2025 ЖЫЛҒЫ ӨНДІРІС ҚОРЫТЫНДЫСЫ

6 Январь 2026

«Қаражанбасмұнай» АҚ 2025 жылы өндіріс тұрақтылығын сақтап, кен орнындағы технология процестерінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге басымдық берді. Былтыр компания 2 млн 106,6 мың тонна мұнай өндірді. Бұл көрсеткіш бекітілген жоспардан 45 мың 754 тоннаға төмен. Өндіру көлемінің жоспардан ауытқуына бірқатар объективті факторлар, атап айтқанда апаттық ажыратулар және ұңғымаларды су басуы әсер етті.
 
Сонымен қатар, компания өнімді өткізу бағытында тұрақты жұмыс жүргізді. Былтыр мұнай мен битумды сату көлемі 2 млн 158 мың тоннаны құрады. Оның ішінде ішкі нарыққа 285 мың тонна битум жеткізілсе, өңдеуге жөнелтілген мұнай көлемі 696 мың тонна болды.
 
Өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында бұрғылау және ұңғымалар қорын қолдау жұмыстары жүйелі түрде жалғасын тапты. Атап айтқанда, 2025 жылы 100 жаңа ұңғыма бұрғыланып, 188 ұңғымада геологиялық-техникалық шаралар жүзеге асырылды.
 
Қабат қысымын сақтау және тұтқыр мұнай өндіру технологиясын жетілдіру бағытында да жұмыс нәтижелі жүрді. Бу айдау көлемі тәулігіне 16 962 тоннаға жетіп, жер қабаттарына бу айдау — кен орнындағы маңызды технологиялық әдіс екенін айқындай түсті.
 
Жалпы алғанда, еңбек ұжымы 2025 жылғы өндірістегі сын-қатерлерге қарамастан, технологиялық тәртіпті сақтау, негізгі көрсеткіштерді тұрақтандыру жолында жұдырықтай жұмылды. Компания жинақталған тәжірибе мен қабылданған шешімдер арқылы келешекте өндіріс тиімділігін арттырып, жоспарды орындау үшін жұмысты күшейтпек.

Жарияланған күні:
6 января 2026

Бөлісу: