
«Қаражанбасмұнай» АҚ еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған HSE форумын өткізді. Шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері, ҚБМ басшылығы, өндірістік бөлімдер қызметкерлері және мердігер мекемелердің мамандары өндірістегі қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Форумға қатысушыларға алдымен әлемнің әр түкпірінде болған жазатайым оқиғалардың себеп-салдары баяндалған бейнеролик көрсетілді. Одан соң ҚБМ Басқармасы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері мен алдағы міндеттерге тоқталды. Бас директор Нұртаза Ибрашев құрылымдық бөлімшелер мен цех басшыларын «Қорғау» картасы бойынша жұмысты бірлесе нығайтуға шақырды.
«Өндіріс — кәсіби білімді, қатаң тәртіп пен технологиялық мәдениетті талап етеді. Бізді біріктіретін маңызды миссия — қауіпсіздік, ең бастысы адам өмірін сақтау. Бұл ең алдымен баршамыз үшін азаматтық жауапкершілік. Ешқандай баррель мұнай — адам өмірінен артық емес»,- деді Бас директор.
Нөлдік жарақат — мұнай өндіру, өңдеу, тасымалдау және қызмет көрсету салаларындағы мекемелердің барлығы үшін ең басты қағида. ҚМГ Өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры Ануарбек Каримов жиналғандарға еншілес және тәуелді ұйымдардағы жазатайым оқиғалар динамикасын таныстырды. Сондай-ақ ол қауіпсіздік ережелеріне бейжай қарамауды әр қызметкер өзінен бастауы керектігін ескертіп, HSE-дағы цифрлық трансформациялар туралы айтты.
Форум аясында қатысушылар үшін интерактивті сессиялар ұйымдастырылды. «Асар – команда құрудың ұлттық технологиясы» тақырыбындағы тренингте ұжымдық жауапкершілік пен өзара қолдаудың маңызы айтылды. Сонымен қатар дауларды шешу жолдары және командалық жұмысты дамытуға арналған тәжірибелік жаттығулар өткізілді.
Кездесу соңында компанияның 2026 жылға арналған HSE жол картасы таныстырылып, өндірістік қауіпсіздікті одан әрі жетілдіру бойынша бастамалар ұсынылды. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмысты жауапкершілікпен жалғастыруға уағдаласты.
Жарияланған күні:
13 марта 2026
Бөлісу: