ЕҢБЕК ҚҰНДЫЛЫҒЫ ДӘРІПТЕЛГЕН КЕЗДЕСУ

Ел Президентінің жарлығымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері өңірдегі колледж студенттерімен кездесті. Шараға «Жас маман кеңесі» мүшелері қатысып, Қарақия, Түпқараған және Мұнайлы ауданындағы білім алушыларға еңбек адамының мәртебесі мен өндірістегі қызметінің маңызы жайлы жан-жақты әңгімеледі.

Кездесу барысында студенттерге мұнай-газ саласының қазіргі тынысы, өндірістегі жаңа технологиялар, еңбек қауіпсіздігі мәдениеті, сондай-ақ компаниядағы әлеуметтік қолдау туралы айтылды. Қаражанбастықтар мамандық таңдаудың жауапкершілігі, кәсіби біліктілікті арттыру, бәсекеге қабілетті болу, жауапкершілікті сезіне отырып ел дамуына үлес қосу жайында сөз қозғап, өз тәжірибесінен мысалдар келтірді. Ашық сұхбат алаңында студенттер көкейдегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Өндірістен өз орнын тауып үлгерген жас мұнайшылардың студенттермен кездесуі – жұмысшы мамандықтардың маңызын ұғындырып,  олардың бойында еңбексүйгіштік пен кәсіби жауапкершілік қасиетін қалыптастыра түседі. Мұндай игі бастамалар өндіріс пен білім беру саласының байланысын нығайтып, болашақ мамандардың дамуына жол ашады.

ҚМГ басшысы Маңғыстау облысындағы еншілес кәсіпорындарында өндіріс мәселелеріне қатысты жиындар өткізді

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да өткен жиында 2025 жылдың 8 айында компания 1 млн 410 мың тонна мұнай өндіргені жөнінде баяндалды. Биылғы жоспар – 2 млн 152 мың тонна. Қаражанбас мұнайының тұтқырлығы жоғары екені ескеріліп, экономикалық жағынан тиімді шешімдерді іздеу бойынша кешенді жұмыс атқарылуда.

Мәселен, бу мен суды кезектесіп айдау әдісі енгізіліп жатыр, бу генераторларының тиімділік коэффициентін арттыру іс-шаралары жүргізілуде.

Қор көлемін ұлғайту жұмыстары аясында кен орнының жағалаудағы аймағында сейсмикалық барлау іс-шаралары жүргізілді. Бағалау ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

«Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығы биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 3 млн 385 мың тонна болғанын баяндады. Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасы аясында жерасты және жерүсті жабдықтарын жаңартуға айрықша назар аударылып отыр.

Кен орнының цифрлық көшірмесін, атап айтқанда қабат қысымын сақтау жүйесін құру жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Биыл қабат қысымын сақтау жүйесінің 40% астамы цифрландырылып, 2026 жылы жұмыстар толық аяқталады деп күтілуде.

Сонымен қатар ABAI интеллектуалды жүйесінің модульдерін (кен орнын игеру жүйесі), гидродинамикалық үлгілерді модельдеу жөніндегі шешімдерді, көлікпен қамтамасыз етуді басқару процесін автоматтандыру, өндірістік қауіпсіздіктің бейнеталдау құралдарын (TUMAR) енгізу, сондай-ақ кен орнын басқарудың интеграцияланған цифрлық ортасын құру жүзеге асырылуда.

Кен орындарында жаңа әкімшілік-тұрмыстық және шаруашылық кешендер, техникалық үй-жайлар салынып, асханалар мен өндірістік объектілерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралардың барлығы қызметкерлердің қауіпсіздігі мен еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған.

ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІН ЖАҚСАРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОҚУ

«Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері еңбек ұжымының жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған «Командадағы өнімділік пен энергияны басқару»  тақырыбындағы оқуға қатысты. Шарада орталық кеңсенің 50-ге жуық жұмысшысы 4 модуль бойынша теория дәрістерін тыңдап, тәжірибе тапсырмаларын бірлесе орындады.

Оқу барысында алдымен қызметкер мен команданың қандай жағдайда күйзеліске түсіп, жұмыс істеуге шабыты азаятыны  талқыланды. Бұдан соң ұжымның еңбек нәтижесін арттырып, қиын тапсырмаларды орындау кезінде белсенді жұмыс істеу және энергия мен ынтаны жоғалтпау техникалары айтылды. Кәсіби бизнес-тренер Нұрасыл Тоқбай жұмысшыларға мұндай жағдайдан қалай жол тауып, процесті жандандыру әдістерін де тізбектеді. Дәріс кезінде басшылық құрам мен қатардағы маман арасындағы іскерлік байланыс, жұмысты дұрыс жоспарлау, өнімділікті арттыру кейстерін талдау назардан тыс қалмады.

