
Қызмет деген белестен асып, зейнет демалысына шығар шақта әріптестердің құрметі мен ыстық ықыласына бөлену — еңбек адамының мәртебесін арттырады. Бұл ұзақ жылдар бойы төгілген тер мен атқарған адал еңбек жемісі десек артық айтпағанымыз болар. «Қаражанбасмұнай» АҚ ардагерлерінің жолын жалғап, ару ғұмырын өндіріске арнаған Гүлайым Ноғаева өмірдің жаңа кезеңіне қадам басты.
Кейіпкеріміз ғұмырының 40 жылға жуық уақытын мұнай игеру саласына арнады. Білікті маман соңғы 27 жыл көлемінде Қаражанбас кен орнында қызмет етіп, шеберлігін шыңдады. Компаниядағы еңбек жолын іс жүргізуші болып бастаған Гүлайым, қызметін мұнай және газ өндіру операторы болып жалғастырды. Ерлермен иық теңестіре еңбек еткен ол, 2004 жылдан күні бүгінге дейін орталық инженерлік-технологиялық қызметінде өндірістік деректер жөніндегі диспетчері болып жұмыс істеді.
«Қаражанбас кен орнында өлке өндірісіне үлес қосып, зейнет демалысына шығу мен үшін мәртебе. Құрмет көрсетіп, мерейімді өсірген әріптестеріме алғысым шексіз. Соңғы вахтамда қызық та қиын кезеңдерді қимастықпен еске алдым. Қаражанбас жасай берсін!»,- дейді Г.Ноғаева.
Тиянақтылық, жауапкершілік пен өз ісіне адалдық Гүлайымды абырой биігіне көтерді. Алпыстың алтын қазығын қағып, құрметті демалысқа шыққан зейнеткер талай жас маман үшін саланың қыр-сырын меңгерткен тағылымды тәлімгер. Ол өндіріс алаңдарындағы әрбір естелігінің өмір кітабындағы маңызды тарауда алтын әріптермен таңбаланғанына дән риза.
Жарияланған күні:
3 января 2024
Бөлісу: