«Қаражанбасмұнай» АҚ – Маңғыстау облысы, Бозашы түбегінде орналасқан Қаражанбас кен орнынан мұнай өндіретін ірі компания.
Компанияға өңірдегі мұнай өндірістің 12%, ал Қазақстан бойынша 2,5% үлесі тиесілі. Қаражанбас мұнайының құрамы — жол битумын өндіретін таптырмас шикізат, ал кен орнының қолайлы географиялық орналасуы өндірілген мұнайды әлемдік нарықтарға тиімді тасымалдауға мүмкіндік береді.
Мұнда мұнай өндіру көлемі жыл сайын артып келеді. Соңғы 5 жылдық көреткіштерге көз жүгіртсек: 2019 жылы — 2 164 000 тонна, 2020 жылы — 2 002 000 тонна, 2021 жыл – 2 096 000 тонна, 2022 жылы – 2 141 800 тонна, 2023 жылы — 2 053 000 тоннаны құрады.
Компания штатындағы және басқа да қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлерін қоса алғанда, Қаражанбас кен орнында 7 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді.
Қаражанбас кен орнының тарихы 1974 жылғы 26 қаңтардан басталды. Мұнда ең алғаш рет 303 метр тереңдіктен алғаш мұнай фонтаны атқылады.
1977 жылғы іздеу-барлау жұмыстарының нәтижелері бойынша жаңа кен орнының мұнай мен газ қоры есептеліп, КСРО-ның қор жөніндегі мемлекеттік комитетінде бекітілді. Алайда өндіруге қатысты күрделі мәселелер туындады. Сынамалар мұнайдың «ауыр» екенін көрсетті. Осыған орай, игерудің жаңа тәсілдері қажет болды. Ұзақ және табанды зерттеулер нәтижесінде термиялық әсер ету технологияларын қолдану туралы шешім қабылданды.
Кен орнын 1980 жылы қыркүйек айында Краснодарлық Мұнайды қалпына келтіру және ұңғыманы жөндеу басқармасы (МҚКжҰЖБ) игере бастады. 1982 жылдың желтоқсан айынан бастап Краснодар МҚКжҰЖБ цехы негізінде, Мұнай өнеркәсібі министрлігінің 1982 жылғы 12 тамыздағы №426 бұйрығына сәйкес, Қаражанбас мұнайды қалпына келтіру және ұңғымаларды күрделі жөндеу (Қаражанбас МҚКжҰКЖ) басқармасы құрылды. Аталмыш басқарма 1986 жылы «Қаражанбастермнефть» Мұнай және газ өндіру тәжірибелік басқармасы (МГӨТБ) болып қайта құрылды.
1994 жылдың ақпанында «Қаражанбасмұнай» Акционерлік Қоғамы құрылды. Оны 1996 жылдың аяғында Канаданың «Triton – Buko Energy Group» LTD (кейінірек «Nations Energy Company» LTD болып өзгертілген) фирмасы сатып алды. Компания 2007 жылдың қаңтар айында өз акцияларын Қытайлық «СІТІC» және «ҚазМұнайГаз» компанияларына толық сатты. «Қаражанбасмұнай» АҚ негізгі қызметі – көмірсутек шикізаты кен орнын игеру. Мұнда мұнайды қалпына келтірудің термиялық әдісін қолдану, яғни жер қабатына бу-термиялық әсер ету әдістері жүзеге асырылады.
Кен орнындағы өндіріс 1980 жылы өркендей бастады. Төрт жылдан кейін Қаражанбаста алғашқы миллион тонна мұнай өндірілді. Қарқынды бұрғылау және термиялық әдістерді қолдану арқылы 1990 жылы Қаражанбас қөндірісі жылдық максималды көрсеткішке (1 300 мың тонна) жетті.
Бұдан соң елде жекешелендіру мен акционерлік қоғамдарды құру туралы мемлекеттік бағдарлама басталды. Нәтижесінде, 1994 жылы кәсіпкерлік субъектіні мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және «Мұнайгаз» мемлекеттік холдингтік компаниясы қаулысының негізінде «Қаражанбастермнефть» – «Қаражанбасмұнай» Ашық Акционерлік Қоғамы болып өзгертілді.
1997 жылы сәуірде Калгари (Канада) қаласында тіркелген тәуелсіз халықаралық Nation Energy Company Ltd. компаниясы «Қаражанбасмұнай» ААҚ-ның 94,6% акциясын сатып алды. 1997 жылдың 26 мамырында Қазақстан үкіметімен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес аталмыш компания «Қаражанбасмұнай» ААҚ кен орнын 25 жылға игеру құқығын алды.
2005 жылы 31 наурызда Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңының талаптарына байланысты «Қаражанбасмұнай» ААҚ-ны «Қаражанбасмұнай» АҚ ретінде қайта тіркеу жүргізілді.