Оқу бағдарламасы әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында теңіз жағалауындағы тимбилдингпен жалғасты. Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, берілген тапсырмалар мен кедергілерден сәтті өтуге барын салды. Белсенді атсалысқан командалар дипломдар мен арнайы сыйлықтарға ие болды. Теорияны меңгеріп, тәжірибе тапсырмаларын орындаған жұмысшыларға алған білімін растайтын сертификаттар табыс етілді. Қаражанбастықтар оқудан алған ақпарат пен меңгерген тың әдістерді жұмыс барысына енгізуді жоспарлап отыр.

МАРАПАТ – МАҢДАЙ ТЕРДІҢ БАҒАСЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ ІІ вахта жұмысшылары ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай құрметке бөленді. Саланы дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан бірқатар қызметкерге Энергетика министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның естелік және төс белгілері табыс етілді.

Өндірістік басқарма директоры Қайрат Нұрмұханов жұмысшыларды мерекемен құттықтап, кен орнында ұзақ жылдан бері атқарып келе жатқан үлгілі қызметі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ берілген марапат кен орнында жылдар бойы адал еңбек етіп, өндірістің үздіксіз дамуына атсалысып жүрген мұнайшылардың еңбегіне берілген лайықты баға екенін атап өтті.

Марапат иелері де кәсіби мерекеде кеудесіне медаль таққанына қуанышты. Олар Қаражанбастың қанатын кеңге жаюы үшін тынымсыз тер төгіп, өз ісін кәсібилікпен, жауапкершілікпен атқаруға қашан да дайын екенін жеткізді.  

ҚБМ ФУТБОЛШЫЛАРЫ — ЧЕМПИОН!

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары «ADIK CUP — 2025» шағын футбол  турнирінде чемпион атанды.  Биыл VIII рет ұйымдастырылған аяқдоп бәсекесіне сегіз команда қатысып, бес кезең бойы тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қаражанбас құрамасы бес матчтың төртеуін жеңіспен аяқтап, жалпы есепте І орынға ие болды.

Жасыл алаңдағы бәсеке ҚБМ құрамасы үшін сәтті басталды. Топтық кезеңде FC «SAT» командасымен тартысқа түскен  біздің жігіттер қарсыластар қақпасына 4 гол салды. Екінші кезеңде «NS club» командасын айқын басымдықпен жеңді. Ал «Titan Invest LTD» құрамасымен өткен кездесуде қаражанбастықтар есе жіберіп алды. Жартылай финалда ойыншылар намысқа тырысып, «MURAGER» командасымен өткен ойынды 2:1 есебімен аяқтады. Финалда мықты қатысушы, лайықты қарсылас «BS TEAM» командасын жарқын нәтиже — 3:0 есебімен жеңді.

Аталмыш турнир шағын футболдан үздік командалар бас қосатын тартысты дода. Сондықтан үздік атану мықты дайындық пен ұжым ұйымшылдығын талап етеді. Сайыс қорытындысына сәйкес өндірісті автоматтандыру цехының аға инженері Қанат Жолдасбаев «Үздік ойыншы», сондай-ақ команда намысын қорғаған Мағжан Байжанов «Үздік қорғаушы» атанды.   Чемпиондарға арнайы кубок пен сыйлық сертификаты табыс етілді. 

ҚАРАЖАНБАСТАҒЫ ЕРЕКШЕ АЯЛДАМА

Қаражанбас кен орнында ерекше арт-жоба пайдалануға берілді. Мұнайшылар мерекесіне орай технологиялық көлік департаментінің №1 гаражы алдына арнайы техникаға жалғанған аялдама қойылды. Көлік қызметкерлерінің идеясынан пайда болған туындыны пайдалану жабдықтарын икемдеу жөндеу және құрылыс-жөндеу цехының мамандары бірлесе жасады.

Алдымен пайдалану мерзімі аяқталған ескі Краз көлігінің кабинасы таңдалып, оны әрлеу жұмыстары қолға алынды. Кейін құрастырушылар мен дәнекерлеушілер темірден аялдама жасап, арнайы техникамен біріктірді. Көлік қызметкерлері жұмыс орнына тасымалдайтын автобусты күтетін орын қыста пана, жазда сая болатынына қуанышты. Жұмысшылар креативті аялдама тек гараж маңына көрік беріп қана қоймай, ерекше көңіл-күй сыйлайтынын айтады.

«Әріптестермен ортақ шешімге келіп, осындай жоба жасауды ұйғардық. Ол үшін Краз көлігінің таңдалуы да бекер емес. Бұл кен орнына ұзақ жыл еңбек еткен техника. Қазір зауыттан шығарылмайды. Сондықтан тарихи техника ұмыт қалмасын деп, ерекше аялдамаға айналдыру туралы идея пайда болды. Бұл көлік қызметкерлері атынан мұнайшылардың кәсіби мерекесіне тарту десек те болады»,- деді Өндірістік басқарма директорының көлік жөніндегі орынбасары Мұзафат Тлембаев.

Өндірістік басқарма арт-жобаны жасауға атсалысқан мамандарға алғыс білдірді. Оларға мерекеге орай Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді. Қазір көпшілктің көңілінен шыққан аялдама жанында естелікке суретке түсушілер көбейген.

«ҮЗДІК МАМАН — 2025»: ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР ЖАРЫСҚАНДА

Қаражанбаста ІІ вахта жұмысшылары арасында «Үздік маман-2025» кәсіби шеберлік байқауының тәжірибе кезеңі өтті. Сайысқа тестілеуден жоғары ұпай жинаған 100-ден астам қызметкер қатысты. Олар 21 мамандық бойынша бабы мен бағын сарапқа салды.

Тәжірибе кезеңінде әр қатысушыға кәсіби дағдыларын паш етіп, теорияны тәжірибемен ұштастыру шеберлігін, берілген тапсырмаларды орындау қабілетін толық көрсету жүктелген. Сондай-ақ олардың еңбек және  қауіпсіздік техникасы талаптарын сақтау, жұмыс уақытын тиімді пайдалану, құрал-жабдықтарды дұрыс қолдануы да назардан тыс қалмайды. Үздік атануға ниетті мамандар өзара сайысып қана қоймай, әріптестік қарым-қатынасын нығайтып, тәжірибе алмасты.

Аталмыш байқау бұған дейін І вахта жұмысшылары арасында да өткен еді. Енді ІІ ауысым қызметкерлерінің ұпайлары есептеліп, ортақ қорытынды шығарылады. Мұндай сайыс  жұмысшылардың кәсіби ой-өрісін кеңейтіп, жаңа технологиялар мен әдістерді меңгеруі үшін аса маңызды. Бұл өндірістің сапасын арттыруға, кәсіби бәсекелестікті дамытуға және еңбекке ынтаны күшейтуге сеп болады.

ШАҚПАҚ АТА ЖЕРАСТЫ МЕШІТІНДЕГІ СЕНБІЛІК

«Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экология акциясы аясында Шақпақ ата жерасты мешіті аумағына сенбілікке шықты. Тарихи және мәдени маңызы бар нысандардың айналасын қоқыстан тазарту, өңірдің экология жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен шараға орталық кеңсенің 40-қа жуық маманы қатысты.

Белгіленген учаскеге қажетті құрал-жабдықтарын ала барған қаражанбастықтар қатты және пластик қалдықтарды, полителен пакеттерді, түрлі қоқысты қапшықтарға жинады. Қалдықтар арнайы техникаға тиеліп, қоқыс полтгонына жөнелтілді. Тазалық акцияларына тұрақты қатысып келе жатқан ұжым тарихи-мәдени орынға сенбілік жасауды туған жерге құрмет және азаматтық борыш деп біледі.

Шақпақ ата қорымы Түпқараған ауданынындағы Таушық елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген орынға жергілікті халықтан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірі мен шетелдерден жыл сайын көп адам келеді. Олар зиярат етумен қатар, жерасты мешіт пен кешеннің ерекше құрылысы, ондағы түрлі жазбалар мен әктасты аймақтың әсемдігін көруге асық.

МОТОРИСТ ЖАҢАБАЙ КАНТАРИЛАЕВ: «ҚАРАЖАНБАС – БІЗ ҮШІН ҚЫМБАТ, ҚАЗЫНАЛЫ МЕКЕН»

«Қаражанбасмұнай» АҚ технологиялық көлік департаментінің №2 гараж ұжымы цементтеу агрегаты моторисі Жаңабай Кантарилаевты зейнет демалысына шығарып салды. Өлке өндірісіне 38 жыл еңбегі сіңген жұмысшыға әріптестері құрмет көрсетіп, қызмет барысындағы кәсібилігі мен ақыл-парасаты үшін алғыс айтты.

Жаңабай Кантарилаев Қаражанбас кен орнындағы еңбек жолын 1987 жылы компрессор қондырғысының машинисі болып бастады. Кейін мұнай өндіру цехына оператор қызметіне ауысты. 14 жыл үздіксіз еңбек еткен соң, жаңа ғасырдың басында жұмыс бағытын көлік саласына бұрды. Соңғы 20 жыл ішінде цементтеу агрегатының қыр-сырын жетік меңгерген моторист қызмет белесін абыроймен аяқтап, құрметті демалысқа шығатын шаққа жетті.

«Қаражанбас – біз үшін қымбат, қазыналы мекен. Жастығымыздың жалынды жылдарын тынымсыз еңбекке арнап, енді соның жемісін көретін шаққа аман-есен жетіп отырғанымыздың өзі бір бақыт. Әріптестерімнің ілтипатын көріп, ерекше қуанып қалдым. Әр маманға осындай қуанышты күн бұйырсын! Баршаңызға рақмет!»,- деді Ж.Кантарилаев.

Үзеңгілестерінің қатарын толықтырып, ғұмырдың маңызды шағына қадам басқан Жаңабай Қаражанбастың ертеңі үшін аса алаңдамайтынын айтады. Себебі білімді, ізденіске құмар жастар аға буынның жолын жалғап, өндірісті өркендетуге күш-жігерін салып келеді. Компания да еңбекқор, төзімді, ең бастысы ел игілігі жолында тынбай  тер төгетін өз мамандығының майталмандарын үлгі тұтады.

І ВАХТАНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Қаражанбас кен орнында мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай І вахта жұмысшылары арасындағы спорт сайысы мәреге жетті. Мұнайшылар бір апта бойы ұлттық ойындар, командалық және жеке зияткерлік бәсекеге қатысып, өзара ең мықтыларды анықтады.

Корпоративтік жарыс үстел тениисінен басталды. Ептілік пен тың әдістерді шебер пайдаланғандар арасынан №1 мұнай өндіру цехының  (МӨЦ) операторы үздік үштікті түйіндеді. Қабат қысымын ұстау цехының (ҚҚҰЦ) операторы Нұрлан Баритов ІІ орынға лайық деп танылса, жобалау-сметалық бөлімінің инженер-технологі Аслан Төлегенов І орынды жеңіп алды.

Шахмат турнирі ақыл-ойы озық мұнайшылардың басын қосты. Қарсыластар салмақты да тартысты ойын көрсетіп, көп ішінен тәжірибелі ойыншылар суырылып алға шықты. ІІІ орын дәнекерлеу-монтаждау учаскесінің шебері Исладин Байсегізовке, ІІ орын бу өндіру цехының (БӨЦ) химиялық су тазарту аппаратшысы Асхат Абдуллаевқа, І орын «Mangystau Service Company» ЖШС  қызметкері Ғамзат Төребековке бұйырды.

Қаражанбастықтар арасында тоғыз құмалақ ойынына ерекше қызығушылық байқалады. Сондықтан болар жыл сайын аталмыш жарысқа қатысушылар саны артып келеді. Бұл жолы №1 МӨЦ операторы Найман Аминов үшінші орынды қанағат тұтса, материалдық-техникалық жабдықтау базасының учаске басшысы Руслан Бисенов екінші сатыға көтерілді. Бабы мен бағы қатар шапқан ҚҚҰЦ операторы Нұрәділ Қуатбаевқа І орын бұйырды.

Арқан тарту – ұжымның рухы мен командалар арасындағы бәсекелестікті көрсететін білектілер мен жүректілер жарысы. Додаға командалар мықты дайындықтар келіп, үздік ойын көрсетуге барын салды. Қара күш, маңдай тер мен бірлік арқасында ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу цехы (ҰЖКЖЦ) жігіттері қола жүлдеге қол жеткізді. Ал «Мобил Сервис Групп» ЖШС (МСГ) құрамасына күміс медаль бұйырды. Өндірісті автоматтандыру цехы жұмысшылары жетістігін еселеп, қоржынын алтын жүлдемен толықтырды.

Көпшіліктің делебесін қоздырған қазақша күреске 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі балуандар қатысты. Татамидегі тартыста қатысушыларды алдымен намыс, одан соң әріптестер сенімі жеңіске жетеледі. 80 келіге дейінгі  салмақ дәрежесінде ҰЖКЖЦ бұрғышы көмекшісі Али Бердикалиев ІІІ орын, дәл осы ұжымның намысын қорғаған Берік Өтепбергенұлы ІІ орын,  БӨЦ-тің химиялық су тазарту аппаратшысы Нұрлан Ізтілеуов шашасына шаң жұқтырмай чемпион атанды.

Ал 80 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен ӨАЦ слесарі Рүстем Қосақбаев үздік үштіктен көрінді. БӨЦ машинисі Мереке Ізбасаров ІІ орынға тұрақтады. Жауырыны жерге тимеген пайдалану жабдықтарын икемдеу жөндец цехының электргазбен дәнекерлеушісі Жанболат Закарин жеңісті қолдан бермеді.

Кәсіби мерекеге арналған спорт жарысы шағын футбол турнирімен қорытындыланды. Командалық ойын қатысушылардың бірлігі мен ұйымшылдығын айқындай түсті. Жасыл алаңға түрлі тактикамен шыққандар арасында БӨЦ командасы ІІІ, МСГ құрамасы ІІ орын алса, әлеуметтік жұмыс және ішкі коммуникация тобының жігіттері чемпиондық атақты абыроймен қорғады. Барлық сайыс бойынша жүзден жүйрік шыққан әріптестерге диплом, кубоктар мен сыйлықтар табыс етілді.

ТАБИҒАТТЫ АЯЛАУ – ТЕК ҚЫЗМЕТ ЕМЕС, ӨМІРЛІК МИССИЯ

Қоршаған ортаны қорғап, табиғатты аялау – әр адамның азаматтық борышы, ортақ міндеті. Бұл бағытта аянбай тер төгіп жүрген жандардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Олардың қатарында «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның қоршаған ортаны қорғау инженері Сәрсен Елдесбаев та бар.

Ширек ғасырға жуық уақыттан бері кен орнының экология саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан Сәрсеннің басты мақсаты – айналаны таза ұстау, өндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту. Ол кен орны аумағындағы қоқыстарды бөліп жинау мен оларды залалсыздандыру мекемелеріне тапсыру жұмысын жүйелі жүргізіп келеді.

Экологиялық жобаларды жүзеге асыру барысында Сәрсен мердігер мекемелермен тығыз жұмыс істейді. Әрбір істің уақытылы әрі сапалы орындалуын қадағалап, жауапкершілікті бірінші орынға қояды. Оның қажырлы еңбегі арқасында кен орнындағы экологиялық мәдениет жылдан-жылға нығайып келе жатыр.

Жауапкершілік пен жанашырлықты шебер ұштастырғанда ғана іс алға басады. Қызметін өмір салтына айналдырған кейіпкеріміз ұжым мақтанышы,  әріптестеріне үлгі. Ол қай ортада болмасын табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттау ісін тек қызметі емес – өмірлік маңызды миссиясы санайды.

«ҮЗДІК МАМАН» БАЙҚАУЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

«Қаражанбасмұнай» АҚ-да білікті және бәсекеге қабілетті жұмысшыларды анықтайтын «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауының тәжірибе кезеңі басталды. Тесттен сүрінбей өткен І вахтаның 100-ден астам қызметкері тәжірибе тапсырмаларын орындауға кірісті. Сайыс кен орнының бірнеше объектісінде бір мезетте өтті. Қатысушылар екі күн бойы 21 мамандық бойынша сайысқа түсті.
 
Өлке өндірісін өркендету үшін жыл сайын шеберлігін шыңдап келе жатқан операторлар, машинистер, слесарьлер, жөндеушілер, электормонтерлер, лаборанттар, дәнекерлеушілер, аппаратшылар, мотористер, жүргізушілер, құрастырушылар байқауға мықты дайындықпен келген. Олар белгілі уақыт ішінде берілген тапсырманы тиянақты орындап, жұмыс барысын толық түсіндіруге тырысты.  Комиссия мүшелері қатысушылардың орындау шеберлігін жіті бақылап, баға берді. Сондай-ақ қазылар қызметкерлердің кәсіби деңгейі жыл сайын жоғарылап келе жатқанын атап өтті.
 
«Үздік маман» – расында өз ісін жетік білетін қызметкерлер сайысатын жарыс. Қатысушылар өте мықты дайындалған. Осындай әріптестермен бірге бақ сынап, тәжірибемізді одан әрі шыңдауға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Мықты маман – компания қуаты. Сайыста қарсылас болсақ та, мақсатымыз ортақ. Қаражанбас мұнайын игеру үшін біліктілігімізді әрі қарай арттыра береміз»,-деді қатысушылар.
 
Тәжірибе кезеңі ІІ вахта қызметкерлері арасында да өтеді. Сайыстың ортақ қорытындысы қос ауысым бойынша байқау толық аяқталған соң шығады. Жүзден жүйрік шыққандар аймақтық кезеңге жолдама алып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының үздіктерімен тартысқа түседі.