«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ҚБМ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ САУРАДА СЕНБІЛІК ӨТКІЗДІ

20 Сәуір 2024

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) жұмысшылары ел көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» эко-акциясына үлес қосты. Орталық кеңседе жұмыс істейтін 80-нен астам қызметкер Түпқараған ауданына қарасты Саура шатқалы аумағында сенбілік өткізіп, қоршаған ортаға ұқыппен қарауға бағытталған шарада белсенділік танытты.

Ұйымшыл әріптестерден құралған көңілді команда бірнеше топқа бөлініп, жұмысқа ерекше ыждағаттылықпен кірісті. Айналаны мұнтаздай етуді мақсат тұтқан қаражанбастықтар қолына қапшық алып, демалыс аумағын түрлі қоқыстар мен тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартты.

«Жыл сайын сенбілікке шығып, айналаны тазарту – біздің азаматтық міндетіміз. Бұл жолы облыс тұрғындары мен қонақтардың сүйікті демалыс аймағы саналатын Саураны тазартуға барымызды салдық. Күн жылынған соң табғат аясында демалушылар саны артатыны белгілі. Тұрғындар тазалыққа да ерекше мән берсе екен деген тілектеміз»,– деді қаражанбастықтар.

Бірлескен істе береке бар. Әсіресе осындай эко-акциялар арқылы өлкеміздің тарихи орындары мен елді мекендері күл-қоқыстан тазартылып, аббаттандыру жұмыстары айналаның ажарын аша түседі. Жұмысты сәтті аяқтаған мұнайшылар қалдықтар толы қапшықтарын жүк көлігіне тиеп, қоқыс полигонына жіберді.

Жарияланған күні:
20 Сәуір 2024

Бөлісу: