ҚАРАЖАНБАС АВТОБУСТАРЫ ҚҰЛСАРЫҒА АТТАНДЫ

17 Сәуір 2024

«Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) Түпқараған ауданының 77 азаматын Құлсары қаласына тасымалдауға көмек қолын созды. Қазір Жылой ауданында су тасқынының зардабын жою жұмыстары қарқынды.

Түпқарағандықтарды Құлсары қаласына тасымалдау үшін ҚБМ екі жолаушылар автобусын бөлді. Жүргізушілер барлық қауіпсіздік және жол ережелерін қатаң сақтай отырып, аталмыш азаматтарды діттеген жерге аман-есен жеткізуге жауапкершілік алды.

Атырау облысындағы  табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты Түпқараған ауданы мерзімді әскери қызмет атқарған және әскери міндетті болып саналатын азаматтарды оқу-жаттығу жиынына шақырды. Нәтижесінде 77 адам Құлсарыда 17 сәуір мен 1 мамыр аралығында аудан-ауылдарды қалыпқа келтіру жұмыстарына атсалыспақ.

Атап өтейік, Қаражанбас кен орны Түпқараған ауданының аумағында орналасқан. ҚБМ аудандағы атқарушы билікпен үнемі тығыз қарым-қатынаста белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Жарияланған күні:
17 Сәуір 2024

Бөлісу: