ЕҢБЕК АДАМЫ — ЕЛДІҢ ТІРЕГІ, ҰЖЫМНЫҢ ЖҮРЕГІ

Үздіксіз еңбек — үлкен жетістікке жол ашды. Қаражанбас өз ісін жетік меңгеріп, атқарған ақ адал еңбегімен алғысқа кенелген майталман мамандарымен қуатты. Бүгінде олар қызмет белесін абыроймен бағындырып, ғұмырдың жаңа кезеңіне аяқ басып жатыр. Солардың бірі – кен орнына 43 жыл еңбегі сіңген Жеткеншек Кибашев.

Ол «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның өндірісті автоматтандыру цехында 1983 жылы еңбек жолын бастады. Алғашқы 13 жылын автоматика және бақылау-өлшеу аспаптары слесарі болып өткізсе, кейінгі 30 жылға жуық уақыт бойы шебер қызметін атқарды.

Бір цехта, бір ортада 43 жыл бойы табан аудармай жұмыс істеу – адалдықтың, тұрақтылықтың, еңбекқорлықтың нышаны. Осы уақыт ішінде Жеткеншек Кибашев Қаражанбас өндірісін автоматтандыру ісіне өлшеусіз үлес қосып, талай жас маманға тәлімгер болды.

Ұзақ жылғы қажырлы қызметтің жемісі — құрметті зейнет демалысы. Ол еңбектің аяқталуын емес, бағаланғанын айғақтайды. Әріптестері Жеткеншек ағаны ерекше құрметпен шығарып салып, ұзақ жыл бойы көрсеткен үлгі-өнегесі үшін алғыс айтты. Қазақы дәстүрмен шапан жауып, ақжарма тілегін жеткізіп, ілтипат көрсетті. Ақсақал да сүйікті жұмысын жас буынға сеніммен тапсырып, ақ батасын берді.

БӨЦ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ШАҒЫН ФУТБОЛ ТУРНИРІ

«Қаражанбасмұнай» АҚ бу өндіру цехы ұжымы мұнайшылар күніне орай шағын футболдан цехішілік турнир ұйымдастырды. Корпоративтік рухты нығайтуға бағытталған шара биыл екінші рет қолға алынып отыр. Вахтааралық демалыс кезіне тап келген жарыс бұл жолы облыс орталығындағы спорт кешенінің жасыл алаңында өтті.

Аяқдоп бәсекесіне ІІ вахтаның салауатты өмір салтын қолдап, жұмыстан тыс уақытта шағын футболды серік еткен мамандары қатысты.  Машинстер, химиялық су тазарту аппаратшылары, жөндеушілер мен инженерлік-техникалық қызметкерлер 4 командаға бөлініп, кәсіби футболшылардан кем түспейтін бәсекеге толы ойын өрнегін көрсетті. Мұнайшыларды қолдау үшін  көрермен ретінде келген жұмысшылардың отбасы мүшелері түрлі эмоцияға бөленіп, әсерлі матчтарға куәгер болды.

Ойын қорытындысы бойынша бу өндіру генераторының машинисі Бекзат Қайыров «Көрермен көзайымы», бөлім басшысы Рүстем Шернияз «Үздік ардагер», машинист Сұңғат Нәбиев «Үздік қақпашы», Абай Боранбай «Үздік қорғаушы», Владимир Фалалеев «Үздік шабуылшы», Сабыр Киікбай «Турнир үздігі» аталымына ие болды.

Командалар арасында стационарлық бу генераторлық қондырғысы (СБГҚ) командасы төртінші орынға тұрақтады. Ал мобильді бу генераторлық қондырғы (МБГҚ) қызметкерлері үздік үштікті түйіндеді. Екінші орын бу генераторлық қондырғы (БГҚ) құрамасына бұйырса, инженерлік-техникалық қызметкерлер мен жамап-жасақтау бригадасы (ЖЖБ) командасы ойыншылары бірінші орынды жеңіп алды. Чемпиондарға дипломдар мен ауыспалы кубок табыс етілді.

ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ МҰНАЙШЫЛАР МЕРЕКЕСІ

Қаражанбас кен орнында мұнай-газ кешені қызметкерлері күні сән-салтанатпен тойланды. Вахталық кентке киіз үйлер тігіліп, ашық аспан астында мерекелік концерт өтті. Ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген қаражанбастықтардың қажырлы еңбегін дәріптеп, абыройын асқақтататын шараға Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Саламат Илжанов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Ақтау қаласындағы өкілдігінің атқарушы директоры Дәурен Мұратбай, «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығы және кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.
 
