
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Қаражанбаста еңбек ететін қыз-келіншектер құрметке бөленді. Таң атысымен компанияның ер азаматтары орталық кеңседе және вахтада жұмыс істейтін мұнайшы аруларды мерекемен құттықтап, гүл шоқтарын табыстап, жылы лебізін білдірді.
Мерекеде өмірін қара алтын игеруге арнап, ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан бірқатар әріптес марапатқа ие болды. Бас директор Нұртаза Ибрашев отбасынан жырақта жүріп, ерлермен иық теңестіре еңбек етіп жүрген мұнайшы аруларды арнайы құттықтап, олардың қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. Одан соң бірқатар тәжірибелі қызметкерге жұмыстағы табандылығы, кәсіби біліктілігі және компанияның дамуына қосқан үлесі үшін «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма төрағасының Алғыс хаты мен естелік белгісін табыс етті.
«Өндіріс – оңай сала емес. Жандарыңыз нәзік болса да, ел экономикасын өрге сүйреуге өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Бұл – үлкен құрметке лайық еңбек. Сондықтан жылына бір келетін ең әдемі мерекеде ұжымдағы барлық ер азаматтардың атынан сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Әрдайым еңбектеріңіз еленіп, табыстарыңыз еселене берсін! Көктемнің әр күні көңілге жылу, өмірге жаңа жетістіктер әкелсін!», – деді Н.Ибрашев.
ҚБМ-да 400-ге жуық қыз-келіншек жұмыс істейді. Олардың 150-ден астамы кен орнында вахталық әдіспен өндірістің түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Нәзік жандылардың кәсібилігі, жауапкершілігі мен ұжымдағы белсенділігі компания жұмысының маңызды бөлігіне айналған.
Сонымен қатар мерекелік іс-шара барысында ҚМГ компаниялар тобының ардагерлері мен қызметкерлеріне мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның естелік белгілері, құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.
Жарияланған күні:
8 марта 2026
Бөлісу: