«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» СПАРТАКИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның 68 жұмысшысы «ҚазМұнайГаз» спартакиадасында компания намысын қорғайды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өтіп жатқан тартысты додаға ҚМГ компаниялар тобында еңбек ететін 700-ден астам жұмысшы 12 спорт түрінен қатысып жатыр.

Ауқымды шараның ашылу салтанатынан соң алғашқы сайыс бірден басталды. Жарыс алаңында 10 команда ұлттық спорт – арқан тартудан сынға түсті. Ойынды ҚБМ және «ЕмбіМұнайГаз» АҚ жұмысшылары ашты. Ұжымның рухы, физикалық күші, шапшаңдығы мен тың тактикасы сарапқа салынатын додада қаражанбастықтар қарсылас командаға есе жіберді.

Сайыс 5 күнге созылады деп жоспарланған. Қатысушылар бекітілген кесте бойынша шағын футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, садақ ату, шахмат, киберспорт, жүзу, тоғызқұмалақ, қол күрес және асық атудан өзара мықтыларды анықтайды.

ҚОНЫС ӘБІШЕВ — ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ЕҢБЕК АДАМЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның табысты дамуы мен өндірістік тұрақтылығы жолында мыңдаған маманның маңдай тері мен адал еңбегі жатыр. Олардың қатарында бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің бас механигі Қоныс Әбішев те бар. Ол өлке мұнайын игерудің ыстық-суығына шыдап, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен нағыз еңбек адамы.

Қоныс Әбішев Қаражанбастағы өнегелі еңбек жолын осыдан 23 жыл бұрын 5-дәрежелі жөндеуші болып бастаған. Жас маман күнделікті жұмыста техникалық қызмет көрсету мен жөндеу ісінің қыр-сырын меңгеріп, әрбір құрал-жабдықтың тілін түсінуге ұмтылды. Қызметтің қиындығынан қашпай, әр тапсырманы іскерлікпен, ұқыппен орындаған Қоныс көп ұзамай аға механик лауазымына тағайындалды. Бұл белесте ол ұңғымаларды жөндеу кезінде туындайтын күрделі техникалық мәселелерді шешіп, жұмыс тиімділігін арттыру үшін елеулі еңбек етті. Өндірістік процестерді оңтайландырып, техникалық қауіпсіздік пен тәртіпті қатаң ұстануға күш салды.

2009 жылдан бастап Қоныс Әбішев бас механик ретінде жабдықтардың техникалық жағдайына тікелей жауапкершілік алды. Еңбек адамы қажетті техникалардың уақытылы жөнделіп, апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыс жүйелілігін жіті қадағалады.

Қарапайым жұмысшыдан білікті басшыға дейінгі жол – қажырлы еңбек пен табандылықтың жемісі. Осылайша Қоныс Әбішев кен орнындағы 23 жылдық қызмет белесін абыроймен бағындырды. Майталман механикке әріптестері құрмет көрсетіп, кен орнын дамытудағы адал қызметі үшін алғыс айтты. Тәжірибе мен біліктікті шебер ұштастыра білген маман бәсекеге қабілетті жас буын Қаражанбастың қанатын әлі де кең қақтыратынына сенімді.

ҚБМ ЖАСТАРЫ АРАСЫНДАҒЫ QUIZ

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары «Қазақша QUIZ» білгірлер бәсекесінде ой жарыстырды. «Жас маман кеңесі» мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен зияткерлік ойынға өндірісте және орталық кеңседе жұмыс істейтін қыметкерлерден құралған 5 команда қатысты.  Олар 8 кезең бойы түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, әр ұпай үшін күресті.

Мұнайшылар алдымен белгіленген уақыт ішінде миға шабуыл жасайтын сұрақтар қамтылған тест тапсырып, сөзжұмбақ шешті. Кейін мемлекеттердің туын, сурет арқылы кино атауларын тауып, логикалық тапсырмаларды орындады.  Трендке айналған ойын қаражанбастықтардың ой жүйріктігін сынап, командамен жұмыс істеу, аз уақытта нақты шешім қабылдау, бәсекеге қабілетті болуын нығайта түсті.

Куиз соңында командалардың жинаған ұпай саны бойынша үздік үштік анықталды. Жүлдегерлерге диплом мен сыйлық сертификаты, жеңімпаз құрамаға арнайы кубок табыс етілді. Білім мен ізденіске құмар ҚБМ жастары арасындағы білгірлер бәсекесі әлі де жалғасын табады.

ЕҢБЕК ҰЖЫМЫНА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ

Қаражанбас кен орнында І вахтаның еңбек ұжымына есеп беру кездесуі өтті. Жиналысқа «Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы, Бас директор орынбасарлары, департамент және цех басшылары мен қызметкерлер қатысты. Кездесуде компанияның 2024 жылғы және 2025 жылдың І жартыжылдығындағы негізгі өндірістік көрсеткіштері таныстырылды. Бас директор орынбасарлары өз бағыты бойынша атқарылған жұмыс нәтижесін тізбектеп, баяндама жасады.
 
Былтыр Қаражанбаста 2 153,8 мың тонна мұнай өндірілді. Мұнай мен битумды сату көлемі 2 млн 75 мың тоннаны құрады. Ішкі нарыққа 242 мың тонна битум жеткізілді. Сондай-ақ өткен жылы 75 жаңа ұңғыма бұрғыланып, 160 ұңғымаға геологиялық-техникалық іс-шара жүргізілді. Тәуліктік бу айдау көлемі 16,8 мың тоннаға жетті. Геологиялық-техникалық шаралар нәтижесінде қосымша 27 719 тонна мұнай өндірілді. Қаражанбаста кен орнын қосымша барлау, ұңғымаларды жөндеу аралық кезеңін арттыру, құмнан қорғау, коррозияға қарсы шараларды күшейту, электр энергиясын тиімді пайдалану мен жер қабатына бу айдау тиімділігін арттыру үшін жаңа техникалар мен технологияларды енгізу сәтті жалғасып келеді. Кен орнындағы стратегиялық маңызды жоба — ілеспе қабат суын тұшыту зауыты жобалық қуатқа шықты. Сынақ режимінде іске қосылғаннан бастап 2024 жылдың соңына дейін зауытта 7 806 440 текше метр су тұшытылды.
 
Жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту аясында автопаркті жаңарту бағдарламасы сәтті жалғасын тапты. Былтыр жоспардағы 140 арнайы техниканың 114-і кен орнына жеткізілді. Өндірістік процесті оңтайландырып, бақылау және басқару жүйесінің тұрақтылығын сақтау мақсатында жаңа операторлық пункт, мұнайшыларға арналған 192 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Бұдан бөлек бірнеше әлеуметтік объектіге күрделі жөндеу жүргізілді.
 
Персоналды дамыту және даярлау аясында  111 қызметкердің санаты көтерілді. Қолданыстағы ұжымдық шарттың қосымша келісіміне қол қойылды. ҚБМ қызметкерлер алдындағы барлық әлеуметтік міндеттерге жауапкершілікпен қарады. Компания жұмысшылары кәсіби шеберлік байқаулары мен мәдени, спорт сайыстарында топ жарып, қайырымдылық және эко шараларға белсенді қатысты.
 
ҚБМ Басқармасы жұмыс нәтижесі – бұл ұжымның ортақ еңбегі екенін атап өтіп, өндіріс үздіксіздігін сақтауға атсалысқан мұнайшыларға алғыс білдірді. Сұрақ-жауап кезінде жұмысшылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Басшылық қызметкерлерді еңбек және техника қауіпсіздігін сақтай отырып, өндірістік көрсеткіштерді еселеуге шақырды.

ОҢТАЙЛЫ ШЕШІМ – ОҢ НӘТИЖЕ КЕПІЛІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшыларын кәсіби және тұлғалық дамыту аясында цех басшыларына арналған оқу ұйымдастырылды. Қатысушылар бірнеше интерактивті секцияға бөлінген тренингте шешім қабылдау негіздері мен мәселелерді шұғыл әрі тиімді шешу бойынша білімін нығайтты.

Теория дәрісінде спикер алдымен өндірістегі мәселелердің туындау себептеріне тоқталып, жиі жіберілетін қателіктерге шолу жасады. Сондай-ақ мәселенің туындау себебін анықтап, олқылықтың орнын толтыру үшін тез әрекет етудің маңызы мен ережесін түсіндірді. Шараның тағы бір мақсаты – әріптестік қарым-қатынасты дамыту. Сондықтан қатысушыларға бірнеше тапсырма беріліп, олардың мәселені сауатты, бастысы командамен бірлесе шешуіне назар аударылды.

Оқу таза ауадағы қызықты тимбилдингпен жалғасты. Қатысушылар мұнда да кездескен кедергілерді зерттеп, логика мен интуиция арқылы оңтайлы шешім қабылдауға тырысты. Цех басшылары оқудан алған білім мен тәжірибені өндірістік көрсеткіштерді арттыру жолында қолдануға ниетті.

АСТАНА КҮНІ АЯСЫНДАҒЫ СЕНБІЛІК

6 шілде — Астана күніне орай, «Қаражанбасмұнай» АҚ ұжымы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдіріп, сенбілікке шықты. Игі шараға компанияның орталық кеңсесінен 30-дан астам қызметкер қатысып, 15-шағын аудан аумағындағы теңіз жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазартты.

Нәтижесінде жағалаудан 15 қап қоқыс жиналды. Бұл – тек сенбілік қана емес, табиғатты қорғау жолындағы ұжымдық жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің айқын көрінісі.

ҚБМ қызметкерлері үшін мұндай бастамалар — қоршаған ортаны аялауға бағытталған тұрақты ұстанымның бір бөлігі. Компания ұжымы алдағы уақытта да экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қоса бермек.

ҚБМ ЖАСТАРЫ – ӨНДІРІС БОЛАШАҒЫ

Білім мен тәжірибе – бәсекеге қабілетті «Қаражанбасмұнай»  АҚ жастарының негізгі ұстанымы. «Жас маман күні» жобасының екінші бөлігі — білім, ғылым, ізденіс пен даму бағытына арналды.

Мұнайшылар бірнеше топқа бөлініп, техника қауіпсіздігі, экология, жұмыс технологиясын жетілдіру және жеңілдету, өндірісті цифрландыру тақырыптары бойынша жоба дайындады. Теориялық білімді креативті идеялармен ұштастырған мұнайшылар жобасын ҚБМ-ның департамент директорларынан құралған комиссия мүшелері тыңдады. Басшылар жас мамандар көтерген тақырыптардың өзектілігін, шешу жолдары мен ұсыныстарын ескеріп, оң баға берді.

Бұдан соң қатысушылар тұлғалық даму тренингіне қатысты. Мұнда қаржылық сауаттылық, отбасындағы құндылықтарды сақтау мен дәріптеу тақырыптары сөз болды. Жалынды жастарға Ғани Абадан, Асқар Секербаев сынды спикерлер дәріс оқып, әр тақырыпқа тереңірек бойлауға тырысты. Мұнайшылар да ойға ой қосып, пікірлерін ортаға салды.  

Қаражанбас жастары – өндірістің қозғаушы күші. Олар өлкенің мұнай игеру ісіне орасан зор үлес қосып қана қоймай, әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық, мәдениет пен спорт шараларына белсенді қатысады. Компания басшылығы жастардың жан-жақты дамуын назардан тыс қалдырмай, бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келеді.

КАДРЛЫҚ ТАҒАЙЫНДАУЛАР

«Қаражанбасмұнай» АҚ Директорлар Кеңесінің шешімімен Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары лауазымына Агиюев Рашид Ілесұлы,  Бас директордың қаржы және экономика жөніндегі орынбасары болып Жөкебаев Жігер Мұхтарұлы тағайындалды.

Рашид Агиюев 1970 жылы дүниеге келген. Қазақ Политехникалық институты мен Ш.Есенов атындағы Ақтау техникалық университеттерінде «Тау-кен инженері» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 1992 жылы «Мангышлак нефть» өндірістік бірлестігінде бұрғышы көмекшісі болып бастап, «ӨзенМұнайГаз» ААҚ-да мұнай өндіру операторы, шебер, жетекші инженер-технолог, цех басшысының орынбасары, цех басшысы, өндірістік-техникалық бөлім басшысы, «Матин» БК» ЖШС, «Матен Петролиум» АҚ, «Ансаган Петролиум» ЖШС,  «ТриасМұнайГаз» ЖШС, «Green Production» ЖШС-де басшылық қызметтер атқарған.

Жігер Жөкебаев 1982 жылы туған. Әкімшілік басқару мамандығы бойынша КИМЭП университетінің түлегі.

 Қызметін 2004 жылы «Эрнст энд Янг Казахстан» ЖШС-де аудит бөлімінің маманы болып бастаған. Кейін «КПМГ Аудит» ЖШС-де, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-да бөлім басшысы, «KMG EP-Catering» ЖШС-де және «ТКжҰҚКБ»-да (УТТиОС) Бас директор орынбасары, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да департамент директоры қызметін атқарды.

Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай және газ өндіру департаментінің мұнай өндіру және мұнай сервисі активтері басқармасының басшысы болып еңбек етті.

«ЖАС МАМАН КҮНІ» ЖОБАСЫНА — 5 ЖЫЛ!

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жас маман күні» жобасы басталды. 35 жасқа дейінгі қаражанбастықтардың кәсіби және тұлғалық дамуы, корпоративтік құндылықтары мен ұжымдық рухын нығайтуға арналған жобада биыл кен орны мен орталық кеңседе жұмыс істейтін 50-ден астам қызметкер бас қосты.

Екі күнге жоспарланған шараны жұмысшылар пэйнтбол ойынынан бастады. Таң атысымен төрт топқа бөлініп, тартысқа түскен олар батылдық, қырағылық, шыдамдылық, бастысы мергендік қасиеттерін сынға салды. Ойын барысында жастар командада жұмыс істеу, ұйымдастыру және лезде шешім қабылдау дағдыларын дамыта түсті.

Жарыс теңіз жағалауындағы демалыс орнында жалғасты. Тимбилдингте қатысушылар түрлі тапсырманы бірлесе орындап, тұрақтылықты сақтауға тырысты. Бірлігі жарасқан жұмысшылар бәсекеден гөрі ұжымдық рухты жоғары қойып,  бір-бірін жеңіске жетеледі.

5 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Жас маман күні» жобасында қаражанбастықтар ғылым, техника және өндірісті басқарудағы шығармашылық әлеуетін арттырып, зияткерлік және көшбасшылық қабілетін паш етіп келеді. Шара қаржылық сауаттылық бойынша оқу және тұлғалық тренингпен жалғасады.

ӨМІРІН БОЗАШЫДАҒЫ ӨНДІРІСКЕ АРНАҒАН БӘТИМА БАЙСЕГІЗОВА

Қара алтын өндірісі – білім мен тәжірибеден бөлек, физикалық мықтылықты қажет ететін сала. Сондықтан мұнай игеретін кен орындарында көбіне ер адамдар еңбек етеді. Алайда ел экономикасын дамытуды мақсат тұтып, жігіттермен иық теңестіре жұмыс істейтін нәзік жандылар да жоқ емес. Бұл жолы біз сіздерді ару ғұмырының 35 жылын ауыр өндіріске арнаған мұнай өндіру операторы — Бәтима Байсегізованың өнегелі еңбек жолымен таныстырамыз.

Таушықта туып-өскен кейіпкеріміз Бозашы даласындағы қызметін қатардағы өлшеуші болып бастаған. 90-жылдардың басында мұнай көлемін, қысымын, температурасы мен құрамын өлшеу және есептеуге жауапты техникалық мамандар ғылыми өндірістік жұмыстар цехының құрамында еді. Кейін Бәтима мұнай өндіру цехына ауысып, жастықтың жалынды жылдарын қайнаған еңбек ордасында өткізді. Аға буынның ақылын тыңдап, тәжірибесін толықтырды. Осылайша күнді ай, айды жыл жалғап, өз ісінің тіс қаққан маманы болып шыға келді.

  • «Жұмыстың оңайы жоқ. Тапсырма берілген соң, оны сапалы орындау – басты міндет. Мен де өзіме жүктелген жұмысты тиянақты істеуге тырыстым. Жаңа әдіс-тәсілдерді үйренуден қорықпадым. Өндірістегі жұмыс ер немесе әйелдікі деп бөлінбейді. Себебі мақсат ортақ — жер асты байлығын игеріп, ел игілігіне ұсыну»,- дейді ол.

Уақыт өте келе кен орнының тыныс-тіршілігін бес саусақтай меңгерген Бәтима қызметін сәл басқа арнаға бұрды. Мұнай өндіру операторының қызметі ол үшін бұрыннан жат емес еді. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптабына қарамастан күн сайын топтық қондырғы аумағындағы ұңғымалардың жұмысын бақылау, технологиялық жабдықтарды басқару, ақауларды анықтап, жөндеу жұмыстарына қатысу кейіпкеріміздің өмір салтына айналды. Ұзақ жылғы адал еңбегі еленіп, бірнеше мақтау қағаздары және медальдармен марапатталды.

  • «Қаражанбас мен үшін адал достар тауып, еңбекке баулыған қазыналы кен орын. Бозашы төріндегі кен орнында 35 жыл еңбек ету – мен үшін зор құрмет. Қызығы мен қиындығы қатар өрілген өндіріс әр маманды кәсіби шыңдай түседі. Еліміздің дамуына үлес қосуға себеп болған мамандығымды мақтан тұтамын!»,- дейді Б.Байсегізова.

№3 мұнай өндіру цехының 4-дәрежелі операторы ғибратты ғұмырдағы қызмет белесін абыроймен еңсерді. Соңғы вахтасын  сәтті тәмамдаған Бәтима Байсегізоваға әріптестері құрмет көрсетіп, компания дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс білдірді. Өлкенің қара алтынын игеру жолында тер төгіп, Қаражанбас зейнеткерлерінің қатарын толықтырған мұнайшының еңбегі компания тарихында алтын әріппен таңбаланды.

БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ – ТҰРАҚТЫ ДАМУ НЕГІЗІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясындағы оқытуда біліктілік деңгейін арттырып жатыр. Каспий жағалауында бас қосқан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдарының 268 жұмысшысы бұл жолы қаржылық және цифрлық сауаттылық бағытындағы сабақтарға қатысты.

Оқыту бағдарламасына сәйкес қатысушылар өз мамандықтары бойынша топтарға бөлініп, мұнай-газ саласы экономикасының негіздерін, өндірістік даулардың қаржылық кері салдарын және жеке қаражатты дұрыс жұмсаудың қыр-сырын үйренді. Бұдан бөлек өндірісті өркендету үшін цифрлық дағдыларды дамыту мен мамандықтардың болашақ мүмкіндіктері талқыланды.

Еңбек адамдарын жан-жақты дамыту және заманауи корпоративтік мәдениетті қалыптастыру бағдарламалары — ҚМГ стратегиясының маңызды бөлігі. Қызметкердің қаржылық және цифрлық сауатын арттыру оның өндірісте де, күнделікті өмірде де тиімді әрі дұрыс шешімдер қабылдай алуына оң әсер етеді.

ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ — САПАЛЫ ЖҰМЫС КЕПІЛІ

Қаражанбас кен орнында мұнайшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жол картасын жүзеге асыру аясында өндірістік цехтарға қарасты бірқатар ғимаратта күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жыл басынан бері электр цехы, жылу және сумен қамту цехы, технологиялық көлік департаменті гараждары және қауіпсіздік қызметінің күзет бекеттерінің қызметтік кабинеттері жаңартылды.

Жөндеуден өткен нысандарда ыңғайлы жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған. Нақтырақ айтсақ, инженерлік желілер, есік-терезелер ауыстырылып, үстел мен орындықтар, тұрмыстық техника жаңартылды. Сондай-ақ 40 тонналық контейнейлер жылыту плиталарымен қапталып, толық жабдықталды. Гараждардағы киім ауыстыру және жуыну бөлмелері де қалыпқа келтіріліп, пайдалануға берілді.

Қаражанбастықтардың еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нысандарға жасалып жатқан жөндеу және құрылыс әлі де жалғасып жатыр. Қазір тағы екі жатақханада, материалдық-техникалық жабдықтау базасының қоймалары және т.б. жұмыс кабинеттерін әрлеу жұмысы қарқынды. Жоспардағы нысандар жөндеуін кезең-кезеңімен сапалы аяқтау басшылық назарында.