Салтанатты жиында сөз алған басшылар мен қонақтар жұмысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өлке өндірісін өркендетудегі үлесі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Қаражанбас – қойнауы қазынаға толы өндіріс орны ғана емес, Бозашы мұнайын игеру үшін кәсіби шеберлігін аямай қызмет етіп келе жатқан еңбек адамдары тоғысқан жауапты ұжым екенін ерекше атап өтті.
 
Салтанатты марапаттау рәсімінде бірнеше қызметкерге ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен алғыс хаттары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Үздік мұнайшы» төсбелгісі, естелік белгілері, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары, сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімінің алғысы және ҚБМ Басқармасының Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табыс етілді. Мұнайшылардың маңдай терімен келген еңбегіне берілген лайықты баға олардың алдағы қызметіне шалқар шабыт сыйлады.
 
Мерекелік кеш әуезді әндер шырқалған концертке ұласты. Мұнайшыларға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор-әнші Медет Салықов пен Клара Төленбаева, жас әнші Айгерім Тілеубек және Еркебұлан Құмаров таңдаулы туындыларын арнады. Сонымен қатар өлкемізден түлеп ұшқан заманауи танымал әндердің орындаушысы Ғасыр мен Қанат, Алғыт Дәуренұлы өнер көрсетіп, ұжымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
 
Мұнайшылар күні – ел байлығының қайнары саналатын еңбек иелерінің мерекесі. Құрметке бөленген Қаражанбас қызметкерлері алдағы уақытта да үздіксіз жұмыс істеп, ел ырысын еселеуге елеулі үлес қоса бермек.

МҰНАЙШЫЛАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне арналған мерекелік шаралар басталды.  Орталық кеңседегі салтанатты жиында компания басшылығы қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, саланы дамытуға қосып жүрген адал еңбегі үшін алғыс білдірді. Қызметтегі кәсіби біліктілігі мен жетістігі үшін бірқатар маман ҚР Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Самұрық-Қазына» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның, сондай-ақ ҚБМ Басқармасының Құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік жиын ұжымдағы бірлікті нығайтуға бағытталған корпоративтік сайыстармен жалғасты. Қызметкерлер шахмат, арқан тарту, ерлер және әйелдер арасындағы қол күрес жарысында бақ сынады. Тартысты додада арқан тартудан еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау департаменті алға шықса, шахматтан ақпараттар технологиясы қызметінің аға инженері Серік Айтжанов шашасына шаң жұқтырмады. Әйелдер арасында қол күрестен әлеуметтік жұмыс бөлімінің технигі Салима Гаржаубаева алдына жан салмаса, ерлер арасында ақпараттар технологиясы қызметінің инженері Бақытжан Қайратдин жеңімпаз атанды.

Қаражанбастықтар үшін мұнайшылар күні – ең алдымен еңбек адамдарының абыройын дәріптеп, қызметінің маңызын айқындайтын мереке. Қара алтын игеру ісіне сүбелі үлес қосып жүрген жұмысшыларды марапаттау мен ашық аспан астындағы концерт кен орнында жалғасын табады.

КӘСІБИ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ СПОРТ БӘСЕКЕСІ

Қаражанбас кен орнында ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай ІІ вахта жұмысшылары арасында спорт сайыстары өтті. Дәстүрлі додаға өндірістік цехтардан 250-ден астам қызметкер қатысып, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қазақша күрес, шағын футболдан бағы мен бабын сарапқа салды.

Бір аптаға созылған сайыс үстел тениисі ойынынан басталды. Мықты дайындықпен келген қатысушылардың әрқайсысы шапшаңдық пен ептілік арқасында тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде мұнай дайындау және айдау цехының (МДАЦ) жөндеушісі Ақыт Ибатұлы ІІІ, ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу цехының (ҰЖКЖЦ) шебері Қанат Аязбаев ІІ, №1 өндірістік қамтамасыз ету базасының (№1 ӨҚБ) жөндеушісі Бекзад Шадқам І орын иеленді.

Мереке қарсаңында мұнайшылар физикалық күшімен қатар зияткерлік қабілетін сынап, шахмат тақтасында тартысты. Ақыл-ой бәсекесінде әрбір жүріс шешуші рөл атқарды. Қатысушылар қарсыласының тактикасын болжап, бірнеше қадам алға ойлау шеберлігін көрсетті. Кіл мықтылар арасынан «Mangystau Service Company» ЖШС (MSC) инженері Болатбек Дәрменбаев үздік үштікті түйіндесе, мұнай өндіру технологиясы бөлімінің (МӨТБ) инженері Марат Бұғасов екінші орынды қанағат тұтты. Ал технологиялық көлік департаментінің (ТКД) намысын қорғаған Азамат Нұрбауылов жеңімпаз атанды.

Корпоративтік жарыс ұлттық ойын – тоғызқұмалақпен жалғасты. Мұнда да ойыншылар әрбір отаудан құмалақ санау, қарсыластың жүрісін алдын ала болжау, зеректік мен тапқырлығын паш ете алды. Халқымыздың бай мәдени мұрасын ұлықтап қана қоймай, логикалық ойлауды дамытуға ықпал еткен сайыста жобалық-сметалық бөлім (ЖСБ) инженері Самат Ахметжанұлына қола, қабат қысымын ұстау цехының (ҚҚҰЦ) операторы Берік Нұрбаулинге күміс, өндірісті автоматтандыру цехының (ӨАЦ) инженері Мақсат Лұқпановқа алтын жүлде бұйырды.

Қаражанбастықтардың сүйікті спорты — арқан тарту нағыз командалық рух пен қара күш сыналатын дода. Сайыс алаңына келген 10 команда цех намысы үшін барынша тырысты. Ойыншылар бірлігі мен жанкүйерлер қолдауы арқасында ТКД №3 автотізбек жігіттері ІІІ орын иеленді. «KMG Security» ЖШС күзетшілер командасы ІІ орынға лайық деп танылды. Ал қарсыластан оза шапқан ТКД №5 автотізбек жігіттері чемпиондық атақты абыроймен қорғады.

Бұдан бөлек,  мұнайшылар 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде боз кілемде белдесті.  Мұнда шымыр да қайратты балуандар қарсыласының жауырынын жерге бірінші боп тигізу үшін тың әдістерді қолданды. Жанкүйерлер ұлттық спорттың көркін қыздырып, әр белдесуді ыстық ықыласпен қолдады. 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «KMG Security» күзетшісі Еділхан Хасан ІІІ, «ИП Бекмағанбетов» жөндеушісі Мирас Нұралы ІІ, «Мобил Сервис Групп» ЖШС жүргізушісі Елдос Мырзағалиев І орынға тұрақтады. Ал 80 келіден жоғары салмақта бақ сынағандар арасынан №2 ҰЖКЖЦ бұрғышы көмекшісі Айбек Ыбашев қола, ТКД аға механигі Асқар Тлеубаев күміс,  «KMG Security» абыройын арқалаған Жанарбек Жарылғапов алтын медаль алды.

Жанкүйер де, қатысушы команда да ең көп жиналған спорт түрі – шағын футбол. Екі күнге созылған жасыл алаңдағы бәсекенің әр матчында командалар жеңіске ерекше құлшыныс танытып, тактикалық дайындығын паш етті. Ойын нәтижесі бойынша ІІІ орын бу өндіру цехына (БӨЦ), ІІ орын қоршаған ортаны қорғау тобы командасына, І орын пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехының (ПЖИЖЦ) жігіттеріне бұйырды. Сондай-ақ  ПЖИЖЦ шебері Дүйсенбай Омаров «Үздік ойыншы», №3 мұнай өндіру цехының операторы Марат Атағазиев «Үздік қорғаушы», БӨЦ машинисі Сұңғат Нәбиев «Үздік қақпашы» атағына лайық деп танылды.

Кәсіби мереке алдындағы корпоративтік жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға сергектік пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұндай шаралар мұнайшылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, ұжым ішіндегі ауызбіршілік пен ынтымақты арттыруға ықпал етеді. Дәл осындай доданы І вахта жұмысшылары арасында да өткізу жоспарланып отыр.

«АТА ЗАҢҒА 30 ЖЫЛ»: ҚБМ БАС ДИРЕКТОРЫНА МЕРЕЙТОЙ МЕДАЛІ ТАБЫСТАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директоры Нұрпейіс Сәрсенбай «ҚР Конституциясына 30 жыл» мерейтой медалімен марапатталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген медальді «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев табыстады.

Нұрпейіс Мизанбайұлы өлкеміздің мұнай-газ игеру саласында ұзақ жыл еңбек етумен қатар, қоғамдық-саяси өміріне де белсенді араласып келеді.  2022 жылы Ата Заңға өзгерту енгізу туралы  бүкілхалықтық референдум кезінде облыстық штабта белсенді жұмыс істеді.

Партия филиалының төрағасы еліміз үшін маңызды шараға жауапкеркішілікпен атсалысып, әлі де өңір игілігі үшін еңбек етіп келе жатқан басшыға алғыс білдірді. Марапат иесі де саяси партияның қызметі мен алдағы жоспарына сәттілік тіледі.

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОҚУ

Ел  Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның еңбек адамдары біліктілігін арттырды. Пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу және бу өндіру цехының жұмысшылары мен технологиялық көлік департаменті мамандары өз саласы бойынша оқуға қатысып, заманауи технологиялар мен қауіпсіздік техникасын сақтау бағытында дәріс алды.

Оқуға екі вахтадан барлығы 70-ке жуық жұмысшы қатысыты. Олар дәнекерлеу кезіндегі физикалық-химиялық процестер негізі, заманауи мүмкіндіктер, технологиялық жабдыққа қызмет көрсету және пайдалану, өндіріске қажетті құралдарды жөндеу әдістері сияқты бірқатар тақырыпты меңгерді. Сондай-ақ көлік қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігі, жүргізушілердің кәсіби шеберлігін бақылау негіздері, олардың денсаулығын сақтау, жол-көлік оқиғасына қатысты мәлімет жинау және өңдеу туралы ақпарат алды.

Оқуда командада жұмыс істеу, ұжым рухын нығайту мәселелері назардан тыс қалмады. Еңбек адамдары теория дәрістерінен кейін тимбилдингке қатысып, берілген тапсырмаларды бірлесе шешуге барын салды. Командалық ойындардан соң жұмысшыларға алған білімін дәлелдейтін сертификаттар табыс етілді.

ЖАТАҚХАНА БӨЛМЕЛЕРІНЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖАСАЛДЫ

ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері күні қарсаңында Қаражанбас жұмысшылары жөндеу жасалған бөлмелерге қайта қоныстанды. Қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жол картасын орындау аясында вахталық кенттегі бірінші жатақхананың 5-подъезіне толықтай күрделі жөндеу жүргізілді.

Бес қабат, 8 подъезден тұратын ғимарат кәдімгі тұрғын үй тәріздес. Әр пәтерде  жатын, ас және жуыну бөлмесі бар. Қаражанбастықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін жөндеу кезең-кезеңімен жасалып келеді. Бұл жолы 5-подъездегі 117 адам тұратын 20 пәтер мен дәліз  қабырғалары қайта сыланып, едені жаңартылды. Есік-терезесі ауыстырылып, қажетті жиһаздар, тұрмыстық техникамен жабдықталды.

Кәсіби мереке қарсаңында жөндеуден өткен бөлмелерге орналасу мұнайшыларға ерекше қуаныш сыйлады. Бұл жұмысшылардың  қызметке құлшынысын арттыра түседі. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту – компаниядағы басым бағыттардың бірі. Сондықтан жол картасы аясындағы жұмыс әлі де жалғасын табады.

БУ ӨНДІРУ ЦЕХЫНЫҢ МАШИНИСІ САБЫР КИІКБАЙ: «ЕҢБЕГІМ ЕЛІМ ҮШІН…»

Қаражанбас мұнайшылары – өндірістің алдыңғы шебінде қажырлы еңбек етіп, жер қабатына жасырынған қара алтынды игеруге атсалысып жүрген абыройлы мамандар.  Олардың әрқайсысы жүрекпен таңдаған мамандығын жетік меңгеріп, жұмыста жаңа технологияларды шебер қолданып келеді. Ел Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай кен орнындағы маңызды цехта жұмыс істейтін еңбек адамымен таныстыруды жалғастырамыз.

Сабыр Киікбай «Қаражанбасмұнай» АҚ-дағы қызметке осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Бу өндіру цехында алдымен химиялық су тазарту аппаратшысы болып жұмыс істеген ол, бүгінде бу генераторлық қондырғысының 5-дәрежелі машинисі.

Кейіпкеріміз еңбек ететін цех өндірістің жүрегі саналады. Себебі Қаражанбас мұнайы қоюлығымен, шайырлылығымен ерекшеленетін еліміздегі бірегей кен орын. Мұнда термиялық әсер ету әдісі арқылы жер астына бу және су айдалады. Сабыр мұнаймен бірге шыққан соң бірнеше кезең бойы тазартылған судан бу өндіріп, оны жер қабатына айдау процесінде өзіндік орны бар маман. Ол күн сайын газбен, жоғары температура және қысыммен жұмыс істейді. Күні-түні тоқтаусыз жүретін физикалық, химиялық процесті жіті бақылау үшін жүктелген жауапкершілік жүгі айтпаса да түсінікті.

«Болат қайнауда, батыр майданда шынығады» демекші, білікті мамандардан білмегенін үйреніп,  аға буынның ақылын тыңдап жетілген машинист бүгінде өзінен кейінгі жастарға оң бағдар беретін тағылымды тәлімгерге айналып үлгерген. Туған жердің жер асты байлығын игеруге бар күш-жігері мен жиған терген білімін жұмсап жүрген азамат жарты ғасырдан астам тарихы бар компанияның бір мүшесі екенін мақтан тұтады.

Талап етілмеген өтімді ТМҚ сату туралы хабарландыру

«Қаражанбасмұнай» АҚ әлеуетті сатып алушыларды мүлікті сату бойынша бағаны өсіру әдісімен өтетін электрондық сауда-саттыққа қатысуға шақырады: «Талап етілмеген өтімді тауар-материалдық құндылықтар (тізбеге сәйкес 1 599 позиция)». Бастапқы бағасы – 326 630 353,41 (бағасы ҚҚС есебімен көрсетілген).

Электрондық сауда-саттықты өткізу күні мен уақыты: 12.09.2025ж., сағат 11:00.

Электрондық сауда-саттық шарттары туралы толық ақпарат мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында көрсетілген (www.e-qazyna.kz).

Қосымша ақпаратты 8 (7292) 473828 телефоны бойынша алуға болады.

ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ

«Қаражанбасмұнай» АҚ технологиялық көлік департаментінің №2 гараж ұжымы еңбек адамы – тәжірибелі арқан ілдіруші Төлеген Аташевты зейнет демалысына шығарып салды. Қаражанбастағы еңбек жолын осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын жөндеу-құрылыс цехында тас қалаушы болып бастаған ол, соңғы 13 жыл ішінде өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқарған жұмысшы.

Арқан ілдіруші – қырағылық пен ептілікті талап ететін мамандық. Ол жүкті байлауға, кран машинисіне көтеру мен жылжыту үшін белгі беруге, қозғалысты қадағалау және жүктің дұрыс орналасуын бақылауға, межелі орынға жеткізген соң ағытуға жауапты. Жылдың қай мезгілінде болмасын күні-түні тоқтаусыз жүретін өндіріске өз үлесін қосып, қызметін бес саусағындай меңгерген Төлеген жұмыста біліктілігімен жоғары бағаланса, қарапайымдылығымен көптің сый-құрметіне бөленген жан.

Өмір соқпағының қызмет белесін сәтті тамамдаған маманды әріптестері арнайы құттықтап, Қаражанбасты дамыту жолында төккен тері үшін алғыс білдірді. Енді оны ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп, өзінен тараған ұрпақтың қызығы мен рахатын сезінетін ғұмырдың жаңа белесі күтіп тұр.

ТАЗА ТАБИҒАТ — ОРТАҚ МІНДЕТ

«Қаражанбасмұнай» АҚ орталық кеңсе қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Каспий теңізі жағасындағы демалыс базасы аумағын күл-қоқыстан тазартты. Сенбілікке компанияның құрылымдық бөлімшелерінен 20-дан астам жұмысшы қатысты.

Қаражанбастықтар белгіленген аумақта демалушылардан қалған пластикалық бөтелкелерді, полителен пакеттерін және өзге де тұрмыстық қалдықтарды толықтай тазартып, 8 қап қоқыс жинады. Бірлескен іске ұйымшылдықпен атсалысқан ұжым еңбегі қоршаған ортаны қорғаудың маңызын айқын көрсетті.

«Таза Қазақстан» экоакциясы еліміздің барлық өңірінде кең көлемде өткізіліп келеді. Бұған дейін ҚБМ жұмысшылары кен орны мен облысымыздың тарихи-мәдени орындарында сенбілік жасаған еді. Игі бастаманы қолдауға қашан да дайын мұнайшылар теңіз жағасында демалушыларды тазалық сақтауға шақырды.