өндіріс алаңындағы қызметке білек сыбана кіріскен ол, мұнай өндіру ісіне зор үлес қосқан мамандардың бірі. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі арқасында Сырлыбай көлік пен арнайы техника жүргізуді бес саусағындай білетін тісқаққан маманға айналды. Бүгінде жас буынға оң бағдар беретін ақылшы аға, үзеңгілестер үшін сыйлы әріптес соңғы вахтасын сәтті аяқтап, компания зейнеткерлері қатарын толықтырды.

«Көлік қызметі – өндірістің ажырамас бөлігі. Біз еңбек ете жүріп, ел экономикасын дамытуға үлес қосатынымызды, жауапкершілікті ерекше сезінеміз. Қызмет белесімнің Қаражанбас кен орнында өткеніне шын қуаныштымын. Бұл біз үшін тек жұмыс орны емес, өз үйіміздей ыстық мекенге айналды. Өмірімнің жаңа кезеңіне қадам басар шақта құрмет көрсеткен әріптестерге алғысым шексіз!»,- деді Сырлыбай Бердиев.

МҰНАЙШЫ БАЛАЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ САЙЫС

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да Халықаралық балаларды қорғау және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күндері қарсаңында компания қызметкерлерінің балалары арасында экология тақырыбына сурет салу және бейнероликтер байқауы өткізілді. Сайысқа 7 мен 14 жас аралығындағы қатысушылардан 34  жұмыс қабылданды.

Әр бала өз туындысында қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шебер жеткізуге тырысқан. Бірі ішкі ойы мен қиялын қағаз бетіне майлы бояумен бейнелесе, ендібірі бейнеролик арқылы адамдарды табиғатты аялауға үндеді. Туындысы топ жарып, жүлделі орын иеленген ұл-қыздар мен ата-аналарын ҚБМ Басқармасы қабылдады. Бас директор Нұрпейіс Сәрсенбай балалар шығармашылығына жоғары баға беріп, кішкентай патриоттардың азаматтық ұстанымын ерекше атап өтті.

Қазылар алқасы шешімімен сурет салу бойынша III орынға Кәусар Шынбаева  тұрақтаса, ІІ орын Гүлсезім Әбдіқажыға бұйырды. І орынды  Айзере Бәйті жеңіп алды. Бейнеролик түсіруден Іңкәр мен Амина Амалбек, Батыржан мен Жантілек Жұматұлы және Айым Эльдарқызына ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ  —  ЗАМАН ТАЛАБЫ

Қаражанбас кен орнында І вахта жұмысшыларына «Қаржылық білім — еркін өмірге жол» тренингі өтті. Бизнес-тренер Ерлан Қамиев қызметкерлерге қаржылық білім деңгейін арттыру және қаражатты тиімді басқару дағдысын қалыптастыру тақырыбында дәріс оқыды.

Тренингке қатысушылар жеке және отбасы бюджетін тиімді жоспарлау, табыс пен шығындарды сауатты басқару, сондай-ақ қаржы алаяқтарынан қорғану тәсілдері бойынша жан-жақты ақпарат алды. Мұнайшылар спикерге көкейтесті сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлердің жан-жақты дамуына, оның ішінде қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше мән береді. Тұлғалық және кәсіби оқыту бағдарламаларын тұрақты түрде өткізу – компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы басты басымдықтарының бірі.

ИНТЕРНЕТТЕГІ АЛАЯҚТАН САҚ БОЛ!

Интернет алаяқтық  — қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай, Түпқараған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қаражанбас кен орнына арнайы барып, вахтадағы жұмысшылармен кездесу өтікізді. Бөлім бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Бекзат Туребаев мұнайшыларға интернет алаяқтардың әрекеттерінен сақтану жолдарын айтты.

Тәртіп сақшылары соңғы уақытта өңірде тіркелген алаяқтық жағдайлар туралы нақты мысалдар келтіріп, олардың қалай жүзеге асырылатынын, мұндай жағдайларда не істеу қажеттігін жан-жақты түсіндірді. Әсіресе, фишингтік сілтемелер, жалған банк қызметкерлерінен келген қоңыраулар, инвестиция, онлайн несие, әлеуметтік жәрдемақы немесе сыйлықтар сылтауымен алдану жағдайларына баса назар аударылды.

Полицейлер жеке деректердің құпиялылығы – цифрлық қауіпсіздіктің негізгі кепілі екенін ескертіп, ЖСН, банк картасының нөмірі мен CVV-коды, SMS-кодтар секілді деректерді бөгде адамдарға бермеу керектігін атап өтті. Сонымен қатар, мұнайшыларды интернет пен әлеуметтік желілердегі күмәнді сілтемелер мен бейтаныс қолданушылардың хабарламаларына мұқият болуға шақырды.

Бұл қызметкерлердің құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ киберқылмыстың алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру шарасы алдағы уақытта да жалғасады.

ТЕОРИЯЛЫҚ БІЛІМ — ЖЕҢІСТІҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ

Қаражанбас кен орнында І вахта қызметкерлері арасында «Үздік маман — 2025» байқауының теория кезеңі өтті. Мұнайшылар 24 аталым бойынша бақ сынап, білімін сынға салды.

Өз мамандықтары бойынша үздік атануға ниетті жұмысшылар 20 минут ішінде тест сұрақтарына жауап беріп, барынша жоғары ұпай жинауға тырысты. Ал, комиссия мүшелері болса сайыстың әділ өтуін жіті қадағалап отырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Үздік маман» сайысының алғашқы кезеңі ІІ вахта қызметкерлері арасында өтті. Теориялық тест тапсырмасында көп ұпай жинағандар сайыстың тәжірибе кезеңіне жолдама алып, меңгерген мамандығын өндіріс алаңында паш етпек.

«7 QADAM PRO» ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ОҚЫТУ

«Қаражанбасмұнай» АҚ материалдық-техникалық жабдықтау базасының тауартанушысы Айгерім Бопилова «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «7 Qadam PRO» бағдарламасында көшбасшылық қабілетін дамыта түсті. 7 модульге жоспарланған жобаның 4,5 модульдері сыр елі — Қызылорда қаласында өтті.
 
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының 35 жасқа дейінгі 21 қатысушысы «Қаржылық сауаттылық», «Кайдзен әдісі» тақырыптары бойынша 3 күн бойы теориялық білім алды. Жоба спикерлері халықаралық бизнес консультант Нұрлан Адамов және Мейрам Ибраев кайдзен әдісі туралы тың деректермен бөліссе, Ирина Туралиева қаржылық сауаттылықтың маңызын түсіндірді. Бұдан соң қатысшуылар 2018 жылдан бері «кайдзен» әдісін тыңғылықты қолданатын «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты «СКЗ- U» көмірқышқыл зауытының жұмысымен танысты.

«7-Qadam» жобасының соңғы модульдері тамыз айында Астанада өтеді деп жоспарланып отыр. Оқыту аяқталғаннан кейін қатысушылар авторлық жоба қорғап, оны өз компаниясына енгізуге ұсынбақ.

ТАЗА ТАБИҒАТ — ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК!

«Қаражанбасмұнай» АҚ мұнайшылары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырып, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған бастамаға белсенді қатысты.

Сенбілікке технологиялық көлік департаменті, №2 мұнай өндіру, мұнайды дайындау және айдау, ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу, пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының қызметкерлері қатысты. Компанияның 100-ден астам жұмысшысы таң атысымен цех маңындағы жалпы ауданы 7м³ жерді күл-қоқыстан тазартты. Сенбілік барысында жиналған қоқыс арнайы полигондарға жеткізілді.

Айта кететін жайт, «Қаражанбасмұнай» АҚ табиғатты аялау мен экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.

ҚОС КЕН ОРНЫ МҰНАЙШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ

Бозашы даласынан қара алтын игеретін Қаражанбас пен Қаламқас кен орнының мұнайшылары әріптестік байланысты нығайтып, тығыз қарым-қатынаста ел экономикасын дамытуға үлес қосып келеді. Олардың достығын дамыта түсу мақсатында Қаражанбаста баскетбол мен үстел теннисінен кезекті жолдастық кездесу өтті.

Мұнайшылар алдымен баскетбол ойнау шеберлігін паш етті. Турнирдің алғашқы минуттарынан-ақ қос тараптың мықты дайындығы айқын байқалды. «Қаражанбасмұнай» АҚ командасы ширақ әрі үйлесімді ойын өрнегін көрсетіп, белсенділік танытты. Кездесу 40:37 есебімен аяқталыр, қаражанбастықтар жеңіс тұғырынан көрінді.

Жолдастық кездесу үстел теннисі тартысымен жалғасты. Ойын командалық жүйе тәртібімен жүргізілді. Шапшаңдық, тез шешім қабылдау мен дұрыс қозғалыс арқасында қарсыластар шабуылына лайықты жауап қайтарылды. Аталмыш спорт түрінен жалпы есеп бойынша «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ командасы басым түсті.

Сайысқа қатысушылар бір-бірінің мықтылығына тәнті болып, жеңімпаздарды құттықтады. Чемпион атанғандарға мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтары табыс етілді. Осылайша жолдастық кездесу — мақсаты бір мұнайшылар арасындағы достық көпірін одан әрі нығайтты.

ДИСПЕТЧЕР АЖАРГҮЛ ҚҰРМЕТТІ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҚТЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) технологиялық көлік департаментінің (ТКД) диспетчері Ажаргүл Атчибаева зейнет демалысына шықты. Әріптестері оған ұзақ та адал еңбегі үшін алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Ажаргүл Атчибаева ҚБМ-дағы еңбек жолын 28 жыл бұрын бастаған. Соңғы 17 жылдан астам уақыт көлемінде диспетчерлік қызметті абыроймен атқарды. Көлік қозғалысының кестесін, діттеген жерге уақытылы баруын үйлестіруге жауапты маман тәртіп пен жауапкершілікті бәрінен биік қояды.

«Зейнетке шығу — қуаныш пен қимастық тоғысатын ерекше кезең. Бұл – бір дәуірдің қорытындысы, қажырлы еңбектің бағаланатын шағы. Жылдар бойы жанымда тілеулес болып, ең жақын жандарыма айналған департаментіміздің қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін. Компаниямыз алға қарай дами берсін!»,- дейді А.Атчибаева.

Қызмет белесін бағындырған Ажаргүл тек кәсіби міндеттермен шектеліп қалмай, ұжым ішіндегі ауызбіршілікті нығайтуға да зор үлес қосты. Әріптестері оны мейірімді, ашық жарқын, ұйымшыл әрі көмекке әрдайым дайын тұратын адам ретінде құрметтейді. Кейіпкеріміз жалынды жастар компанияны бұдан да биік белестерге жеткізетініне кәміл сенеді.

ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ ІРІКТЕУ БАСТАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ жас мамандары Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу ережелерімен танысты. Жиналысқа мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов және ҚБМ Бас директордың кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Жасұланбек Таңатов қатысты.

Ел жастарының мемлекеттік басқарудағы рөлін арттырып, жаңа буын көшбасшылардың қалыптасуына ықпал ететін жобаға іріктеу биыл 1 маусымда басталды. Оған жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу қазан айына дейін жалғасады. Нәтижесінде үздік атанған 50 үміткер резервке іріктеледі.

ҚБМ-да жас болса да, үздік атанып жүрген жұмысшылар аз емес. Олар негізгі қызметінен бөлек түрлі бағытта өздерін дамытып, биік белестерді бағындырып келеді. Бәсекеге қабілетті мұнайшылар Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға ниетті.