
«Қаражанбасмұнай» АҚ үшін мұнай өндірісінің бүгінгі жетістігі — сала ардагерлерінің маңдай тері мен қажырлы еңбегінің жемісі. Өнегелі өмір жолын қара алтын игеруге арнап, ел экономикасын өрге өрлеткендер зейнет демалысына шықса да, өндіріс тынысын назардан тыс қалдырған емес. Жас буынның жұмысына сәттілік тілеп, жетістігіне қуанып отыратындар қатарына енді №1 мұнай өндіру цехы басшысының орынбасары Меңдіхан Мырзабеков те қосылды.
Ол Бозашы түбегіндегі қызметін 40 жылға жуық уақыт бұрын бастаған. Алғаш вахтаға келген күннен Меңдіхан мұнайлы түбектің тыныс-тіршілігін, өндірістің қыр-сырын меңгеруге бар күш-жігерін салды. Оның айтуынша, алғашқы еңбек жылдары оңай болмаған. Қызметкерлер саны аз, техника мен көлік тапшы кезеңде өндіріс жүгін көтеру үлкен төзім мен табандылықты қажет етері сөзсіз. Кеудеде жастық жалыны мен ынтасы зор кейіпкеріміз қиындықтарға қарамастан, кен орнының болашағына сенді. Қатардағы оператордан бастап, шебер, ауысым басшысы, цех басшысының орынбасары секілді жауапты лауазымдарда тынбай еңбек етті. Сондықтан болар, Қаражанбаста жұмыс істейтін әр жұмысшы Меңдіхан Мырзабековті салаға еңбегі сіңген, адамгершілігі мол, қарапайым жан ретінде ерекше құрметтейді.
Сыйлы маман жақында соңғы вахтасын қимастықпен өткізіп, өмір кітабының ҚБМ-дағы қызмет тарауын абыроймен аяқтады. Цех ұжымы білікті басшы, қадірлі әріптес бола білген мұнайшыға жылы лебізін білдіріп, қазақы дәстүрмен шапан жапты. Адал еңбегі Қаражанбас тарихына алтын әріппен таңбаланған ардагер жас мамандарға ақ бата беріп, мұнай өндірісінің өркендеуін тіледі.
Жарияланған күні:
12 января 2026
Бөлісу: